Ақп 24, 2018 13:35 Asia/Almaty
  • Илаһи жетекшілер (24)

Өткен бағдарламамызда Пайғамбардың (с.ғ.с) өмірінің соңғы сәттері жайлы әңгімеледік. Бүгінгі бөлімде осы тақырыпты одан әрі жалғастырамыз.

Барша пайғамбардың (с.ғ.с) маңынан шықпай, оның жағдайын уайымдап жүрген кезде пайғамбар көзін ашып: "Бауырымды шақырыңдар, жаныма келіп, төсегімнің жанына отырсын",- дейді. Пайғамбардың бауырым деп Әлиден (ғ.с) басқа ешкімді меңземегенін барлығы жақсы білді. Әли (ғ.с) кідірместен Пайғамбардың (с.ғ.с) жанына келеді. Ол пайғамбардың орнынан тұрғысы келгенін сезіп, хазіретке төсегінен тұрып,  өзіне сүйенуге көмектесті. Көп уақыт өтер-өтпестен Пайғамбардың (с.ғ.с) дүниеден өтетінінің белгілері байқалып, Пайғамбар (с.ғ.с) Әлидің (ғ.с) қолында жан тапсырды. Әли (ғ.с) құтпаларының бірінде осы тақырыпты қозғап: "Пайғамбар (с.ғ.с) басын менің кеудеме қойған күйде жан тапсырды. Мен бетімді сипап, хазіретті ғұсыл құйындырдым",- деді.

Пайғамбар дүниеден озғаннан кейін мұсылмандардың бетпе-бет келген алғашқы мәселесі пайғамбардың өлімін теріске шығарып, мойындамауы болды. Омар ибн Хаттаб Пайғамбардың (с.ғ.с) үйінің алдында хазірет көз жұмды деп айтқан адамдарға өліммен қоқан-лоққы жасады. Пайғамбардың (с.ғ.с) ағасы Аббас пен басқа да сахабалар оған пайғамбардың өліміне сілтеме жасалған Құран аяттарын оқып берді. Алайда ол Мәдинеден тыс жерде болған досы Әбу Бәкір жеткенше өзінің әрекетін жалғастыра берді. Әбу Бәкір: "(Мұхаммед Ғ.С.) шынында сен де өлесің. Олар да өледі",- деп жазылған «Зумәр» сүресінің 30-аятын оқып, Омарды тыныштандырды. Сол кезде Омар: "Бұл аяттар Алланың кітабында жазылған ба?",- деп сұрағанда Әбу Бәкр: "Ия",- деп жауап береді.

Әли (ғ.с) пайғамбардың (с.ғ.с) қасиетті денесін жуып жатқанда Пайғамбардың (с.ғ.с) орнын басатын адамды таңдау жөніндегі атышулы «Сақифе» оқиғасы орын алады. «Сақифе» деген тайпа істері туралы кеңесу үшін Саэде тайпасының жиналатын жері болған. Онда ансарлар пайғамбардың мұрагері жайлы өсиеттеріне назар аудармастан, хазіреттің орнын басатын халифті таңдау үшін жиналған еді. Бұл хабар Абу Убайданың құлағына жеткенде ол Әбу Бәкір және Омармен бірге Сақифа жеріне тез жетеді.

Мәдинедегі Саэде тайпасының Сақифе жиыны өткен мекен

Ансарлардың ішінде хазрадж пен аус тайпалары үнемі бір-бірімен қатты бәсекелесетін. Әбу Бәкір мен Омар Абу Убайдамен бірге осы тайпаралық келіспеушілікті пайдаланып: "Пайғамбар құрайыш тайпасынан шыққан. Сондықтан араб халқы өз билеушісінің құрайыштан басқа тайпадан болуын қабылдамайды. Себебі, олар асыл тегімен белгілі әрі араб тайпалары арасында таңдаулы саналады. Мен сендердің игіліктерің үшін бұл іске осы екі адамның бірін ұсынамын. Екеуінің бірін халиф ретінде таңдап, оған бағынуға ант беріңдер",- дейді. Сосын ол Абу Убайда мен Омар ибн Хаттабтың қолынан ұстайды. Сол сәтте ансарлардың өкілі: "Бір билеуші бізден, бірі сіздерден болсын",- дейді. Омар оған: "Екі қылыш бір қынапқа сыймайды",- деп жауап қайтарып, Әбу Бәкірге бағынуға ант береді. Аус пен хазрадж тайпалары да өздерінің бәсекелес тайпасынан халифтің сайланбағанына қуанып, Әбу Бәкірдің билігін мойындап, оған бағынуға ант береді.

