Илаһи жетекшілер (13)
"Илаһи жетекшілер" атты топтамамыздың алдағы бірнеше бөлімін хазірет Фатима-Заһраны (ғ.с) таныстыруға арнаймыз.
"Илаһи жетекшілер" бағдарламасының өткен бөлімінде Ислам Пайғамбарының (с.ғ.с) шарықтау мен құлдырауларға толы өмірі туралы баяндап, хазіретті илаһи үлгі-өнеге ретінде таныстырдық. Бүгінгі бағдарламада Исламның ұлы бануы, ұлық Пайғамбардың (с.ғ.с) қызы, хазірет Заһраның (ғ.с) жарқын бейнесімен таныстырамыз. Бұл банудың өмірлік кезеңдері уақыт тұрғысынан қысқа болып, жиырма жылдан аспағанымен, сан ғасырлар өтсе де, артынан кез-келген тұрғыдан зерттеп, бағалауға лайық және көрнекті тұлға ретінде шабыттандырушы және сабақ алуға болатын үлгі-өнеге қалдырды. Хазірет Фатима-Заһраның (ғ.с) тұлғасына арналған бағдарламамызды назарларыңызға ұсынамыз!
Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с) илаһи жетекшіліктің жарқыраған күні болған исламның ұлық Пайғамбарының (с.ғ.с) отбасында тәрбиеленді. Барлық ізгіліктер мен ахлақтық игі қасиеттердің көрінісі және барлық тұрғыдан әрі барлық ғасырларда адамзат қоғамы үшін үлгі-өнеге болып қала беретін әкесінен бөлек хазірет Фатима-Заһраның (ғ.с) тәрбиесі мен жеке тұлға ретінде қалыптасуында шешуші рөл атқарған ең ықпалды адамдардың бірі анасы хазірет Хадиджа (ғ.с) – ұлық Пайғамбардың (с.ғ.с) жұбайы болған. Бұл бану құрайыш тайпасының ең текті отбасыларының бірінде дүниеге келіп, тәрбиеленген. Хазірет Хаджиджаның отбасы көреген, жанкешті және берік қағидалар мен таза таухидтік сенімдерге ие болған. Хазірет Хадиджаның (ғ.с) әкесі Йемен патшасының Қара тасты (Хаджар әл-Асвад) әл-Харам мешітінен Йеменге көшіру әрекетіне қарсылық білдіріп, оның шешіміне қарсы қатаң табандылық танытқан. Сөйтіп, оны райынан қайтарып, қасиетті тастың ешкімнің қолы тиместен, өз орнында қалдыруға себепкер болған адамдардың бірі болған.
Хазірет Хадиджаның (ғ.с) атасы Асад ибн Абдулғари әйгілі "Хильф әл-Фудуль" келісімі мүшелерінің бірі болған. Бұл – арабтың бір топ ізгі, әділет талап етуші адамдары арасында мазлұмдар мен қаналған адамдарға көмектесу мақсатында жасалған келісім. Алланың елшісі (с.ғ.с) де бұл келісімге қосылып, олармен бірге қанаушылармен күресіп, мазлұмдардың құқығын қорғаған. Хазірет Хадиджаның (ғ.с) немере ағасы Уарақа ибн Науфал да данышпан, көреген және дана кісі болған. Ол кісі Пайғамбардың (с.ғ.с) пайғамбарлық міндеті басталғаннан кейін әл-Харам мешітінде сол кісінің алдына келіп, уәһи періштесі түскенде Алла елшісінің көргенін оған түсіндіріп беруін сұраған. Пайғамбар (с.ғ.с) Жебірейілдің (ғ.с) түсіп, оған пайғамбарлық міндеттің жүктелгенін айтқан соң Уарақа: "Құдайдың атымен ант етемін. Сен – Алланың пайғамбарысың. Мұса мен Иса пайғамбарларға түскен періште саған да түсті. Бірақ, адамдардың сені мойындамай, азаптайтын болатынын білгенің жөн. Сен отаныңнан жер ауасың. Адамдар саған қарсы шығатын болады. Егер ол күнге дейін көзім тірі болса, Құдайдың дінін қолдаймын",- деп, Пайғамбардың (с.ғ.с) маңдайынан сүйіп, ол хазіретпен қоштасқан екен.
