Нау 04, 2018 17:50 Asia/Almaty
  • Иран базары (27)

Бадам жаңғағы – Иранның мұнайдан тыс экспорттық тауарларының бірі. Бадамды өңдеу саласына инвестиция салу оның экономикалық құндылығын арттыра алады.

Бадам

«Иран базары» атты бағдарламамыздың бүгінгі бөлімінде Иранның мұнайдан тыс экспорттық тауарларының келесі бірімен таныстырамыз.  Иран жері  өзінің әралуан климаттық және географиялық жағдайына байланысты әртүрлі ауылшаруашылық өнімдерін, соның ішінде  егіс және бау-бақша өнімдерін егіп, өсіруге қолайлы жағдайларға ие. Осындай өнімдердің  бірі – бадам жаңғағы мен оның дәнегі.  Бадам ағашы б.з.д. үшінші мыңжылдықтан бастап тамыр жайған.  Кейбір өсімдіктанушылар бадам ағашының алғаш шыққан жерін Таяу Шығыс  пен Оңтүстік Азия аймағы санайды. Кейін бұл ағаш Жерорта теңізінің айналасына таралып, Солтүстік Африка мен Еуропаның оңтүстігіне жеткен.  18 ғасырдың ортасында Испания арқылы Америкаға апарылған. 

Бадам ағашы

Бадам ағашының биіктігі 4-10 метр. Оның тамыры мықты, жерге 3 метрге дейін бойлай алады. Сол себепті құрғақшылық пен су тапшылығына жақсы төзеді. Бадам ағашының өсуі үшін аз ғана ылғал жеткілікті. Оның жасыл жапырақтары сопақша әрі жіңішке келеді. Көктемнің басында бадам өте әдемі алқызыл гүлдермен бүр жарады. Бадам ағашының діңі жас кезінде ашық сұр түсті болса, уақыт өте келе қарайып, жарылып, тілім-тілім болып кетеді.

Бадам ағашының гүлдеуі

Жемісті өсімдіктердің классификациясында бадам ағашы қатты жемістердің тобына жатады. Жемістердің бұл тобы сыртқы және ішкі қабаттан тұрады. Дәнек ішкі қабатта орналасады.  Бадам ағашының жемісін өсуі барысында екі кезеңде тұтынуға болады. Алдымен бадамды балғын кезінде жеуге болады. Оны «Чоғале бадам» деп атайды.  Көктем кезінде бұл дәмді жасыл жемістің сырты біршама қатты әрі ұсақ жарықшақтарға толы болады. Оның ішінде ақ және жұмсақ қабық бар. Ол бадамның нәзік дәнегін жауып тұрады. Уақыт өте келе ішкі және сыртқы қабаттар қатайғаннан кейін бадам ағашының жемісі өзінің түпкі қалыбына енеді.

Бадам ағашының жемісі бірінші қабаттан шығу үстінде

Бадам ащы әрі тәтті болып екіге бөлінеді. Бұл жемістің ағашы әртүрлі тәсілдермен, соның ішінде тұқым егу мен будандастыру арқылы көбейтіледі. Бағбандар тәтті бадам алу үшін көбінесе бадам ағашының ащы түрін будандастырудың негізі ретінде таңдайды. Сонда басқа негіздермен (шабдалы, өрік пен тәтті бадам) салыстырғанда жемістің сапасы артады. Ащы бадамда амигдалин бар. Бұл элемент тәтті бадамда өте аз көлемде болса, ащы бадамда улы болатындай 1-3,5 пайызды құрайды. Ол адамның улануына себеп бола алады. 5-10 дана ащы бадамды жеу балалардың уланып қалуына соқтырады.

Бадам

Бадам – дәмді де пайдалы жеңіл тамақтардың бірі. Денсаулықты сақтау үшін  бадамды тиісті мөлшерде жеуге кеңес беріледі. Бадам жаңғақты жеміс ретінде қанықпаған пайдалы май, марганец, мыс, магний мен фосфор сияқты минералды заттардан тұрады. Бадамда кальций көп болғандықтан ол сүйектерді нығайтады. Сонымен қатар құрамындағы антиоксиданттық қоспалар денені әртүрлі аурулардан, соның ішінде  обырдан сақтап, терінің әдемі де балғын сақталуына көмектеседі. Бұл құрғақ жеміс фолий қышқылына бай. Ол эмбрионның дамуында (эмбрионның жұлыны мен миының өсуінде) әсерлі рөл атқарады. Бадамдағы фолий қышқылы жүрек және қан тамырлары ауруларының азаюына себеп болады.  Бадамда Е дәрумені бар.  Көптеген зерттеулер көрсеткендей, Е дәруменін көп тұтыну жүрек ауруларына, обыр мен Альцгеймер ауруына шалдығу ықтималын  азайтады. Бұл пайдалы жеміс құрамында пайдалы майлар, ақуыз бен талшықтардың болуына байланысты диабет ауруына шалдыққандар үшін тамаша таңдау болады. Бадамның құрамындағы маңызды элементтерге көп мөлшердегі магний жатады. Магний қан қысымын реттеп, холестеринді (LDL) азайтады. 

