Иранның танымал тұлғалары (130)
Бұл бағдарламада Иранның ойшылдары мен сопыларының бірі Әли бен Осман Ходжвири жайлы сөз қозғаймыз.
"Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар" атты бағдарламамыздың келесі бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Бұл бағдарламада өткен тақырыпты жалғастырып, Иранның ойшылдары мен сопыларының бірі Әли бен Осман Ходжвири жайлы сөз қозғаймыз. Ол Иран мен Үндістанда ерекше танымал болып, екі елде де сопылық пен мистика саласында көптеген жақтасқа ие болды. Әли Ходжвири Үндістан түбегінде «Қазына сыйлаушы дана» деген атпен танымал болған. Оның Лахордағы кесенесі жақтастары мен шәкірттерінің зиярат ететін жеріне айналған.
Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, Абулхасан Әли бен Осман Ходжвири х.қ.ж.с.б. шамамен 4 ғасырдың аяғы немесе 5 ғасырдың басында Ғазнавилер билік құрған жылдары, сұлтан Махмұд Ғазнавидің патшалығы кезінде Ғазнаның Ходжвир ауданында дүниеге келген. Ходжвири өз заманындағы мәдени орталықтарда көтерілген тақырыптар мен ғылымдардың көбі жайлы естіп, оқып, жақсы таныс болған. Ол Құран, хадис, тәпсір, фикх пен діни теологияны туған жері Ғазнада үйреніп, артынан білім іздеп сапарға шығып, көптеген шейхтермен жүздесіп, солардан тәлім алған. Осы сапарлар барысында ливандық шейх Абулфазл Хатлимен танысып, оны өзінің пірі, жетекшісі етіп таңдаған. Ходжвиридің соңғы тұрағы Лахор қаласы болды. Иран мен Үндістанның шекарасында орналасқан қалада оған "Кашф ул-Махджуб" кітабын жазуға немесе толықтыруға мүмкіндік туды.
"Кашф ул-Махджуб" кітабы арқылы Ходжвиридің Лахорда қоныстанбас бұрын Үндістан мен Пәкістанның көптеген қалаларын аралап, сол жерлердегі ойшылдармен кездесіп, үндістердің әдет-ғұрпы, рәсімдері, мәдениеті мен наным-сенімдерімен толық таныс болғанын түсінуге болады. Ол осы сапарлардан кейін Лахордан қоныс теуіп, бұл маңның адамдарының бәрі шәкірті болған.Ходжвиридің Лахорда өмір сүрген жерінде қазір оның мазары орналасқан.
Ходжвиридің қай жылы Лахорға келгені беймәлім. Тарихшылар мен тазкере-өмірбаян жазушылар осыған қатысты әртүрлі рауаяттар, тіпті кейде бір-біріне қарама-қарсы мағлұматтар береді.
Пәкістанның ұлы ақыны Экбал Лахури Ходжвиридің Пенджаб жеріне келгені туралы өлең шығарып, Ходжвиридің Пенджабқа келуінің бұл аймаққа өмір мен қуаныш сыйлағанын айтқан:
Пенджаб жері оның демінен тірілді,
Біздің таңымыз оның мейірімділігінен жарқырай түсті.
Құранның қорғаушысы еді.
Бір қараса, үй түгел қирайтын.
Ғашық және ғашықтық құстарының шабарманы еді.
Түр-тұлғасынан ғашықтық құпиялары мәлім болатын.
Ходжвири Лахорға көп қызмет етіп, көп шәкірт тәрбиеледі. Үндіс тарихшылар да Ходжвиридің әсіресе ислам дінін таратуға көп қызмет еткенін мойындаған. Kanhaiyalal "Лахор тарихы" атты кітабында: "Ол Ислам дінін таратуға көп күш жұмсады",-деп жазды. Гениш Дас "Пенджаб бағы" атты кітабында: "Сол заманда үндіс гуджараттықтар Лахорға жақын маңда өмір сүретін. Олар Ходжвириге сеніп, исламды қабылдады",-деп жазды. Моулави Ноуахмад Чешти "Чешти зерттеулері" деп аталатын кітабында: "Ходжвири Лахорға жеткен кезде Пенджаб билеушісінің орынбасары раджа Рай оның шәкіртіне айналып, мұсылман болды. Оған "Үнді шейхі" деген ат берілді. Оның ұрпақтары әлі күнге дейін Ходжвиридің кесенесінде қызмет етеді",-деп жазған.
