Қаң 14, 2018 10:39 Asia/Almaty
  • Илаһи жетекшілер (20)

Топтамамыздың өткен бірнеше бөлімінде хазірет Әлидің (ғ.с) өміріндегі шарықтауға толы кезеңдеріне тоқталып, ол хазіреттің ислам дінін таратуда атқарған айрықша рөлі мен шерк, күпірлік пен екіжүзділік көріністеріне қарсы аңызға айналған күрестерін баяндадық. Бүгінгі бөлімде осы тақырыпты одан әрі жалғастырамыз.

Меккеден Мединеге көшкен үшінші жыл болған. Мұсылмандардың жеті жыл қатарынан дұшпандардың қастықтары мен жоспарларына қарсы тұрып, исламның орталығы әрі берік қамалы Мединені қорғай алатындығы ешкімнің ойына кіріп шықпады. «Хандақ»-«Ахзаб» шайқасынан кейін Хайбар қамалында мекен ететін яхудилер жаңа әрекеттерге кірісті. Исламның ұлық пайғамбары (с.ғ.с) мұсылмандарға қарсы жаңа шабуыл мен соғыстың алдын алу үшін өзінің қарулы күштеріне Мединеден Хайбар бекінісіне қарай баруға бұйрық береді. Яхудилер одан хабардар болып, шайқасу үшін сап түзеп, 20 күн бойы мұсылман күштеріне қарсы табандылық көрсетті. Сол аралықта мұсылман әскері басшыларының ішінен бірнеше адам Хайбар бекінісіне қарай шабуыл жасағанымен бекіністі ала алмады. Мұсылман әскерінің рухы әлсіреу ықтималдығын болжаған Пайғамбар (с.ғ.с): "Ертең күрес туын Құдай мен пайғамбарды сүйетін, Құдай мен пайғамбар оны сүйетін адамның қолына ұстатамын",- дейді.

Ертеңінде таңертең барлығы исламның туын қолына кімнің алатынын тағатсыздана күтіп отырғанда, пайғамбар (с.ғ.с) бір адамды Әлиге (ғ.с.) жібереді. Көзі қатты ауырып тұрған Әли (ғ.с) пайғамбардың жанына келіп: "Уа, Алланың елшісі. Мен қазір жазық жерді де, тауды да көріп тұрған жоқпын",-дейді. Сонда пайғамбар (с.ғ.с) қасиетті қолымен Әлидің көзін үстінен сипап, оның дертін жазады. Содан кейін Әлиге туды ұсынады. Әли көп кідірместен бір топ жауынгерлермен бірге Хайбар бекінісіне қарай жол тартады. Қамалға жақындаған кезде яхудилік жауынгерлер Әли мен оның жолдастарына қарсы сап түзейді. Олардың ішінен Харис атты батыр бірінші болып шабуылды бастайды. Оның қатты айқай салғаны соншалықты, Әлидің серіктері қорқып, артқа шегінеді. Харис осындай айбатымен Әлиге жақын келіп, олардың арасында қызу шайқас басталады. Бірақ ұзақ уақыт өтпей-ақ, Харис аяғынан жығылып, оның жансыз денесі жерге құлайды.

Хайбар қамалының қирандылары

Харистің Мархаб атты бауыры болған. Өзінің ержүректігі және қаһармандығымен танымал болған Мархаб мұндай жағдайда көргенде өз-өзін ұстай алмай, бастан аяқ қаруланған күйде Әлиге қарай шабуылдайды. Алайда көп ұзамай Мархаб та Харистің соңынан кетіп, ажал құшады. Хайбар қамалының жауынгерлері сол оқиғаны көріп, қатты үрейленіп, тұра қашып, бекініске паналайды. Әли (ғ.с) қашқан яхудилерді бекіністің дарбазасына дейін қуып барады. Сол кезде яхуди жауынгерлердің бірі семсерімен Әлидің (ғ.с) қалқанынан ұрып, оның қолындағы қалқан жерге түседі. Әли (ғ.с) тез арада қамалдың дарбазасын жұлып алып, соғыс аяқталғанша соны қалқан ретінде пайдаланады. Соңында ол қалқанды қамалдың айналасында қазылған терең орға тастайды. Осылайша, мұсылмандар бірнеше күннен бері бағындыра алмаған бекініс қысқа мерзімде алынады. Содан кейін Әли (ғ.с) халифат билігіне келгенде Саһл ибн Хунайфке осы оқиға жайында жазған хатында: "Құдайдың атымен ант етемін, Хайбар қамалының дарбазасын қарапайым тағамнан алған физикалық күшіммен емес, Пәруәрдігәрдің нұры арқылы бойыма дарыған тамаша күштің арқасында жұлып алып, кейін жерге лақтырдым",- деп жазды.

