Қыр 12, 2017 16:58 Asia/Almaty
  • Иран базары (11)

Иран әлемдегі мыс белдігінің үстінде орналасқан. Жүргізілген зерттеулер бойынша Иранда әлемдегі бүкіл мыс қорының 3 пайыздан астамы шоғырланған.

Иран базары

Археологтар мысты адам тапқан алғашқы металдардың бірі санайды. Мыңдаған жыл бұрын адамдар қарапайым құралдармен  мысты өнеркәсіптік құралдар, тиын, семсер сияқты әскери құрал-жабдықтар, әшекей бұйымдар мен декоративтік заттар жасау үшін пайдалануды үйренген. Мыс табылып, оның қасиеттері анықталғаннан кейін адамзат тарихында жаңа дәуір басталды.

Ирандағы мыс өнеркәсібі

Адамның алғаш рет мысты қашан және қай жерде пайдаланғаны беймәлім.  Мысыр пирамидаларының бірінен мыстан жасалған құбыр жүйесінің табылуы ежелгі мысырлықтардың бұл металмен біздің заманымыздан  мыңдаған жыл бұрын таныс болғанын көрсетеді. Адамзаттың алғашқы өркениеті пайда болған Месопотамия аймағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары бұл аймақта мысты пайдаланудың б.з.д. 10 мың жылдан басталғанын көрсетеді. Месопотамия аймағының қазір Ирак деп аталатын бір бөлігінен б.з.д. 8 мыңнан астам жылға тиесілі мыс алқа табылды. Бұл әлемдегі ең көне мыс бұйымы болып табылады. 

Еуропалықтар та б.з.д. 4 мың жыл бұрын мыспен таныс болған. Бұл жөнінде Еуропадан табылған ең көне табиғи мумияны атауға болады. Оған Oetzi (мұзда қатқан адам) (http://en.wikipedia.org/wiki/%C3%96tzi) деген атау берілді. Ол 1991 жылы Италия мен Аустрияның шекарасындағы Альпі тауының мұздықтары арасынан табылған. 5300 жылдық тарихы бар осы қатқан дененің жанында басы 99 пайыз таза мыстан жасалған балта табылды. Латын Америкасының майя, ацтек пен инктер сияқты кейбір өркениеттерінде адамдар алтын мен күміспен қоса мысты пайдаланған.

Мұзда қатқан адамның жанынан табылған заттар

Иран әлемдегі мыс белдігінің үстінде орналасқан. Сондықтан бұл жерде мыс пен мыстан жасалған өнімдер ежелден бері пайдаланылған. Көне мыс балқыту пештерінен табылған мыс бұйымдары мен мыстан алынған қорытпалар ежелгі ирандықтардың осы металды өндіру және балқыту өнеркәсібімен таныс болғанын көрсетеді. Кейбіреулерінің көнелігі б.з.д. 5 мыңға жуық  жылдан басталатын Қазвиннің Зағе төбесінен табылған пештер мен мыс кесектері бұл аймақта мысты балқытып, бұйым жасау өнеркәсібі болғанын көрсетеді.  Кашанның Сиалк төбесінен де мыс құралдар табылды. Олар б.з.д. 6 мың жылға тиесілі.  Осы аймақта боқаттардың табылуы ммен  қолға түскен заттардың қалыбын өзгертуі бұл аймақ адамдарының мыс кенін өндіру және оны балқыту, балқытылған мыстан бұйым жасау өнері мен техникасын білгенін көрсетеді. Бүгінде Иранның көне замандарынан қалған мыс заттары мен ыдыстарын Иран мен әлемнің кейбір мұражайларынан көруге болады. 

Ежелгі дәуірлерде мыстан жасалған кейбір құралдар

Бағзы замандарда ұсталар мысты табаққа айналдыру үшін пеш пен буте-металды балқытуға арналған ыдыстарды пайдаланған. Балқытылған мысқа толы ыдыстар ерекше құрал арқылы пештен шығарылып, құйма қалыптарына құйылып отырған. Ұсталардың негізгі жұмысы мысты ұрып, табаққа айналдыру болды. Бұл жұмыс бір немесе екі адамның зілбалғамен ұруы арқылы орындалады. Осы үдеріс барысында әртүрлі қалып пен көлемдегі ыдыстардан тұратын мыс өнімдері дайындалады. Уақыт өтіп, адамның мыс пен оның қасиеттері жөніндегі білімі артқаннан кейін мыс және мыс өнімдерін өндіру үдерісі түбегейлі өзгеріске ұшырады. Бүгінде мыс бұйымдарын жасау кезеңдері нарықта сұраныстың көбеюі мен дайын өнімнің бағасының төмендегеніне байланысты  әдетте электр қуатымен жұмыс істейтін құрылғылардың көмегімен жүзеге асырылады.  Алайда әлі күнге дейін жасампаз ұстаның талғамы ыдыстың әдемілігі мен кемелдігінде негізгі рөл атқарады. Иранның Керман, Йезд, Исфахан мен Кашан сияқты кейбір тарихи қалаларындағы көне базарларды аралайтын адамдар үшін ұстаның мыс табағының бетіне әдемі нақыштар салу үшін соққан балғасының дыбысы құлаққа жағымды, жанға жайлы дыбыс саналады.

