Ақп 22, 2018 01:44 Asia/Almaty
  • Иран базары (25)

Балық шаруашылығы: суық және жылы суларда өсірілетін балықтар Оңтүстік пен солтүстікте 6 мыңға жуық теңіз шекарасы бар және су жануарларының бай қорына ие Иран табысты өнеркәсіп – балық шаруашылығына инвестиция салатын елдердің қатарына жатады. Бүгінгі бағдарламада Ирандағы осы инвестициялық мүмкіндікке тоқталамыз.

Қазіргі таңда әлем тұрғындары санының күннен күнге артып келе жатқанын ескерсек, денсаулық сақтауда тамақ пен оның сапасына көңіл бөлу аса маңызды. Су жануарларынан алынатын ақуыздың басқа еттермен салыстырғанда сапасының жақсырақ болуы, олардың жүрек пен қан тамырларының саулығына, балалардың физикалық және интеллектуалдық дамуына, егде адамдардың физикалық күші мен есте сақтау қабілетін нығайтуға тигізетін жағымды әсерлері оларды тұтынуға деген сұраныстың арта түсуіне себеп болды. Тіпті, теңізден балық аулау артқан соң су жануарларының табиғи орталардағы қоры қатерге ұшырап, олардың кейбір түрлері  жойылу алдында тұр. Сондықтан көптеген елдер теңізден балық аулаумен қоса, биотехнологияны пайдаланып, балықтардың түрлерін көбейтіп, өсірумен айналысып, өздерінің тағамдық қажеттіліктерін қамтамасыз етумен қоса, шабақтарды суға жіберу арқылы теңіздегі қорларды қайта қалпына келтіруге көмектесуге талпыныс жасап жатыр.

165 млн. шабақ Иранның Гилян облысында суға жіберілді

Оңтүстік пен солтүстікте 6 мыңға жуық теңіз шекарасы бар және су жануарларының бай қорына ие Иран табысты өнеркәсіп – балық шаруашылығына инвестиция салатын елдердің қатарына жатады. Иранның бұл саладағы жұмысы шамамен бір ғасыр бұрын бекіре балықтарын көбейтумен басталды. Бүгінде елдің әртүрлі жерлерінде балық көбейтіп, өсіруге арналған жүздеген орталық пен тоғанның болуына байланысты Иранның балық өсіру шаруашылығы әлемде тиісті орынға ие болып отыр. Тіпті, бұл шаруашылықта жұмыс істеу жылына жүздеген мың тонна әртүрлі балық өндіріп, елден тысқары нарықтарға шығаруға себеп болды. Жылы және суық суда өсетін балықтар мен асшаян Иранның балық шаруашылығында басты рөл атқарады. Жылы және суық суда өсетін балықтар судың әртүрлі температураларында көбейтіліп, өсірілетін балықтардың екі басты тобы болып табылады.

Жылы суда өсетін балықтардың басты ерекшеліктерінің бірі судың  температурасы саналады. Балықтардың бұл түрі +20-30 градус аралығында жақсы өсіп, көбейеді, температура +33 градустан асса, тыныстары тарылады, +13 градустан төмен болса, ауруға шалдығады, +8 градустан төмен температурада қысқы ұйқыға кетеді. Таза әрі мөлдір суларда жылу сүйгіш балықтардың өсуінеқажет микроағзалар болмайтындықтан, мұндай балықтардың түрлері қараңғы әрі лай суларда жақсы өседі. Жылу сүйгіш балықтардың қатарына тұқы жатады. Иранда өсірілетін тұқы балықтың ең маңызды коммерциялық түрлері төртеу: кәдімгі тұқы, шөппен қоректенетін тұқы, күміс тұқы (дөңмаңдай) және қазанбас тұқы. Олар көбінесе ашық бассейндерде өсіріледі. Топырақтан жасалған бассейндердің артықшылығына балықтардың қоректік қажеттіліктерінің бір бөлігінің бассейндердің табиғи ортасынан, соның ішінде  судың түбінде тіршілік ететін жәндіктер мен бассейннің астындағы өсімдіктер арқылы қамтамасыз етілетіндігі жатады.    

Балықтарды өсіріп, көбейтуге арналған келесі орын – тор немесе себет. Балық өсірудің жүйесі ертеден басталады.  Ерте заманда балықшылар тасымалдап, базарда сатудан бұрын ауланған балықтарды сақтау үшін тордың бір түрін қолданған. Бұл тәсілде балықтар торға қамалып, су еркін түрде кіріп-шығып тұратын болған. Теңізге тор құрып, балық өсіру балықтың өзінің табиғи ортасында өсуіне мүмкіндік береді және қатты толқын болған кезде оларға ешқандай қатер төнбейді. Қазіргі таңда көптеген елдер балық өсіруде осы жүйені пайдаланады. Иранның кейбір өңірлерінде, атап айтқанда Киш аралында жылу сүйгіш балықтарды өсіріп, көбейту үшін осы тәсіл қолданылады. Иранда өсірілетін тұқы балықтар Иракқа, Әзірбайжан республикасына, Ресей мен Ауғанстан елдеріне экспортталады.

