Илаһи жетекшілер (17)
"Илаһи жетекшілер" атты бағдарламамыздың топтамасының жалғасында хазірет Әли ибн Абу Талиб пен оның өмір салтымен таныстырамыз.
Бүгінгі және алдағы бірнеше бөлімде мүміндердің әміршісі хазірет Әлидің (ғ.с) шарықтау мен құлдырауға толы рухтандырушы өмірімен таныстырамыз. Бұл ұлы тұлға тарихта барлық салалар бойынша ғажайып әрі ұмытылмас үлгі-өнеге болды. Ол мұсылман үлемдері тарапынан дәріптелуімен қоса, христиан әлемінің Джордж Джордак, Уильям Дюрант және Солейман Катани секілді ұлы тұлғаларды да жігерлендірген. Мысырдың ұлы үлемі әрі ойшылы шейх Мұхаммад Абдуһ өзінің "Наһдж ул-Балағе" еңбегіне жазған түсіндірмеде Әлидің (ғ.с) тұлғасының жан-жақты болмысын сипаттап: "Әли рухы биік, жан-жақты тұлға болды. Ол әділ басшы, түнді ғибадатпен өткізген тақуа адам болған. Ол хазірет ғибадат михрабында көзінен жас ағып жыласа, шайқас майданында жүзінен күлкі кетпеген. Ол – мұғалім, құтпагер, қазы, мүфти, шаруа, әрі талантты жазушы. Ол – адамзат баласының барлық рухани әлемін қамтитын толық кемілдікке жеткен адам",- деп жазған.
Сондықтан, хазірет Әлидің (ғ.с) өміріндегі жарқын жолдарды зерттеп, суреттеу оңай емес, өте ауыр іс саналады. Себебі, хазіреттің қасиеттері біздің шектеулі құралдарымыз, әлеуетіміз бен таяз білімімізден әлдеқайда жоғары. Бірақ, "Егер теңіздің барлық суын іше алмасаң, тым болмаса шөлің қанғанша іш" демекші, шамамыз келгенше сіздерді хазіреттің өмірінің жетістіктерімен таныстыруға талпыныс жасаймыз.
Жалпы, хазірет Әлидің (ғ.с) өмірін үш кезеңге бөліп қарастыруға болады:
1. Дүниеге келген кезден бастап, пайғамбар (с.ғ.с) Меккеден Мәдинеге қоныс аударғанға дейінгі кезең;
2. Мәдинедегі өмірден пайғамбардың (с.ғ.с) дүние салғанынан дейінгі кезең;
3. Исламның ұлық пайғамбарының (с.ғ.с) қазасынан ол хазіреттің Куфенің ғибадат михрабында шәһид болғанына дейінгі кезең.
Тарихтан Әлидің (ғ.с) қадірменді анасы Фатима бинт Асадтың жүктілігінің тоғызыншы айында сүйікті перзентінің дүниеге келерін сезгенде кідірместен Қағбаға қарай беттеп, оны айналып тәуап жасағаны, тәуап жасап, Алланың үйін айналғаннан кейін Құдайға қарай қолын жайып, шын жүрегімен дұға тілеп, оған үмітке толы көзімен қарап, көзінен жасы ағып, Жаратушыдан босануын жеңілдетіп, перзентін баршаға мүбәрак етуін тілегені белгілі. Бір Аллаға табынатын тақуа бану: "Жаратушы ием! Мен сенің жалғыз Жаратушы екендігіңе иман келтіріп, пайғамбарлар арқылы түсірген аспандық кітаптарыңның барлығына сенемін. Пенделеріңе жетекшілік етіп, оларды құтқару үшін пайғамбарлық міндетті жүктеген барлық пайғамбарларыңа иман келтіремін. Жаратушым! Пайғамбарыңның құрметі, жақын періштелерің мен бойыма біткен қадірлі баламның ұлылығымен ант етейін, баламның дүниеге келер сәті келіп жеткенде босануым мен баламның дүниеге келуін жеңілдете гөр" деп жалбарынған.
Осындай рухани кеңістікте сыр мен құпияға толы илаһи оқиға орын алды. Сол жерде болған адамдардың алдында таухидтің ең көне қасиетті мекені Қағбаның қабырғалары ашылып, жүкті әйел өз көзіне өзі сенбей, Алланың үйіне кіреді. Содан кейін Қағбаның қабырғалары бастапқы қалпына келгенде илаһи рақымның арқасында оның перзенті дүние есігін ашады. Бұдан да көбірек таңырқататын нәрсе – осындай ғажайып әрі сырға толы оқиғадан бірнеше ғасыр өткенімен Қағбаның қабырғасының жарылған ізінің әлі күнге дейін қажылыққа келгендердің назарын өзіне аударатындығы. Бүкіләлемдік Конгресс іспеттес өткізілетін қажылық кезінде зияратшылар осы қасиетті мекенде Жаратушымен сырласып, мұң-мұқтаждарын айтып, қажеттерін тілейді.
