Нау 07, 2018 16:21 Asia/Almaty
  • Мешіт – махаббат пен иманның тоғысқан мекені 32

Исламның ұлық пайғамбары илаһи бұйрықтары мен қоғамдық кеңестердің көбін, сондай-ақ билік пен соғыс саясаттарын, мәдени және діни ғамалдарын мешітте іске асыратын.

Мешіт діни жұмыстардың орталығы болуымен бірге мәдени, қоғамдық, саяси, экономикалық, сот және білім беру орталығы саналады. Мешіт 1400 жылдық тарихындағы шарықтаулары мен құлдырауларына қарамастан өзінің көптеген функцияларын сақтап қалды. Франциялық доктор Гюста́в Лебо́н «Ислам мен араб өркениеті» атты кітабында: «Мұсылмандар үшін шынайы өмірлерінің ең маңызды орталығы – мешіт. Мұсылмандар мешітті қоғамдық, діни, ғибадат, тәлім-тәрбие орталығы, кейде өмір сүретін мекен санайды. Яғни, мешіт мұсылмандар үшін христандардың шіркеулері сынды тек ғибадат етені мекен ғана емес» деп жазды.

Мешіт мекен ретінде екі тұрғыға ие. Басқаша айтқанда, бұл қасиетті мекеннен адамның жеке және қоғамдық ғамалдарына көп әсер ететін екі түрлі әрекет байқалады. Адамдар діни міндеттері мен рәсімдерін өткізуге жиналған кезде ұжымдық ғамалдар орын алады; адам жамағатпен емес, мешітке жеке келген кезде, өзінің жеке басының іс-әрекеттеріне есеп жүргізіп, ойланып, зерттеу жасайды. Басқа мекендерге қарағанда мешіттің ерекшелігі ұжымдық жиындар өтетін мекен болуымен бірге, мұсылмандар бұл жерге жиналып, ұжымдық амалдарын үйлестірулерімен бірге жеке келіп, сенімдеріне назар аударып, өзінің сипаттары мен әрекеттерін өзгертуге талпынатын мекен болуына байланысты. Сондықтан мешіт мұсылмандарды бірлікке шақырып, олардың ұжымшылдық, икемділік және тәртіпті қабылдау рухтарын арттырып, олардың арасынан асыра сілтеушілік пен бөгделікті алыстатады.

Мешітке күнделікті келетін адамдар иманды, намазхан, ғамалдарын жүйелі түрде орындайтын адамдармен қарым-қатынас орнатады. Олардың иманы мен ғамалдарына табандылығы басқалардың көзіне түседі. Сондай-ақ, олар жеке және әлеуметтік сенімге ие болады. Бұл сенім экономикалық құжаттар, отбасылық және тағы да басқа қоғамдық қарым-қатынастарда сенімділік факторы ретінде қалыптасады. Оларға керісінше, мешітке барып, жамағат намазына қатыспайтын адамдар бұл қоғамдық факторларды пайдалана алмайды. Адамдар оларды аз көретіндіктен, дұрыс тани алмайды. Сондықтан оларды дұрыс бағалау қиындықтарға душар болады. Исламның ұлық пайғамбары: «Егер жамағат намазына қатыспайтын адам туралы сұрақ қойылса, «білмеймін» де»,- деген болатын. («Әл-Анвар», 5-ші том). Яғни, оның әділдігі, міндеттеріне табанды болуы және адалдығы мен үшін белгісіз. Бұл жамағат намазы мен мешітке немқұрайдылық танытатын адам үшін жазалаудың бір түрі болар.

      ***************************

 

Иранның ең маңызды мешіттерінің бірі  - Джамкаран мешіті

Джамкаран мешіті

Джамкаран мешіті діни Құм қаласынан алты километр жерде Джамкаран ауылына жақын жерде орналасқан. Бұл мешіт бұрынғы кезде «Ғадамгаһ мешіті» деп танымал болды. Бірте-бірте Джамкаран ауылына жақын болғандықтан, мешіт «Джамкаран мешіті» деп аталатын болды. Сондай-ақ, шиіттердің 12-ші имамы хазірет Мәһди (ғ.с.)-ға қатысты болғандықтан, «Сахаб әз-Заман мешіті» (Заман Иесінің мешіті) деп танымал болды. Осыған орай кейбір болжамдар бойынша, имам Мәһди (ғ.с.) келген кезде бұл мешіт хазіреттің орталығына айналады. Хасан бен Мұхаммад Құми «Құм тарихы» кітабында екінші ғасырдың басында Құмда салынған бірінші мешіт Джамкаран ауылының Қарие мешіті болғанын жазды. Бұл мешітті Хаттаб Асади салып, өзі жалғыз намаз оқыған. Хаттаб Асади – Ашура оқиғасынан кейінгі оқиғалар ағымында Ирактан қашып, Құм аумағында тоқтаған Бани Асад тайпасынан шыққан адам.

Джамкаран мешіті

Джамкаран мешіті 1953 жылы Сейед Мұхаммад Ағазаденің талпынысымен жөнделді. Мешітті жөндеу жұмыстарымен бірге оңтүстік алаңында темірден салынған алты тірекпен ұзындығы 17 метр, ені 4 метр зал салынды. Негізінде, бұл мешіттің кіреберіс алаңы болды. Дәл сол кезде мешітке оның жөнделген күні жазылған жазба бекітілді. Яғни, бұл жазбада хиджри қамари күнтізбесі бойынша 1167 жылы (1753 ж) жазылды. Бұл жазбаны Джамкаран мешітінен  көруге болады. Мешіттің шығыс бөлімінде кірпіш және жеті түсті кафельмен әшекейленген ені 4,  ұзындығы 13 метр Сейед Мұхаммад Ағазаденің есімімен аталған зал салынды. Бұл залда «1952 жыл» деп жазылған. Сонымен бірге ол жерден намаздың дер уақытында оқылуының маңызы туралы жазбаларды көруге болады. 

