Жел 17, 2017 19:18 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (127)

Бұл бағдарламада Орфи Ширазимен таныстыруды жалғастырамыз.

Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, Мұхаммад Джамаледдин – х.қ.ж.с.б. 10 ғасырда (16 ғасыр) өмір сүрген атақты ақындардың бірі. Ол х.қ.ж.с.б. 963 жылы Ширазда дүниеге келген. Орфи туған қаласы Шираздағы ұстаздардан әдебиет, медицина, логика мен хикмет, кескіндеме мен каллиграфияны меңгерген. Ол жастайынан поэзияға бет бұрып, қысқа уақыт ішінде өз заманындағы ақындардың арасында шоқтығы биік тұлғаға айналған. Үндістанға сапар шеккенде 26  жаста болған. Фейзи Даканидің көмегімен Үндістандағы Тимурилер сарайына жол тартып, Үндістан патшасы Акбаршахтың сарайында өте жақсы қолдауға ие болып, үздік ақындардың қатарына қосылған. Орфи х.қ.ж.с.б. 999 жылы 36 жасында қайтыс болды. Алдымен Лахорда жерленіп, 30 жылдан кейін оның сүйегі Наджафқа тасымалданды.

Орфиді Үндістандағы ең маңызды парсы тілді ақындардың бірі санауға болады. Оның туындылары Сефевилер заманындағы үнді стилінде жазған ақындардың ғана емес, одан кейінгілердің арасында да танымал болған. Кейінгі ақындардан Ғалеб Деһлеви мен Иқбал Лахуриді атауға болады. Ғалеб шығармашылығына парсы әдебиетінде басқа ақындардан көбірек Орфи Ширази ықпал еткен. Шын мәнінде оның өлеңдерін Орфидің өлеңдеріне ең жақын туындылардеп санауға болады. Ғалеб Деһлевидің өзі осы ықпалды мойындап, былай деген:  

Орфидің сапасы – Ғалеб болмысының талабы 

Басқалардың  шарабында Шираздың дәмі жоқ. 

Ғалеб пен Орфидің өлеңдерінің ұқсастығын сыртқы  ғана емес, мән-мағына, яғни  жан дүние мен ой-сана тұрғыларынан да байқауға болады.  Ғалеб Деһлевиден басқа Иқбал да Орфиден ықпал алған деп айтуға болады.  Орфи Ширазидің тұлғасына Иқбалдың ой-санасына әсер еткен нәрсе оның дәруіштік қатынасы мен биік талпыныстары болды. Иқбалдың Орфи рухының осы қасиетіне қатты қызыққаны соншалықты, оны бұл салада Хафиздан артық санаған.  

Парсы тілі мен әдебиетінің  ұстазы доктор Махмұд Фотухи "Қиялды сынау" атты кітабында үнді стиліндегі дүниетанымға сараптама жасап: "Кейбір зерттеушілер үнді стилінен ұжымдық фактордың немесе терең тәжірибенің өнімі боларлықтай жаңа дүниетаным табылмайды деп санайды. Ой-пікір саласындағы келесі зерттеушілердің айтуынша, бұл стильдегі өлеңдерінде шектеулі әрі шағын әлеммен кездесеміз. Ол бір бәйттің көлеміне сыйып кетеді. Бұл замандағы ақын – трагедиялық тұлға. Ол қабілет пен қауқарсыздықтың арасында қалықтап, үміт пен үмітсіздіктің арасында сенделіп жүр. Өзін мақтан тұта отырып, шарасыздық та білдіреді",-деген. 

Бұл көзқарас Орфи Ширазиге де белгілі бір деңгейде қатысты. Орфи дүниетанымының негізгі ерекшеліктерін бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Орфидің әлемге көзқарасы – жартылай мистикалық түсінік. Бұл көзқарас Орфидің әрбір өлеңінен көрініс тапқан.  Осы мистикалық дүниетанымға байланысты Орфидің өлеңдерінде ғашықтық, рақымшылық, намаз, дұға, жүрек, тіпті қасиетті рух пен періште деген сөздер жиі қолданылады. Бұл дүниетаным оның өлеңдер жинағындағы ғазалдардың бірінші бәйттерінен көрініс тапқан: 

Егер шешендік өнер дастарханында менің жаныма азық болар нәрсең болса,  

Менің тіліме өзіңді мадақтайтын тәтті сөздер бер. 

Орфи Ширази дәруіштік болмысқа ие. Дәруіштік болмыстың ерекшеліктерінің бірі дәстүрлі әрі шариғатпен белгіленген үкіметтер мен әдет-ғұрыптарға көңіл аудармау болып табылады. Доктор Зияеддин Саджадидің сенімінше, "Орфидің заманында Үндістанда дәруіштер мен «маламатиандардың» («маламат»-«жазғыру – сопылық тариқаттардың бірі) базары қызып тұрған еді. Шын мәнінде бұл ағымның пайда болған жерін Үндістаннан іздестіру керек. Жазғырылу, кедейшілік, бойдақтық пен аскеттік осы топтың ерекшеліктерінің қатарын құраған. Олар халықтың оларды жазғыруы мен кінәлауын жақсы санаған. Екіжүзділікке ұрынбау үшін өздерінің жақсылықтарын, ізет-құрметі мен ғибадаттарын көрсетпеген. Орфи дәруіштік және шеттетілгендер ағымын  ашық түрде ұстанған. Мұны өзінің бәйіттерінде көп мойындаған".  

