«Сәжде» сүресі, 740-шы бөлім, 10-14 аяттар
«Сәжде» сүресінің 10-11-12-13-14 аяттары:
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
«Сәжде» сүресінің 10-11 аяттары:
«وَقَالُوا أَإِذَا ضَلَلْنَا فِی الْأَرْضِ أَإِنَّا لَفِی خَلْقٍ جَدِیدٍ بَلْ هُم بِلِقَاءِ رَبِّهِمْ کَافِرُونَ»، «قُلْ یَتَوَفَّاکُم مَّلَکُ الْمَوْتِ الَّذِی وُکِّلَ بِکُمْ ثُمَّ إِلَى رَبِّکُمْ تُرْجَعُونَ»
Олар: "Қашан топыраққа араласып, жоғалсақ, шын-ақ жаңа жаратыламыз ба?",-дейді. Әрине, олар Раббыларына қауышуға қарсы келгендер. (10) (Мұхаммед Ғ.С.): "Сендерге уәкіл етілген өлім періштесі жандарыңды алады. Сосын Раббыларыңа қайтасыңдар" де (11).
Алдыңғы бағдарламада адамның жаратылысының жай-жапсары баяндалды. Бұл аяттар адамның өліміне сілтеме жасап; «Қияметті теріске шығарушылар былай дейді: «Адам өліп, жерленген кезде денесінің бүкіл мүшесі шіріп кетеді. Яғни, қияметке шақырылып, қайтадан тірілетіндей одан ештеңе қалмайды» дейді.
Құдай оларға жауап беріп: «Жерленіп, басқа денеге айналатын адамның тек тәні ғана. Бірақ, тіршілік кезінде берілетін адамның рухын адам өлген кезде періштелер қайтып алады. Сол рух қияметте денеге қайта салынады. Осылайша, қайтадан тірілтілген адам қияметке шақырылады» дейді.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1. Қиямет – физикалық тұрғыдан болатын іс. Шын мәнінде, мүшіріктер күдік-күмән келтіріп, теріске шығаратын іс физикалық тұрғыдан орын алады.
2. Адамның ақиқаты – денесі емес, рухы. Сол себепті, қолы немесе аяғы мен көзі сияқты денесінің кейбір бөлімдерінің жойылуымен адам өзінің ақиқатының бір бөлігі жойылды немесе оның болмысына нұқсан келді деп сезінбейді.
«Сәжде» сүресінің 12 аяты:
«وَلَوْ تَرَى إِذِ الْمُجْرِمُونَ نَاکِسُو رُءُوسِهِمْ عِندَ رَبِّهِمْ رَبَّنَا أَبْصَرْنَا وَسَمِعْنَا فَارْجِعْنَا نَعْمَلْ صَالِحًا إِنَّا مُوقِنُونَ»
Күнәһарлардың Раббыларының жанында бастарын иіп: "Раббымыз! Көрдік, естідік, енді бізді (дүниеге) қайтар, түзу іс қылайық. Рас нандық" дегендерін бір көрсең! (12)
Алдыңғы аяттар мүшіріктердің қияметті теріске шығаратыны туралы баяндады. Осы аят пайғамбар мен мүміндерге: «Сол мүшіріктердің қияметте бастарын төмен түсіріп, осы дүниеге қайтаруды сұрайтынын көргендеріңде ғой. Алайда олардың тілектері қабылданбайды. Олар жұмақ пен тозақты көріп, тозақтықтардың мұң-наласын естіп: «Уа, Құдай! Енді қияметті теріске шығармаймыз. Себебі, оны көзімізбен көріп, сендік» дейді. Бірақ олардың бұл мойындауы кеш әрі олар үшін пайдасы болмайды.
Бұл дүниеде пайғамбарлардың сөзін естімедіңдер ме? Олардың мұғжизаларын көрмедіңдер ме? Неліктен оның барлығына көзжұмбайлық танытып, естімеген сыңай танытып, мән бермедіңдер? Олардың сөздері рас деп ойламадыңдар ма? Олардың сөздерін теріске шығару үшін дәлел-дәйек, қисындарың болды ма? Немесе өздеріңнің нәпсілік-шәһуаттық тілектеріңе жету үшін және барлық жағынан өздеріңді еркін сезініп, жақсы өмір сүру үшін оларды теріске шығардыңдар ма?» деп сұрайды.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Қиямет – қырсықтар мен күнәһаралар және осы дүниеде мүміндерді кемсітіп, қорлағандар өкінетін күн.