Мұсылмандар мен күпір құрайыш тайпасының арасында жасалған Худайбия бейбітшілік келісіміне сәйкес, оларға бір-біріне қарсы әскери әрекеттер жасауға немесе өз одақтастарын екінші тарапқа қарсы айдап салуға және оларға бір-біріне қарсы соғыста жәрдемдесуге тыйым салынған еді. Алайда құрайыш тайпасының басшылары өз одақтастарының бірі Бәкр тайпасын қару-жарақпен қамтамасыз етіп, оларды мұсылмандардың одақтастарының бірі болған Хузаға тайпасына шабуыл жасау арқылы іс жүзінде Худайбия бейбітшілік келісімін бұзу үшін айдап салады. Құрайыш тайпасы үсті-үстіне жалғасқан жеңілістеріне қарамастан, Мединенің тек аз ғана ансарлар мен мүхажірлер паналаған бірнеше жыл бұрынғы Медине қаласы еместігін ұмытқан секілді. Медине ол кезде Ислам дінінің өмірлік мәні зор тағылымдары мен Пайғамбардың (с.ғ.с) көреген жетекшілігінің арқасында түбегейлі өзгерістерге ұшырап, Ислам үкіметінің қуатты орталығына айналған еді. Осындай жағдайда Алланың елшісі (с.ғ.с) құрайыштар келісімді бұзғаннан кейін тағдыр шешуші шешім қабылдап, он мыңдаған адамды қаруландырып, өзі Ислам әскерін бастап, Меккені жаулап алу үшін жолға тартады.

Мединедегі құрайыш тайпасы тыңшыларының бірі ислам әскерін көргеннен кейін құрайыш тайпасының кәпірлеріне жазған хатта: "Пайғамбар түн қараңғылығы секілді қаптаған әскерімен сендерге қарай бара жатыр",- деп хабар берді. Тыңшы хатын құрайыш тайпасы басшыларына жеткізіп, олар Пайғамбар (с.ғ.с) әскерінің келе жатқанынан хабардар болу үшін бір әйелге табыстайды. Пайғамбар (с.ғ.с) олардың бұл астыртын әрекеттерін бақылап, олардың қастық жоспарынан хабардар болады. Сөйтіп, Пайғамбар (с.ғ.с) Әлиден (ғ.с) бұл хаттың Меккеге жетуінің алдын алуды сұрайды. Әли (ғ.с) кідірместен әлгі әйелді аңдып, хатты беруін талап етеді. Әйел бастапқыда хатты беруден бас тартып, қарсыласады. Бірақ, біраз уақыттан соң шашының арасына жасырған хатты Әлиге береді. Осылайша, күпір құрайыштар Ислам әскерінің Меккеге келе жатқанынан хабарсыз қалады. Ақырында пайғамбардың өзі бастаған исламның он мың адамдық әскері Мекке қаласының маңына жетеді. Еш адам бұл үлкен әскермен қарсыласпайды. Сөйтіп, Ислам әскері салтанатпен ешбір қантөгіссіз Меккені бағындырады.

"Мұхаммед – Алланың елшісі" немесе "Жолдау" (الرساله) атты фильмдегі Меккені жаулап алу сахнасынан үзінді

Пайғамбар (с.ғ.с) Меккені жаулап алғаннан кейін Меккенің халқы мен ислам дұшпандарын басқыншылардың дәстүріне сәйкес жазаламайды. Сонымен қатар пайғамбар (с.ғ.с) жалпы халыққа кешірім жариялайды. Осындай ізгі әрекетімен хазірет Меккенің хабарсыз халқының жүрегін өзіне баурайды. Пайғамбар (с.ғ.с) Қағбаға жеткен сәтте қолындағы ұзын таяқпен Хубал, Асаф пен Найла пұттарын құлатады. Сол кезде Пайғамбардың (с.ғ.с) көзі Қағбаның үстіндегі пұтқа түсіп, Әлиге (ғ.с): "Мен тік тұрамын. Сен менің иығыма шығып, Қағбаның үстіндегі пұтты жерге құлат",- дейді. Осылайша Қағба бір құдайға табынудың ордасына айналып, Меккенің алданған тұрғындары құлшылықтың факторы болған пұттардың лас болмысынан тазаланды.