Сондықтан, Алланың елшісі (с.ғ.с) текті отбасында тәрбиеленген және бойында ахлақтық игі қасиеттер мен жоғары илаһи және адами құндылықтары бар бануға үйленген. Хазірет Хадиджаның (ғ.с) бірегей қасиеттері күнен-күнге көрініс тапқан сайын, Пайғамбардың (с.ғ.с) бұл бануға деген сүйіспеншілігі уақыт өткен сайын арта түскен. Бұл банудың жоғары мәртебесі мен беделі жайында исламның рауаяттарында: "Жебірейіл (ғ.с) Пайғамбарға (с.ғ.с) түскен сайын оған: "Хадиджаға (ғ.с) Құдайдың сәлемін жеткіз",- дегені айтылған.
Бір күні Жебірейіл (ғ.с) Пайғамбарға (с.ғ.с) түсіп: "Алла Тағала саған сәлем жолдап: "Қырық күнге дейін Хадиджаға жақындамай, ғибадат етіп, түнде сергек бол",- деп бұйырды" дейді. Пайғамбар (с.ғ.с) илаһи бұйрыққа бойсұнып, Алла Тағаланың талабын орындайды. Қырық күн өткеннен кейін періште түсіп, жаннаттан тағам әкеліп: "Бүгін осы жанаттың тағамынан ауыз ти",- дейді. Пайғамбар (с.ғ.с) бұл аспандық асқа шүкіршілік етіп, намазы мен ғибадатын орындау үшін орнынан тұрғанда, Жебірейіл (ғ.с) тағы бір мәрте түсіп: "Хадиджаның үйіне қарай бар. Себебі, Құдай сенің тұқымыңнан пәк перзент жаратуды әмір етті",- деп айтқан.
Хадиджа (ғ.с) жүкті болған кезеңде илаһи періште Пайғамбар (с.ғ.с) мен Хадиджаға (ғ.с) қуанышты хабарды жеткізу үшін түсіп: "Уа, Алланың елшісі! Хадиджаның құрсағына біткен перзент қыз бала. Сенің ұрпағың содан тарайтын болады. Ол уәһи түсіру тоқтағаннан кейін сенің ізбасарың болатын имамдар мен дін жетекшілерінің анасы болады",- деген. Пайғамбар (с.ғ.с) Жаратқанның қуанышты хабарын Хадиджаға айтып, осындай аспандық хабармен оның жүрегін қуанышқа бөлеген.
Жәһілдік кезеңінде әйел баласы құқықтық, әлеуметтік және адами тұрғыдан ешқандай орын мен дәрежеге ие болмаған. Сол себепті, егер бір отбасыда ұл бала болмаса, оның ұрпағы жалғаспай, тоқтап қалды деп санаған. Бұл бір жағынан жәһілдік және негізсіз пікірлермен байланысты болса, екінші жағынан ұл баланың болмауы Меккенің мүшіріктері мен ауқатты адамдарының санасында Пайғамбардың (с.ғ.с) өлімінен кейін оның ұрпағы тоқтап, Исламның өмірі де осы жерден тоқтайды деген жалған түсінік пен арманның сақталып қалуына себеп болды. Алла Тағала олардың арманын жалған етіп көрсетіп, Пайғамбардың (с.ғ.с) пәк жүрегіне үміт пен шаттық ұялату үшін «Кәусар» сүресін Фатима-Заһраның (ғ.с) дүниеге келуінің жақсы нышаны ретінде түсіріп, пайғамбардың дұшпандарының негізсіз қиялдарына қол жеткізбеуімен қатар, Заһраның (ғ.с) пәк етегінен Пайғамбардың (с.ғ.с) ұрпағы – имамдар әулеті мен пәк имамдардың басшылығы жалғасып, Ислам нұрының илаһи еріктің арқасында бүкіл әлемге таралатыны ашық баяндалған.