2. Мүміндер – көреген. Олар осы дүниеде қияметке, пейіш пен тозаққа сенеді. Бірақ, кәпірлердің көздері мен құлақтары қияметте ашылып, сенімге ие болады. Себебі, қиямет – ақиқаттарды түсініп, көз бен құлақ ашылатын күн.
3. Қияметте іске жарап, құтқарылуға себеп болатын нәрсе – ізгі іс пен түзу ғамал.
«Сәжде» сүресінің 13-14 аяттары:
«وَلَوْ شِئْنَا لَآتَیْنَا کُلَّ نَفْسٍ هُدَاهَا وَلَـکِنْ حَقَّ الْقَوْلُ مِنِّی لَأَمْلَأَنَّ جَهَنَّمَ مِنَ الْجِنَّةِ وَالنَّاسِ أَجْمَعِینَ»، «فَذُوقُوا بِمَا نَسِیتُمْ لِقَاءَ یَوْمِکُمْ هَـذَا إِنَّا نَسِینَاکُمْ وَذُوقُوا عَذَابَ الْخُلْدِ بِمَا کُنتُمْ تَعْمَلُونَ»
Егер қаласақ еді, әркімді тура жолға салар едік. Бірақ Менен: "Тозақты бүтіндей жындар, адамдармен толтырамын" деген сөз болған. (Бұлар, шайтандармен оларға ерген адамдар. 38-С. 84-85-А.) (13) "Бүгінге кездесуді ұмытудың демін татыңдар. Рас біз де сендерді ұмыттық. Істегендеріңнің салдарынан мәңгі азапты татыңдар" (14)
Бұл аяттар жетекшіліктің ықтиярлы ерекшелігін қуаттап: «Құдай пайғамбарлар мен аспандық кітаптар, ақыл мен болмысты қамтитын жетекшіліктің құралын адамдардың барлығы үшін әзірледі. Бірақ, адамдар жетекшілікті қабылдау, қабылдамауда ерікті. Құдай және оның елшілері адамдарды иман келтіруге мәжбүрлемейді. Бірақ, илаһи жетекшілікті қабылдамайтын адамның адасып, теріс жолға аяқ басатыны, соңында тозаққа түсетіні белгілі.
Сол себепті әмбиелер сабақты толық түрде оқушыға беретін, бірақ ешкімді сабақ оқуға мәжбүрлемейтін мұғалімдер сияқты. Жалқау оқушылар жылдың соңында сынақ тапсыра алмай, осы дүниеде көптеген артықшылықтардан кенде қалады.
Кейбір адамдар «Рақымды Құдай өзінің пенделерін тозақтың отында қалай күйдіруі мүмкін?» деп сұрайды. Осы аяттар олардың бос, жалған ойларын қабылдамай: «Құдайдың рақымы пенде өзін илаһи рақымды алудан мақұрым еткенге дейін беріледі. Алланың рақымы күнәһар пенде ісіне өкініп, тәубеге келгенге дейін түседі. Себебі, Құдай өте кешірімді әрі мейірімді. Бірақ, күнә мен зұлымдық және бейбастақтық жасаудан бас тартпайтын әрі тәубеге келіп, түзелуді ойламайтын күнәһар адам кешіріліп, азаптан құтылуы үшін рақымның түсуіне негіз қалдырмайды.
Мұндай адамдар қорқынышты құздың ернеуінде тұрған, адамдардың оған «Бұл жер – құз. Сол себепті қауіпті» деп айтқан сөзіне құлақ аспай, өзінің бұрыс жолын жалғастырып, аңғардың шұңқырына құлайтын адам секілді.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Илаһи жетекшілікті қабылдау мәжбүрлі емес, ерікті іс. Себебі, мәжбүрлі иманның құны жоқ.
2.Илаһи кең рақым Құдайдың күнәһарлар мен зұлымдарға қаһарын төгуіне кедергі емес.
2. Пендесі Құдай оны ұмытуын қаламаса, Құдай ешуақытта пендесін ұмытпайды.
3. Қияметті ұмыту – күнәлардың бастауы, күнәһарлық іс. Ол адамның қатты жазаға ұшырауына себеп болады.