Иранның танымал тұлғалары (128)
Бұл бағдарламада Орфи Ширази өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктерімен таныстыруды жалғастырамыз.
Орфидің өлеңдері стиль тұрғысынан үнді стиліне жатады. Алайда оны толығымен үнді стиліне жататын ақын деп санауға болмайды. Ол өз ғазалдарын көбінесе ирактық стильдің ықпалында жазып, осы стилдегі мазмұндар мен мән-мағынаны өте көп пайдаланған. Үнді стилі кезеңіндегі қалыпты белгілер оның ғазалдарында көптеп кездеседі. Ол өзіне дейінгілердің мазмұны мен сөздерінен бас тартып, жаңа стиль бастаған ақындардың қатарына жатады. Шындығында "жаңашылдық" ағымы немесе "үнді стилі" деген атпен танылған ағым Орфидің арқасында нығайды. Сефевилер заманындағы озық ақындардың арасында ол осы стильге ресмилік берген сәтті ақындардың бірі саналады. Сол себепті, Орфиді жаңа стильдің бастаушысы деп атауға болады.
Орфидің өлеңдерінде назар аудартқан ең негізгі ерекшеліктердің бірі мықты бәйіттердің әлсіз бәйіттермен араласып, көп келуінде. Әдеби сыншылардың көзқарасы бойынша, оның ғазалдарының көбінен жақсы бәйіттер табылады. Орфидің тілі жалпы жұмсақ, жайлы әрі тартымды. Бұл жұмсақтық оның өлеңдеріндегі қайғылы тақырыптар мен ғазалдың ішкі мән-мағынасының талабына сай:
Жүрегім көрмеген сұлулыққа деген ынтызарлыққа толы.
Шөлмегім төгілмеген шарапқа толы.
Орфи парсы тілінде өзіне дейінгі ақындардың әдеби дәстүрінен ықпал алғанымен, жалпы шынайы түрде көнеге көз тікпеген. Оның тілі көбінесе өз заманындағылардың тіліне ұқсайды. Яғни, оның тілі ирак стилі мен одан кейінгі ақындар тілінің тарихи жалғасында Ахли Ширази мен Баба Фоғани Ширази сияқты ақындардың ықпалында қалыптасқан тіл. Орфидің тілі өзіне дейінгі ақындардың арасынан бәрінен бұрын оның отандасы Баба Фоғанидің ықпалында көбірек болған ұқсайды. Бұл екеуінің қолданған сөздері, сөз саптасы, өлең өлшемі, әуезі, мән-мағынасы тұрғысынан көңіл аударуға тұрарлық ұқсастықтарға ие.
Орфи өлеңдерінің тақырыптарына шолу жасағанда оның ой-санасында ең жиі қайталанатын басты сөздердің жақсылық, ғашықтық, хиджаб, өртену, жарақат, шәһидтік, шарап, тартымдылық, ащылық, қайғы мен үмітсіздік екенін көруге болады. Әдеби сыншылардың көзқарасы тұрғысынан Орфидің өлеңдерінде осы сөздердің жиі кездесуі оның қайғыға толы көңіл күйін білдіреді. Өлеңдері арқылы оның ой-пікірі мен наным-сенімдерін тануға болады.
Парсы тілі мен әдебиетінің ұстазы Сирус Шамиса «Поэзиядағы стильтану» атты кітабында: «Үнді стиліндегі өлеңдер таңқалдырарлық мазмұндар мен қызық байланыстарға ие. Мұндай өлеңдер әдеби көркемдік құралдарды қажет етпейді. Алайда бұл заманда жаңа сөз тіркестерін пайдалану көптеп кездеседі»,-деп жазды.
