Ақп 07, 2018 00:32 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (131)

Бұл бағдарламада Әли бен Осман Ходжвири жайлы сөз қозғаймыз.

Өткен бағдарламаларда Абулхасан Әли бен Осман Ходжвири жайлы сөз қозғап, Ходжвиридің  х.қ.ж.с.б. шамамен 4 ғасырдың аяғы немесе 5 ғасырдың басында Ғазнаның Ходжвир ауданында дүниеге келгенін айттық. Ол өз заманындағы мәдени орталықтарда көтерілген тақырыптар мен ғылымдардың көбі жайлы естіп, оқып, жақсы таныс болған. Ходжвири Құран, хадис, тәпсір, фикх пен діни теологияны туған жері Ғазнада үйреніп, артынан білім іздеп сапарға шығып, көптеген шейхтермен жүздесіп, олардан тәлім алған. Ходжвиридің соңғы тұрағы Лахор қаласы болған. Иран мен Үндістанның шекарасында орналасқан бұл қалада ол "Кашф ул-Махджуб" кітабын жазуға немесе толықтыруға мүмкіндік алды. Ходжвири Лахорға көп қызмет етіп, көп шәкірт тәрбиеледі. Үнді тарихшылар да Ходжвиридің  ислам дінін таратуға көп қызмет еткенін мойындаған. "Кашф ул-Махджуб" кітабына сәйкес, Ходжвиридің басқа 9 туындысы болған, бірақ олардың ешқайсысы бізге жетпеді.

Лахордағы Ходжвиридің кесенесі

"Кашф ул-Махджуб" – мистика мен сопылық саласында парсы тілінде жазылған ең көне кітап. Бұл кітап автордың заманындағы маңызды әлеуметтік, тарихи және географиялық мағлұматтарға бай болуына байланысты және сопылық мектебі мен оның ұстанушылары туралы тың мәліметтерге толы болуына байланысты, сондай-ақ, ескі тәсілдер, сөз тіркестері, ерекше грамматикалық тіркестер мен көне әрі түпкі сөздерді сақтау тұрғысынан парсы әдебиетіндегі дәйекті мәтіндердің бірі саналады.

Ходжвири осы кемел туындыны өзінің дос әрі сопы отандасы шейх Абусаид Ходжвиридің сауалдарына жауап ретінде жазған. Бұл туындыдан ондаған қолжазба нұсқа жасалды. Мұхаммад Хусейн оқшауланған тізімдерді пайдалану арқылы оның 60-қа жуық нұсқасын таныстырды. Бұл құнды кітап осы уақытқа дейін Теһран, Лахор, Самарқанд, Ташкент пен Мәскеуде сан рет жарық көрді.

"Кашф ул-Махджуб" кітабының алғашқы сыни редакциясы 1914 жылы  орыс шығыстанушысы Валентин Алексеевич Жуковский тарапынан жасалды. Жуковский қайтыс болғаннан кейін  оның шәкірттерінің бірі кейбір тізімдерді, түзетулер мен түсініктемелерді қосқаннан кейін бұл кітапты 1926 жылы басып шығарды. Бұл кітап Иранда сан рет офсет түрінде  басылып шықты.

Валентин Алексеевич Жуковский

Ходжвиридің "Кашф ул-Махджуб" кітабына соңғы редакциялық жұмысты парсы тілі мен әдебиетінің ұстазы доктор Махмуд Абеди жасады. Доктор Абеди осы редакцияда көптеген сөздер мен сөз тіркестерінің дұрыс тіркелгенін анықтап, мәтіндегі көптеген қиыншылықтардың түйінін шешті. Доктор Абедидің кітапқа жазған қосымшалары, түсініктемелері мен тізімдері оқырмандарға кітапты жақсырақ түсінуге көмек берді.

"Кашф ул-Махджуб" кітабы – шариғат пен тариқат, ақиқат пен мағрифатқа қатысты мәселелердің құнды қазынасы. Бұл кітапта сопылыққа қатысты сөздер мен терминдер түсіндіріліп, ұлы мистиктер мен сопылардың өмірбаяндары мен тағылымдары баяндалған. Сыншылардың пайымдауынша, "Кашф ул-Махджуб" кітабынан кез келген деңгейдегі оқырман тиісті білім мен хабар алады. Жалпы мен жалқы одан өз сұрақтарына жауап ала алады. Ходжвири "Кашф ул-Махджуб"  кітабының кіріспесінде оның атауы жайлы сөз қозғаған: кітаптың атауы көреген адамдар үшін оның мән-мағынасынан хабар береді. Ходжвиридің айтуынша, кітап ақиқат жолын баяндайды. Осы жолға жету барысындағы адамзаттың алдындағы перделерді ашу үшін бұл атау басқа тақырыптан әлдеқайда тиімдірек. Өйткені, зерттеген сайын кез келген перде ашылады.

