Мешіт – махаббат пен иманның тоғысқан мекені 18
Алланың елшісі: "Менің мешітіме келіп, білім алу немесе білім беруден басқа мақсатты көздемеген адам Құдайдың жолында джиһад жасайтын мұджахид секілді",- деп айтқан.
"Мешіт – махаббат пен иманның тоғысқан мекені" атты бағдарламамыздың кезекті бөлімін ұсынамыз. Өткен бағдарламамызда Пайғамбар (с.ғ.с)-дың мешіттегі мәдени және үгіт-насихаттық іс-шараларының бірі саналатын мешітте уағыз бен ақыл-кеңес айту жиындарын өткізу жайлы баяндаған болатынбыз.
"Мешіт – махаббат пен иманның тоғысқан мекені" атты бағдарламамыздың кезекті бөлімін ұсынамыз. Өткен бағдарламамызда Пайғамбар (с.ғ.с)-дың мешіттегі мәдени және үгіт-насихаттық іс-шараларының бірі саналатын мешітте уағыз бен ақыл-кеңес айту жиындарын өткізу жайлы баяндаған болатынбыз.
Ислам мен аспандық кітап Құран – барша адамдарды таным мен білімге негізделген иманға шақырады. Сол себепті, әрбір мұсылман өз иманын күшейту үшін білімі мен танымын арттыруға міндетті. Құранда адамға бүкіл әлем мен аспан жүйесі, жұлдыздар, күн мен түн, өсімдіктер мен хайуанаттар, адамдар және т.б. кереметтер жайлы ойлану және оларды зерттеуге кеңес берілген. Құранда бірнеше рет баса айтылған мәселелер мұсылмандарды имандарын күшейту үшін шынайы түрде ғылым үйренуге жетеледі. Құран Кәрімнің аяттарымен қатар ұлық Пайғамбардың (с.ғ.с) сүннеті де мұсылмандардың ғылыми белсенділігінің келесі бір факторы саналады. Пайғамбар (с.ғ.с) өз пайғамбарлығын оқу әмірімен бастады. Ол кезде әлемде ғылым мен білім ұғымдары кең тарамаған еді. Тарихи деректерге сәйкес, Ислам пайда болған кезде Меккенің аймағы мен оның айналасындағы басқа қалалардағы сауатты адамдардың саны тек 20-ға жуық болған. Бұл мәселе "Хикмет – мүміннің жоғалтқаны. Оны қай жерде тапса да, барша халық оған лайық" немесе "Тіпті, Қытайдан болса да, білім іздеңдер" деген тағы да басқа ұлы Пайғамбардың (с.ғ.с) ғылым мен ғалымның басымдығы туралы бағалы сөздері арқылы мұсылмандардың білім талап ету мен оны үйренуге деген құштарлығын арттырып, оларды білім беру орталарына қызықтырды.
Мұндай білім алуға деген ынталандыру әрекеттері Грекия немесе Иран секілді ірі білім орталықтарында жасалмады. Керісінше, ынталандыру мүлдем ғылыми және білім беру орталығы болмаған орталарда жасалды. Исламның білім туралы насихаты иманды күшейтуге, дін мен исламдық қоғамның жоғары мақсаттарына жетуге шақырды. Мұндай жағдайда ғылыми белсенділік пен білім алу үшін ең қолайлы әрі ең жақсы мекен мешіт болды. Алланың елшісі (с.ғ.с) былай деген: "Менің мешітіме келіп, білім алу немесе білім беруден басқа мақсатты көздемеген адам Құдайдың жолында джиһад жасайтын мұджахид секілді". Алайда, ғылыми белсенділік пен білім алу тек Пайғамбар мешітімен ғана шектеліп қалған жоқ. Құба мешіті секілді басқа мешттірде де осындай белсенділіктердің түрлері көрініс тапқан. Бірақ Медине қаласындағы Пайғамбар мешіті Құран мен исламдық фикхті үйретудің маңызды орталықтарының бірі саналады. Себебі, бұл мешітте адамзат баласының ұлы ұстазы хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с) өзі мұсылмандарға тәлім беріп, жетешілік еткен. Бұл мешітте күндіз, тіпті түндерде ұзақ сағаттарға созылатын Құран Кәрім мен Ислам ахкамдарын үйрету сабақтары өткізілетін. Алланың елшісімен (с.ғ.с) қатар сахабалардың ішіндегі ұлы тұлғалар осы мешітте мұсылмандарға Құдайдың кітабы мен исламның ахкамдарын үйреткен.
