Ақп 17, 2018 16:50 Asia/Almaty
  • Тәкфиршіл ағымдардың идеологиясы мен әрекеттерінің негіздеріне шолу 20

Сүннит ғұламарының көбі ваххабизм мен тәкфиршіл топтардың пікірлері мен әрекеттерінің Ислам дінінің әділет пен бейбітшілік талап ететін тағылымдарына қайшы екендігін қуаттады.

Тунистің ән-Нехзат қозғалысының басшысы Рашед әл-Ғануши ДАИШ-тың аймақтағы әрекеттеріне тоқталып: «Бұл топ АҚШ пен Батыстың Ирактағы әскери араласушылығының салдарынан құрылды»,- деді. Ол бұл топтың діни тағылымдармен қатыстылығын теріске шығарып: «ДАИШ тобының әрекеттері Ислам дінінің рақымшылық пен әділет сынды құндылықтарына күдік-күмән тудырды. Бұл топ өзінің қате көзқарастарымен шын мәнінде тек талан-тараж бен қатыгездікті арттырды»,- деді. Келіссөздерді қабылдамау тәкфиршіл лаңкестік топтардың ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Тәкфиршіл ағымдардың негізгі идеологтарының бірі Абдолла Азам: «Келіссөз бен диалог емес, тек – жиһад пен қару»,- деп қуаттаған болатын. Ваххабизм мен тәкфиршіл топтардың идеологиялық негіздері жалған болғандықтан, олар ешбір келіссөз бен пікірталасты қабылдамайды. Олар тек семсерді қабылдайды. Олардың идеологиясын қабылдамайтын кез келген адамды кәпір санап, оны өлтіруге рұқсат береді. Сондықтан басып алған қалалар мен ауылдарда қарсыластарын азаптап, адамдардың арасында үрей мен қорқыныш тудыруға талпынады.

Тәкфиршіл ағымдардың негізгі идеологтарының бірі Абдолла Азам

Құран Кәрім «Наһл» сүресінің 125-ші аятында Алла Тағала пайғамбарға даналық пен жақсылық арқылы адамдарды соғыс пен қырып-жоюға емес, Алланың жолына шақыруды насихаттап: «Адамдарды  Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес. Күдіксіз, Раббың тура жол тапқандарды да жақсы біледі»,- деді. Құран Исламға сөзбен шақыруға насихаттағанымен, тәкфиршіл топтар басқалармен келісімге келу үшін келіссөз тілін пайдалануды қабылдамайды. Олардың пікірінше, үгіт-насихат арқылы мұсылман болуды қабылдамаған адамды өлтіру керек. Мәдени шаралар мен сұхбат жүргізетін уақыт өтті. Олар зорлық-зомбылықтарын Құран және дінмен ақтайды. Сондай-ақ, олардың ойынша, өздері мен қарсыластарының арасына тек семсер мен қару ғана төрелік ете алады. Сондықтан, олар қырып-жою және зорлық-зомбылық жасаумен айналысуда. Зорлық-зомбылық жасап, қорқынышты  түрде өлтіру Ирак пен Сирия және әлемнің басқа жерлеріндегі ДАИШ пен басқа тәкфиршіл топтардың стратегиясының бір бөлімі болып табылады. Олар өздерінің үрей мен қорқыныш стратегиясы бойынша, мұсылмандар  мен діни азшылықтар мен қарсыластарын басып-жаншуда. Тәкфиршіл ағымдар өз мақсаттарын ілгерілету үшін көп адамды өлтірді. Олар өздерінің адамдарды жабайы түрде өлтіруін баспасөз және әлеуметтік желілер арқылы жұрт назарына ұсынды. Тәкфиршіл топтар осылайша өз қылмыстарын таратып, өздерін табысты етіп көрсетпек. Бұл суреттер мен бейнематериалдар көбінесе жазықсыз әйелдер мен балардың немесе қорғансыз азаматтардың еш күнәсіз өлтірілгенін көрсетеді. Бұл суреттер Ирак пен Сирияның жазықсыз халқының әртүрлі тәсілдермен, соның ішінде дарға асу, бауыздау, танкпен басу, биіктіктен құлату, өртеу, суға батыру, жарақаттау, азап-қорлық көрсету және т.б. тәсілдермен өлтірілетінін көрсетеді.  Тәкфиршіл топтар шиіттерге қатысты қылмыстарын асқан рақымсыздықпен іске асырады. 