Бадам ағашы әртүрлі бөліктері, яғни гүлі, жапырағы, тамыры мен жемісі пайдаланылатын өсімдіктердің қатарына жатады.  Бадам гүлінің қайнатпасы балалар үшін іш жүргізетін дәрінің  рөлін атқарады. Бадам ағашы жапырағының қайнатпасы бауыр мен өт қабының жеткіліксіздігін толтыруда пайдалы. Ежелгі дәрігерлер бадам ағашы тамырының қайнатпасын көкбауыр мен бүйректі тазалауға пайдаланған. Тәтті бадамның қасиеттерінен жөтелді басуын, тамақтың ауруы мен тыныстың тарылуын жоюын ішек пен қуықтың жарасын емдеуін және ұйқы келтіруін айтуға болады. Бадам майы қуықтағы тасты жою, терінің қабынуы, күюі мен экземаны емдеу үшін жақсы дәрі болып табылады. Қызылша мен желшешек ауруына шалдыққан балалардың терілерінің қышуын басу үшін бүкіл денеге бадам майын жағып, дертті азайтуға болады. Иранның ескі медицинасында ащы бадамды қолдану арқылы кейбір ауруларды емдеу үшін әртүрлі нұсқаулар берілген.  Мысалы, үгітілген ащы бадамды сірке суымен араластыру бас ауруын басуға және беттегі дақтарды кетіру үшін жақсы. Бадамның бүйрек ауруына шалдыққандар үшін емдік әсері бар. Ащы бадамның крахмал және жалбызбен қоспасын жеу бүйрек ауруын азайтуда әсерлі. Сонымен қатар ащы бадам ұнтағын жүзім шырынымен жеу бүйректің тасы мен дертін жоюға көмектеседі.

Бадамның емдік қасиеттері

Соңғы жылдары әлемде бадамды тұтыну көрсеткіші көбейіп келеді. Әлем бойынша бұл жемісті өндіру он жылдың ішінде (2005-2015 жылдары) шамамен 2 есе артып, 3 млн тоннаға жетті. Осы арада жоғары табысқа ие елдердегі халықтар әлемде өндірілетін бадамның жартысына жуығын тұтынады. Әлемдегі жаңғақтар базары 30 млрд долларға бағаланады деседі. Бадам жаңғақты жемістер арасында ең көп өндіріледі. Бұл дәмді де нәрлі жемістің алуан түрі бар. Ол әртүрлі елдерде климат пен топырақ ерекшеліктері және тұқым түріне байланысты егіліп, өсіріледі. «Рабии», «Азар», «Саханд» пен «Шокуфе» Ирандағы бадамның жергілікті түрлері болып табылады.

Иран көп жерінде бадам ағашын суармалы және қолдан өсіру деген екі тәсілмен егіп, өсіруге болатын елдердің қатарына жатады. Иранда бадам ағашын өсіруге бөлінген егіс ауданы 150 мың гектардан асады. Жыл сайын бір гектардан 1 тоннадан астам бадам алынады. Жауапты тұлғалардың айтуынша, өнімнің осы көлемінің құны – шамамен 1 млрд доллар. Иран бадамы әлемнің 20-дан аса еліне экспортталады. Ирандағы бадам өндірумен айналысатын облыстарға Шығыс Әзірбайжан, Фарс, Хоросан, Йезд, Хамадан, Орталық, Занджан, Теһран, Қазвин, Семнан, Чармаһал мен Бахтияри облыстары жатады. Загрос таулы сілемінің орталық бөлігінде орналасқан Чармаһал мен Бахтияри облысы – елдің суық облыстарының бірі.  Ол өзінің климаттық ерекшелігі, құнарлы жері мен жеткілікті суының болуына байланысты сапалы бадамының айтарлықтай бөлігін «Мамаи бадамы» деген атпен басқа елдерге, соның ішінде  Үндістанға экспорттайды.

Бадам өңделгеннен кейін маргарин өсімдік майы, қоректік әрі иісті майлар, дәрілік, гигиеналық  және косметикалық өнімдерді жасау қалыбында жоғары құн салығына ие өнімге айналады. Сол себепті Иранның іргелі ғылымға негізделген компаниялары бадамның ерекшеліктері мен қасиеттерін әртүрлі өнімдерді өндіруде пайдалану арқылы оның экономикалық құндылығын  жоғарылатуға талпыныс жасап жатыр. Мысал ретінде ел зерттеушілерінің өсімдік негізіндегі ылғалдандырғыш иісмайларды өндіруін айтуға болады. Оның құрамында бадам майы болғандықтан жұмсақтандыру, қышуды басу, құрғақтық, қабынушылық пен экземаны кетіру қасиетіне ие. Ол бет пен қол терісіне нәрлілік берумен қоса, оны күннің нұрынан сақтайды. Жуырда коммерцияландыру үдерісі басталатын иісмайлар әртүрлі терілерге, соның ішінде  құрғақ әрі сезімтал терілерге ие әртүрлі жастағы адамдардың қолдануына жарайды. Сонымен қатар бадам сияқты майлы дақылдардан қоректік майлар өндіру және мал мен құсқа беру үшін күнжала өндіру Иранның іргелі ғылымға негізделген компанияларының нарықтың осы өнімдерге қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жасаған сәтті шараларының бірі  болып табылады.  

Тегтер