Білім беру сабақтары тек Құран оқу мен фикхпен шектелмейтін. Алайда, халық Құран оқу мен күнделікті өмірдегі кәсібі мен әлеуметтік қатынастарға қатысты фикх ахкамдарын түсінуді қалағандықтан, басқа ілімдерден гөрі барлығына Құранды үйретіп, фикх ілімімен таныстыру табиғи шешім болды.
Осындай білім беру үдерісі екі ғасырдан астам ислам әлемінің барлық мешіттерінде жалғасып, бұл үдеріс ислам әлемінде медреселер мен арнайы жоғары оқу орындары ашылғаннан кейін азая түсті.
Енді Сирияда орналасқан әйгілі әл-Нұқта және әл-Ақсаб мешіттері жайлы сөз қозғаймыз..
Нұқта мешіті – Кербаланың тұтқындар керуені Алеппо қаласына жеткенде Джоушан тауының маңында аялдаған мекен. Язидтің әскері қасиетті имам Хосейннің (ғ.с) басын тастың үстіне қойып шапқан болатын. Ертеңінде имамның қасиетті басын алған кезде тастың үстіне бірнеше тамшы қан тамады. Алеппо халқы бұл хабарды естігенде қан тамшылары тамған сол тастың басына жиналып, Кербала шәһидтерін аза тұтқан. Бұл оқиғадан кейін Алеппоның тұрғындары жыл сайын Ашура күндері сол тастың басына келіп, Пайғамбардың (с.ғ.с) пәк ұрпағы имам Хосейнді (ғ.с) еске алу үшін аза тұту рәсімдерін өткізген. Бұл үдеріс Уәлид ибн Абдул Малек бин Маруан билік басына келгенде тасты белгісіз аймаққа көшіргенге дейін жалғасты. Содан бері тастың қайда орналасқаны туралы ешқандай мәлімет қалмаған. Кейбіреулер бұл мешітті Қиннәсрин ғибадатханасы деп есептейді. Х.ш.ж.с.б. алтыншы ғасырда өмір сүрген атақты Құран тәпсіршісі, мұхадис Ибн Шаһр Ашубдың айтуынша, Язид әскері сол ғибадатхананың монахына имамның басын аманатқа қалдырады. Монах оны өз ғибадатханасында сақтайды. Кейін ол ислам дінін қабылдап, мұсылман болады.
Тарихи деректерге сүйенсек, Нұқта мешіті алғашында тек бір күмбезден тұрған ғимарат болған. Оның тарихы х.ш.ж.с.б екінші ғасырдың бас кезіндегі Омар бин Абдул Азиз билік құрған кезеңінен бастау алады. Кейін х.ш.ж.с.б төртінші ғасырда Алеппода билік құрған Хамдани әулетінің алғашқы билеушісі Сейф әд-Дәулә Хамдани басқарған кезеңде мешіт гүлденіп, одан кейінгі кезеңдерде бірнеше рет қайта жөндеу жұмыстарынан кейін бұрынғыдан бетер көркейе түсті.
Бұл кесене І-ші дүниежүзілік соғыс кезінде Осман әскерінің соғыс құралдарының қоймасы ретінде пайдаланылды. Соғыс аяқталған кезде халықтың оған жасаған шабуылынан кейін оның ішіндегі қару-жарақтар жарылып, ғимарат толығымен қираған. Бұл оқиғадан кейін ғибадатхана бірнеше онжылдықтар бойы қираған күйінде қалған. Кейін пайғамбар әулетін сүюшілердің талпыныстарының арқасында ғибадатхана 1961-1967 ж.ж. қайта тұрғызылды.
