Қыр 02, 2017 15:58 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (121)

Бүгінгі бағдарламада ирандық ақындардың Гурканилер сарайына қоныс аударуы жайлы сөз қозғаймыз.

Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар

Қоныс аудару географиялық тұрғыдан жер аудару немесе ұжымдық қозғалыс қана емес, мәдени-әлеуметтік қозғалыстардың кепілі болып табылады. Әртүрлі орталардағы жағдайдың әрқилылығы адамдардың жақсырақ өмір сүру үшін немесе келеңсіз жағдайдан құтылу үшін қоныс аударуына себеп болады. Үнді түбегі – экономика, мәдениет пен саясат тұрғысынан мигрант қабылдайтын жер. Бұл ел бір жағынан табиғи және материалдық байлығының молдығына байланысты мигранттардың қызығушылығын тудырған, екінші  жағынан мәдени және тайпалық алуандықтық болуына байланысты әрдайым әртүрлі әлеуметтік қатынастар мен ойлардың тоғысатын жері болған.

Саяси тұрғыдан өткен он ғасырда   Үндістан үкіметі миграциялық құбылыс негізде қалыптасты. Дели мен Декканның сұлтандары кейде түрік, кейде ауған, бір кездері Тимур мен Моғол ұрпақтары болды. Олардың билік аппаратының көбі жергілікті емес, келімсек тұлғалар тарапынан басқарылды.

Мұхаммад Қасем Хендушах 13 ғасырдың екінші жартысындағы  Ғиаседдин Белбеннің сарайында Наурыз рәсімінің тойлануы жайында: «Сол күні систандық, ғурилік, самарқандық, күрд, лур, арабтан тұратын 500 сарбаз қынаптан шығарылған семсерлерін иықтарына қойып, үрей тудыратын күйде айқайға басып, оның атының артынан жаяу ілесіп отырды. Мерекеге дайындық жасалып, Наурыз күндері Иран патшаларының салтымен өткізілді»,-деп жазды.    

Наурыз – ирандықтардың мерекесі

Үндістанға қоныс аударған әртүрлі топтардың арасында ирандықтар екі ел арасындағы терең тарихи, мәдени және әлеуметтік байланыстарға байланысты ерекше жағдайға ие болған.  Ирандықтардың алғашқы тобы 8 ғасырда Сасанилер үкіметі құлағаннан кейін Ираннан Үндістанға аттанған зәрдуштер болған. Бұл мигранттардың ұрпақтары әлі күнге дейін өздерінің ата-бабаларының дәстүрін ұстанып, Үндістанда өмір сүріп жатыр. Олар «парсылар» деген атпен танылған.  Шахрияр Нақавидің айтуынша, Үндістанда сан жағынан көп болған бұл мигранттар ғылым мен білімді дамытып, адамзат баласына лайықты қызмет етудің бастауы болды.

8 ғасырдың алғашқы жылдары Мұхаммад бен Қасем Сақафи Үндістанды басып алғаннан кейін көптеген мұсылмандар осы жерге қоныс аударды.  Ирандықтардың Үндістанға екінші рет ұжымдаса көшуі 10-11 ғасырларда Сабуктегин мен Махмуд Ғазнавидің жеңістерінен кейін орын алды. Ғазнави билеушілері мен сарбаздары Үндістанда басып алынған аймақтарды  сақтап, билік жүргізу үшін әсіресе Лахур, Мултан мен Сендте тұрақтап қалды. Олар Лахурды өздерінің астанасы етіп таңдап, сол жерге көп сарбаз орналастырды. 

13 ғасырда моңғол әскері Иран жеріне шабуыл жасаған соң ұзақ ғасырлар бойы парсы тілі мен әдебиетінің гүлденген жері болған Үлкен Хорасан бірден жермен-жексен болды. Өнер мен қалам иелерінің бір тобы қанға бөкті. Келесі бір тобы отанды тастап, көршілес елдерге, кейде алыс елдерге көшуге мәжбүр болды. Мыңдаған парсы тілді ғалым, жазушы, өнерпаз бен кәсіпші қоныс аударды. Бұл үдеріс бір ғасырға созылды.

Кейде заманның бүлікке толы жағдайы, кейде патшалардың тиімсіз саясаттары ирандықтардың басқа елдерге, соның ішінде Үндістанға қоныс аударуына әсер еткен фактор болды. Тарихи кітаптарда  Акбаршахтың Үндістанда билік басына келгеннен кейін поэзия орталығының Исфаханнан  Делиге ауысқаны жазылған. Малек аш-Шоарайе Баһардың айтуынша, «Сефевилер заманында оқыған адамдардың көбі екі себепке байланысты Иранда қалудан көшуді жөн көрді. Олардың көбі Үндістанға аттанды. Біреулер Сефеви билеушілерінің кейбір қылықтары үшін, басқалары Үндістан сарайында болған материалдық байлық пен пайда үшін кетті. Сондықтан ақын, өнер иелерінен бастап, уағызшы, жазушы мен кез келген кәсіп иесінен тұратын үлкен топ Үндістан сарайына аттанды. Өйткені, Үндістанда билік еткен тимурилік билеушілер Иранды өз отаны, ал ирандықтарды отандас, тілдес санап, олардың ақыл-парасаттарына құрмет білдірген. Өнер иелері де үнді сарайында жағымды тілмен мадақ айтып, сарай маңындағыларды қуантып отырған. Бұл заманда парсы поэзиясы Иранның астанасы болған Исфаханнан гөрі Делиде көбірек қолданыста болған».

