Илаһи жетекшілер (25)
Өткен бағдарламада хазірет Әлидің (с.ғ) көзқарасы тұрғысынан Әбу Бәкір мен Омардың билік еткен кезеңдері мен олардың бойындағы қасиеттеріне қысқаша шолу жасадық.Бүгінгі бөлімде осы тақырыпты одан әрі жалғастырамыз.
Он екі жыл билік еткеннен кейін Омар х.қ.ж.с.б 23 жылы өз қарсыластарының бірі тарапынан қастандыққа ұшырап, бірнеше күннен соң дүниеден өтеді. Омар өлім алдында жатқан кезде ізбасарын тағайындау жайлы ойланып: "Егер Моаз ибн Джәбәл, Әбу Убайда ибн Джаррах пен Салим Хузайфа тірі болғанда, халифаттың билігін соларға тапсыратын едім",-дейді. Бірақ бұл адамдар қайтыс болғандықтан, Омар өзінен кейінгі халифті тағайындау үшін жаңа әдіс ұсынады. Ол үш күн бойы кеңесіп, мұсылмандардың басшысын тағайындау мақсатында Пайғамбардың (с.ғ.с) серіктерінің ішінен алты адамды таңдап алды.
Мұның алдында Пайғамбардың (с.ғ.с) қазасынан кейін пайғамбардың бір топ сахабасы Ғадир Хом оқиғасына қарамастан, Әбу Бәкірді халиф ретінде таңдаған болатын. Алайда Әбу Бәкір өмірінің соңында бұл мәселеге қатысты үдерісті өзгертіп, халықтың бұған байланысты пікіріне мән берместен Омарды өзінің ізбасары етіп тағайындайды. Омар ибн Хаттаб бұрынғы екі тәсілді де қабылдамай, басқа жолды таңдайды.
Ол Әбу Бәкірдің таңдауының мұсылмандардың пікіріне негізделмегенін мойындап, сондықтан мұсылмандармен)ақылдасу керектігін айтып, олардың арасынан біреуін таңдау үшін алты адамнан тұратын кеңес құрды. Кеңес мүшелеріне Әли ибн Әбу Талип (ғ.с), Осман ибн Аффан, Зубайр ибн Аууам, Талха ибн Убайдулла, Саад ибн Абу Уақас пен Абурахман ибн Ауф кірді.
Омардың шешімімен халиф тағайындау ісі кеңес мүшелерінің басым көпшілігінің келісімімен жүзеге асырылды. Алайда ол егер үш адамдық екі топ белгілі бір үміткер жайлы түрлі пікір білдірсе, Абдурахман мүше болған топтың дауысы қабылданады деп айтқан болатын. Омар сондай-ақ, егер кеңес мүшелерінің бірі көпшіліктің дауысына қарсылық білдірсе, оның басы кесілетінін, кеңес екі топқа бөлінген жағдайда, егер Абдурахманға қарсы топ оның пікірін қабылдамайтын болса, қарсы болған үш адамның да өлтірілетінін, егер кеңестің мүшелері үш күннен соң бір адамды таңдай алмаса, олардың барлығының бастары шабылатынын айтты. Сонымен қоса, осы өсиеттің жүзеге асуын қадағалау үшін ансарлардан елу адам таңдалынды.