Бұл ғажайып оқиғадан үш күн өтіп, осы оқиға бүкіл Мекке мен оның айналасындағы мекендерге тарады. Фатима бинт Асад әлі Алланың үйі Қағбада еді. Қағбаның кілтін сақтаушылар есікті ашуға әрекет жасамақ болған кезде кенет Фатима нәрестесін құшағына алған күйде дәл қабырға жарылған жерден сыртқа шықты. Сол жерде жиналған халық таңырқап, өз көздеріне өздері сенбей, таңырқаған күйде бұл оқиғаның сырын оның өз аузынан есту үшін банудың қасына жиналды. Ол халыққа: "Уа, халайық! Ұлы әрі ғазиз Құдай жаратқандарының ішінен мені таңдап, алдыңғы таңдаулы банулардың ішінен маған артықшылық берді",- деді. Сол кезде Абу Талиб жұбайын қарсы алуға келіп, оны қуанышымен құттықтап, сүйікті баласын бауырына басты. Дәл сол кезде мейірім мен азаттық пайғамбары (с.ғ.с) да жолдан жетіп, нәрестені құшағына алып, маңдайынан сүйіп, осындай мүбәрак нәрестенің дүниеге келгені үшін Құдайға сансыз мадақ айтты.
Осылайша, хазірет Әли (ғ.с) ережеп айының он үшіне сәйкес келген жұма күні Абраһе әскері илаһи құдіреттің күшімен ғажайып түрде жеңіліс тапқан "піл жылы" деген атпен тарихта қалған оқиғадан кейін отыз жылдан соң дүние есігін ашып, өзінің нұрлы болмысымен бұл әлемді жарыққа бөледі.
Әли (ғ.с) өмірінің алғашқы жылдарынан бастап, Алла елшісімен (с.ғ.с) бірге болды. Меккедегі құрғақшылық пен жұт салдарынан Абу Талибтің тұрмысы қиындап, ол тапшылықта өмір сүрді. Алланың елшісі (с.ғ.с) Абу Талибке өмірін жеңілдету үшін оның балаларының бір-екеуін өзінің үйіне әкелуді ұсынды. Осылайша илаһи бұйрықпен Әли (ғ.с) пайғамбардың (с.ғ.с) үйіне келіп, өмірінің алғашқы кезеңінен оның тәрбиесі Пайғамбардың (с.ғ.с) мойнына жүктелді.
Серіктестік пен пайғамбардың (с.ғ.с) Әлиді (ғ.с) өмірінің ең маңызды кезеңдерінде тәрбиелеудегі рөлі, Алла елшісінің (с.ғ.с) ол хазіретке мейірім мен шапағат білдіруі мен хазіреттің Әлиді өсіріп, тәрбиелеудегі еңбегінің жемісі жайлы «Наһдж ул-Балағе» кітабындағы ең ұзақ құтпа саналатын "Қасеэ" құтпасында көркем суреттелген: "Сіздер жақын туыстық пен ерекше жағдайым үшін менің Алла елшісіне (с.ғ.с) жақын екенімді білесіздер. Бала кезімде мені етегіне салып тәрбиелеп, кеудесіне қысып, өзінің жанынан орын берді. Оның жағымды иісін сол кезде жақсы сезетінмін. Маған тамақты өзі шайнап беретін. Мен оған ешқашан өтірік айтқан емеспін және жаман қылық көрсетіп немесе қателік жасаған емеспін. Мен әрдайым оның соңынан ілесіп жүрдім. Енесінің соңынан ерген бота секілді хазіреттен қалмай, жанында жүретінмін. Күн сайын пайғамбардың ізгі ахлақтық қасиеттерінен үлгі алып, оның айтқанын бұлжытпай орындайтынмын".
Осындай тәрбие мен үлгі-өнеге мүміндердің әміршісінің рухына ең ізгі әрі тұрақты түрде әсер етіп, теңдессіз аспандық тәрбиешісі мен тәлімгерінің арқасында кемелдікке жету жолындағы барлық қасиеттер мен ерекшеліктерге жеткізіп, бойында жоғары илаһи және адами құндылықтарды қалыптастырып, Құдай мен пайғамбар (с.ғ.с) тарапынан ерекше мейірімге бөленді.
Осындай кезең зымырап өтіп, Пайғамбар (с.ғ.с) Хира тауында Жаратушының періштесі Жебірейілдің түсуімен пайғамбар ретінде таңдалды.
Әли (ғ.с) осы маңызды аспандық оқиға жайында: "Алланың елшісі (с.ғ.с) мен Хадидженің үйінен басқа ешбір үйге ислам келмеген еді. Мен олардың ішіндегі уәһи мен пайғамбардың нұрын көрген үшінші адаммын. Мен пайғамбарлықтың илаһи жұпарын сездім",- деп айтқан (192-құтпа).
Әли (ғ.с) сол шешуші әрі тарихи кезеңде исламды қабылдаған алғашқы адам болды. Ол хазірет бұл жайлы: "Мен пайғамбармен (с.ғ.с) бірге исламды қабылдағаған алғашқы адаммын",- деді (Ибн Абиу әл-Хадид; 258/3). Немесе: "Мен Алланың елшісімен бірге намаз оқыған алғашқы адаммын",- деп айтқан (Естиаб, 458/2). Сондай-ақ, ол: "Халық шерк пен дінсіздік жолында адасып, зұлымдықтың тұтқынында болған кезде мен пайғамбар (с.ғ.с) мен оның аспандық шақыруымен иман келтіріп, оны Алланың елшісі ретінде мойындадым",- деді (Маталиб әс-Саул; 11).
Пайғамбар (с.ғ.с) Әлидің (ғ.с) осы ұлы мақтанышын дәлелдеу үшін былай деген: "Ол – менің пайғамбарлыққа келуіммен және шақыруыммен иман келтірген алғашқы адам. Мені қайта тірілтетін қиямет күні алғаш кездесіп, қол беріп амандасатын алғашқы адам – Әли. Ол – "садиқу акбар", яғни исламға иман келтірген ең ізгі әрі ең ұлы және тек шындықты ғана айтатын адам" (Мостадрак әл-Хаким; 136/3).