Иранның Йезд қаласындағы мыстан бұйым жасау өнері

Жүргізілген зерттеулерге сәйкес, Иран әлемдегі мыс қорының 3 пайыздан астамын өз қойнауында сақтаған.  Ирандағы мыс қоры мен кен орындары  елдің әртүрлі өңірлерінде солтүстік-батыстан оңтүстік шығысқа дейін шашырай орналасқан. Керман тарихи облысы Иранның тау-кен өнеркәсібінің ең маңызды полюстерінің бірі саналады. Оны «Иранның тау-кен жұмағы» деп атаса болады.  Керман – Иранның оңтүстік-шығысында орналасқан ең ауқымды облыс.  Бұл өңірдің геологиялық құрылымы бойынша,  облыстың әртүрлі бөліктерінде металл мен металл емес пайдалы қазбалардың, соның ішінде мыс, темір, қорғаныс, мырыш, хромит, алтын, фосфат, әктас, алебастр, кварц, мәрмәр, гранит, травертин мен тас көмірдің мол қорлары бар.

Иранда мыс кен орындарының шашырай орналасуы

Керман бай мыс кен орындарының болуымен әлемге танылған. Керманның «Сарчешме» мыс кен орны әлем мен Таяу Шығыстағы ең үлкен ашық кен орны болып табылады. Ол Загрос таулы сілемінің орталық бөлігінде орналасқан.  Бұл кен орнында мыстан басқа молибден мен алтын сияқты құнды элементтер бар. Зерттеулер көрсеткендей, «Сарчешме» кен орнындағы мыс Иранның ең көне кен орны ретінде елдің бүкіл мыс өндірісінің жартысына жуығын қамтамасыз етеді.

«Сарчешме» мыс кен орны

«Сарчешме» мыс кен орны әлемдегі ең үлкен тау-кен өндірістерінің бірі болып табылады. Ол кентас өндіру, байыту, балқыту, өңдеу, құю және сілтісіздендіру бөлімдерінен тұрады. Бұл кен орны «Мейманд» танымал ауылына жақын орналасуы және кентастарды өндіру мен қолданудың әртүрлі кезеңдерін бақылау мүмкіндігіне байланысты туристік тартымдылық тұрғысынан геотуристік кешен ретінде қарастырылады.

Ирандағы келесі мыс кен орны –  Шығыс Әзірбайжан облысындағы «Сунгун» ашық мыс кен орны. Бұл кен орны құнды әрі өте жоғары сынамаға ие болуына байланысты елдің маңызды капиталдарының бірі саналады. Тау-кен саласындағы мамандардың айтуынша,  «Сунгун» мысы – әлемдегі ең үлкен кен орындарының бірі. Есептеулер бойынша,  бұл кен орны елде анықталған  мыс қорының 40 пайызын құрайды.

«Сунгун» ашық мыс кен орны

Мыс ерекше қасиеттеріне байланысты әлемде көп тұтынылатын ең маңызды металдардың бірі саналады. Осы қызыл металдың ерекшеліктері ретінде  иілгіштігінің жоғары болуы және балтамен әртүрлі қалыптарға енгізудің оңайлығы, химиялық  тұрақтылығы, тотығу мен биологиялық ластаушыларға төзімділігін атауға болады. Мыс электр қуаты мен жылуды жақсы өткізеді және басқа металдардан көбірек қайта өңделу қабілетіне ие.  Бүгінде мыс әртүрлі өнеркәсіп салаларында, соның ішінде электроника, электр қуаты, электр тасымалдау желісі, телекоммуникация, құрылыс, құбыр желісі, техника, өндірістік және тұрмыстық құрал-жабдықтар, көлік жасау және әскери салада қолданылады. Мыс пен мыс қорытпалардың әртүрлі өнеркәсіп салаларында кең түрде қолданылатынын ескерсек, осы құнды металды пайдалану деңгейі  өндірістік және экономикалық белсенділіктерге тікелей қатысты болып отырған соң экономиканың дамуы мен әлемнің әртүрлі жерлерінде өмір деңгейін анықтаудың көрсеткіштерінің біріне айналды.

Мыстың қолданылу аясы

Мыстың экономикалық құндылығы мен оның өмір деңгейін арттырудағы маңыздылығына орай  Иранның мыс саласындағы белсенділері өндірістің әртүрлі бөлімдерін, әсіресе кентас өндіру, байыту (концентрация өндіру), балқыту және өңдеу (анод өндіру), электролиздеу, соңғы тазарту (катод өндіру) және қалыпқа құю (тақта, дайындама, сым мен құбыр) үдерістерін заманауи тәсілдермен дамытуға күш салуда. Сонымен қатар Иранның әртүрлі жерлерінде мыс кен орындарының әлеуеттерін пайдалану мүмкіндіктерін анықтау және зерттеу мақсатында барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Иранда мыс гүлдандардың бетіне ойып өрнек салу өнері

Иранда сым мен кабель, жартылай дайын мыс өнімдері мен оның қорытпалары, әскери құрал-жабдықтар мен жылу алмастырғыштар шығаратын зауыттар және қол өнер бұйымдарын өндірушілер елдегі мыстың негізгі тұтынушылары болып табылады.  Ел ішінде қолданылумен қатар мыс пен оның өнімдері мен қорытпалары әртүрлі елдерге, соның ішінде Қытай мен Үндістанға, Тайвань мен Оманға, Түркия мен БАӘ-не экспортталады.          

Тегтер