Кейбіреулердің пайымдауынша, бұл кеңес соңында Османды таңдайтындай етіп құрылды. Себебі, имам Әлидің (ғ.с) болжамына сәйкес, Саад өзінің немере ағасы Абдурахманмен бірге қарсылық білдірмеді. Османның күйеу баласы болған Абдурахман да оған дауыс берді. Мұндай жағдайда, егер Талха мен Зубайр Әлиге (ғ.с) дауыс берсе де, еш пайдасы болмас еді. Себебі, Абдурахман Османды жақтаушы топтың қатарында болды. Шындығында дәл солай болып шықты. Саад кеңестің басынан-ақ Абдурахманның пайдасы үшін өз үміткерлігінен бас тартты. Зубайр Әлиді (ғ.с) халифаттың үміткеріне таңдау шешімінен қайтты. Абдурахман халифатты басқаруды қаламайтынын мәлімдеді. Хазірет Әлиге (ғ.с) қарсы болған Әбу Бәкірдің немере ағасы Талха Османды жақтап, өз үміткерлігінен бас тартты. Сондықтан, тек Әли (ғ.с) мен Осман ғана халифат билігіне үміткер атанды. Сол себепті Абдурахманның дауысы өте маңызды әрі шешуші болды. Абдурахман ибн Ауф басында халифатқа билік етуде Құран, пайғамбардың (с.ғ.с) жолы мен өзіне дейінгі екі халиф – Әбу Бәкір мен Омардың жолымен амал етуге міндеттеме алуды сұрайды. Сонда Әли (ғ.с): "Өз білімім, қабілетім мен иджтиһадым шеңберінде Құран және Пайғамбардың (с.ғ.с) сүнетті негізінде амал етуге үміттенемін",- деп жауап қайтарады. Содан кейін Абдурахман өз шартын Османға айтқанда Осман кідірместен оны қабылдайды. Сол себепті ибн Ауф Османның билігін мойындайды.
Кейбір дереккөздерге сәйкес, Әли (ғ.с) ибн Ауфтың қойған шартын қулық деп танып, оған: "Халифат билігін өзіңе қайтаруы үшін сен Османды таңдадың. Бұл бізге, Аһле бейтке (ғ.с) қарсы топтасып, бізді өз құқығымыздан айырған алғашқы жағдай емес. Бұл іс бізге қарсы дәстүрге айналды",- деді.
Қалай болғанда да Осман билік басына отырып, билік тізгінін өз қолына алды. Ол өзі айтқан және ант берген сөзіне қарсы, Пайғамбар (с.ғ.с) сүнетті бойынша амал етпеуімен қоса, Әбу Бәкір мен Омардың басқару жолынан алыстады. Осман исламдық қағидалар мен құндылықтардың көбісін елемей, шешім қабылдауда да әлсіздік танытты. Ол Әбу Бәкір мен Омар халифатты басқарып отырған кезде жасамаған істі жүзеге асырып, Ислам пайғамбары жер аудартып жіберген туыстары, Маруан мен оның әкесі Хакамды Мәдинеге қайтарады. Осман өзінің немере ағасы Маруан ибн Хакамды Мәдинеге қайтаруымен қоса, оны әлеуметтік және саяси мәселелерді шешу ісіне араластырып, Маруан Османның уәзірі мансабына дейін жетіп, кез келген жолмен өз ойындағысын жүзеге асырып отырды. Бұдан басқа, Осман өз туыстарының бірі Уәлид ибн Уқабаны Куфаның басшысы етіп тағайындады. Уәлид тіпті, исламның жалпы заңдарын сырттай да сақтамайтын. Ол таң намазын мас күйінде төрт ракат оқып, мешітте жиналатын халыққа: "Егер менің көбірек оқығанымды қаласаңдар, Уәлидтің ішімдікке салынуы туралы оқиғаны естіген шығарсыңдар» деді. Алайда Осман оған шарап ішуге шек қоймады. Уәлид пайғамбардың (с.ғ.с) кезінде оны "зинақор" деп атаған аят түсірілген адам болды.
Осман тіпті өзі билік еткен жылдары бір рет Әлиден (ғ.с) Мединеден кетуді сұрады. Бірақ біршама уақыттан соң оның бос орны қатты сезілген сәтте ол хазіреттен Мединеге қайта оралуды сұрайды. Алайда біраз уақыттан кейін ибн Аббасты жіберіп, тағы да одан Мединеден кетуді сұрайды. Әли (ғ.с) Османның осындай тұрақсыздығына ашуланып: "Аббастың баласы! Осман менің бір бағытта ары-бері жүріп, су таситын түйе секілді болуымды қалай ма? Алдымен Мединеден кетсін деп жолдау жібереді, сосын қайтсын дейді. Енді тағы сені жіберіп, қайтадан Мединеден кетуімді сұрап отыр. Құдайдың атымен ант етемін, Османды қорғаштап келгенім соншалықты, енді күнәға батамын деп қорқамын",- дейді. (Нахдж ул-Бәлағе, 174 б).