Меккені жаулап алу мүшіріктердің жүректерін дір сілкіндіріп, зәрелерін ұшырады. Сондықтан Тайфтың Хауазин және Сақиф тайпалары басқа тайпалармен кеңесіп, ислам әскері оларға қарсы шабуыл жасамастан бұрын, ислам әскерімен шайқасқа дайындалу керек деген шешімге келеді. Осы мақсатта Мәлік ибн Ауф ан-Насри атты өжет жас жігіттің басқаруымен үлкен әскер жиналып, Ислам әскерімен күреске әзірленеді.

Пайғамбар (с.ғ.с) Ясриб қаласының (Медине) 10 000 тұрғыны мен  құрайыш тайпасының исламды қабылдаған 2000 адамнан құралған ірі әскерімен оларға қарай шабады. Ислам әскері санының көптігі мен ұлылығы олардың кейбіреуінің бойында алдамшы өркөкіректік сезім тудырып: "Біз ешқашан жеңіліс таппаймыз",- деген соқыр сенім олардың көздерін тұмшалайды. Дұшпанды әлсіз деп есептеп, олар жайлы қате бейне жасап, олардың рухани қуатты ерік-жігерін елемеу мұсылмандардың жеңіліс табуына негіз қалады. Әсіресе Мәлік ибн Ауф өз әскеріне Хунайн деген аймақта орналасқан бір өткелдегі алқаптың түкпіріндегі үлкен жартастар мен таудың шатқалдары мен жоталарының артына жасырынып, ислам әскері ол жерге жеткенде оларға оқ жаудырып, шабуылдауға бұйрық берді. Бұл есептелген жоспар ислам әскері жауынгерлерінің рухына әсер еткендігі соншалықты, олардың басым бөлігі қатты үрейленіп, қашып кетеді.

Осындай ауыр әрі қиын сәтте шамамен он шақты адам ғана Пайғамбардың (с.ғ.с) жанында қалып, хазіретті қорғайды. Солардың ішінде Әли (ғ.с) ерекше рөл атқарды. Ол шамды шыр айналған көбелек тәрізді Пайғамбардың қасында қалып, пайғамбардың пәк өміріне қастандық жасауды көздеген адамдармен шайқасады. Әли (ғ.с) бұл шайқаста өзінің ерлігі және қайтпас қайсарлығымен ерекше көзге түседі. Ол хазірет жалғыз өзі Хауазин тайпасы әскерінің тікелей шабуыл жасаған қырыққа жуық жауынгерін жер жастандырады. Соңында Абу Джрул атты қолбасшыларының бірі қаза болғаннан кейін, Хауазин тайпасының әскері құлдырай бастады. Аз ғана уақыттан соң ислам әскері ілгерілеп, олардың Тайф қаласындағы қамалын қоршауға алады. Сол сәтте Әли (ғ.с) күпірлер әскерінің басшысының бірі Нафэ ибн Ғайланды құлатады. Ибн Ғайлан қаза болғаннан соң мүшріктердің бір тобы қашып, келесі бір бөлігі исламды қабылдайды. Сонымен қатар, қамалды қоршау кезінде Пайғамбар (с.ғ.с) Әлиге (ғ.с) Тайф маңындағы пұттарды құлату міндетін жүктейді. Исламның ұлы үлемдерінің бірі Шейх Мофид Әлидің (ғ.с) осы шайқастағы құзыры жайлы: "Мүміндердің әміршісі Әлидің (ғ.с) осы күрестегі ізгі істері мен оның ақиқатына зер салып, ойлан. Сол кезде бұл күресте оның барлық ізгіліктерге қол жеткізгенін, олардың ішінде ешкімнің Әлиге тең келмей, ол секілді үлес қоспағанын түсінесің",- деп жазған.