"Кашф ул-Махджуб" кітабы

Мистика мен сопылық саласындағы ұлы тұлғалар әрбір кезеңдерде Ходжвиридің "Кашф ул-Махджуб" кітабын мадақтап, оны тариқат жолындағылардың шырағы санаған. Өйткені, бұл кітап толық ұстаз ретінде ақиқат жолындағыларға жетекшілік етеді. "Кашф ул-Махджуб" мистика саласындағы бірнеше беделді кітап пен атақты тазкерелер-өмірбаяндар жазылған кітаптардың дереккөзі болған. Фарид ед-Дин Аттар өзінің "Тазкарат ул-оулиа" атты кітабында өзіне дейінгі сопылардың өмірбаяндарын аздап "Кашф ул-Махджуб" кітабынан алып жазған. "Кашф ул-Махджуб" кітабын редакциялаушы Жуковскийдің айтуы бойынша, шейх Аттар өзінің  "Тазкарат ул-оулиа" кітабында Ходжвиридің "Кашф ул-Махджуб" кітабын сан рет қолданған, көп жағдайда дереккөзге сілтеме жасамай, одан дәйексөз келтіріп отырған, осындай жағдайдың көбінде тек "айтылғандай" деген сөзді жазумен шектелген. Әрине, Аттар " Тазкарат ул-оулиа" атты кітабында екі рет Ходжвиридің атын атап, оның өмірбаянын жазған. Оның бірі имам Абу Ханифаның, екіншісі Абу Атаның өмірбаяндарын жазатын кезде аталған.

Қажы Мұхаммад Парсаи Бұхараи "Фасл әл-Хатаб" кітабының жер-жерінде "Кашф ул-Махджуб" кітабынан үзінділер келтіріп, Ходжвири жайлы аса құрметпен атап өткен адамдардың қатарына жатады.

Ходжвири өз туындысының кіріспесінде Ғазнада қалған кітаптарға қол жетпегеніне налығанымен, құнды кітабын жазу үшін өз заманындағы беделді дереккөздерді жеткілікті дәрежеде пайдаланды. Орыс шығыстанушысы әрі "Кашф ул-Махджуб" кітабын редакциялаушы Жуковский нақты зерттегеннен кейін бұл кітапта пайдаланылған әдебиеттерді іздестірген. Ол Ходжвиридің "Кашф ул-Махджуб" кітабына жазған ғылыми кіріспесінде Абдуррахман Солламидің "Тарих-е ахл-е Саффе" мен "Табақат ат-Суфие" кітаптарын, "Ресале-йе Қаширие", Абунаср Серрадждың "Лам фи эт-Тасаввоф" кітабы Ходжвири қолданған деректердің қатарына жатады деп жазған.

Кейбір зерттеушілердің сенімінше, "Ресале-йе Қаширие" мен "Кашф ул-Махджуб" кітабы бір мезгілде жазылғандықтан және бұл екі жазушының арасында байланыс болғандықтан, Ходжвири өз кітабын "Ресале-йе Қаширие" кітабын негізге алып жазған. Бұл көзқарасты осы туындыларды редакциялаушылар растамайды. "Ресале-йе Қаширие" кітабының авторы Абулқасым Қашири Ходжвиридің замандасы болған. Ходжвири онымен кездескен. "Кашф ул-Махджуб" кітабында оның орны мен беделін мойындаған. Ходжвири "Кашф ул-Махджуб" кітабын жаза бастаған кезде "Ресале-йе Қаширие" кітабы оның қолында болған. Бұл екі туынды бір тақырыпта жазылып, авторлары бір заманда өмір сүрсе де, олар бір-бірінен айтарлықтай айырмашылыққа ие. Урду тілінің аудармашысы әрі "Ресале-йе Қаширие" кітабына түсіндірме жазушы Пір Мұхаммад Хасанның  пайымдауынша, Ходжвири "Кашф ул-Махджуб" кітабында "Ресале-йе Қаширие" кітабын қолданғанымен, бұл кітапта жоқ тақырыптарды да жазған.

Әли бен Осман Ходжвири

"Кашф ул-Махджуб" кітабын редакциялаушы Жуковский имам Қашириді сұхбаттарын Ходжвири пайдаланған ұлы тұлғалардың бірі деп атағанымен, Ходжвиридің "Ресале-йе Қаширие" кітабын қолданғанын  мойындамайды. Жуковский: "Екі кітап та сопылық жөнінде бірінші дәрежелі беделді мәтіндердің қатарына жатады. Екеуі де х.қ.ж.с.б. 5 ғасырдың ортасында жазылған. Олардың қозғаған тақырыптары бірдей болғанымен, сан мен сапа, түсіндірме мен тәпсір тұрғысынан олардан ешқандай ортақтық байқалмайды. Тек кей-кейде кейбір техникалық терминдерден бұл екі туындыдан аздап ұқсастық көруге болады",-деген.

Үнді зерттеушісі Абдулмаджид Дариябади бейтарап зерттеуші ретінде осы екі туынды туралы пікір білдірген. Ол "Ресале-йе Қаширие" кітабының аудармашысы да емес, "Кашф ул-Махджуб" кітабын редакциялаушылардың да қатарына жатпайды. Оның айтуынша, осы екі кітапта тақырып бірдей болғанымен, оларды жазуда талғамдық айырмашылық бар: Қашири көбінесе өзіне дейінгілердің өмірбаяндары мен хикаяттарын жазумен шектелген, ал Ходжвири зерттеуші ретінде өзінің жеке тәжірибелері, ашқан жаңалықтары мен талпыныстарын келтірген. Ходжвири ақиқат жолындағылардың кейбір тақырыптарын теріске шығарудан жасқанбаған. Сондықтан оның туындысы тек рауаяттар мен хикаяттардың жиынтығы емес, зерттеуге негізделген деректі туынды болып табылады".