Мемлекеттік қазынаны тонау, пайғамбарлық жолға қарсы келу, бұрынғы халифтердің шешімдерін бұзу, лайықты адамдарды қызметтерінен босатып, орнына өзінің лайықсыз туыстарын қою, Пайғамбардың сахабасы Абузарды байлық жинады деген айыппен ар-Рабада қаласына жер аудару, Исламның ұлық пайғамбарының серігі Омар Ясерді есінен танғанша ұрып-соғуы мен тағы да басқа заң бұзушылықтары халықтың жаппай көтеріліске шығуына жеткізіп, хазірет Әлидің (ғ.с) жасырын және ашық қарсылықтарына қарамастан, қырық күннен кейін ол Османды өлтірді. Соңында теріс әрекеттері, міндеттемені бұзу жағдайлардан әбден шаршаған халық Әли (ғ.с) жиырма бес жыл мақсатты түрде үнсіздік танытқаннан кейін ол хазіретке бет бұрудан басқа жол жоқ екенін түсінді. Хазірет Әли (ғ.с) бұл мәселе жайлы: "Кенет халықтың жан-жақтан маған қарай баса-көктеп келе жатқанын көріп, таңырқадым. Хасан мен Хусейн аяқ астында қала жаздап, киімім екі жағымнан жыртылып, халық мені қоршап алды",-деді.
Алайда халық өз ісінен өкінгені үшін емес, олардың бір бөлігі өз мүдделерін сақтап қалып, биліккке қол жеткізу үшін хазірет Әлиге бет бұрды. Алайда бұл жайтты жақсы білген мүміндердің әміршісі: "Олардың менің билігімді мойындаған серттерін қабылдап, істерді түзету үшін орнымнан тұрғанда, бір топ өз келісімдерін бұзып, кейбіреулер діннен безіп, басқа бір топ зұлымдық жасауды көздеді.
Құдайдың: "Міне ақырет жұрты: Оны жер жүзінде өзін-өзі көтеріп, бүліншілік ізденбегендерге нәсіп етеміз. Негізінде соңғы табыс тақуалар үшін" (Қасас сүресі, 83-аят) деген сөзін естімеген секілді",- дейді.
Содан кейін хазірет: "Иә, Құдайдың атымен ант етемін. Олар бұл сөзді естіп, түсінген. Тек бұл дүние олар үшін көркем болып, оның тартымды тұстары көздеріне жарқын көрінді. Дәнді қақ жарып, адамды жаратқан Құдайдың атымен ант етемін, егер билігімді мойындауға келген адамдардың саны осыншама көп болмай, жолдастарым маған үзілді-кесілді талап қоймағанда, Құдай әлемдіктерге үстемшілдердің ашкөздігі мен қаналғандардың тапшылығына елеусіз қарамауына байланысты келісім алмағанда, қарсылықтың тізгінін бос жіберіп, басы мен соңын бірдей етер едім. Сонда сендердің дүниелерің мен үшін түкке тұрмайтынын көретін едіңдер",- деді (Наһдж ул-Бәлағе, 3-ші құтпа).
Олардың Ғадир Хом оқиғасына көз жұмып, Сақифадағы шешімді қолдаған халық екенін жақсы білген Әли (ғ.с) ислам үмбетінің ащы әрі өтелмейтін шындықтарын ашқан осы тарихи әрі есте қалатын сөздерге қарсылық білдірмес бұрын оларға: "Менің сендер үшін уәзір әрі жақтаушы болғаным сендердің әміршілерің әрі қолбасшыларың болғаннан әлдеқайда жақсы. Егер сендер тағы да мені тастап, басқа адамды таңдайтын болсаңдар, сендерге қарсылық білдірмеймін",- дейді. Алайда халық өтінішінің көп болғаны соншалықты, имам олардың өтінішіне жауап беріп, халифат билігін қолына алды.