Қаң 28, 2018 16:53 Asia/Almaty
  • Иран базары (22)

(Санитарлық-гигиеналық және косметикалық өнімдер) Иран – аймақтағы санитарлық-гигиеналық және косметикалық өнімдер шығаратын елдердің бірі. Бүгінгі бағдарламада Иран өнеркәсібінің осы саласымен таныстырамыз.

Иран базары

Санитарлық-гигиеналық және косметикалық өнімдер Иранның мұнайдан тыс экспорттық тауарларының қатарына жатады. Өздеріңіз білетіндей, фармацевтика мен гигиена – әлемдегі стратегиялық және өмірлік маңызы бар өнеркәсіп салалары. Бұлар әскери өнеркәсіп сияқты әлемдегі маңызды стратегиялық салалар болып саналады. Санитарлық-гигиеналық және косметикалық өнімдер индустриясы,фармацевтика, тамақ пен ауыз су өнеркәсібі, медициналық және зертханалық құралдар шығару өнеркәсібі денсаулық сақтау саласындағы аса маңызды өнеркәсіп түрлері болып табылады.  Қазіргі заманда денсаулық сақтау мен гигиенаның елдер үшін дамудың  аса маңызды факторларының бірі екенін ескерсек, санитарлық-гигиеналық тазалағыш заттардың халықтың өмірі мен әл-ауқат деңгейін жоғарылатудағы рөлі бұрынғыдан көбірек айқындала түсті. Санитарлық-гигиеналық және тазалағыш заттар  деп киім мен денеден май мен кір жасушаларын кетіретін құралдарды айтамыз. Жуғыш құралдарды сабынды және сабынсыз деп екі топқа бөлуге болады. Сабынды заттар – көнеден келе жатқан материал. Олардың тарихы Ежелгі Мысырдан басталады. Сабынсыз, яғни синтездік жуғыш заттар – соңғы бірнеше ғасырда адамдардың өміріне енген материал.

Санитарлық-гигиеналық және косметикалық өнімдер

Адамның гигиенаны сақтау тарихы оның алғаш рет қол мен дене тазалығы мен аурулардың арасында байланыс барын түсінген кезде басталған болуы керек.  Жуыну үшін жылы суды пайдалануды сол кездегі адамдардың алғашқы тәжірибесі деп айтуға болады. Ежелгі заманда б.з.д. 2500 жыл мен б.з. 476 жыл аралығында моншаға түсіп, киім жуу кең таралды. Бұл дәуірлерде алғаш рет үстіңгі белсенді заттар тазартқыш ретінде пайдаланылды. Қоғамдық моншалар салынғаннан кейін моншаға түсуге әлеуметтік әдет ретінде көңіл аударылды. Жуғыш ретінде жасалған  алғашқы зат сабын болды. Сабын мыңдаған жыл бойы адамның денесі мен киімдерін жуып, тазалайтын жалғыз зат болды. Табиғи негізде, әртүрлі қалыпта және әралуан шикізаттан жасалған өнім адаммен бірге дамып, кемелденді. Кейбір тарихи деректер сабын сөзі Римдегі Сапо (Sapo) атты ежелгі төбенің атауынан алынған деседі. Ол жерде жануарлар құрбандыққа шалынып, олардың өлекселерін өртеп жіберетін болған. Уақыт өте келе жануарлардың майы мен олардан қалған күл жаңбырдың суымен жуылып, Тибер өзеніне құйылған. Сол аймақтың адамдары осы өзеннің түбіндегі «рос» балшығының жуғыш-тазартқыш қасиеті барын түсінеді. Сондықтан оны денелер мен киімдерін жууға пайдаланған. Кейін сабындар өсімдіктердің сілтілі күлінен сірінді алу арқылы жасалатын болды. Бұл іс үшін көбінесе Жерорта теңізі маңында өсетін өсімдіктер пайдаланылды. Кейбір елдерде, атап айтқанда Италия, Испания мен Францияның оңтүстігінде сабын жасау үшін өсімдік майы, әсіресе зейтүн майы қолданылған. Ал Еуропаның солтүстігінде көбінесе жануардың майынан (tallow), атап айтқанда сиыр мен балық майынан сабын жасалған. Өсімдік майынан жасалған сабынның  сапасы жануар майынан жасалған сабыннан әлдеқайда жақсы. Уақыт өте келе сабын жасаушылар сабынға хош иісті өсімдіктердің иісін қосу арқылы оның тартымдылығын арттырды.

Соңғы бірнеше ғасырда білім сәт санап артып, елдер индустрияланғаннан кейін  сабын жасау өзгеріске ұшырады. Сабынды кең көлемде өндіру оны сирек кездесетін қымбат тауар қатарынан шығарды. Ол жеке бас гигиенаны сақтауға қажет зат және жанұяда көп тұтынылатын тауардың біріне айналды. Синтетикалық жолмен өндірілетін жуғыш заттар пайда болғаннан кейін әртүрлі брендтермен әралуан тазартқыш заттар тұтынушы базарына шығарылды. Бүгінде сабын өте шектеулі түрде жеке гигиена (personal care) мен одан да азырақ мөлшерде үйдің тазалығында (home care) қолданылады. Қазіргі таңда кейбір елдерде тұтынылатын жуғыш заттардың 80 пайыздан астамын синтетикалық жуғыш заттар құрайды. Бұл өнімдер арнайы мақсатта өндіріледі. Олардың кейбіреуі  үйдегі заттардың беті мен заттарды тазалау үшін шығарылады. Мысалы, шыны жуғыш, кір жууға арналған ұнтақ, ыдыс жууыға арналған сұйықтық және т.б. Алайда олардың көбі жеке гигиенаны  сақтау үшін өндіріледі. Мысалы, сусабын (шампунь), тіс пастасы, крем және т.б. 