Бұл оқиға Әли ибн Әбу Тәліптің серіктері мен Хашем тайпасымен бірге пайғамбарды жерлеуге дайындап жатқан кезде орын алды. Оны естіген Пайғамбардың ағасы Аббас Әлиге (ғ.с.): "Сенің билігіңді мойындап, мұсылмандардың халифі ретінде қысу үшін қолыңды бер",- дейді. Бірақ Әли (ғ.с) оның сөзіне назар аудармай: "Мен қазір пайғамбардың денесін арулап жуып, жерлеумен айналысып жатырмын",- дейді. Ұзақ уақыт өтпестен олардың құлағына тәкбір естіледі. Әли (ғ.с) Аббастан бұл жағдайдың мән-жайын сұрайды. Сонда Аббас: "Басқалар өз билігін мойындату үшін сенен басып озбақ болады деп айттым ғой",- дейді. Абу Суфиан бұл оқиғаны естігеннен кейін Әлидің (ғ.с) жанына келіп: "Қолыңды бер! Сенің билігіңді мойындап, саған бағынуға ант беріп, қолыңды мұсылмандардың халифі ретінде қысайын. Мен әрқашан сенің билігіңді мойындаймын. Енді Әбдіманап ұрпақтарының бірде-біреуі саған қарсылық білдірмейді. Егер олар сенің билігіңді мойындап, құрайыштардың ешқайсы сенің билігіңді мойындау үшін қарсылық білдірмесе, ақырында арабтардың барлығы сені нағыз билеуші ретінде қабылдайды",- дейді. Бірақ Абу Суфианды жақсы таныған Әли (ғ.с) оның ұсынысын қабылдамай: "Сен бізге жат істі көздеп отырсың",- деп жауап береді

Әлидің (ғ.с) исламның қас дұшпаны Абу Суфианды жақсы танып, оның мұсылмандардың арасында келіспеушілік тудыруды қалайтынын білгені анық. Егер Әли (ғ.с) сол күні оның ұсынысын қабылдап, есігі жабық үйде оның билігі мойындалғанда, тарих билікті мойындап, адалдыққа ант беру  рәсіміне қатысты бүгінде Әбу Бәкірдің билігін мойындау рәсімі секілді төрелік жасайтын еді. Себебі, Әлидің (ғ.с) билік басына келуі екі тұрғыдан мүмкін емес еді: имам (ғ.с) Құдай мен Пайғамбар (с.ғ.с) тарапынан тағайындалған имам әрі билеуші болды ма, жоқ па? Бірінші жағдайда, Әлидің билігін мойындап, оны халиф ретінде сайлаудың қажеті жоқ еді. Себебі, бұл Құдайдың үкіміне қатысты сенімсіздік білдіру саналады.

Ұзақ жылдар бойы шайқас майдандарында өз жанын шүберекке түйіп, Ислам мен Құран ахкамдарын дәлелдеу үшін соншалықты жанпидалық жасаған Әли (ғ.с) оңайлықпен осы илаһи үкімді бұрмалатуға әзір болмады. Екінші пайымдау бойынша, егер Әли (ғ.с) Әбу Суфиан мен Аббас секілді адамдардың оның билігін мойындауымен халиф атанғанда, мұсылман халифаты Әбу Бәкірдің билік басына келуі арқылы алданғаны секілді алданатын еді. Себебі, Әбу Бәкірдің ең жақын серігі екінші халиф Омар болған.  Ол біраз уақыттан соң Әбу Бәкірді халиф мансабына сайлау оқиғасы есіне түскенде: "Әбу Бәкірді билеуші етіп сайлау асығыстық болды. Бірақ, Құдай өзінің ашуын ұстап қалды",- деді.

