Жетекшілік хадисы 64
Сабыр лексикалық тұрғыдан шыдамдылық дегенді, алахлақ ғалымдарының пікірі бойынша ақыл мен шариғатқа сай емес істерді жасамау дегенді білдіреді.
Сабыр бір жақтан адамның нәпсілік және ішкі қалауларын ақыл және шариғатпен шектейді, басқа жақтан адамды илаһи міндеттеріне табанды болу үшін қиындықтарға төзімділік танытуға үйретеді. Адам – Алла Тағала өзінің үлкен мақсатын кемелдікке жеткізіп, өзіне жақындату үшін жаратқан жаратылыс. Сол себепті адам илаһи мақсатты таныған соң, оған жетуге талпыныс жасап, алға ілгерілеуге міндетті. Алайда бұл дүниедегі өмір сүру әрқашан әртүрлі қиындықтармен кезігуіне байланысты адам қиындықтармен қарсыласып, бұл жолда сабыр сақтаса өз мақсатына жете алады. Құран Кәрім көптеген аяттарында илаһи пайғамбарлар мен әулиелерді сабыр сақтауға шақырады. Алла Тағала пайғамбарға: «(Мұхаммад с.ғ.с.) пайғамбарлардан майталмандар сабыр еткендей сабыр ет» («Ахкаф» сүресі, 35-ші аят) деп, иман келтіргендерге: «Әй, мүміндер! Сабыр және намазбенен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла сабыр етушілермен бipгe»,- деп айтқан. («Бақаре», 153-ші аят). Сабыр сақтаудың маңызды болғаны сондай, имам Әли (ғ.с.) бұл қасиетті тақуалардың сипаттарының бірі, ал сабыр сақтау мен иманның арасын бас пен дененің арасындай деп атап: «Сабыр сақтаңдар! Өйткені сабыр сақтау иман үшін бас пен дене сынды. Бас болмаса денеден ешқандай хабар болмайды. Сабырсыз иманның еш нәрсесі болмайды»,- деген. («Наһдж ул-Балағе», 82-ші хикмет). Бұл хадис сабырсыз адамның кемел иманға жетпейтінін көрсетеді. Өйткені барлық ғибадаттар мен олардың ақиқатына жету тек сабырдың арқасында ғана мүмкін болады. Сабыр адамға материалдық ләззаттардан бас тартып, ғибадаттарын орындайтын күш-қуат береді. Сабыр шайтанның күдік-күмәндеріне қарсы тұрып, оның түрткілерін қабылдамай, күнә жасамауғна күш береді. Сондықтан имам Әли (ғ.с.) келесі бір хадисінде: «Сабырсыз, шыдамсыз адамның иманы да тұрақты болмайды»,- деген болатын. Исламдық мәдениетте сабырлы адам деп өмірінің әртүрлі жағдайында тұрақтылық танытатын адамды айтады. Имам Бақер (ғ.с.)-ның рауаяттарының бірінде: «Жәннәт күйзелістер мен сабырдан қалыптасқан. Дүниедегі ауыртпалықтарға қатысты сабыр сақтайтындар жәннәтқа кіреді. Тозақ ләззаттар мен шаһуаттан қалыптасқан. Өздерінің нәпсісін ләззаттар мен шаһуатқа ластайтындар тозаққа түседі»,- деп айтқан болатын.