Илаһи жетекшілер (23)
Өткен бірнеше бөлімде Ислам тарихындағы ең маңызды әрі айрықша оқиғалардың бірін, яғни, Пайғамбардың (с.ғ.с) Ғадир Хомда Әлиді (ғ.с) илаһи бұйрықпен Ислам үмбеті мен халифаттың басшылығына тағайындағанын, сонымен қатар, Ғадир Хомда Пайғамбардың өз аузынан айтылған құтпасының бірқатар бөлімін баяндалық. Бүгінгі бөлімде сіздерді Ғадир Хом оқиғасының басқа жайттарымен таныстырамыз.
Ғадир Хом оқиғасын жалпы тұрғыдан қарайтын болсақ, Ғадир Хом жай ғана оқиға емес, бұл адамзат баласы тарихында жалғасып келе жатқан қозғалыс саналады. Себебі, адамдардың ақырғы тағдыры адамзат қоғамының басшылығы мен жетекшілігі атты ұғымдармен тығыз байланысты. Егер хазірет Әли (ғ.с) Құдай оған берген жоғары мансапқа тағайындалғанда, күмәнсіз, ол хазірет Исламның Ұлық пайғамбарының (с.ғ.с) қазасынан кейін қоғамға жетекшілік ету жауапкершілігін өз мойнына алатын еді. Тек ислам үмбетінің жетекшілігін ғана емес, сондай-ақ, әлемдік қауымдастықты да илаһи тура жолмен күннен-күнге артатын бақыт пен кемелдікке жетелейтін еді.
Әли (ғ.с) хазіреттің Құдай мен пайғамбардың (с.ғ.с) жанында жоғары мәртебеге ие болғаны соншалықты, Пайғамбар (с.ғ.с) Ғадир Хом құтпасында: "Уа, халайық! Құдайдың Әли ибн Абуталибті (ғ.с) басқа адамдардан артық көргені анық. Алла Тағала бізге ризығын беріп, жаратқандардың ішінен бір адам қалғанға дейін Әли адамдардың ішіндегі ең абзалы, ең игісі, менен кейінгі ең маңызды адам болып қалады. Уа, халайық! Оның жолынан адасып кетпеңдер, одан теріс айналмаңдар, оның діни жетекшілігіне қарсылық білдірмеңдер. Себебі, ол ақиқатқа бағыт көрсетуші, ақиқатты жүзеге асырушы және жалғанды жойып, оны тежеуші саналады. Ол Құдай мен оның пайғамбарына иман келтірген алғашқы адам саналады. Маған иман келтіруде одан ешкім озған жоқ. Ол Алла елшісінің өмірін құтқару үшін өз жанын пида етті. Ол барлық шарықтаулар мен құлдырауларда Пайғамбардың (с.ғ.с) жанынан табылды. Одан басқа ешбір ер илаһи елшімен бірге Құдайға ғибадат етпеді. Сондықтан, халайық, оның бәрінен артық адам екенін біліңдер. Себебі, Құдайға оған артықшылық берді. Оның діни жетекші екенін қабылдаңдар. Алла оны осы мансапқа лайық деп тағайындады",- деді.
Пайғамбар (с.ғ.с) Әлидің (ғ.с) бойындағы ерекшеліктер мен қасиеттерден бөлек түйінді әрі негізгі қасиетті атап: "Оның бойына осы артықшылықтар мен басымдықтарды Құдай дарытты. Алла оны ислам үмбетінің имамы мен діни жетекшісі мансабына тағайындады",- деді. Алла елшісінің (с.ғ.с) айтқан сөздері басқалардың бойында осындай ерекше әрі дара артықшылықтар мен қасиеттердің жоқ екенін білдіреді. Сонымен қоса, жоғары мәртебелі имам, яғни діни жетекшілікке тек Құдайдың өзі тағайындайды. Басқалар бұл мәселеде ешқандай рөл атқара алмайды, әсер ете де алмайды. Бұдан басқа кез келген әрекет Құдайдың еркі мен қалауына қарсы саналады.
Алланың елшісі (с.ғ.с) өз құтпасының жалғасында қоғамға жетекшілік етуді мойнына алғысы келетін адамның бойында болуы қажет екі қасиетке, яғни білім мен тақуалыққа сілтеме жасап: "Уа, халайық! Менің бойымда Құдайдың маған үйреткен білімінен басқа білім жоқ. Маған үйретілген барлық білімді Әли мен оның тақуа перзенттеріне үйреттім. Ол нағыз имам саналады. Құдай Иасин сүресінде оны "айқын имам", яғни "ашық Кітап" деп атап: "Әр нәрсені ашық бір Кітапта түгендеп қойдық",- деді (Иасин сүресі, 12 аят).