Соңында Сақифа жеріндегі халиф сайлау туралы қызу айтыс аяқталып, Әбу Бәкір билік тізгінін өз қолына алды. Әли (ғ.с) өзіне адал бір топ серігімен бірге билік сахнасынан кетті. Алайда қоғамдық пікір хабардар болғаннан кейін халық бірлігін сақтап, билікке қарсылық жолын бөгеу үшін хазірет мәдени-ағартушылық істермен айналысты. Хазірет Құранды тәпсірлеп, басқалардың шамасы келмейтін қажет жағдайларда, көбінесе халық арасында төрелік ету секілді әлеуметтік дауларды шешіп, баршаны таңқалдыратын. Кейде басқа дін үлемдері күмәнданып немесе ғылыми тұрғыдан қиындыққа тірелгенде, Ислам мен Құран ахкамдарын қорғап, өзінің жеке және әлеуметтік қызметтерін атқаруды жалғастырды.

Имам (ғ.с) пайғамбармен (с.ғ.с) туыстық қатынасы тұрғысынан, һәм халықтың пайғамбардың (с.ғ.с) түрлі жағдайларға байланысты ол хазіреттің бойындағы игі қасиеттері жайлы айтқан бұйрықтары мен Құран, хадистер мен басқа да аспандық кітаптарды ғылыми тұрғыдан жетік меңгеруі тұрғысынан мұсылмандар арасында теңдессіз болды.

Осы арада хазіреттің келешекте халифат басына келуіне қиындық тудыруы мүмкін тағы бір жайт болды. Ол хазіретке Фәдәктан түсіп отырған экономикалық табыс еді. Сол себепті халифат басшылығы имамды (ғ.с) бұл биліктен айыру керек деп шешеді. Себебі, бұл артықшылық ғылыми және иман тұрғысындағы артықшылықтар секілді болмағандықтан, оны имамның (ғ.с) қолынан алу мүмкін іс болды.

Фәдәк бағынан қалған жер

«Фәдәк» Мәдине қаласынан шамамен 140 шақырым жерде орналасқан шұрайлы жер саналады. «Фәдәк» Арабстан жерінде мекен еткен яһудилердің орталықтарының бірі еді. Хайбар шайқасынан кейін Фәдәк яһудилері ауыл шаруашылығынан түсіп отырған өздерінің жылдық өнімдерінің жартысын пайғамбарға (с.ғ.с) беріп, мұсылмандар сияқты Ислам үкіметіне бағынып өмір сүріп, бұдан былай мұсылмандарға қарсы бүлік шығармауға келіседі. Осы оқиғадан кейін: "Туысы жақындарға, міскіндерге, жолда қалғандарға міндетті түрде қарайласыңдар",- деген «Исра» сүресінің 26-аяты түсіріледі. Пайғамбар (с.ғ.с) қызы хазірет Фатиманы (ғ.с) шақыртып, Фәдәкты оған тапсырып кетеді. Алайда Әбу Бәкірдің билік басына келуімен олар Фәдәкті Әлидің (ғ.с) жұбайы, Пайғамбардың (с.ғ.с) қызы хазірет Фатимадан тартып алады.

Сүнниттік мазхабының тарихшысы әрі фикх ғалымы Ибн Әбу әл-Хадид Фәдәк бағы мен оны тәркілеу жайлы былай деп жазған: "Мен имамат мазхабы, яғни шиіттік мазхаб данышпандарының біріне Фәдәк жайлы былай дедім: "Фәдәк ауылды мекенінің ауданы хазірет Фатиманың (ғ.с) қарсыластары қызғанышпен көз салатындай айтарлықтай үлкен болмады. Ол бірнеше құрма ағашынан басқа ешнәрсе жоқ, кішігірім жер телімі болған". Ол маған жауап ретінде: "Сен бұл мәселеге байланысты қателесіп тұрсың. Ол жердегі құрма ағаштарының саны Куфенің құрмаларынан кем болмады. Ал пайғамбар (с.ғ.с) әулетінің бұл шұрайлы жерге иеленуіне тыйым салуы Әлидің (ғ.с) сол жерден түскен табысты халифатқа қарсы билік құрылымын құру үшін пайдаланбауына байланысты болды. Сондықтан тек Фатиманы (ғ.с.) ғана Фәдәктан мақұрым қалдырмай, сондай-ақ барша Хашем тайпасы мен Әбдүлмүтәліптің ұрпақтарын да өздерінің заңды құқықтарынан айырды. Себебі, ұдайы өз өмірінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуді ойлайтын адамдар орнаған жағдаймен күресу туралы ешқашан ойламайды",- деді.