Жел 07, 2017 14:54 Asia/Almaty
  • Илаһи жетекшілер (16)

Өткен бағдарламаларда хазірет Фатима Заһраның (ғ.с) теңдессіз тұлғасының кейбір қасиеттерімен таныс болдыңыздар. Бүгінгі хазірет Фатиманың (ғ.с) өміріне арналған соңғы бөлімде исламның ұлы бануының ғибратқа толы әрі рухтандырушы өміріндегі маңызды оқиғаларға тоқталамыз.

Фатима Заһра (ғ.с) – бойында көптеген ізгіліктер мен игі қасиеттер қалыптасқан ислам тарихындағы үлгі тұтарлық әйелдердің бірі. Ол хазіреттің бойындағы ерекше қасиеттердің бірі ретінде оның Ислам пайғамбарының (с.ғ.с) ерекше құрметі мен сүйіспеншілігіне ие болғанын айтуға болады. Осы жайлы мұсылмандардың сенімді дереккөздерінде көптеген рауаят кездеседі. Алла елшісінің Фатимаға деген сүйіспеншілігінің қатты болғаны соншалықты, ол сапарға аттанар кезде қоштасатын ең соңғы адамы және сапардан оралған сәтте кездесетін алғашқы адамы Заһра болған. Осындай көңіл мен құрметтің негізгі сыры Фатема Заһраның иман мен дұрыс амалдың толық көрінісі әрі оны жан-жақты көрсететін айна тәрізді болуына байланысты болған. Мейірімді Құдай Пайғамбардың (с.ғ.с) жүрегі мен рухына, жанына Фатимаға деген сүйіспеншілікті ұялатқан. Құранда айтылғандай: "Иман келтіріп, ізгі әрі лайықты амал жасағандар үшін рақымды Алла Тағала басқалардың жүректерінде оларға деген махаббат пен сүйіспеншілікті ұялатып, оларды басқалар үшін шырайлы әрі жарқын етеді".

Сондай-ақ, Алла Тағала пайғамбарларының ішінен тек Ислам пайғамбарына (с.ғ.с) ғана тікелей және ешбір дәнекерсіз былай деп бұйырды: "(Мұхаммед (с.ғ.с): “Сендерден бұған жақындық махаббаттан басқа ешбір ақы тілемеймін” де" (Шура сүресі, 23 аят). Бұл аятта илаһи бұйрық айтылғандықтан, Заһра оның айқын мысалы болып табылатын Аһле бейтке (ғ.с) деген махаббат баршаға, әсіресе мұсылман үмбеті үшін уәжіп саналады.

"(Мұхаммед (с.ғ.с): “Сендерден бұған жақындық махаббаттан басқа ешбір ақы тілемеймін” де".

Мейірімді Алла бұл әмірдің мақсатын басқа бұйрық арқылы түсіндірді. Алла пайғамбарға (с.ғ.с) қаратып: "Оларға: “Бұған сендерден ақы емес, Раббыларыңның жолын ұстағысы келген кісіні ғана қалаймын” де (Фұрқан сүресі 57-аят)",- деп айтқан. Яғни, пайғамбар (с.ғ.с) әулетіне (Аһле бейт) деген махаббат пен сүйіспеншіліктің соңы илаһи бағытта қадам басу деген сөз. Дәл осы себеппен бір күні Пайғамбар (с.ғ.с) Фатиманың қолын алып: "Танитын және танымайтын адамдар үшін айтамын, бұл –Фатима, Мұхаммадтың қызы, менің бауыр етім, жүрегім мен рухымның бір бөлігі. Кімде-кім оған жәбір көрсететін болса, мені жәбірлегенмен тең. Ал кімде-кім маған жәбір көрсетсе, Құдайды жәбірлеумен тең саналады",- деп айтқан. Тағы бір жерде хазірет Фатимаға қаратып: "Уа, Фатима, Құдай сен риза болғанда, разы болып, сен ашулансаң, ашуланады",- деп айтқан.