Осы шарықтаудағы көңіл аударарлық келесі нәрсе мынада: имамның бойындағы білім оқудың нәтижесінде пайда болған білім емес. Бұл пайғамбарлар мен шиіттік имамдардан басқалар одан кенде илаһи білімнен бастау алатын туа біткен білім саналады. Құдай мұны келесі сөзімен түсіндіреді: "Әр нәрсені ашық бір Кітапта түгендеп қойдық" (Иасин сүресі, 12 аят).
Сондай-ақ, тек пәк, күнәдан таза адамдар ғана туа біткен табиғи және Құдай дарытқан білімге лайық саналады. Алланың елшісі (с.ғ.с) осыған тоқталып: "Құдай маған берген барлық білімді Әли мен оның тақуа перзенттеріне үйреттім",- деген.
Осы жоғары қасиетті баяндағаннан кейін пайғамбар (с.ғ.с) сөзінің жалғасында: "Уа, халайық! Әли (ғ.с) маған бәрінен артық көмектесті. Ол сендердің араларыңдағы маған ең жақын, ең ғазиз адам. Құдай және мен оған дән ризамыз. Құран Кәрімде Алланың тек Әлиге разылығына байланысты аят түсірілді. Құдай Құранның кез келген жерінде иман келтіргендер жайлы сөз айтқанда алдын-ала Әлиді меңзейді. Құдай «әл-Инсан» сүресінде жұмаққа тек оның лайық екенін растап, оған осыны уәде етпеді ме? Бұл сүре Әлиден басқа ешкімге қатысты түсірілген емес, одан басқа ешкімді мақтамады",- деді.
Пайғамбар (с.ғ.с) Ғадир құтпасында хазірет Әлидің (ғ.с) бойындағы басқа да қасиеттеріне тоқталып, Құдай мен пайғамбардың (с.ғ.с) Әлиге (ғ.с) разылығын айтып: "Құран Кәрімде Жаратқанның разылығы туралы Әлиден (ғ.с) басқа ешкімге аят түсірілген жоқ",- деді. Исламның Ұлық пайғамбары (с.ғ.с) саралап өткен Әлидің (ғ.с) бойындағы басқа игі қасиеттердің біріне байланысты: "Құранда мүміндер жайлы айтылған кезде Әлидің (ғ.с) жүзі жарқырап тұрады",- деді. Осындай ашық та айқын сөздерге қарамастан, Пайғамбар (с.ғ.с) басқалардың қате әрі мансапқұмар дәлелдер мен тұжырымдамалар жасауына жол бермей, имаматтың басына тек оның әулетінің мүшесі ғана отыратынын көрсету үшін "Ғадир" атты тарихи құтпасының келесі бір бөлімінде: "Уа, халайық! Ол – менің дінім үшін ақы төлеуші, менің хақымды қорғаушы. Ол күнәдан таза, пәк және жетекшілік ететін адам. Оның пайғамбары – пайғамбарлардың ішіндегі ең игісі. Ол (Әли) – менің ең ізгі орынбасарым. Әрбір пайғамбардың ұрпағы оның өзінің тұқымынан тарайды. Бірақ менің ұрпағым Әлидің (ғ.с) тұқымынан тарайды",- деген.
Содан кейін пайғамбар (с.ғ.с) Әлидің (ғ.с) бойындағы дара қасиеттерінің өзі айтқанымен шектелмейтінін көрсету үшін Ғадир құтпасының жалғасында: "Уа, халайық! Әлидің (ғ.с) ізгіліктері мен Құдайдың Құранда оған арнағандарының барлығын бір жиында баяндау мүмкін емес. Сондықтан, кімде-кім сіздерді Әлидің (ғ.с) басқа ізгі қасиеттерімен таныстырса, оны растаңдар",- деп айтты.
Осы маңызды әрі тарихи сәтте уәһи періште тағы да жерге түсіп, мына аятты жеткізді: "Бүгін кәпірлер діндеріңнен (тосудан) күдер үзді. Олардан қорықпаңдар, Менен қорқыңдар. Бүгін діндеріңді толықтастырдым және нығметімді тамамдадым. Сондай-ақ, сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым" (Мәида сүресі, 3-аяттың бір бөлігі).
Бұл аятқа қатысты бірнеше негізгі жайт бар: біріншіден, Құдай кәпірлердің бүгінде сендердің діндеріңнен күдер үзгенін айтты; екіншіден, Алла Тағала: "Бүгін дінді толық кемелдікке жеткізіп, өз нығметімді сендер үшін тәмамдадым», «Исламды сендер үшін дін ретінде таңдадым",- деді.
