Илаһи жетекшілер (22)
Топтамамыздың өткен бірнеше бөлімінде хазірет Әлидің (ғ.с) шарықтау мен құлдырауға толы өміріндегі айрықша әрі жарқын сәттері жайлы баяндап, хазіреттің Құдайдың алдында және ардақты пайғамбар үшін (с.ғ.с) ерекше орынға ие болғанын баяндадық. Бүгінгі бөлімде назарларыңызға Ислам тарихында орын алған маңызды әрі тағдыр шешуші оқиғалардың бірін баяндаймыз.
Пайғамбар (с.ғ.с) х.ж.ш.с.б оныншы жылы қажылық сапарына аттанбақ болып, ислам үмбетіне шешімін хабарлайды. Мұсылмандар бұл хабарды естіген соң Пайғамбармен (с.ғ.с) бірге салтанатты таухидтік қажылық рәсімдерін орындап, қажылықтың әдет-ғұрыптарын үйрену үшін топ-топ болып Меккеге қарай жол тартады. Қажылық рәсімдері аяқталғаннан кейін Пайғамбар (с.ғ.с) мен мұсылмандар Мәдинеге қайта оралады. Х.ж.с.б. зулхиджа айының он сегізі күні адамдардың қалың легі аптап ыстықта өз қалаларына қайтар жолда Ғадир Хом деген мекенге жетеді. Пайғамбар (с.ғ.с) уәһи арқылы мұның өміріндегі соңғы қажылығы екенін және өлімі жақындап қалғанын білген кезде Ислам үмбетінің тағдыры не болатыны жайлы терең ойға батады. Әсіресе, өзінің соңғы пайғамбар және Құран Кәрімнің соңғы аспандық кітап екенін білгенде пайғамбарлығы кезінде қол жеткізген құнды жетістіктерін сақтап қалып, олардың жалғасуы үшін берік негізді қажет етті. Пайғамбар (с.ғ.с) тағдырды шешуші қиындықтарды ойлап, алаңдап отырған кезде уәһи періштесі жерге түсіп, насихат мазмұндағы төмендегі аятты түсірді: "Әй, Пайғамбар! Раббың тарапынан түсірілгенді жалғастыр. Егер оны істемесең, елшілік міндетін жалғастырмаған боласың. Алла сені адамдардан қорғайды. Күдіксіз, Алла қарсы болған елді тура жолға салмайды" (Мәида сүресі, 67-аят).
Пайғамбар (с.ғ.с) осы маңызды жолдауды алғаннан кейін барлық мұсылмандардың жиналуына бұйрық береді. Барша халық бір-біріне таңырқап қарап: "Не болды? Неліктен Алланың елшісі бізді мынадай аптап ыстық жерге қайтып, Ғадир Хомда жиналуымызды қалады?",- деп сұрай бастайды.
Халық у-шу болып жатқанда Пайғамбар (с.ғ.с) түйелердің ауытына мініп, сөз бастайды: "Барлық мадақ пен мақтау – бір Құдайға тән. Біз Алладан ғана көмек сұрап, Оған иман келтіріп, сенеміз. Одан басқа ешкімге табынбаймыз деп ант етемін. Уа, халайық! Мен көп ұзамай дүниеден озып, сендердің араларыңнан кетемін. Менің Алланың алдында жауапкершілігім бар. Сендердің де жауапкершіліктерің бар. Мен жайлы не ойлайсыңдар?",- деп сұрайды. Халық бірауыздан: "Сен өзіңнің пайғамбарлық міндетіңді толық әрі ең игі түрде орындадың. Сол еңбегің үшін Құдай саған лайық сыйды нәсіп етеді",- деп жауап береді. Сонда пайғамбар (с.ғ.с): "Әлемде Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммадтың Алланың құлы әрі елшісі, сондай-ақ жәннат пен тозақтың, мәңгілік өмірдің бар екендігіне ант бересіңдер ме?",- деп сұрайды. Сол кезде жұрт: "Ант етеміз",- деп жауап қайтарады. Соңсоң пайғамбар (с.ғ.с): "Мен сендердің араларыңда қымбат әрі көркем нәрсені қалдырамын",- дегенде бір адам орынан тұрып, дауыстап: "Ол көркем нәрсе деп нені меңзеп тұрсыз",- деп сұрайды.
