Имам Реза (ғ.с)-ның өмір салты (20)
"Имам Реза (ғ.с)-ның өмір салты" атты бағдарламамыздың кезекті бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Бүгін разавилік өмір салтындағы туған-туыстарға сүйіспеншілік таныту мен олармен қатынасты нығайтудың маңызы жайлы сөз қозғаймыз.
Исламда туыстық байланыстар мен отбасылық қатынастарды нығайту мәселесіне қатты көңіл бөлініп, жақын-жуық, туған-туыстарға сүйіспеншілік танытып, олармен жақсы қарым-қатынаста болып, жақындарға қамқорлық жасау илаһи құндылықтардың бірі ретінде уәжіп етілген. Алла Тағала бұл істі өзіне мадақ айтумен тең іс деп атаған. «Ниса» сүресінің 36-аятында осыған байланысты: "Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар. Негізінен Алла, тәкаппар, мақтаншақты жақсы көрмейді",- деп жазылған.
Жақын-туыстарға сүйіспеншілік білдіріп, олармен жақсы қарым-қатынаста болу ғибадат және қарым-қатынас жасаудағы ең көркем әрі ең ізгі діни бағдарламалардың бірі саналады. Оны сақтаудың амалдық қажеттігі діни міндетті орындауға деген ықылас болған жағдайда дінді әлеуметтік құндылықтар мен заңдар тұрғысынан нығайтуға бағытталған негізгі қадам саналады. Барлық нәрсе автоматтандырылған бүгінгі заманда адамдар шаруабастылықтарына байланысты кейде осы көркем бағдарламаны орындау мүмкіндігінен айырылып жатқанымен, бұл ұнамды салттың жеке адамның сенімдік негіздерін нығайту, оның рухани талап-тілектеруін қанағаттандыруы, дамуы мен игі істердің кең тарауында маңызды рөл атқаратынын білген жөн.
Сол себепті әлеуметтік байланыстарды, әсіресе исламның негізгі және стратегиялық тағылымдарды қалыптастырып, оларды нығайтудағы ықпалына байланысты туыстарға сүйіспеншілік танытудың дұрыс қоғамның негізін қалауда діни міндет ретінде атқаратын рөлі аса маңызды саналады. Исламның Ұлық Пайғамбары (с.ғ.с) мен пәк имамдар (ғ.с) – барлығы туыс-туған және жақындармен қарым-қатынас жасап тұру қажеттігін қуаттаған. Кейбір рауаяттарда дінді күшейту мен Құдайға жақындай түсу туыстарға сүйіспеншілік таныту мен жақын әрі жылы қатынас құрудың жемістерінің бірі деп көрсетілген. Алланың елшісі (с.ғ.с): "Мүмін рухани және материалдық тұрғыдан туыстарымен жақсы әрі жақын қарым-қатынастарды сақтайтын болса, Алла Тағала оған жүз шәһидтің сауабын береді",- деп айтқан.
Туыстармен жақсы қарым-қатынас жасау ізгі іс ретінде объективті нәтижелерімен қоса, адамның Құдай берген материалдық және рухани рахымшылықтарын пайдалануға негіз бола алады.
Туысқандық қатынастарды сақтау, өзара міндеттер мен құқықтарды құрметтеу мен осы байланыстарды нығайту үшін жан-жақты талпыныс жасаудың илаһи рақымшылықтарды өзіне тартатыны шәксіз.
Туыстық қатынастардың нәтижелерінің бірі ретіндегі илаһи рақымның пайдасы қияметте немесе есеп күні жақсы-жаман іс-әрекеттер таразыға салынған кезде Құдайдың кешірімі мен рақымына бөлену саналады.
Имам Реза (ғ.с) имам Садық (ғ.с)-тың сөздеріне сілтеме жасап: "Өз туыстарыңмен байланысыңды үзбе. Ең ізгі туыстық қатынас деген оған зиян келтірмеу болып табылады. Туыстық қатынастар өлімді кейінге қалдырып, отбасында достық пен ынтымақтың тууына себеп болады",- деп айтқан.
Хазірет имам Реза (ғ.с) туыстық байланысты намаз оқу мен зекет берумен тең іс санап, баршаны осы істі орындауға шақырып: "Құдіретті Жаратушы үш нәрсені келесі үш іспен қатар жасауды бұйырған: бірінші, намаз оқу мен зекет беру; егер кімде-кім зекет төлемейтін болса, оның намазы есептелмейді; екінші, Аллаға шүкіршілік етумен қатар ата-анаңа алғыс айтып, шүкіршілік етіңдер; ата-анасына шүкіршілік білдірмейтіндер Құдайға шүкіршілік етпеумен тең; үшінші, тақуалық және бір-бірімізбен туыстық қатынастарды сақтау бұйырылды. Туыстық қатынастарды бұзған адам илаһи тақуалықты сақтамағанмен тең саналады",- деген.
Имам Реза (ғ.с)-ның басқа хадистерінде де туыстық қатынастар мен жақын байланыстар мәселесі көтерілген: Хазірет бір жиында былай деген: "Туыстық байланыс пен жақсы көршілестік байлықты арттырады". Сол себепті туыстық қарым-қатынастар адам үшін бағалы әрі құнды пайдаларға ие.
Туыстық қатынастардың ең маңызды нәтижелерінің біріне адамның ғұмырын ұзаруға септігін тигізуі жатады. Имам осы мәселе тұрғысында: "Адамның ғұмырын туыстық қатынастардан артық ұзартатын нәрсені білмеймін. Өлім уақытына дейін үш жыл қалатын болса, туыстық қатынастардың арқасында Құдай оның ғұмырына тағы отыз жыл қосып, өмірді отыз үш жылға созады. Ал өмір сүруіне отыз үш жыл қалған адам егер туыстық қатынастарын үзетін болса, Құдай сол адамның ғұмырынан отыз жылын кемітіп, өмірін үш жылмен тоқтатады",- деген.