Мұсылман зерттеушілері мен ойшылдарының басым бөлігі Ғадир Хом оқиғасының осындай маңызды жайттарына байланысты егер Ғадир Хомда илаһи бұйрықпен Әли (ғ.с) пайғамбарлардың қозғалысын жалғастырып, Ислам мен Құранды қорғау үшін имам әрі діни жетекші және пайғамбардың орынбасары ретінде тағайындалмағанда, Ислам діні толық емес күйде қалып, кемелдікке жетпейтін еді. Алайда илаһи әмір мен Пайғамбардың (с.ғ.с) тағдыр шешуші әрекетінің арқасында Құдай өзінің үлкен нығметін тек мұсылман үмбетіне ғана емес, сондай-ақ адамзат баласы үшін тәмамдады. Жаратқанның разылығымен пайғамбарлық кезең аяқталғанда Исламның өмірлік сәулесі өшетінін тосып отырған күпір билеушілер үміттерінен айрылады. Әсіресе, Алла Тағала өз елшісінің (с.ғ.с) пайғамбарлық кезеңі басталғанда оған қуанышты хабарын жеткізді: "Өйткені, Ол елшісін туралық және хақ дінменен бүкіл діндерге басым болсын деп жіберген. Егер мүшріктер жақтырмаса да" (Тәуба сүресі, 33-аят); "Ол сондай Алла, дінін бүкіл діндерден үстем қылу үшін Пайғамбарын туралық әрі хақ дінмен жіберді. Куәлік тұрғысынан Алла жетіп асады" (Фатиха сүресі, 28-аят); "Ол сондай Алла, мүшіріктер жек көрсе де дінін бүкіл діндерге үстем қылу үшін Елшісін туралықпен хақ дінмен жіберді (Сафф сүресі, 9)".
Ғадир Хомдағы салтанатты рәсім аяқталғаннан кейін Пайғамбардың (с.ғ.с) қатысуымен мұсылмандар бір-бірлеп шаттық пен қуанышқа толы кеңістікте Әлидің (ғ.с) билігін мойындап, оған бағынуға ант берді. Омар ибн Хаттаб Ғадир Хомдағы мұсылмандармен келісіп, Пайғамбардың (с.ғ.с) жанына келіп, Әлиді (ғ.с) құттықтады. Осылайша мұсылмандар жарқын болашаққа деген үмітке толы жүректерімен өз қалалары мен аймақтарына жол тартып, Ғадир Хом оқиғасының тағдырды шешуші жолдауын мұсылман мемлекеттерінің басқа жерлеріне таратты.
Алайда осы тәтті әрі естен кетпес оқиғадан біршама уақыт өтпей жатып, пайғамбардың ауруға шалдыққаны туралы жағымсыз хабар бүкіл Медине қаласында таралады. Бір топ билікқұмар адамның илаһи бұйрыққа қарамастан Әлиді (ғ.с) ислам қоғамының діни жетекшілігі және басшылығынан алыстатуды көздеп отырғанын білген Пайғамбар (с.ғ.с) бір шара ойластырып, жас Усаманың басқаруымен Рим империясымен шайқасу үшін әскер жабдықтап, жолға шығуға бұйрық береді. Бірақ билікке шөлдеген адамдар пайғамбардың (с.ғ.с) бұл бұйрығына қарсы шығып, Құран Кәрімдегі: "Алла мен оның пайғамбарына бағыныңдар" деген анық бұйрыққа бағынбай, пайғамбардың (с.ғ.с) сырқаттануын сылтауратып, Усама әскерінің жолға аттануына тосқауыл жасайды. Сөйтіп, олар іс жүзінде пайғамбарға (с.ғ.с) бағынбаушылықтың туын көтереді. Біртіндеп пайғамбардың (с.ғ.с) сырқаты асқына түседі. Алланың елшісі Ғадир Хом оқиғасына қарамастан, Әлидің қарсыластарының қастандықтарын бейтараптандыру үшін соңғы рет Әлидің (ғ.с) ислам үмбетінің имамы, діни жетекшісі және өзінің орынбасары ретінде тағайындалғанын жазбаша құжат ретінде рәсімдеу мақсатында одан қалам мен қағаз әкелуді сұрайды. Алайда сол мезетте бір топ адам айқай-шу шығарып, пайғамбарға (с.ғ.с) қағаз бен қалам әкелуге жол бермейді.
Осылайша, нәтижесінде ислам үмбеті үшін күңгірт әрі беймәлім келешек әкелген пайғамбардың (с.ғ.с) бұйрығына бағынбаудың дәні егіліп, кейбір адамдар ислам қоғамын басқарудағы Әлидің (ғ.с) жоғары әрі теңдессіз игіліктері мен қасиеттерін мойындамады (Сахих Бұхари; 1-том: 5345).