Пайғамбар (с.ғ.с): "Бірі – Алланың кітабы, келесісі – менің әулетім. Құдай маған бұл екі жәдігердің ешқашан бір-бірінен ажырамайтынын хабарлады. Уа, халайық! Құран мен менің әулетімнен аттап өтемін демеңдер. Ғамалда бұл екеуіне немқұрайлықпен қарамаңдар, әйтпесе құрдымға кетесіңдер",- дейді.
Барша халықтың назары пайғамбарға (с.ғ.с) қадалған маңызды сәтте хазірет илаһи әмірмен Әлидің (ғ.с) қолын алып, барлығы көретіндей жоғары көтереді. Содан кейін Ислам әлемінің сенім мен ғамал тұрғысындағы айрықша жолдарын анықтаған өте маңызды құтпасын айтуға кіріседі.
Ең алдымен, Ғадир оқиғасы туралы хадистің құжат ретінде ең сенімді хадистердің бірі екенін еске салған жөн. Ғадир Хом оқиғасын баяндаған мұсылмандардың арасынан 110 сахаба, 82 табиин мен 360 танымал үлем мен билеушінің аттары аталған ғұлама Амниатидің "Әл-Ғадир фил-китаби уәл-сүннат уәл-әдаб" атты кітабында осы жайт дәлелденген. Сонымен қатар бұл еңбекте х.ж.с.б. 1-9 ғасырлар аралығында Ғадир Хом оқиғасы туралы ұзақ қасидалар жырлап қалдырған танымал шайырлар таныстырылған.
Сондықтан пайғамбардың (с.ғ.с) Ғадир мекенінде айтқан құтпасының Алланың елшісінің (с.ғ.с) Ислам үмбеті үшін өсиет етіп қалдырған ең үлкен әрі ең сенімді құжаты екендігде ешбір күмән жоқ.
Ол хазірет басында: "Уа, халайық, Құдай Әлиді (ғ.с) сендердің басшыларың әрі имамдарың ретінде таңдап, осы қызметке тағайындағанын біліңдер. Алла оған бағынуды мүхаджірлер мен ансарларға, оның жолын игі түрде ұстанатын адамдарға, шөл мен қала, араб пен арабтан өзгелерға, азат әрі құлдарға, кіші мен үлкенге, ақ пен қара нәсілге, кез келген бір Аллаға сыйынушы үшін уәжіп етіп, оның бұйрығы мен сөзін әрбір адамға орындауды міндет етті",- деді.
Құтпаның жалғасының алдында алдымен құтпадағы бірнеше назар аударарлық жайтқа көңіл бөлгендеріңіз жөн: біріншіден, Әли (ғ.с) илаһи бұйрық және Исламның Ұлық пайғамбарының (с.ғ.с) сүннетімен осы міндетке тағайындалды. Пайғамбардың (с.ғ.с) жеке басының бұл іске қатысты уәкілеттігі болмаған.; екіншіден, "уәли" яғни «билеуші» және «имам» сөздері Әлидің (ғ.с) әрі "велаяттың", яғни діни жетекшілік пен имамат басшылығына тағайындалғанын білдіреді. Сол себепті оған бағыну уәжіп етілген илаһи парыз саналады. Айта кететін соңғы жайт: Әлидің (ғ.с) жетекшілігі мен имаматтығы нақты уақыт пен мекенге және белгілі бір нәсіл мен терінің түсіне байланысты нақты бір тайпа мен халықпен шектелмейді. Керісінше, ол бүкіл тарихтағы бір Құдайға сыйынушы адамдардың жетекшісі саналады. Сол себепті Пайғамбар (с.ғ.с) Ғадир құтпасының келесі бөлімінде: "Әлиден кейін имамат басшылығын менен тараған Әлидің перзенттері жалғастырады. Қиямет күніне дейін солай болады. Олар Құдай және Пайғамбармен (с.ғ.с) кездескенге дейін солай болады",- деп айтқан.