Нұқта мешіті «Хосейн мешіті» деген атпен де танымал. Алепподағы маңызды исламдық сәулет өнері ескерткіштерінің бірі саналатын бұл тарихи ескерткіш толығымен тастан салынған. Мешіт кешені үлкен және кіші бөліктерден құралған. Мешіттің кіші бөлігі үлкен бөлікпен салыстырғанда ғимараттың көне бөлігі саналады. Кіші бөліктің айналасында шабестан, галерея, ғимараттың кіреберіс бөлігі мен тағы да басқа бөлімдерден құралған.
Әл-Ақсаб немесе әл-Қасб мешіті – Сирияның астанасы Дамаск қаласында орналасқан мешіт. Бұл мешіт те Сирияның тарихи ескерткіштерінің қатарына жатады. Әл-Ақсаб мешітінде Адрада қаза болған қолбасшылар, нақтырақ айтқанда Худжр ибн Ади мен оның жолдастары жерленген. Худжр ибн Ади жас кезінде ағасы Һани бин Адимен бірге Ислам Пайғамбарының (с.ғ.с) көзі тірісінде Исламды қабылдап, ислам әскерінің қатарына қосылған. Ол Шам қаласын басып алу кезінде басқыншы сарбаздарының қатарында болған. Ол қайратты жауынгер болуымен қатар, тақуа, діндар адам болған. Сол себепті оны Худжр әл-Ахир деп атаған.
Хазірет Әли (ғ.с) шәһид болып, имам Хасан (ғ.с) бейбітшілік орнатқаннан соң қалалардың билеушілері Муавиенің бұйрығымен хазірет Әлидің (ғ.с) серіктерін азаптап, қинап, негізсіз әрі бос сылтаулармен атақты тұлғаларды өлтіре бастайды. Олардың бірі Худжр бин Ади Кинди болды. Муавие Худжр бин Адидің басын шабуға бұйрық бергенде, ол былай деп өтініш жасайды: "Аяғымдағы кісенге тиіспеңдер, денемнен аққан қанды жумаңдар. Себебі, осы арқылы о дүниеде Муавиенің жолын кес-кестегім келеді". Қанішерлер Худжр бин Ади мен бірі оның баласы болған басқа алты адамның басын шауып, бір қабірге жерлеген. Кейбір деректерге сәйкес, осы шәһидтердің басшылары әл-Ақсаб мешітінде имам Хосейннің (ғ.с) қызы хазірет Рұқаяның қабірінің жанына жерленген. Әл-Ақсаб мешітінің дәлізінде: "Бұл жерде Пайғамбар (с.ғ.с)-дың жеті сахабасы жерленген",- деп жазылған. Оның үстінен «Ахзаб» сүресінің 23-аяты көзге түседі: " Мүміндерден Аллаға деген уәделерін шындыққа шығарған ерлер бар. Олардан кейбіреуі жанын құрбан қылды, кейбіреуі күтуде. Олар серттерін әсте ауыстырмады". Сондай-ақ тастың бетіне сол жеті адамның аты жазылған. Олардың ішінде Худжр ибн Ади әл-Киндидің аты да бар.
Әл-Ақсаб мешітінің құрылысы Әмір Насреддин ибн Манджак деген кісінің атымен байланыстырылады. Сол себепті ол «Манджак мешіті» деген атпен де белгілі. Әмір Насреддин ибн Манджак х.ш.ж.с.б. 721 жылы мешітті бұзып, оның орнына үлкен мешіт салдырған.
Сириядағы тәкфіршіл лаңкестік топтардың шабуылдары кезінде әлеуметтік желілерде Худжр ибн Адиге қатысты суреттер жарияланып, ваххабиттер ұлы тұлғаның сүйегін қабірден шығарып, оны басқа жерге апарды деген хабар тараған болатын. Негізінде Худжр ибн Ади мен оның серіктері шәһид болғаннан кейін олардың денелерін Адра мекенінде жерлеп, бастарын әл-Ақсаб мешіті орналасқан мекенге апарып жер қойнына табыс еткен.