Иранда торда балық өсіру

Құбылмалы бақтақ пен қызыл теңбілді бақтақ екінші топқа, яғни суық суда өсірілетін балықтарға жатады. Әлемдік нарықта ерекше орынға ие бұл балықтар +6-19 градус аралығындағы суларда өсіріледі. Құбылмалы бақтақ  суық әрі оттегіге бай суларда тіршілік етеді. Солтүстік Американың Тынық мұхитындағы жағалаулар бұл балықтардың негізгі тұрағы саналады. Олар кейін біртіндеп әлемнің түкпір‑түкпіріндегі қолайлы жерлерге таралды. Бұл балықтың салмағы табиғи жағдайда кейбір көлдерде 9 кг-ға дейін жетеді. Қызыл теңбілді бақтақ түсі мен қалыбы тұрғысынан әралуан болып келеді. Ол тау суларына тәуелді. Иранның солтүстігіндегі Каспий теңізінде тіршілік ететін ақсерке қызыл теңбілді бақтаққа қатты ұқсайды. Оның еті өте дәмді. Ирандағы су көздері суық болуына байланысты суық сүйгіш балықтарды өсіруге қолайлы орта болғандықтан Гилян, Луристан, Орталық және Исфахан сияқты облыстарда бақтақ балығын өсіруге арналған көптеген орталықтар мен тоғандар салынған. Иранның солтүстік-батысында орналасқан Арбедиль облысы суық сүйгіш балықтарды өсіріп, көбейтуде белсенді облыстардың қатарына жатады. Бұл облыс қолайлы климат пен 400-ден астам балық өсіру тоғанының болуына байланысты осындай балық түрлері, әсіресе құбылмалы бақтақты өсіруге қолайлы жер болып табылады.

Балық өсіру торлары

Өздеріңіз білетіндей, бүгінде әлемдік нарықтарға сәтті кіру үшін халықаралық стандарттарды сақтау қажет іс болып табылады. Санкциялар салынып, Иранның әлемдік мәліметтер мен балық өсіру шаруашылығына қатысты жаңа протоколдарға қолы жетпей отырғанына қарамастан, осы саладағы ирандық белсенділер өздерінің өнімдерін сапа мен баға тұрғысынан әлемдік нарықтарда бәсекеге қабілетті етуге күш салып, өз өнімдерімен ішкі базарды қамтамасыз етумен қоса, олардың бір бөлігін әлемдік нарықтарға шығаруға талпынып жатыр. Балық өсіру орталықтары иелерінің атқарып жатқан істерінің бірі – өз өнімдеріне жеке куәлік алу. Бұл орталықтарда балықтан балаңқұрт алынып, шабақ пен балыққа айналып, тоғандарға жіберілгенге дейінгі барлық кезеңдер тіркеліп, балықтың тоғанға жіберілген күні, тоған түрі, болған мерзімі, балыққа берілген қоректің сапасы сияқты маңызды мәліметтерді көруге болатын куәлік беруге талпыныс жасалады. Тіпті, тамақтың сараптамасы мен балықтардың қоректенетін сағаттары анықталады. Осылайша экспорттық нарыққа кірер кезде сатып алушы  әлемдік стандарттарға сәйкес кодтарды көру арқылы қоректің сапасы туралы тиісті мәлімет ала алады.

Соңғы жылдары Иранның балық шаруашылығында іргелі ғылымға негізделген  компаниялардың болуы балық өсіру орталықтары иелерінің кейбір әлеуеттерін арттырды.  Бұл компаниялар балық өсіруді тұрақты түрде дамытуға қатысты жобаларды зерттеп, ұсыну арқылы осы салада жұмыс істейтін кешендерге көмектесуге тырысып жатыр.  Бұл салада жергілікті бір жасушалы балдыр түрлерін өсіру және көбейту, оларды жылу сүйгіш балықтарға беру үшін концентрациялау, суық сүйгіш балықтардың иммунитетін арттыру үшін вакцина өндіру, жергілікті негізде теңіз торларды жобалау, жасау, жөндеу және сақтау туралы техникалық-инженерлік білімге қол жеткізуге тоқталуға болады.

Бақтақ өсіру

Тұтынушыға ұсынылатын өнімдердің түрлерін арттыру тұрғысынан теңіз өнімдерін өңдеу – қосымша құн салығын арттырып, нәтижесінде көбірек табыс табуға көмектесетін әлеуеттердің бірі. Қазіргі таңда көптеген елдерде теңіз өнімдері тірі, жұмсақ ет, мұздатылған, ысталған, кептірілген, тұздалған, маринадталған, соус және консерв сияқты әртүрлі қалыптарда тұтынушыға ұсынылады. Балық ұнтағынан ондаған тағам түрін, соның ішінде  әртүрлі шұжық мен сосиска, балкүлше, крекер, орама, балықтан кәуап, тефтели, күлше, штрудель мен әртүрлі котлеттер дайындап, өндіру әртүрлі елдерде кең таралған. Осыған орай, теңіз тағамдарын дайындау өнеркәсібін зерттеу және дамыту бөлімдері мен осы саладағы компаниялар әртүрлі қалыптарда мақсатты нарықтардың талғамдарына сәйкес өздерінің өнімдеріне көбірек алуандық беруге талпыныс жасап жатыр. Ирандағы осы сала мамандары  елдегі су жануарларының алуандығын ескере отырып, ирандық өндірушілер мен компаниялардың теңіз өнімдерін өңдеуде балық ұны мен майынан бастап тағамның ондаған түрін өндіруге дейін ілгерілеуі елге валюта тартып, жоғары табыс әкеле алады деп болжап отыр.  

Тегтер