Орфи заманындағы саяси-әлеуметтік жағдай мен Дели сарайында орнаған кеңістікке назар аудару керек. Шариғатқа салғырт қарау – сол замандағы саяси жағдайдың салдарларының бірі. Ол Акбаршахтың заманында өмір сүрген. Акбаршах исламның әдет-ғұрыптарын орындауға кедергі келтіру арақылы басқа діндерге жол ашуға талпынған адам болған. Сол себепті «илаһи дін» деп аталатын жаңа дінді бастауға дейін барды. Ол бұл дін үшін жарғы дайындаған. Оған кіретін адамдар осы жарғыны қабылдауға міндетті болған.  

Орфидің бірнеше қасидасында Акбаршахты мадақтағаны рас. Бірақ, бұл Акбаршахтың ойы мен сенімін қабылдау деген сөз емес. Орфиден қалған өлеңдерге назар аударғанда оның ислам дініне берік болғаны айқындалады. Орфидің ой-пікіріндегі негізгі ерекшеліктердің біріне оның іштей шиіт мазхабына жақтасуы жатады. Ол діни үкімдер мен заңдарды аса ұстанбаған болар, бірақ мұнымен бір мезгілде сопылыққа ұқсас ішкі ұмтылысы мықты болған. Ол мұсылман, мазхаб бойынша шиіт болған. Оның ислам пайғамбары әулетін мадақтау үшін шығарған өлеңдерінің өзі сөзімізге айқын дәлел. Орфидің ең жарқын өлеңдерінің бірі – мүміндердің әмірі Әлиді мадақтауға арналған «Шабыттың аудармасы» деп аталатын қасида. Ол 224 бәйіттен тұрады. Бұл қасида көркем тілдің шеберлігі мен бастамашылдық тұрғысынан, сонымен қатар таным мен мағына тұрғысынан парсы әдебиеті тарихындағы ең жарқын қасидалардың бірі саналады. Онда көрнекті бәйіттер өте көп. Бұл Орфидің хазірет Әлиді (ғ.с.) қатты қадірлегенін көрсетеді:

Кірпігіммен жер қазып, көрден Наджафқа дейін барамын,

Егер мені Үндістанда немесе Татарда жерлесе де.

Орфидің ғазалдарына шолу жасағанда қам-қайғы, үмітсіздік, торығу мен сәтсіздік туралы ойларды басқа тақырыптардан көбірек көруге болады. Үнді стиліндегі ақындардың барлығының дерлік өлеңдері үмітсіздікке толы. Осы тұрғыдан олардың Еуропадағы романтизм өкілдерінің өлеңдеріне ұқсастықтары көп. Романтизм өкілдерінің өлеңдері де сәтсіздік, азапқа салыну мен жеңіліске толы. Мұндай ұқсастықтың себебі әлемдегі ақындардың осы екі тобының өмірлерімен байланысты. Олардың екеуі де орталықтанған сауда қоғамының қалаларда отырықшылыққа көшуінің бастапқы кезеңінің алғашқы өнімдері болып, индивидуалдық ұмтылысқа ие болған. Орфи Ширазидің өлеңдер жинағының алғашқы  ғазалынан-ақ қам-қайғының белгілері айқын көрінеді. Ақын өзіне наразы. Өзін қымбат санайды. Сол себепті өзінің зиянының себебін құнының қымбаттығы санайды.

Орфидің ғазалдарында бар қайғының маңызды бөлігі – ғашықтық қайғысы. Оның сенімінше, мейірбандық пен адалдықтың орны қайғыға толы жүректе. Қайғы сөзінің қолданылу жиілігі мен осы сөзді пайдаланып жасалған сөздер Орфидің ғазалдарында көптеп кездеседі. Бұл қайғының шеті мен шегі жоқ сияқты.  Оның қайғыға үйреніп кеткені соншалықты, өзі қамалған қапасқа риза. Оны мадақтап, тікенді бұтаны гүлден жақсырақ деп есептейді:

Гүл өсіп, гүлстан мен гүлзарға күлімдейді.

Эрам бағында біздің қапастың ауасы жоқ.

Орфи оқыған адам болуымен қатар, зерттеудің негізі рационалды ғылымдар болған ортада өмір сүріп, өлең жазған. Ол кезде еркін ойлауға тыйым салынбаған, керісінше әдеттегі іс саналып, кең таралған. Сол замандағы ақындардың өлеңдері философиялық рухқа толы. Шебли Нематидің айтуынша, Орфи бәрінен бұрын философиялық тақырыптарға қалам тартқан. Орфи философияға қызыққан, бірақ онымен бәрін түсіндіруге болатынын теріске шығарған. Орфидің ойынша, философиялық ойлардың түп-тамыры қарапайым халықтың мәдениеті мен мақал-мәтелдерінде келтірілген:

Хакімдер мен надандарды кім сынайды,

Хикмет кітаптарында жазғылған нәрселер мақал-мәтелдерде келтірілген.

Орфидің пікірінше, философия ақылды қанағаттандыруы мүмкін, алайда жанды риза етіп, қуанта алмайды.