Personal care

Иран – аймақтағы санитарлық-гигиеналық және косметикалық өнімдер шығаратын елдердің бірі. Иранда жүздеген компания санитарлық-гигиеналық және косметикалық өнімдер шығарумен айналысады. Сонымен қатар, ондаған ірілі-ұсақты компания бұл салаға қажет шикізаттарды өндіруді өз міндетіне алған. Осындай өнімдерді шығарумен айналысатындардың арасында жуғыш ұнтақ шығаратын зауыттар шын мәнінде осы өнеркәсіптің негізгі ойыншылары саналады. Иран шикі мұнай мен газға бай болғандықтан әртүрлі өнеркәсіп салаларында, соның ішінде  санитарлық-гигиеналық  заттар өндірісінде артықшылықтарға ие. Бұл артықшылық іргелі ғылымға негізделген  компаниялардың жұмысына қолайлы жағдай жасады.

Ирандық санитарлық-гигиеналық заттар

Иранның ғылыми-технологиялық парктеріндегі іргелі ғылымға негізделген кейбір компаниялар жуғыш  заттарды өндіру саласында нанотехнологияны пайдалану арқылы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Нанотехнологияны екі қалыпта қолдануға болады: осы технологияға негізделген өнімдерді шығаруға болады немесе соның арқасында өндірілетін өнімнің сапасы мен тиімділігін арттыруға болады. Нано саласындағы зерттеушілер кейбір наноэмульсияларды жуғыш шикізат ретінде пайдалануға болатынын түсінді. Бұл өнімнің формуласында алкоголь болмайтындықтан, заттардың бетін бүлдірмейді, тіпті алкоголі бар өнімдерден тезірек құрғатылады. Бұл тазартқыштар, сондай-ақ,  ұқсас өнімдерге керісінше құрамында қышқыл мен сілті болмағандықтан, заттың бетіне зиян тигізбейді.

Нанотехнология негізінде жасалған жуғыштар заттардың бетіндегі лас жасушаларды тазартып, антистатикалық қасиетіне байланысты заттың бетіне шаңның қонуының алдын алады. Іргелі ғылымға негізделген компаниялардың жуғыш және гигиеналық өнімдер саласында нанотехнологияны пайдалану арқылы өндірген өнімдері ретінде экран беті, көліктің корпусы мен моторын тазалайтын наноэмульсияларды, ағашты жылтырататын және көпмақсатты жуғыштарды,  шынытазартқыштарды, жуғыштар мен дезинфекция жасаушы сұйықтықтардың құрамында қолданылатын силвосептті (silvosept), целлюлозалық және гигиеналық  қағаз майлықтарды (нанотекс) атауға болады.  Дезинфекция саласында бұл компаниялар әртүрлі қолданыс аясына, соның ішінде медициналық және стамоталогиялық құрал-жабдықтар, гемодиализ аппараттары және үйдің тазалығын сақтауға арналған дезинфекциялаушы заттарды өндіріп жатыр.

Соңғы жылдары Иранда миллиондаған тонна санитарлық-гигиеналық заттар, соның ішінде шикізаттар мен дайын өнімдер шығарылды. Әрбір ирандықтың жуғыш заттарды тұтыну деңгейі әлемдік орташа көрсеткіштен сәл жоғары екенін ескерсек, елдің әртүрлі жуғыш заттарға деген ішкі қажеттілігінің 98 пайызы елдің ішінде өндіріліп, тұтынылады. Иранның денсаулық сақтау  салаларының өндірістік әлеуетін ескере отырып, соңғы жылдары кейбір жуғыш және гигиеналық заттар көршілес елдерге, соның ішінде  Ирак, Ауғанстан, Пәкістан, Орта Азия елдері мен Парсы шығанағы маңындағы елдерге экспортталды. Экспорттық тауарлардың қатарында әртүрлі жуғыш ұнтақтарды, дезинфекциялаушы заттарды, сусабындарды, жуғыш сұйықтықтарды, үйді тазалауға арналған заттарды және адамның жеке гигиенасына арналған ондаған өнімді, соның ішінде  күнге қарсы, теріні қорғауға арналған және балғындық сыйлайтын кремдерді, тіс пасталары мен целлюлозалық өнімдерді атауға болады. Иранның жуғыш, гигиеналық және косметикалық өнімдер шығаратын  компаниялары тәжірибелі мамандарды, заманауи технологиялар мен дамыған құрал-жабдықтарды пайдалану арқылы 70 млн ішкі тұтынушыны қамтамасыз етумен қоса, өзінің айналасындағы елдердегі 250 млн-дық потенциалды нарыққа кең түрде қатысу қабілетіне ие.       

Тегтер