Ақп 05, 2018 22:32 Asia/Almaty
  • Иран базары (23)

(Балық шаруашылығы: асшаян) Солтүстігі мен оңтүстігінде 2700 шақырымнан астам су шекарасы бар ұлан-байтақ Иран елі – аквамәдениетке бай санаулы елдердің бірі. Бүгінгі бағдарламада Ирандағы асшаян шаруашылығымен таныстырамыз.

Иран базары

Суда тіршілік ететін жануарлар қоры – әлем халықтарының азық-түлікке деген қажеттілігінің айтарлықтай бөлігін қамтамасыз ету жолдарының бірі. Соңғы онжылдықтарда әлем халқының ақуызға күннен күнге артып келе жатқан қажеттілігі су жануарларына деген сұраныстың артуына себеп болды. Азық-түлік пен ауыл шаруашылығы ұйымының есептеулері бойынша, жан басына шаққанда су жануарларын тұтыну көлемі тұрақты болатын болса, 2030 жылы әлем халқын тамақтандыру үшін қазіргі көлемнен 40 млн тоннадан артық су жануарларын аулау қажет болады. Алйда әлемнің теңіздері мен мұхиттарындағы табиғи қорлар соңғы жылдары азайып барады. Тіпті бұрын әлем бойынша теңіздер мен мұхиттардан жылына 100 млн тонна су жануары ауланатын. Бұл көлем қазір жылына 50 млн тоннаға азайды. Теңіз жануарларын аулау көлемінің азаюына әртүрлі факторлар, соның ішінде жөнсіз аулау және қорлардың азаюы себеп болып отыр. Бұл мұхиттарда балық аулауға, әсіресе асшаян аулауға теріс әсерін тигізді.

Асшаян – жоғары экономикалық құндылыққа ие терісі қатты су жәндіктерінің бірі.  Ол экватордың аймағынан бастап полюске дейінгі аралықтағы теңіздерде, тұзды және тұщы суларда кездеседі. Асшаянның теңіздегі түрлері таяз немесе жартылай терең суларда топ-топ болып тіршілік етеді. Асшаяндар судың түбінде тіршілік ететіндердің қатарына жатады. Күндіз теңіздің түбіндегі шөгінділерде жасырынса,  түнде қорек табу үшін жасырынған жерлерінен шығады. Сол себепті әлемнің көптеген жеріндегі балықшылар асшаян аулауға түнде теңізге шығады.     

Асшаян

Асшаянның көптеген түрлері тіршілігінің алғашқы кезеңінде тұзды суды қажет етеді. Сондықтан тікелей немесе жанама түрде теңізбен байланысып жатқан суларда тіршілік етеді. Асшаяндардың кейбіреуі суы таза өзендерді қажет етеді. Тағы бір түрлері өте лай суларда мекендейді.

Асшаян өзінің тіршілік ету кезеңдерінде төрт қалыпта, яғни ұрық, балаңқұрт, пост-балаңқұрт және ересек күйде болады. Қорек тұрғысынан тіршілік ету кезеңіне байланысты фитопланктондар, балдырлар, диатомдық балдырлар, жұмсақ денелілердің балаңқұрттары және айғұлақтармен қоректенеді. Асшаянның денесінің түсі түріне байланысты әрқилы болып келеді: қоршаған ортаның жағдайына, соның ішінде  жылу дәрежесіне, судың тұздылық деңгейі мен қоректенген тамағының түріне, айналаның түсіне байланысты өзгеріп отырады. Асшаян тағамдық құндылығы жоғары су жануарларының қатарына жатады. Асшаянның етінен алынатын холестериннің мөлшері құрамында қанықпаған май қышқылы, Омега-3, Омега-6-ның мөлшері жоғары болуынабайланысты қанның холестериніне әсер етпейді. Асшаянның етінде  селен металлоидының болуы обыр жасушаларын азайтуға себеп болады.

