Иранның танымал тұлғалары (122)
Бүгінгі бағдарламада ирандық ғалымдар мен ойшылдардың Үндістан түбегіне қоныс аударуы жайлы сөз қозғаймыз.
Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, Үнді түбегі – экономика, мәдениет пен саясат тұрғысынан мигрант қабылдайтын жер. Саяси тұрғыдан өткен мың жылдықта Үндістан үкіметі миграциялық құбылыс негізінде қалыптасты. Олардың билік аппаратын көбінесе жергілікті емес, кірмелер басқарды. Үндістанға қоныс аударған әртүрлі топтардың арасында ирандықтар екі ел арасындағы терең тарихи, мәдени және әлеуметтік қатынастарға байланысты ерекше жағдайға ие болған. Ираннан Үндістанға аттанған алғашқы топ – зәрдуштер. Бұл аймаққа ислам келгеннен кейін көптеген мұсылман топтары осы жерге қоныс аударды. Моңғолдар Иранға, әсіресе Үлкен Хорасанға шабуыл жасағаннан кейін мыңдаған парсы тілді ғалым, жазушы, өнер иесі мен кәсіпші Үндістанға көшті. Бұл үдеріс бір ғасырға созылды. Бұдан кейін Сефевилер заманында қоныс аудару қарқын алды. Әртүрлі топтар, соның ішінде ғалымдар мен қалам иелері, мистиктер мен сопылар, ықпалды адамдар мен қызылбастар Үндістанға көңіл аударды.
Үнді патшалары әдебиет пен өнерді сүйіп қана қоймаған, өздері де өнермен айналысқан немесе өнерлілерге қолдау көрсетіп отырған. Үнді сұлтандарының каллиграфия өнеріне ерекше назар аударуы Иранның үздік каллиграфтарының көбінің осы жерге қоныс аударуына себеп болды. Иранда 13 ғасырда пайда болған «насталиқ» жазуы ирандық мигрант каллиграфтар арқылы Үндістанда кең таралды. Бабыр сұлтандары каллиграфия өнерін қолдады. Олардың әрқайсысы өз заманында бірегей саналған ирандық каллиграфтарды құтпаларды жазуға сайлаған. Акбаршахтың сарайында суретшілер мен каллиграфтардың бір тобы парсы тілінде кітап жазып, оны безендірумен айналысқан. Олардың барлығына жақсы жалақы төленген. Әртүрлі жағдайларда, соның ішінде мейрамдарда оларға әртүрлі сыйлықтар берілген. Басқа салалардың өнерпаздары, соның ішінде күйшілер мен суретшілер де Үнді патшаларының сарайында қошеметке ие болған.
Тарихи деректер көрсеткендей, Дели мен Декканның сарайларында тұрған кейбір ирандық мигранттар сол замандағы дәстүрлі медицинада өте тәжірибелі саналып, танымал болған. Үндістан түбегі мен Пәкістанға барған исламдық медицинаны таратушы осы мигранттар сол жерлерде көбірек жетістіктерге қол жеткізді. Үндістандағы моғол патшалар көптеген ирандық дәрігерлерді емдеу орталықтарында жұмысқа тартқан. «Періште тарихы» атты құнды кітаптың авторы: «Акбаршах сарайының дәрігері хакім Ейн ул-Малек Гилани емі жоқ ауруларды емдеді»,-деп жазды. Бұл оның ерекше таланты болғанын көрсетеді. Халық ол емдегенде мұғжиза жасайды деп сенетін болған.
Ислам Үндістан түбегіне келгеннен кейін исламдық сопылық пен мистика да сол жерге тамыр жайды. Сопылық х.қ.ж.с.б. 5 ғасырда (11 ғасырда) Мултанның маңында қалыптасқанға ұқсайды. Сол аймақтағы алғашқы сопы шейх Сафиеддин Казеруни болған. Ол Шираздың Казерун қаласынан шыққан. Ұстаз Тоуфиқ Собхани: «Махмуд Ғазнавидің х.қ.ж.с.б. 416 жылғы (1205 жылы) Мултандағы жеңістері бұл аймақ пен оның қалаларының сол заманда барша жұртқа танымал болып, сопылардың шәкірт іздеп, үгіт-насихат жасау үшін тың жерлерді тауып, сол жерде белсенділік жасауға бел байлауына себеп болды. Үндістанда Ханафи мазхабы таралған. Сопылардың көбі мұсылман ағартушылар мен халықты діни тұрғыдан шабыттандырушылар саналған. Сопылар Үндістанда өздерінің миссиясын рухани бақытты қамтамасыз ету және саяси биліктің орнына оларға рухани билік тапсырылған деп санаған» деп жазды.