Сол кезде Алланың елшісі (с.ғ.с) барша халықтың кез келген түрде қарсыласуына бөгет жасау үшін қатаң екпінмен: "Менің сөзімді теріске шығарып, Әлидің (ғ.с) имамат басына келуімен келіспейтін адам Құдайдың рақымынан алыстап, Құдай оны азапқа салып, Оның ашуы мен қаһарына ұшырайды",- деді. Алайда Пайғамбар (с.ғ.с) Әлимен (ғ.с) достық және дұшпандықтың қайнар көзі қасиетті илаһи болмыспен тікелей байланысты екенін көрсету үшін: "Алла Тағаланың: "Әлиді дұшпан көріп, оның діни жетекші болуын қабылдамаған адамға мен лағынет айтып, азапқа саламын",- деп айтқан бұл илаһи сөздерді маған Жебірейілдің жеткізгенін білгендерің жөн. Әлимен (ғ.с) дұшпандық жасап, оның имамат пен велаят басына келуіне қарсы болуға тыйым салу ғана уәһи әмір емес, сонымен қатар, онымен дос болудың өзі де аспандық әмір саналады» дейді. Сондықтан пайғамбар (с.ғ.с) осы мәселені растап Ғадир құтпасының келесі бөлімінде: "Әлиді (ғ.с) жетекші етіп тағайындап, оған достық қатынас көрсету маған Ұлы әрі Ғазиз Алла тарапынан уәһи етілді",- дейді.
Кесімді әрі үміттендіруші уәделердің біріне иманды және тура жолдағы тақуа адамдардың Құдайдың мәңгілік жұмағына кіретіні жатады. Ешбір есеп-қисапсыз, кідірместен жұмаққа кіру жайлы Құдайдың берген осы уәдесінің айқын дәлелдердің бірі Пайғамбар әулетіне (ғ.с), яғни Аһле бейтке сүйіспеншілік танытып, жүректері илаһи таңдаулы адамдарға деген махаббатқа толы адамдардың кіретіні жатады. Құдай «Шура» сүресінің 23-аятының бір бөлігінде: " (Мұхаммед Ғ.С.): “Сендерден бұған жақындық махаббаттан басқа ешбір ақы тілемеймін” де", ал «Сәбә» сүресінің 47-аятында: "Оларға: “Сендерден ақы тілемедім. Ол сендердікі болсын. Менің ақым Аллаға ғана тән. Ол әр нәрсеге куә” де",- деп айтылған. Сол себепті пайғамбар (с.ғ.с) Ғадир оқиғасы кезінде айтқан тарихи құтпасында осы жайында: "Аһле бейттің (ғ.с) достары аман-есен жұмаққа кіреді. Періштелер оларға құрмет көрсету үшін оларды күтіп алып: "Пәк әрі таза жандарға сәлем бердік. Мәңгілік жұмаққа ешбір есеп-қисапсыз кіріңдер",- деп айтатынын біліңдер. Сондықтан пайғамбардың (с.ғ.с) жолы мен оның жетекшілігін жалғастыру үшін пайғамбардың жақын туыстары, яғни Аһле бейттің етегінен ұстап, олардың жетекшілігінен көмек сұрауымыз керек. Сондай-ақ, мына жайтқа көңіл аударған жөн: махаббат біреудің жол қууда өте әсерлі фактор саналады. «Әли Имран» сүресінің 31-аятында айтылғандай: "(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла (Т.) сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені, Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» де".
Негізінде егер адамды басқа адаммен сүйіспеншілік пен махаббат байланыстыратын болса, ол адамды сүйетін адамы мен оның тілектеріне қарай қызықтырып, жетелейді. Махаббаттың жібі мықтырақ болған сайын, тартымдылық та күшейе түседі. Әсіресе, ол махаббат кемелдікке жетуге ынталы болса. Махаббатың бұл түрінде адам өзін кемелдік пен оның талап-тілектеріне жеткізуге тырысады. Міне, сондықтан Пайғамбар (с.ғ.с) мен оның әулетін (ғ.с) сүйетіндер аман-есен, еш бөгетсіз жұмаққа кіреді.