Тіршілік ету ортасы тұрғысынан асшаяндар көбінесе тұзды суларда мекендейді. Олардың кейбір түрлерін ғана тұщы сулардан көруге болады. Асшаяндардың бір тобы суық әрі тұзды суда тіршілік етеді. Әдетте оларды «Солтүстік асшаяны» деп атайды. Асшаяндардың бұл түрі Аляска, Канада, Жапонияның солтүстігі, Америка мен Солтүстік Еуропада ауланады. Жылы әрі тұзды суларда кездесетін асшаян түрлері немесе тропикалық асшаяндар Парсы шығанағы жағалауында, Солтүстік Американың оңтүстік бөлігінде, Африканың батыс жағалауында, Орталық Америкада, Оңтүстік Американың шығыс және батыс жағалаулары мен Оңтүстік-шығыс Азияда кездеседі. Асшаяндардың басым бөлігін құрайтын бұл түр әдетте әлемдік сауда нарығына шығарылады. Ал асшаяндардың тұщы суларда тіршілік ететін үшінші тобы көбінесе көлдерде, өзендерде, саз батпақтар мен арықтарда, каналдар мен бассейндерде кездеседі. Асшаянның бұл түрі әлемдік саудада онша маңызды емес.

Солтүстігі мен оңтүстігінде 2700 шақырымнан астам су шекарасы бар ұлан-байтақ Иран елі – аквамәдениетке бай санаулы елдердің бірі. Парсы шығанағы мен Оман теңізінің стратегиялық сулары осы илаһи нығметке толы. Бұл стратегиялық аймақ – елдің судағы шекараларының бірі. Ол Геватер мүйісінен басталып Арвандрудқа дейін созылып жатыр. Бұл аймақтың суларында асшаянның алуан түрі тіршілік етеді. Осы уақытқа дейін Парсы шығанағы мен Оман теңізінің суларынан асшаянның 10 түрі ауланып, анықталды. Олардың ең танмымалы – омар (ірі теңіз шаяны). Олардың кейбіреуінің салмағы шамамен 1 кг-ға жетіп отырған.

Омар

Асшаянның бұл түрі әдетте Оман теңізінің жартасты жағалауында ауланады. Парсы шығанағындағы асшаянның түрлерінен атақты қызғылт, үнділік, банан пішіндес, ақ, қанжар іспеттес түрлерін айтуға болады. Парсы шығанағындағы кемелер аулайтын өнімдердің 80 пайыздан астамын  қызғылт асшаян құрайды. Парсы шығанағы мен Оман теңізінен ауланатын асшаянның басқа түрлерінен үнділік және банан пішіндесін атауға болады. Сауда-саттық тұрғысынан екінші орында тұратын банан пішіндес асшаян көбінесе Хормозган облысында ауланады. Үнділік ақ және қара жолақты асшаян түрлері денесі ірі болғанымен, таралым аясы шектеулі болғандықтан, экономикалық тұрғыдан тиімді саналмайды.

Парсы шығанағы жағалауында асшаян аулау

Су жануарларына сұраныстың артуы және теңіз қорларының шектеулі болуы су жануарларын өсіру шаруашылығының қажетті ақуызбен  қамтамасыз ететін маңызды тәсілдердің біріне айналуына себеп болды. Асшаян өсіру тарихы әріден басталады. Алайда оны коммерциялық мақсатта өсіру 1960 жылдардың басында Жапонияда қолға алынды. Бүгінде әлемнің түрлі елдерінде асшаян өсіру тағамдық ақуызбен қамтамасыз ететін шаруашылық ретінде қарқындап даму үстінде. Асшаянның етінде ақуыз бен минералдардың мол болуы, көбейту мерзімінің аз болуы, пост-балаңқұртты көп көлемде өсіру мүмкіндігі, әлемде ақуызды тамақтарды тұтынуға деген сұраныстың күн сайын артуы бұл шаруашылықтың қарқынды даму себептерінің қатарына жатады. Иран соңғы жылдары осы салаға айтарлықтай инвестиция салған елдердің қатарына жатады. Иранның Хузистан, Бушер, Хормозган, Систан мен Белучистан облыстарында асшаянды өсіріп, көбейтумен айналысатын өте үлкен шаруа қожалықтары бар.