Ислам революциясының жеңісі және күнделікті зиярат жасаушылардың санының артуымен тұспа-тұс мешітті кеңейту қажеттілігіне байланысты мешіттің негізгі ғимараты бұзылып, шиіттердің әйгілі ғұламасы аятолла Марашидың қатысуымен қазығы орнатылды.  Содан соң мешіттің айналасындағы ауылшаруашылығы жерлері сатып алынып, 40 гектар жер Джамкаран мешітінің ықтиярына түсті. Оның бес жарым гектары негізгі алаңдарға тапсырылды.

Мешіттің жаңа ғимараты «Мақам мешіті» деп аталды. Бұл мешіттің кіреберісіндегі аркалар мозаикалық кафельдермен безендірілді. Оған үш есіктен кіруге болады. Кіреберістің біреуі ортадан, екеуі шабистандар арқылы  кіруге мүмкіндік береді. Арканың екі жағында 60 метр биіктігі бар мұнаралар орналасқан. Негізгі шабистан сегіз бұрышты. Оның солтүстігінен кіретін үш есігі, оңтүстігінен кіретін екі есігі, сондай-ақ сегіз тірегі бар. Мешіттің күмбезінің іші кірпішпен үйлестірілген мозаикалық плиткалармен қапталған. Күмбездің сырты көгілдір пликалармен қапталып, имам Мәһди (ғ.с.)-ды зікір ететін жазбалармен әшкейленген. Батыс және шығын шабистандарының әрбіреуінің көлемі 400 000 шаршы метр және екі қабатта салынған. Әрбір шабистанның екі күмбезі бар.

Соңғы кезеңдерде Джамкаран мешітінің дамуында маңызды рөл атқарған адамдардың бірі хиджри қамаридың 14 ғасырының күрескер ғұламасы аятолла Мұхаммад Тақи Бафқи болды. Бұл кісіден бұрын тек санаулы ғұламалар мен діни оқу орындарының шәкірттері түндерде сергектік танытып,  ғибадаттарын орындау үшін Джамкаран мешітіне баратын. Аятолла Бафқи сейсенбіден сәрсенбіге қараған әр түнде бір топ діни шәкірттерімен Джамкаранға жаяу барып, кешкі намаздарын орындап, таңғы азанға дейін ғидатат жасайтын. Осылайша, халық бұл мешітке назар аударатын болды. Аятолла Мұхаммад Тақи  Резашахқа әшкере қарсылық білдіруімен танымал болған Құмның діни ғұламаларының бірі болды. Ол Резашахтың әйелі мен қыздарының хазірет Фатима-Масуменің қасиетті кесенесіне хиджабсыз кіретінін көрген кезде қатты наразылық білдірді. Резахан бұл хабарды естіген соң нөкерлерімен Құмға аттанып, шейхті таяқпен жазалады.

Джамкаран мешіті шағбан айының ортасында

Шиіттердің көбі сейсенбіден сәрсенбіге қараған түнде және шағбан айының ортасында – хазірет Мәһди (ғ.с.)-ның туған күнінің жылдығында сол мешітке барып, арнайы діни ғамалдарын орындайды. Мешітке келген адам оған өзінің құрметін білдіру үшін екі рәкәт «тахиат» намазы мен имам Мәһди (ғ.с.) үшін сыйлық саналатын тағы екі рәкәт намаз оқиды. «Тахиат» намазының екі рәкәтінде «Хамд» сүресі бір рет, «Тауһид» сүресі жеті рет оқылады. Сонымен бірге рукуһ пен сәжде кезінде зікірлер жеті реттен қайталанады.

Имам Мәһди (ғ.с.)-ға сыйлық ретінде оқылатын намазда «Хамд» сүресінің «ایاک نعبد و ایاک نستعین» аяты жүз рет қайталанып, содан соң сүренің басқа аяттары жалғастырылып, «Тауһид» сүресі бір рет оқылады. Кейін рукуһ жасалып, «Тахиат» намазындағындай рукуһта оқылатын «سُبحانَ رَبّی العَظیمِ و بِحَمدِهِ» деген зікір мен сәжде кезінде де «سُبحانَ رَبّی الاَعلی و بِحَمدِهِ» деген зікір жеті рет қайталанады. Намаздың екінші рәкәті де осылай оқылып, намаздың сәлемін айтқаннан кейін бір рет «لا اله الا الله» деп айтылады. Содан соң хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) тәсбихі, яғни 34 рет «الله اکبر», 33 рет «الحمدالله»  және 33 рет «سبحان الله» айтылып, содан кейін сәжде жасалып, сәжде кезінде 100 рет салауат айтылады.

Қазіргі таңда Джамкаран мешіті рәсімдер мен үгіт бөлімі, қоғамдық қарым-қатынас бөлімі, кітапхана, басылымдар мен зерттеулер, назырлар мен сыйлықтар сынды бірліктер арқылы басқарылып, жыл сайын шамамен 15 миллион зияратшыны қабылдайды.

 

 

+