Ақп 07, 2018 13:13 Asia/Almaty
  • Иран базары (24)

(Балық шаруашылығы: декоративті балықтар) Декоративті балықтарды өсіру және көбейту шаруашылығы – әлемдегі танымал өнеркәсіп салаларының бірі. Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің кейбіреулері суда тіршілік ететін жануарлар қорының молдығына байланысты осы өнеркәсіпте белсенді рөл атқарады.

Иран су көздеріне бай және балық шаруашылығында жұмыс орындарын ашу деңгейі жоғары болғандықтан және осы саланың елге валюта әкелетін өнеркәсіп түрі болғандықтан соңғы жылдары суда тіршілік ететін жануарлар өсіру секторына инвестиция салуға кірісті. 

Декоративті балықтардың түр мен түстерінің алуандығы оларды үйде ұстауға деген тартымдылығының күннен күнге арта түсуіне себеп болып отыр. Мамандар мен психологтардың пайымдауынша,  табиғи орталар адамның рухы мен психикасына үйлесімді және жүйке жүйесінің тынышталуына септігін тигізеді. Олардың кейбіреуі аквариумға 15 минут қарауды адамның 48 сағаттық көңіл көтеруіне тең санайды. Суда тіршілік ететін жануарлар арасында декоративті балықтардың әдемілігі,  түстері мен нақыштарының алуандығы айрықша. Бұл балықтар көбінесе көңіл көтеру, биологиялық түрді сақтау, ғимараттың әдемілігін арттыру және турист тарту үшін өсіріледі. Бүгінде декоративті балықтар саудасы әлемнің ондаған елінде дамыған. Бұл саладағы сауда айналымы миллиардтаған долларға жетеді.

Декоративті немесе аквариумда ұстауға арналған балықтардың түрлері тіршілік ортасы тұрғысынан  тұзды су (salt water) мен тұщы суда (fresh water) мекендейтін балықтар болып екі негізгі топқа бөлінеді. Бұл екі топтың әрқайсысы жылы суда немесе тропикалық аймақтарда тіршілік ететін балықтар және суық суда тіршілік ететін балықтар болып бөлінеді. Әлемдегі декоративті балықтардың көбі тропикалық аймақтарға тиесілі. Қорек тұрғысынан мұндай балықтар шөппен қоректенетіндер, етпен қоректенетіндер және талғамай бәрін жейтіндер болып үш топқа бөлінеді. Кейбір декоративті балықтар, мысалы, Кюль Акантофта́льмус балығы қимыл-әрекет тұрғысынан тыныш әрі бейбіт балықтардың қатарына жатады. «Цихлид» сияқты кейбір балықтар жыртқыш декоративті балық ретінде танылған.

Теңбіл шаншарқұйрықты балық

Декоративті балықтарды ұрпақ қалдыру тәсілі тұрғысынан да топтастырады.  «Молли» бейбіт балығы сияқты кейбір декоративті балықтар тірі шабақ туады (ovoviviparous). Ал шапшаң қимылдайтын «Зебра данио» балығы сияқты басқа біреулері ұрық салу арқылы (oviparous) көбейеді.

Қазіргі таңда декоративті балықтардың 90 пайызы тұщы суда, 10 пайызы тұзды суда тіршілік етеді. Бүгінде әлем елдері бойынша тұщы суда тіршілік ететін декоративті балықтардың 10 пайызы аулау арқылы қолға түсіріледі. Ал 90 пайызы жасанды тәсілмен көбейтіліп, өсіріледі. Алайда тұщы судағыларға қарағанда тұзды суда мекендейтін декоративті балықтардың 90 пайызы теңіздер мен мұхиттардан ауланса,  10 пайызы жасанды түрде көбейтіліп, өсіріледі.   

Иранда декоративті балықтарға ерте  замандардан көңіл бөлінген. Ирандықтар арасында декоративті балықтардың ең танымал түрі – қызыл балық. Ежелгі заманнан бері әрбір ирандық жанұяның үйінде хауыз болған. Сол хауызда міндетті түрде бірнеше қызыл балық жүзіп жүреді. Бір қызығы, ирандықтар мыңдаған жылдық әдет-ғұрып бойынша ирандық жаңа жыл болған кезде қызыл балықты қозғалыс пен тіршілік белгісі ретінде «Һафт син» дастарханына қояды.

Қызыл балық көне заманнан бері ирандықтардың «Һафт син» дастарханында негізгі рөл атқарып келеді

Иран жері ауқымды су шекараларына, яғни солтүстігінде Каспий теңізі, оңтүстігінде Парсы шығанағы мен Оман теңізінің болуына байланысты бірегей балық шаруашылығы мен суда тіршілік ететін жануарларға ие. Иранның оңтүстігіндегі суларында декоративті балықтардың мол қоры бар. Олардың көбі экспортталады. Әлемдегі барлық декоративті балықтардың 25 пайызы маржан рифтерінде тіршілік етеді. Иранның оңтүстік жағалауларында, соның ішінде Киш аралы, Харак, Сири, Бушехр, Хормозган облысының кейбір бөліктері маржан рифтерінен түзілген. Бұл жағалаулар декоративті балықтар үшін өте жақсы пана болып табылады. Иранда әлемдегі декоративті балықтардың жүздеген түрінің ішінен 80 түрі жергілікті балық саналады. Жыл сайын елдің оңтүстік өңірлеріндегі тұзды және тұщы суларда тіршілік ететін декоративті балықтың ондаған тоннасы басқа елдерге экспортталады. Мысал ретінде Киш аралының әдемі жағалауларын атауға болады.  Ол – табиғи аквариум. Одан декоративті балықтардың әр алуан түрін көруге болады. Бұл балықтардың қатарында «Әтеш балық» деп аталатын улы балық бар. Бұл балық ауланған соң жартылай су толтырылған пластикалық пакетке салынып, Италияға жіберіледі.