Тағы бір айта кететін жайт, пайғамбардың (с.ғ.с) әулеті алдындағы барлық ұстанымдары эмоционалды қатынастардан гөрі сенімге негізделіп,  хазірет әрбір әрекетін илаһи әмір бойынша орындаған. Алла елшісінің (с.ғ.с) Наджрандағы христиандардың діни басшыларын «мобаһелеге» (қарғыс айтуға) шақыруы соған мысал бола алады. Христиандар Пайғамбармен (с.ғ.с) пікірталастан кейін хазірет олардың барлық сұрақтарына жауап бергеніне қарамастан, ақиқатқа көздері жетпейді. Бірақ, өзінің дұрыстығына берік сенген пайғамбар (с.ғ.с) оларға «мобаһеле» жасауды, яғни өзара қарғыс айтуды ұсынады. Шешуші әрі маңызды сәтте Құдай пайғамбарға былай деп бұйырады: «Келіңдер! Балаларымызды, балаларыңды, әйелдерімізді, әйелдеріңді, өздерімізді және өздеріңді шақырып алайық. Сондан кейін «Алланың лағынеті өтірікшілерге болсын!» деп қарғасайық» де». Келісілген күні келісілген мекенде христиандардың бір тобы Ислам пайғамбарының (с.ғ.с) өзімен бірге перзенттерінің ішінен Хасан мен Хосейнді (ғ.с), әйелдердің ішінен Фатиманы (ғ.с), ерлердің ішінен Әлиді (ғ.с) ертіп келгенде қатты таң қалып, қорқып «мобаһеле» болатын алаңнан кетіп қалады. Бұл іс ең алдымен пайғамбардың өз әулеті (ғ.с) мен хазірет Заһраға (ғ.с) деген махаббаты мен сүйіспеншілігінің қайнар бұлағының аспандық және илаһи негізге сүйенгенін дәлелдейді.

Хазірет Заһра (ғ.с) балалық шағынан қысқа өмірінің соңына дейін Пайғамбар (с.ғ.с) мен Әлидің (ғ.с) өмірінің барлық шарықтаулары мен құлдырауларына куә болуына қарамастан, Әли (ғ.с) илаһи әмірмен Пайғамбар (с.ғ.с) тарапынан Ғадир Хом атты мекенде имамат пен велаятқа таңдалған кезде Фатиманың мойнына жаңа әрі ауыр жауапкершілік қосылды. Заһра (ғ.с) сол кезден бастап Әлиді (ғ.с) өз күйеуі ретінде қабылдаудан бөлек, оны имам әрі жетекші деп танып, барлық әлеуметтік, мәдени, саяси, экономикалық және джиһадтық салаларда оны қолдап, хазірет Әли (ғ.с) қадам басқан бағытта қадам басуы тиіс болды.

Хазірет Заһраның (ғ.с) бойында көрегендік пен терең түсінік болғандықтан, көптеген дәлелдерге көзі жетіп отырғандықтан, Әли (ғ.с.) Ғадир Хом мекенінде пайғамбардан кейінгі имам ретінде таныстырылғанына қарамастан, ислам үмбетінің берген келісімдеріне адал болмайтындығы мен Әлиден (ғ.с) теріс айналып, имамат бағыты бұрмаланады деп алаңдады. Өкінішке орай, Заһраның бұл қорқынышы мен алаңдауы ұзаққа созылмады. Хазірет дүниеден өткен кезде Әли (ғ.с), Салман, Меғдад пен Абузар секілді пайғамбардың аз ғана сахабараларынан басқа пайғамбардың көптеген серіктері пайғамбардың өсиеті мен тарихи Ғадир Хом оқиғасын ұмытып, Алла мен пайғамбардың (ғ.с) бұйрығына көзжұмбайлық танытып, Ислам қауымдастығы үшін басқа халиф тағайындауды көздеді.

Бұл жағдайға шыдап, төтеп беру хазірет Заһра (ғ.с) үшін ауыр тигені соншалықты, ол науқастанып, жатып қалды. Бірақ, мойнына ілінген жауапкершіліктен оның жаны тыныштық таппай, қоғамдық пікірге ағартушылық жұмыстарын жүргізу мақсатында Бани Һашем тайпасының бір топ әйелдерімен бірге мешітке келді. Фатима Пайғамбардың (с.ғ.с) жоқтығына көңілі босап, еріксіз көз жасы ағып жатқан күйде сөз бастап:

 "Құдай Мұхаммадты (с.ғ.с) оның әмірін баршаға жеткізіп, үкімін жүзеге асырып, оның мақсатын іске асыру үшін өзінің елшісі ретінде таңдады. Халық күпірлік пен жәһілдіктің отына күйіп жүрген еді. Олар пұттарға табынып, Жаратушының бұйрықтарына көңіл аудармайтын. Мұхаммадтың арқасында қараңғылыққа нұр түсіп, жәһілдік пен надандық жойылды. Көздерді жауып тұрған адасушылықтар мен кателіктердің пердесі жойылды. Менің әкем халыққа жетекшілік ету үшін тұрып, кеуделері соқыр адамдардың көзін ашып, оларды ислам діні мен дұрыс жолға нұсқады. Соңында Құдай пайғамбарының жоғары әрі пәк рухын мейірімділікпен жоғары аспан патшалығына алып кетті. Бұл әлемнің қиындықтарынан босаған менің әкем қазір періштелердің қасында. Рақымды Құдай оны жаннатқа жіберді. Ол қазір Алланың жанында",-деді.

Содан кейін Фатима (ғ.с) мешітте жиналған халыққа: "Уа, халайық! Сендер Құдайдың парызы мен тыйымының өкілісіңдер және дін мен пайғамбарлық ілімдерге иесіңдер. Өздеріңе сенімді болыңдар. Сендер Ислам дінін басқа халықтарға таратуға міндеттісіңдер. Пайғамбардың шынайы халифі Әли сендердің араларыңда. Пайғамбар мұның алдында сендердің Әлиге бағынуларың туралы Құдаймен келісім жасады. Әлидің жолын ұстану адамды жаннаттың есігіне жетедейді. Оның сөздеріне құлақ асу адамның бір бөлігін құтқару дегенді білдіреді. Оның арқасында Жаратушының нұрлы болмысының дәлелдерін ұғынуға болады. Оның арқасында илаһи уәжіптер мен тыйымдарды танып, айқын дәлелдер және логикалық дәлелдердің көмегімен шариғат заңдарымен таныс болуға болады",- деп баса айтты.

Әкеге деген махаббат пен сүйіспеншілікпен қоса пайғамбардың ізбасары ретінде Әлиді (ғ.с) тағайындауға қатысты хазіреттің баса айтқан сөздеріне қарамастан, басына түскен қиындықтар мен ауыртпалықтар хазірет Заһраны (ғ.с) сабыр мен төзімнен айырып, соңында джамади әс-сани айының үші күні, немесе келесі бір рауаятқа сәйкес х.ж.с.б. 11 жылдың раби әс-сани айының он үші күні ислам дініндегі ұлы банудың өмір шырағы сөнді. Бұл оқиға пайғамбар (с.ғ.с) дүние салғаннан небәрі 75 немесе 95 күннен кейін орын алды. Ұлық Пайғамбардың (с.ғ.с) қазасынан кейін оның отбасының (аһле бейт) басына түскен қиындықтардың ауыр болғаны соншалықты, Фатима (ғ.с) өзінің жары Әлиге (ғ.с) былай деп өсиет еткен: "Қымбатты Әли! Мен жан тапсырғанда өзің ғұсыл құйындырып, түнде жерле. Маған зұлымдық көрсеткен адамдардың жерлеу рәсіміме қатысқанын қаламаймын".

Заһра (ғ.с) жастық шағында дүниеден өткеніне қарамастан, өзінің артында өнегелі үлгі қалдырды. Ол үлгілі, Құдайға сенетін, Құдай жолындағы тақуа бану, көреген, жауапкершілігі мол әрі міндетіне берік адам болған. Ол адал жар, мейірімді ана болып, қарапайым өмір сүрген. Хазірет қиыншылықтардың алдында мойымайтын, халыққа жақын, жанын аямай көмектесетін, жоғары ахлақтық қасиеттерге ие, сабырлы адам болған. Ол қатер төнген кезде дұшпанмен күресіп, велаятқа табандылық танытатын. Бір сөзбен айтқанда, оның бойына барлық ізгіліктер мен жоғары ахлақтық, илаһи және адамгершілік қасиеттер жинақталды. Тарихта адамзат қоғамы үшін толық үлгі болған оның пәк әрі қасиетті рухына Алланың шексіз сәлемі болсын!