Илаһи уәдеге сәйкес және пайғамбарлық міндет басталған бесінші жылы, яғни, джамади ас-сани айының жиырмасы күні періштелер, жаннаттық әйелдер мен аспандық әйелдер Хадиджаның (ғ.с) қасына келіп, пайғамбар аспанының жарық жұлдызы Фатима дүние есігін ашып, жарық нұрымен әлемнің шығысы мен батысына сәулесін түсірді. Пайғамбар перзентінің есімін "ажыратылған, бөлінген" деген мағынаны беретін «Фатима» деп қояды. Пайғамбардың (с.ғ.с) хадистеріне сәйкес, Фатиманың (ғ.с) жолын қуушылар хазіреттің арқасында тозақтың отынан құтқарылады.
"Илаһи жетекшілер" топтамасының алдыңғы бөлімдерінде айтып өткендей, Алланың елшісі (с.ғ.с) илаһи әмір бойынша өзінің пайғамбарлық міндетін бастаған күні бұл оқиғаны өздерінің орындары мен мүдделеріне төндіретін қатер деп есептеген құрайыш тайпасының басшылары мен Меккенің байлары Пайғамбар (с.ғ.с) мен оның сахабаларына қарсы ешбір қастандық әрекеттен тайынбаған. Уақыт өткен сайын олар қоқан-лоққылары мен дұшпандық әрекеттерін арттыра берді. Пайғамбарға (с.ғ.с) иман келтірген әр адам ең ауыр азаптар мен қинауларға ұшырап отырған. Бірақ, олардың дұшпандық және қатыгез әрекеттерінің ешқайсысы мұсылмандардың иманы мен табанды шешіміне еш әсерін тигізбеуімен қоса, сәт сайын Исламның ықпалы күннен-күнге кең етек жая берді. Нәтижесінде олар Пайғамбарды (с.ғ.с) өлтіруге бел буды. Барлық салаларда және барлық тұрғыдан бар қуатымен кесімді түрде Пайғамбарды (с.ғ.с) қорғап жүретін Абу Талеп мүшіріктер мен кәпір ру басшыларының қастандық жоспарынан хабардар болған кезде хабарды Исламның Ұлық Пайғамбары (с.ғ.с) мен мұсылмандарға жеткізеді. Осылайша Абу Талептің алғырлығының арқасында олардың жоспары бейтараптандырылды. Алайда құрайыш тайпасының басшылары өздерінің дұшпандық әрекеттерін доғармай, мұсылмандарды Әби Талеп шатқалындағы шөлді мекенде үш жыл бойы экономикалық қыспақта ұстап, олармен кез-келген сауда-саттықпен айналысуға тыйым салды.
Осындай ауыр әрі қиын жағдайда Заһра (ғ.с) анасы хазірет Хадиджаның (ғ.с) қолындағы жас бала еді. Ол осы үш жылдың ішінде мұсылмандардың ауыртпалықтары мен азаптарын жақыннан көріп өсті. Илаһи тағдырдың жазуымен ол бала кезінен ауыртпалықтардың нәтижесінде өмірінің шарықтаулары мен құлдырауларына төтеп беруге дайындалды. Соңында экономикалық аяқталды. Бірақ, ұзақ уақыт өтпей Исламның асыл бануы хазірет Хадиджа (ғ.с) дүниеден озып, пәк Заһра (ғ.с) жетім қалды.
Дәл сол қайғылы әрі өкінішті кезеңде Абу Талеп те көз жұмып, Пайғамбар (с.ғ.с) өмірінің ең ауыр сәтінде жалғыз қалды. Бұл екі қайғылы оқиғаның Пайғамбардың (с.ғ.с) рухы мен жанына қатты батқаны соншалықты, сол жылды «қайғы жылы» деп атады. Меккенің мүшріктері осы сәтті пайдаланып, Пайғамбарды (с.ғ.с) қатты қинап, азапқа салды. Соңында, пұтқа табынушы кекшіл мүшіріктердің күннен-күнге артқан қысымдары мен жасаған қоқан-лоққыларының шектен шыққаны соншалықты, Алланың елшісі (с.ғ.с) Мәдине қаласынан Меккеге көшуге шешім қабылдайды. Сол кезден бастап хазірет Заһраның (ғ.с) өмірінде жаңа кезең басталады.