Киш аралының табиғи аквариумы

Аквариум жасау декоративті балықтар жинауды жақсы көретіндер үшін ең тартымды сауық түрі болып саналады. Әлемдегі адамдардың көбі мұхиттардағы ғажайыптардың бір бөлігін өз үйлеріне алып келуге қызығады. Кейбір қымбат балықтарды сатып алу үшін айтарлықтай қаражат кететіндігіне қарамастан, олар қызық үшін ақша жұмсайды. Сол себепті әлемдегі декоративті балықтардың экономикалық құндылығы жылына бірнеше миллиард долларға бағаланады. Декоративті балықтарды топырақ, металл, пластика, бетон және шыны ыдыстарда (бассейндерде) көбейтіп, өсіруге болады. Бұл бассейндердің әрқайсысының артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Бүгінде адамдардың аквариум мен декоративті балықтар ұстауға қызығушылығы артқаннан бері оларды өсіру үй жағдайында, өнеркәсіптік көлемде және декоративті балықтармен айналысатын арнайы компаниялар аясында жүзеге асырылады. Осылайша декоративті балықтарды көбейтіп, өсіруге қызығатындарға жағдай жасалады.   

Иранда декоративті балықтарды көбейтіп, өсіру шаруашылығы жарты ғасыр бұрын басталған. Осы салада жұмыс істейтін ирандық белсенділер қолайлы цехтар ашып, қауіпсіздік шарттарын сақтау арқылы әртүрлі декоративті балықтарды көбейтіп, өсіре алды. Осы уақытқа дейін декоративті балықтардың жергілікті емес 200 түрі ирандық белсенділер тарапынан көбейтілді. Көбейтіліп, өсірілген балықтардың басты түрлері – қызыл балық, тірі шабақ туатын балықтар, цихлид, гурман, тетр және ине балықтар. Иран жылына 200 млн дана декоративті балық өндіріп, оларды ішкі және сыртқы нарықтарға шығарады. Түркия, Әзірбайжан, Армения мен Ирак Иранның декоративті балықтарын экспорттайтын нарықтардың қатарына жатады. 

Иран – «Люк Клоун» сияқты тұщы суда тіршілік ететін балықтарды көбейтетін елдердің бірі. «Люк Клоун» – осы топқа жататын балықтардың ішіндегі ең танымалы. Балықтардың бұл түрінің түсі өте әдемі, қимыл-әрекеті мен жүзгені өте қызық. Егер декоративті балықтардың бұл түрінің мінез-құлқымен таныс болмасаңыз, ол су түбінде бір қырындап жатқан кезде «өлді екен» деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Оның жүзгені де көруге тұрарлық. «Люк Клоун» балығы әртүрлі қалыпта кейде шиыршық атып,  кейде вертикалды бағытта жүзеді.

Декоративті балықтар

Су астындағы таңғажайып әлемге қызығушылар аквариумды әрлеу үшін тек декоративті балықтарды ғана қолданып қоймайды, маржан жарлауыттарын да пайдаланады. Ол да су асты әлемінің ғажайыбы. Әлемнің ауқатты адамдары дүниенің жер-жеріндегі өздерінің үйлері мен дүкендерін көркемдеу үшін маржан рифтерін пайдаланады. Маржандар шамамен 540 млн жыл бұрын бір су жануары мен бір жасушалы өсімдіктің кейбір күрделі тіршілік иелерінің денесінде қосылуы арқылы жер бетінде пайда болған деген болжам бар. Маржан рифінің әрбір бөлшегі ірілі-ұсақтығына байланысты 350 долларға бағаланған.   

Теңіз өсімдіктері – Ирандағы экономикалық құндылығы жоғары әлеуеттердің бірі. Әлемнің түкпір‑түкпірінде жылына 4 млн тонна теңіз өсімдігі егіліп, өсіріледі. Осыған орай Иранның теңіз балдырлары әлемдік нарықтағы тамақ жасау және фармацевтика өнеркәсіптерінде ерекше орынға ие. Қытай мен Жапония – Иранның теңіз балдырларын сатып алатын негізгі елдер.

Жұмыс орнымен қамту және валюта тартуға қолайлы болуына байланысты Иранның балық шаруашылығындағы басшылар декоративті балықтарды өндіру, көбейту және өсіруге инвестиция салуды күн тәртібіне қойып отыр. Соңғы жылдары елдің тұзды суларында тіршілік ететін декоративті балықтардың кейбіреуі, мысалы «Люк Клоун» балықтары мен маржан рифтерін көбейтіп, өсіру жолға қойылды. 80 жергілікті, 200 жергілікті емес түрге ие Иранның декоративті балықтар шаруашылығында бұрынғыдан да көбірек инвестиция салынған жағдайда осы саладағы жаһандық саудада ауқымды орынға ие болу мүмкіндігі бар.      

Тегтер