Нау 21, 2016 12:34 Asia/Almaty

Имам Бақер (ғ.с.): «Жәннәт қиындықтар және сабыр сақтаудың сипатымен бірге жүреді. Яғни, дүниенің қиындықтарына сабыр сақтаған адам жәннәтқа кіреді.



Тозақ ләззат және шаһуатпен байланысты. Сондықтан бұл дүниеде өз нәпсісін тыйым салынған ләззат және шаһуатпен ластаған адам тозаққа кіреді»,- деген болатын. («Усуль Кафи», 2-ші том). Рауаяттар бойынша, Алланың елшісі отырған кезде сахабалары оның айналасына жиналатын. Сол топтың ішінде баласын ертіп келетін адам болатын. Әкесі оны тізесіне отырғызатын. Бір күні баласы дүниеден озды. Әкесі перзентінің жиынға қатысатынын еске алған сайын қайғыға бататын. Енді ол жиынға қатыспайтын болды. Біраз уақыттан кейін пайғамбар ер адамның жиынға қатыспайтынын байқап: «Пәленше қайда, мен оны көрмедім ғой?»- деп сұрағанда сахабалары  оқиғаны айтып береді. Алла елшісі оны көріп, перзенті туралы сұрайды. Ер адам: «Перзентім бұл дүниемен қоштасты»,- деді. Хазірет көңіл айтқан соң: «Мына екі нәрсенің қайсы сен үшін жақсырақ? Біріншісі, өмір бойы перзентіңді пайдалану ма, әлде қиямет кезінде жәннәттің әр есігінің алдыңнан ашық болуы ма?»- деп сұрағанда ол: «Алланың елшісі, қияметте перзентімнің менің алдымнан жәннәттің есігін ашқанын таңдаймын»,- деп жауап берді. Хазірет сонда: «Мына перзентің сен үшін сондай болады»,- деді. Сол кезде ансарлардың бірі: «Алла елшісі! Айтқан  нәрсеңіз тек осы адамға ғана қатысты ма, әлде перзенті қайтыс болған барлық мұсылманға қатысты ма?»- деп сұрайды. Хазірет: «Перзенттері дүниеден озған әр мұсылман үшін балалары жәннәтқа қарай жол ашады»,- деп жауап береді. Имам Әли (ғ.с.): «Шын мәнінде, әр қиындық залым үшін – әдеп, мүмін үшін – сынақ, пайғамбарлар үшін – дәреже, әулиелер үшін –ұлылық»,- деп айтқан болатын. («Бихар әл-Анвар», 81-ші том).  Осы салада Алла елшісі  сахабаларының бірі Джабер бен Абдолла: «Зағип әрі естімейтін ер адам Алла елшісіне жақындап, хазіреттің қасында тұрып, қолымен ымдағанда хазірет: «Мына адамға қағаз беріңдер, айтқысы келгенін жазып берсін»,- дейді. Сонда ер адам қағазға: «Куәлік етемін, Алладан басқа Құдай жоқ. Мұхаммад (с.ғ.с.) – Алланың елшісі»,- деп жазды.  Хазірет: «Оған жәннәтқа баратынын жазыңдар. Өзінің бір мүшесі, яғни тілі, құлағы, қолы немесе аяғынан айырылса да сабыр сақтап, бар нәрсесіне Аллаға алғыс айтып, жағдайын Алланың сынағы деп санаған мұсылманды Алла тозақ отынан құтқарып, жәннәтқа енгізеді. Дүниеде қиындық көргендер үшін қияметте үлкен сауап қарастырылған. Бұл сауапты көргендер: «Дүниеде денем Алланың жолында бөлшек-бөлшек болғанда ғой»,- деп өкінеді. Үмбетім! Алла Тағала  Исламның мектебінен тыс жасалған  ғамалды қабылдамайтынын біліңдер»,- деді.  Имам Садық (ғ.с.)-ның рауаяттарының бірінен: «Алла Тағала: «Пендемді екі көзінен де айыруға  болмайды. Және ол бұйрықтарымды орындап, Маған бағынса, Мен оған  жәннәттан төмен сыйлыққа риза болмаймын»,- деген»,- деп оқимыз. Зағип адам Исламның ұлық пайғамбарының қасына келіп: «Алладан маған көру қабілетімді қайтаруды сұра»,- дегенде хазірет: «Егер қаласаң, көру қабілетіңді қайтар деп дұға тілеймін. Немесе қияметте есеп-қисапқа түспей, Жаратушымен кездесуің үшін дұға жасаймын»,- деп ұсынды. Ер адам: «Есепке түспей, Жаратушымен кездесуді таңдадым»,- деді. Сол кезде Алла елшісі: «Алла Тағала дүниеде адамды екі көзінен айырып, қияметте оны азаптаудан жоғары»,- деді. Зағип ер адам өмірінің қалған күндерін көрмейтін болып өткізіп, қиындықтарға төзімділік танытуды қияметтегі сыймен айырбастауды таңдады. Яғни, ол қиямет күні кешіріліп, мәңгі  бақытқа жетуді жөн көрді.  Имам Садық (ғ.с.)-ның серіктерінің бірі: «Хазіреттің науқас баласының халін сұрау үшін келгенде уайым-қайғыға батқан хазіретті көріп, «Балаңыз қалай?» деп сұрадым. Имам: «Бірқалыпты»,- деп, үйінің ішіне кірді. Біраздан кейін үйінен қайта шықты. Бұл жолы көңілі жадырап, жүзінде уайымның ізі де қалмапты. Мұндай өзгерісті көріп, науқас баланың халі жақсарды деп ойладым. «Баланың жағдайы қалай?»- деп қайтадан сұрадым. Имам Садық (ғ.с.): «Дүние салды»,- деп жауап берді.  Мен: «Ол тірі болған кезде сіз қайғырып едіңіз, енді бала дүниеден озған кезде сіздің көңіліңіз жақсарды. Бұл қалай?»- деп сұрадым. Хазірет: «Біз пайғамбар әулеті қиындық орын алмастан бұрын уайымдаймыз, ал илаһи үкім орындалып, болар іс болған соң, Алланың  қалауына ризалығымызды білдіреміз»,- деді.