Үнді стилінің алғашқы буынында орналасып, парсы поэзиясында жаңа ағым тудыруда өте әсерлі болған Орфи Ширази ойының шығандауы пен жаңашылдықта өзін сәтті көрсеткен ақын болған. Орфи х.қ.ж.с.б. 9-10 ғасырларда жаңашылдықты бастаған ақындардың алғы шебінде орналасты. Ол етістік пен зат есімнен метафоралар тудыру арқылы оқырманды таңқалдыруды көздеген. Орфи етістіктердің әдеттегі мағынасынан өтіп, сөздерді алмастыруда және бір-бірінің жанында пайдалануда олардың арасындағыбайланысты табу арқылы жаңа мағына тудырып, әдеби қоғамға жаңа мазмұндарды сыйлады. Дегенмен, ол осындай бастамалар мен тың мазмұндар арқылы сөзді күрделендіруді көздемеген. Сол себепті ол өз сөзін «таныс сөзді қайта ашу» деп атады:
Орфи болмысының себебі дәл осы минутта:
Ол таныс сөздерді қайта ашты.
Махмуд Фотухи «Қиялды сынау» атты кітабында әдеби және стильтану терминдерімен жаңа мазмұндар тудыруды үнді стилінің ерекшеліктерінің бірі санаған. Орфи де бұл терминдерді тың мазмұндар тудыру үшін жақсы пайдаланған. Қысқарту, құпиялап келтіру, астыртын нұсқау және сөйлемнен алып тастау – осының барлығын Орфи сөйлемде атқаратын рөліне қарай пайдаланып, әдемі мазмұндар тудырған.
Үнді стилінде құрама сөздердің жиі кездесуінің өзі стильтанудың бір факторы саналады. Орфидің өлеңдеріндегі «денсаулықтың суықтығы» мен «ғашықтықтың ыстықтығы» сияқты сөз тіркестері осындай түрге жатады. Бұл сөз тіркестері кейде өлеңнің күрделенуіне себеп болғанымен бұлардың жанында заманауиланған фразеологизмдер де бар. Олар қазір де парсының ауызекі тілінде қолданылады. Түйіндерді шешу үшін өткір тырнаққа ие болу, қырағы болу, мұрнынан қан кету, естен тану, жылы демге ие болу (біреудің ісіне риза болғанда айтылады), тамағына өксік тығылу сияқты фразеологизмдер Орфидің өлеңдерінде қолданылып, оның туындыларына шынайылық сыйлаған тұрақты тіркестер болып табылады.
Сирус Шамиса стильтануда талқыланатын тақырыптардың бірін басқалар салған жолмен жырланған өлеңдер деп санайды. Үнді стилінде де көптеген өлеңдер бір-біріне еліктеу арқылы туындаған. Доктор Махмуд Фотухи осы істің себебін баяндап: «Сефевилер заманында үнді стилі кең таралған кезде әдеби байланыстар ауқымды болып, ақындардың мағлұматтары ұқсас келіп, дерек көздерінің шектеулі болуына байланысты басқа кезеңдермен салыстырғанда өлеңдердің мән-мазмұнында ұқсастық көбірек болған. Бұл қайталау немесе әдеби плагиат арқылы жүзеге асырылған. Орфидің өзі көңіл аударған ерекшеліктердің бірі өзіне дейінгі немесе замандас ақындардың өлеңдерін жалғастырып, кепілдендіруі болды. Бұл қабылдау кейде ашық, кейде жасырын түрде беріліп отырған. Орфидің өз ғазалдарында Хафиз, Сағди мен Баба Фоғаниге көбірек еліктегені сияқты оның өлеңдері де оның заманындағы немесе одан кейінгі ақындар тарапынан үлгіге айналды деп болжауға болады»,-деді.
Орфидің Хафиздің өлеңдерінен алған кейбір өлшемдері, ұйқастары мен қайталмалы сөздерімен қоса, көптеген өлеңдерін оқығанда оның екіжүзді тақуа мен сопыларға қатысты кекесін сарыны байқалғанда кенет оқырманның ойына Хафиздің бәйіттері түседі. Хафиз думаншы, сопы, тақуа мен мистиктер жайлы жазған. Орфи өз заманындағы саяси-әлеуметтік ортаға байланысты брахман, абыз, қоңырау, белдік сияқты сөздерге көбірек көңіл бөлген. Орфи де Хафиз сияқты тәубадан қашып, халықтың сөгісін дұрыс қабылдаған.
Ардақты ағайын, осымен Орфи Ширази және оның парсы поэзиясындағы рөлі жайлы бағдарламамызды аяқтаймыз. Келесі аптада Иранның басқа бір танымал тұлғасымен таныстырғанға дейін баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.