Ходжвиридің қайтыс болған жылы туралы да пікір қайшылығы бар. Оның қайтыс болған уақытын х.қ.ж.с.б. 465-469 жылдар аралығы деп алуға болады. Алайда оның Захираддоуле сұлтан Ибрахим бен Масуд бен Махмуд Ғазнавидің кезінде қайтыс болғаны анық. Оның мазарын сұлтан Ибрахим салдырған. Ходжвиридің Лахордағы кесенесі бағзы заманнан осы күнге дейін жалқы мен жалпының зиярат ететін жеріне айналған. Ұлы шейхтер қай заманда болса да, оның кесенесінен рухани нәр алған. Дарашокух "Ғибратнама" кітабында осы жайлы: "Халықтың қалың легі бейсенбі күні кешке нұрлы адамның кесенесін зиярат етуге барады. Оның кесенесін қырық күн, қырық түн үздіксіз айналса, кез келген тілектің орындалатыны туралы сенім бар",-деп жазды. Мүфти Әлиеддин Лахури де осы жөнінде: "Әрбір бейсенбі күні кешке және жұма күні мыңдаған адам зиярат ету үшін нәзр әкеліп, одан тілектерінің орындалуын сұраған",-деп айтқан.
Ходжвиридің соңғы туындысы саналатын "Кашф ул-Махджуб" кітабынан оның басқа 9 туындысының болғанын түсінуге болады. Алайда олардың ешқайсысы бізге жетпеді. Оның кейбір туындылары ұрланған немесе басқа біреулер оның туындыларын өз атына жазып алған. Ходжвири осындай ұрлықтар қайталанбас үшін "Кашф ул-Махджуб" кітабының әртүрлі жерінде өзінің атын атап отырған. Ходжвири "Кашф ул-Махджуб" кітабында өзінің ұрланған кітаптары жайлы жазған.
Ходжвиридің өлеңдер жинағы болған. "Кашф ул-Махджуб" кітабында "Біреу бұл кітапты өз атына жазып алды" деп жазылған. Алайда Ходжвири бұл туындының тілі туралы ештеңе жазбаған. Біз оның өлеңдер жинағының араб немесе парсы тілінде болғанын білмейміз. "Фәнилік пен бақилық" кітабы, "Асрар әл-харқ уа әл-муванат" кітабы немесе "Кашф ул-Махджуб" кітабын редакциялаушы Жуковский сыртқы және ішкі ағымдардың әдет-ғұрыптарын баяндауға арналған "Асрар әл-харқ уа әл-мулуванат" кітабын қазір қолымызда жоқ Ходжвиридің туындысы деп атаған.
"Минхаджеддин" де Ходжвиридің келесі бір кітабының атауы. Онда сопылықтың жолдары мен Соффа сахабаларының (Мединаға көшкеннен кейін ән-Нәби мешітінде өмір сүрген Ислам пайғамбарының бір топ серігі) мінез-құлықтары туралы баяндалып, Хосейн бен Мансур Халладждың өмірбаяны келтірілген. Алайда бұл кітапты та Ходжвиридің өлеңдер жинағы сияқты біреу өз атына жазып алған. "Иман" атты кітапта иман мен шейхтердің наным-сенімдері дәлелденіп жазылған. Сондай-ақ, "Шарх-е калам-е Мансур" кітабы х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген атақты сопы Хосейн бен Мансур Халладждың өлеңдерін баяндауға арналған. Бұл екі туынды да біздің қолымызға жеткен жоқ.
"Кашф ул-асрар" деген шағын трактат Ходжвириге телінеді. Алғаш рет бұл трактат Лахорда 8 бетте басылып шыққанға ұқсайды. Бұл туынды бірнеше рет урду тіліне аударылып, жарық көрді. Зерттеушілердің көбі бұл трактатты Ходжвиридің туындыларының қатарына жатқызып, оған сілтеме жасаған. Мұндай жағдайда трактаттың мазмұнының өзі мұның жалған екенін көрсетеді. Трактат үнді стилінде жазылған. "Кашф ул-Махджуб" кітабының прозасы Саманилер заманының алғашқы кезеңіне тиесілі. Бұл екі туындының тілін бір-бірінен оңай айыруға болады. "Кашф ул-асрар" трактатының авторы өзінің шашыраңқы ойларын атақты сопы арқылы жарнамалауға және өзі үшін сопылық дәреже мен атақ алуға талпынған. Осы кітапта қолданылған сөз тіркестері, есімдер мен сөздердің көбі оның Ходжвиридің прозасы мен сол заманда қолданылған тілден қатты айырмашылыққа ие екенін көрсетеді.
Ходжвири өмірінің соңғы жылдары Лахорда тұрған шағында жазылған "Кашф ул-Махджуб" кітабы оның замандасы Абусаид әл-Ходжвиридің қойған сұрақтарына жауап ретінде жазылған. Бұл кітап – шариғат пен тариқат, хақиқат пен таным туралы мәселелердің құнды қазынасы. Бұл кітап – әулиелер мен сопылардың өмірбаяндары мен таза тағылымдары сақталған құнды қойма. "Кашф ул-Махджуб" – мистика мен сопылық жайлы парсы тілінде жазылған алғашқы кітап. Бұл кітап шейхтердің өмірбаяндарының жиынтығы ғана емес, сопылықтың ең толық жүйесі, мистика саласындағы ең маңызды туынды болып саналады.