Акбаршах пен оның жұбайы Малаке Джуда

Үндістанға әртүрлі топтар қоныс аударған. Бірінші лекте ғылым мен қалам иелері аттанды. Олар қоғамда орнаған тұншықтыратын кеңістік пен Үндістан сарайындағы салыстырмалы түрдегі еркіндіккке байланысты қоныс аударуға бел байлап, бөгде елге аттанған. Екінші топ – мистиктер мен сопылар. Философиялық және идеологиялық тақырыптар оларды Үндістанның құпияға толы дүниесіне шақырды. Келесі топ – уағызшылар үнді сұлтандары исламға бет бұрған соң ислам тағылымдарын насихаттап, тарату мақсатында осы елге аттанды. Төртінші топ мансап қуып, лауазымды орынға ие болу үшін Үндістанға қоныс аударды. Мұндай адамдардың кейбіреулері сарайда жоғары лауазымдарға қол жеткізіп, мол байлыққа кенелді.

Моңғолдар Иранға шабуыл жасағаннан кейін көптеген сөз шеберлері Ираннан Үндістанға қоныс аударды. Бабыршах Лахурды жаулап алған соң Моңғол империясы Үндістанда да құрылды. Бабырдың сарайында бірнеше иран ақыны да болған. Хомаюн сефевилік Тахмасп шахтың қызметінен шығып, Үндістанға аттанғаннан кейін шайырлардың бір тобы мен қызылбастардың басшылары онымен бірге Үндістанға жол тартқан. Қызылбастар Үндістанда үкіметте жоғары лауазымды орындарға ие болды. Делимен қоса, Үндістанның басқа қалалары, соның ішінде Лахур, Лакхану, Агра, Пенджаб пен Кашмир парсы әдебиеті мен поэзиясының гүлденген орталықтарына айналды. Орфи Ширази, Назири Нишапури, Зухури Тармизи, Талеб Амоли, Калим Кашани мен Саеб Табризи сияқты ұлы ақындар осы елге бет бұрған.

Үндістанның Гурканилер сарайындағы ирандық шайырлар

Бұл дәуірде ирандық шайырлардың қоныс аударуының көп болғаны соншалықты, ең қарапайым себеп ақынның Үндістанға аттануына түрткі болған. Осылайша, Иран мен Мәуереннахрдың парсы тілді ақындары Үндістанға аттанған. Тимурилік билеушілердің оларды қошеметтегені соншалықты, олардың кейбіреулеріне «Малек аш-Шоара» деген атақ берген.

Үнді сұлтандары заманына қатысты көптеген тарихи кітаптарда көрсетілгендей, Үндістанның мұсылман патшаларының көбі өнер мен әдебиетті жақсы көріп, қолдап қана қоймаған, өздері де сөз өнеріне атсалысқан. «Періште тарихы» атты кітаптың авторы Мұхаммад Қасым Хендушах Махмудшах Бахманидің патшалық кезеңін баяндап, оның үлемдермен жиындар өткізгенін, билік құрған кезінде араб пен парсы ақындарының Декканға келгенін айтқан. Ол, сондай-ақ, Хафиздің Үндістанға шақырылғанын, оның сапарға шығуға шешім қабылдап, артынан айнып қалғанын өзінің тарихи кітабында егжей-тегжейлі баяндаған. Х.қ.ж.с.б. 7 ғасырда Иранда өмір сүрген ақын Сағдиді Ғиаседдин Белбеннің 7 ғасырдың екінші жартысында шақыруы да үнді патшаларының парсы әдебиеті мен поэзиясына қаншалықты қызыққанын көрсетеді. «Періште тарихы» кітабының авторы Үндістанның шығысына билік еткен шах Ибрахим жайында: «Бұл кісінің заманында әлемді жайлаған бүліктен сергелдеңге түскен Үндістан патшалықтарының ойшылдары мен Иран мен Тұранның данышпандары Джунпурдың сарайын паналап, амандық пен қауіпсіздікте өмір сүрді»,-деген. Осы ақындардың барлығына тимурилік және моңғолдық сарай маңындағылар, шахтар мен шахзадалардың билік аппараттары тарапынан қолдау көрсетілген.

Ирандық жазушылардың көбі де Моғол шахтары кезінде Ираннан Үндістанға қоныс аударған. Тарихшылар, мәдениет жайлы жазушылар, өмірбаян жазушылар солардың қатарына жатады. Үндістан түбегі мен Пәкістанда парсы тілі мен әдебиеті саласында парсы тілді ақындар мен мәдениет қайраткерлерінің өмірбаяндарын жазу үшін жасалған талпыныстар сөзіміздің дәлелі бола алады.