Асшаянды өсіріп, көбейту тоғандары

Иранның әралуан климаты ауыл шаруашылығының әртүрлі салаларымен, соның ішінде су жануарларын өсіру шаруашылығымен айналысуға қолайлы жағдай жасады. Иранның оңтүстік жағалауында 1800 км су шекарасының болуы, сондай-ақ, Парсы шығанағы мен Оман теңізінде егістікке жарамсыз жерлердің болуына байланысты жағалауда су жануарларын өсіру мүмкіндігі жоғары.  Иранда коммерциялық мақсатта асшаян өсіру шамамен 20 жыл бұрын осы жағалаудан басталды. Иранның балық шаруашылығы елдің су жануарларын өсіру шаруашылығын дамытудың негізгі ұйтқысы ретінде елдің оңтүстігінде асшаян өсіру шаруашылығын дамыту үшін шынайы қадамдар жасады.  Хормозган облысы Иранда асшаян өсіру шаруашылығын бастаған негізгі полюс болды. Асшаян өсіру және көбейтуге бағытталған жұмыстардың көбі алғаш рет осы облыста жүзеге асырылды. Бұл облыста асшаян өсіріп, көбейтуге арналған кешендер мен тоғандар жұмыс істейді. Асшаян өсіру шаруашылығын дамытудың бастапқы жылдарында өсіріп, көбейтуге тиімді шарттарға ие алғашқы жергілікті түр ретінде жасыл жолақты асшаянға көңіл бөлінді. Бұл түр экономика және аулау тұрғысынан ең маңызды түр болып табылады. Бушер облысының жағалауында оның көңіл аударарлықтай қоры бар.  

Жасыл жолақты асшаян

Иранда асшаян өсіру жартылай тығыз тәсілмен жүргізіледі. Бұл тәсілде асшаянды өсіруге арналған бассейндерде белгілі бір қалып пен өлшем бар. Асшаянның балаңқұрттары көбейту орталығынан сатылып алынып, бассейнге жіберіледі. Бассейндердегі балаңқұрттардың тығыздығы 1 га-на 10-20 мың данадан келеді. Асшаян қорегінің басым бөлігі құрғақ күйде келеді. Асшаян өсіруде қорекке кететін шығын оның түпкілікті бағасының жартысын құрайды. Балаңқұрт кезіндегі асшаянның ең маңызды қорегі – артемия. Бұл – Урумие көлі сияқты әлемнің ең тұзды суларында өмір сүре алатын жалғыз тіршілік иесі. Бүгінде ирандық мамандар артемияны құрғатып, өңдеу арқылы бұл өнімді импорттауға тәуелділікті жойды.

Альборз облысында тірі омарды экспорттау

Иранда өндірілген асшаян әлемдегі ең таза асшаяндардың қатарына жатады. Иран асшаянының гигиеналық тұрғыдан таза болуы, оны мұздату және қаптау кезінде стандарттардың сақталуы әлемнің әртүрлі елдерінде Иранның осы өніміне деген сұраныстың жоғары болуына себеп болған факторлардың қатарына жатады. Тіпті, Франция мен Италияның кейбір компаниялары Иранда өсірілетін асшаяндарды алдын ала сатып алады. Иранда өсірілген асшаяндардың 90 пайыздан астамы Парсы шығанағының оңтүстігіндегі әртүрлі елдерге, Еуропа одағы елдері мен Жапонияға экспортталады.

Ирандағы асшаянды зерттеу орталығы

Иранның балық шаруашылығын зерттеу орталықтарының, соның ішінде Бушер облысында орналасқан Иранның асшаянды зерттеу орталығы мақсаттарының бірі – генетикалық қор ретінде жергілікті түрлерге көңіл бөлу. Орталықтардағы зерттеушілер жергілікті түрлердің генін түзету саласында зерттеулер жүргізіп, өнімділігі жоғары, жылдам өсетін және қоршаған ортаның әртүрлі жағдайларына төзімді түрлерді сұрыптап шығаруға жағдай жасауды мақсат етуде.   

Тегтер