Тәкфиршілер қылмыстары

Принстон университетінің Таяу Шығыс мәселелерінің ұстазы Кул Банзел Ирак пен Сириядағы ДАИШ-тың шиіттерді қырып-жоюының себебін Ирактағы әл-Қаида басшыларының бірі Абумусааб Зарқавидің шиіттер туралы идеологиясынан бастау алады деп санайды. Зарқави 2004-ші жылдың ақпан айында әл-Қаиданың басшысына арналған хатында шиіттердің қатерін америкалықтардың қатерінен қауіпті деп атап: «Бұл қатерді тек соғыс және қырып-жоюмен ғана жоюға болады»,- деп қуаттады. Құранның мұсылман және мұсылман емес адамдарды қырып-жоюды қатты айыптауына қарамастан тәкфиршіл топтар қылмыстарын іске асыруда. «Мәиде» сүресінің 32-ші аятында: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық»,- деп айтылған. Құран мұсылмандардың қырылып-жойылуы туралы «Ниса» сүресінің 93-ші аятында: «Кім бір мүмінді әдейі өлтірсе, оның жазасы ішінде мүлдем қалатын тозақ болады. Сондай-ақ, оған Алланың ашуы, қарғысы болып және оған зор қинау әзірлеп қойған»,- деді. Бұл аят бойынша мұсылманды қасақана өлтірген адамды Алла Тағала ауыр жазалайды. Бұл аяттың екпіні мен мазмұны Алланың мұсылманды өлтірген адамға ызаланатынын көрсетеді. Бұл өте ауыр жаза. Өйткені, Құранда басқа ешбір күнә үшін мұндай ауыр жаза қарастырылмаған деп айтуға болады. 

Ислам - бейбітшілік діні

Ислам тарихында Исламның ұлық пайғамбары Хейбар соғысынан оралған соң Асаме бен Зейдті бірнеше адаммен еврейлерді Исламға шақыру үшін бір аймаққа жібергені туралы айтылған. Исламға бет бұрған еврейлердің бірі мұсылмандарды қарсы алуға шығады. Асаме бұл еврей жаны мен мүлкін сақтап қалу үшін ғана Исламға бет бұрды деп күдіктенеді. Яғни, Асаме бұл еврей негізінде мұсылман емес. Сондықтан, оны өлтіріп, мүлкін әскери олжа ретінде алып кетуге болады деп ойлады. Бұл хабар Исламның ұлық пайғамбарына да жетеді. Хазірет қатты реніш білдіріп: «Асаме!  Сен бір мұсылманды өлтірдің»,- дегенде Асаме: «Ол адам Исламды қорыққанынан қабылдады»,- деп жауап берді. Пайғамбар: «Сен қайдан білесің? Оның ойында не барын қайдан білдің, мүмкін шынайы мұсылман болған шығар?!»,- деді. Сол кезде «Ниса» сүресінің 94-ші аяты жіберілді. Бұл аятта мұсылмандарға Исламды қабылдағысы келетін адамға:  “Мүмін емессің” демеңдер, оларды құшақтарыңды жайып, қарсы алыңдар. «Әй, мүміндер! Алла жолында (соғысқа)  шықсаңдар, өте анықтаңдар. Сәлем  бергенді дүние-мүлікке қызығып: “Мүмін емессің” демеңдер. Өйткені, Алланың қасында көптеген олжалар бар. Бұрын сендер де сондай едіңдер. Алла (Т.) сендерге қамқорлық етті. Сондықтан өте-мөте анықтаңдар. Шәксіз, Алла істеген істеріңді біледі».  Бұл екі аят («Ниса» сүресінің 93-94-ші аяттары) маңызды жайттарға назар аудартады. Бұл аяттың біреуінде мұсылмандарды өлтірудін ауыр жазасының бар екені, екіншісінде мұсылмандарды кәпір санауды қабылдамай, мұсылмандарды өлтіру туралы: «Менен кейін кәпірлікке оралмаңдар. Біреулер сені бауыздамасын және сендер де басқаларды бауыздамаңдар»,- деген. 

 

 

 

Тегтер