«Лұқман» сүресі, 732-ші бөлім, 12-13 аяттар
«Лұқман» сүресінің 12-13 аяттары:
«Лұқман» сүресінің 12 аяты:
«وَلَقَدْ آتَیْنَا لُقْمَانَ الْحِکْمَةَ أَنِ اشْکُرْ لِلَّـهِ وَمَن یَشْکُرْ فَإِنَّمَا یَشْکُرُ لِنَفْسِهِ وَمَن کَفَرَ فَإِنَّ اللَّـهَ غَنِیٌّ حَمِیدٌ»
(Рас, Лұқманға шүкірлік етуі үшін даналық бердік. Кім шүкір етсе, өзі үшін шүкір етеді. Ал кім шүкіршілік етпесе, сонда да Алла мұңсыз, мақтауға лайық (12).
Осы және осыдан кейінгі бірнеше аят Лұқман мен оның перзентіне айтқан насихаттары туралы. Құран аяттары мен бізге жеткен рауаяттар бойынша Лұқман пайғамбар болмаған. Бірақ, тақуа әрі Құдай оған хикмет үйреткен хәкім болған. Хикмет – Алланың мағрифаты арқылы қол жететін, әсері адамның сөзі мен ісінен көрінетін сұңғылалық пен көрегендік. Тілді сақтап, тәбет мен шәһуатты бақылап, аманатқа беріктік танытып, мойынсұну, бос, тыйым салынған істерден бойды аулақ салу адамның бойында хикметтің пайда болуына негіз дайындайтын істердің қатарын құрайды. Хәкім дәрежесіне жету тек Лұқманға ғана тән емес. Рауаяттарға сәйкес, өзінің сөзі мен ісінде риясыз, шынайы кез келген мүмінге Құдай осындай нығметті сыйлайды.
Лұқманның ақыл-кеңестері Құдай оны Құранда тікелей айта алатын мәселелер болғанымен, оның Лұқманның аузынан перзентіне айтылуы біз үшін хикметтің шынайы мағынасы анықталып, һәм хәкімдердің басқаларға жетекшілік етіп, уағыз айту міндетімен байланысты.
Лұқманның перзентіне айтқаны екі іспен анықталады: бірі, отбасылық және қоғамдық байланыстарда дұрыс сөйлеп, дұрыс қатынас жасаудың, екіншісі, өмірде Құдайдың бұйрықтарын орындаудың қажеттігі. Хикметтің мағынасы – осы. Нағыз хәкім осы екі ерекшелікке ие және басқаларды да соған шақыратын адам болуы керек.
Осындай дәрежеге жетіп, осындай үлкен нығметке қол жеткізу шексіз алғыс пен шүкір айтуды қажет етеді. Нағыз алғыс әрбір нығметті өз орнында қолдану дегенді білдіреді. Оның пайдасы адамға қайтып оралып, оның дамуы мен кемелдікке жетуіне себеп болады. Нығметті орынсыз пайдалану, тіпті адам егер тілімен Құдайға алғыс айтса да күпіршілік саналады. Себебі, күпіршілік болған кезде тілмен алғыс айтудың пайдасы болмайды, керісінше, зиянға себеп болады. Оның зияны Құдайға емес, адамның өзіне тиеді.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Қарапайым адамдар да ғылыми жоғары дәрежелерге ие болмағандарымен, тақуалық, түзу ғамал мен пәктік арқылы Алланың мейірімі мен рақымына бөленіп, хикметке жете алады.
2.Адамның іс-әрекеттерінің пайдасы мен зияны адамның өзіне қайтып оралады. Сонымен қатар Құдайдың нығметтеріне шүкіршілік пен күпіршіліктің әсері мен салдарлары Құдайға емес, адамның өзіне қайтады
«Лұқман» сүресінің 13 аяты:
«وَإِذْ قَالَ لُقْمَانُ لِابْنِهِ وَهُوَ یَعِظُهُ یَا بُنَیَّ لَا تُشْرِکْ بِاللَّـهِ إِنَّ الشِّرْکَ لَظُلْمٌ عَظِیمٌ»
Сол уақытта Лұқман өз ұлына үгіт бере отырып: "Әй, ұлым! Аллаға серік қоспа! Күдіксіз, ортақ қосу зор – зұлымдық" деді. (13)
Лұқман перзентіне берген алғашқы кеңесте оған ақидадағы шерк болсын, іс-әрекеттегі шерк болсын шерктен алыс бол деді. Адамзат тарихында әртүрлі қауымдардың арасында пұтқа табынушылық, күн мен айға, жұлдыздарға, тіпті жануарларға табынушылық кең тарады. Көп адамдар жәһілдік пен хабарсыздықтың салдарынан сол жансыз заттарды немесе жандыларды өздерінің өмірлерінде ықпалы бар деп ойлайды. Сол себепті оларды әлем мен адамдардың істерін басқаруда Құдай санап, соларға ғибадат етіп, табынады.
Бір Құдайға сенетін мүміндердің көбі де Құдайдың алдында сәждеге жығылғандарымен, іс жүзінде мүшіріктер. Олар байлық пен биліктің құлдары. Олар өздерінің талап-ьілектері мен қалауларына жету үшін кез келген қылмысқа әзір.
Шерктің апаттары мен зардаптарын білетін Лұқман өзінің ақлақтық мазмұндағы уағыздарын бастамас бұрын перзентін Құдайға қатысты кез келген шерктен тыйып, оны Алдымен адамның өзіне, кейін Алланың елшілері мен Құдайдың дініне зардап келтіретін үлкен зұлымдық деп атады.
Осы аят жанама түрде ата-ананың перзенттерін тәрбиелеу мен оларға дұрыс ақиданы үйретудегі міндетін баяндайды. Алайда баяндау тәсілі де маңызды. Ақыл-кеңес беру тәсілі бұйрыратын, әмірлі екпінге қарағанда әсерлі әрі перзенттер де оны жақсы қабылдайды. Әсіресе, «перзентім», «ұлым» немесе «жан балам» деген сынды жақсы көретінін білдіретін сөздерді қолданған абзал.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Адамдардың барлығы ақыл-кеңесті қажет етеді. Аяттар мен рауаяттарға сәйкес, кейде имам Әли серіктеріне: «Маған ақыл-кеңес беріңдер. Себебі, білгенге қарағанда естуде әсер бар» деген.
2.Перзент тәрбиелеудің тәсілдерін ұлылар мен хәкімдерден үйренейік. Сонда осы жолда азырақ қателікке ұрынамыз.
3.Перзенттерімізден қапыл қалудан абай болайық. Перзент ата-ананың ақыл-кеңесі мен насихатын қажет етеді. Перзент тәрбиелеудің ең жақсы жолдарының бірі оны сыйлап, мейіріммен қатынас жасап, онымен риясыз сөйлесуде.