Ұлан-ғайыр Үндістандағы ирандық сопылық қалаларда да, ауылдарда да тамыр жайды. Оның халық арасындағы әсерінің тереңдігі мен танымалдық деңгейінің жоғары болғандығы соншалықты, ауылдық жерлер де қалалық қалыпқа еніп, дәруіштердің үйлері көбейген. Сол үйлердің саяси-экономикалық және әлеуметтік мәселелерге ықпалы зор болған. Сопы шейхтер ислам саласында ғана белсенділік жасап қоймай, оны таратуға да көп күш салған. Олардың ықпалының зор болғаны соншалықты, ұстаз Тоуфиқ Собхани: «Тимурилер Үндістанды исламға қарай тартып, қаусаған денеге жаңа дем берді» деген.
«Кашф ул-Махджуб» атты құнды кітаптың авторы Абулхасан Әли бен Осман Ходжвири Ғазнавилер арқылы Үндістанға келген сопылардың бірі болды. Ол х.қ.ж.с.б. 431 жылы Лахурға барып, өзінің парсы тіліндегі алғашқы прозалық мистикалық еңбегін Үнді түбегінде жазды. Одан кейін басқа сопылар сол жерге барып, ирандық-исламдық сопылық пен мистиканы кең түрде үйрете бастады. Ол өзінің сөзімен мыңдаған адамды исламның тағылымдарына тартты. Киумарс Амири Үндістандағы парсы тілі мен әдебиетінің жағдайы туралы зерттеуінде осы жайтқа тоқталып: «Ислам мен сопылықтың Үндістан түбегінде таралуы шын мәнінде шекараның арғы жағынан келіп, өз тәлімдеріне сүйеніп, үгіт-насихаттық жанжалдардан ада жерде, дәруіштердің үйлерінде асықпай тәлім-тәрбие берумен айналысқан алғашқы мигранттарға қарыздар екендігі шындық»,-деген.
Моңғолдар шапқыншылық жасап, Иран қиратылғаннан кейін көптеген мистиктер мен сопылар Үндістанға аттанып, сонда өз ойларын таратумен айналысқан. Қажы Моинеддин Чешти мен шейх Низамеддин Оулиа солардың қатарында болды. Ирандық сопылар Үндістанда исламды насихаттау мен парсы тілін таратуда үлкен үлеске ие. Өйткені, олар халықпен тығыз араласып, дінді насихаттаған. Олардың жақтастары Үндістанның әртүрлі жерлеріне сапар шегіп, халыққа исламның жолдауын жеткізіп, кейде еңбектерін жазып отырған.
Милади жыл санағы бойынша 1393 жылы Иранға тимурилер шабуыл жасағанда Хамадан сейіттерінен 700 адам Кашмирге қоныс аударған. Ақсақ Темір сол заманда ықпалы пен күші зор болған Хамаданның Алави сейіттерін жоюды көздеген деседі. Сол себепті сопылардың бұл тобы Үндістанға қоныс аударған. Бұл топтың басшысы «Амир Кабир» деген лақап атқа ие болған Мир Сейіт Әли Хамадани болды. Кашмир сұлтаны Мұқаддам қоныс аударушыларды құрметпен қарсы алған. Бұл жайт Ираннан Үндістанға көбірек адамның қоныс аударуының жалғасуына жағдай жасады.
Ирандық сопылықтың Үндістанда таралуы мен Сухравардие, Чештие және т.б. маңызды сопылық ағымдардың қалыптасуы сопылыққа қызығушыларды Үндістанға тартатын келесі бір себеп болды. Сопылардың кейбіреулері сарай басшыларының шақыруымен Үндістанға қоныс аударған.
Тарихта сұлтан Ахмадшах Деккани х.қ.ж.с.б. 9 ғасырдың бірінші жартысында шах Ниматулла Валидің ұлын Керманның Махан елді мекенінен Үндістанға шақырғаны тіркелген. Шах «Ниматулла Мир Нуролла» деген немересін Декканға жіберген. «Періште тарихы» кітабының авторы Хендушах осы жайында: «Кейбіреулер Мир Нуролла Иранға қайтып оралды десе, иағы біреулер қайтуға мұрсаты болмай, Деккан жерінде қайтыс болып, сонда жерленді дейді»,-деп жазған.