Қаң 02, 2018 14:51 Asia/Almaty

«Лұқман» сүресінің 25-26-27-28 аяттарының тәпсірі

Мейірімді де рақымды Алланың атымен!

«Лұқман» сүресінің 25-26 аяттары:

«وَلَئِن سَأَلْتَهُم مَّنْ خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ لَیَقُولُنَّ اللَّـهُ  قُلِ الْحَمْدُ لِلَّـهِ  بَلْ أَکْثَرُهُمْ لَا یَعْلَمُونَ»، «لِلَّـهِ مَا فِی السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ إِنَّ اللَّـهَ هُوَ الْغَنِیُّ الْحَمِیدُ»

Егер олардан: "Көктер мен жерді жаратқан кім?",-деп, сұрасаң, әлбетте: "Алла" дейді. "Барлық мақтау Аллаға тән" де. Әрине, олардың көбі түсінбейді. (25) Көктер мен жерде болған нәрселер Алланікі. Рас, Алла бай, мақтауға лайық. (26).

Бұл аяттар барлық адамдар, соның ішінде мүшіріктер де қабылдайтын айқын істердің біріне сілтеме жасап: «Егер олардан әлемді кім жаратты деп сұрасаң, еш ойланбастан: «Құдай!» деп жауап береді. Себебі, адамдардың барлығы табиғи  түрде әлем, басқа жаратылыс иелері мен айналаларындағы құбылыстарды айтпағанда, өздерінің өздіктерінен жаратылмағанын түсінеді.  Тіпті, пұтқа табынушы мүшіріктер де пұттардың олар мен әлемнің жаратушысы емес екендігін, бірақ, Құдайдың әлемнің істерін басқарудағы шерктері екендігін мойындайды» дейді.

Аяттардың жалғасы мүшіріктердің осы мойындаулары негізінде: «Егер Құдай әлемнің жаратушысы болса, барлық жаратылыс иелерінің иесі мен Пәруәрдігері және барлық жаратылыстың басқарушысы да ол. Алғыс пен мадақ, ғибадат пен табыну адамдар мен басқа заттарға емес, тек оған ғана тән» дейді.

Осы аяттан үйренетініміз:

 1.Мүшіріктер Құдайдың жаратушылығын теріске шығармаған. Бірақ, олардың бұрмалаушылықтарының тамыры пұттарға табынып, солардан шапағат тілеуде.

2.Құдайтану – болмыстық іс. Тіпті, мүшіріктер де Құдайдың жаратушылығын қабылдайды.

3.Бұрмалаушылықтардың көбі жәһілдік пен хабарсыздықтан басталады. Пайғамбарлар мен илаһи әулиелердің қозғалыстары мен көтерілістері халықты хабардар етіп, бұрмалаушылық пен адасушылыққа тосқауыл қою мақсатында жасалды.

«Лұқман» сүресінің 27 аяты:

«وَلَوْ أَنَّمَا فِی الْأَرْضِ مِن شَجَرَةٍ أَقْلَامٌ وَالْبَحْرُ یَمُدُّهُ مِن بَعْدِهِ سَبْعَةُ أَبْحُرٍ مَّا نَفِدَتْ کَلِمَاتُ اللَّـهِ  إِنَّ اللَّـهَ عَزِیزٌ حَکِیمٌ»

Рас, егер жер жүзіндегі ағаш атаулы қалам, теңіз (сия болып), одан кейін оған тағы жеті теңіз көмектесіп, (жазса да) Алланың сөздері таусылмайды. Күдіксіз, Алла, өте ғазиз әрі хикмет иесі. (27).

Бұл аят жаратылыстың ұлылығы мен ондағы жаратылыс иелеріне сілтеме жасап: «Адамның жаратылыс жайлы білімі шектеулі. Өйткені, егер теңіздер сияға айналып, ағаштар қаламға айналса да, Құдайдың жаратылыстарын санай алмайды» дейді.

Адамзат әлемінде сөздер мәселелерді баяндайды. Бірақ, бұл аятта илаһи сөздер дегеннің мағынасы осы жаратылыстағы жаратылыс иелерінің алуандығына қатысты. Олардың барлығы Жаратушының шексіз ғылымы мен құдіретінің көрсеткіші. Әдетте данышпандар өздерінің білімдерін баяндап, мақалаларын жазу үшін қалам мен қағазды пайдаланады. Алайда, Құдайдың ғылымының шегі мен шекарасы жоқ. Барлық ағаш қаламға, барлық теңіз сияға айналса да жаратылыс кітабындағы Құдайдың ғылымын жазатын әлеуетке ие емес. Олар Құдайдың жаратылыстарын, илаһи мейірімдер мен Пәруәрдігердің шексіз нығметтерін санай алмайды.

Осы аяттан үйренетініміз:

1. Жаратылыс адамның осы уақытқа дейін түсінгенінен өте ұлы. Әлемге өзіміздің өте шектеулі, әрі тар көзқарасымыз тұрғысынан қарамайық. Себебі, мұндай жағдайда қарабайырлыққа душар болғанымыз.

2.Жаратылыстың барлық құбылысы бір әлемнің жалғыз Жаратушысына куәлік етеді. Қолдан жасалған, ойдан шығарылған құдайларды іздеуден аулақ болайық. Ғылым мен ғиззат және хикмет тек әлемнің жалғыз Пәруәрдігеріне ғана тән.

«Лұқман» сүресінің 28 аяты:

ما خَلْقُكُمْ وَ لا بَعْثُكُمْ إِلاَّ كَنَفْسٍ واحِدَةٍ إِنَّ اللَّهَ سَميعٌ بَصيرٌ

Сендердің жаратылуларың да, тірілтілулерің де бір-ақ кісідей ғана. Расында Алла, аса естуші, тым көруші. (28)

Жаратылыстың ұлылығы мен Пәруәрдігердің жаратылыстарын баяндаған алдыңғы аяттың жалғасында бұл аят Құдайдың шексіз құдіретіне тоқталып: «Оның құдіретінің жанында бір адамды жарату тарих бойындағы барлық адамдарды жаратумен бірдей. Оның шексіз құдіретінің алдында қиындық, оңайлық немесе кемдік пен көптік дегендер мағынасыз» дейді.

Осы әлемде адамдарды жарату ғана емес, сонымен қатар оларды қияметте қайта тірілту де құдіретті Құдай үшін оңай іс.

Құдайдың адамзат тарихындағы өлген адамдардың барлығын бір демде қияметте тірілтетіндігі ол үшін оңай іс. Ғылым мен біздің шектеулі күшіміз тұрғысынан үлкен сан қиындық тудырады. Алайда, Құдай үшін санның аздығы немесе көптігінің айырмашылығы жоқ. Ол үшін барлық нәрсе оңай.

Аяттың жалғасында: «Ол адамдарды қайта тірілтуде ғана емес, сонымен қатар естуші әрі көруші болғандықтан, құлдарының барлық істерінен хабардар. Соның негізінде құлдарының жазасы мен сыйын береді» дейді.

Осы аяттан үйренетініміз:

  1. Уақыт пен мекен және сан адам үшін мағынаға ие. Бірақ, илаһи ғылым мен құдіретте жаратылыстың санының, уақыт пен мекеннің әсері жоқ. Мәселен, ол үшін бір адам мен бір млрд адам жаратудың арасында айырмашылық жоқ. Ол үшін барлық нәрсе оңай.
  2. Егер Құдай біздің барлық сөзімізді естіп, барлық ісімізді көрсетін болса, істеріміз бен қатынасымызға көбірек мән беріп, бұрмалаушылыққа душар болмайық.