Нау 10, 2018 13:34 Asia/Almaty
  • Иран базары (28)

Кептірілген жемістер: грек жаңғағы Грек жаңғағының ағашы – экономикалық құндылығы жоғары бағалы өсімдік. Бұл ағаштың әртүрлі бөліктерін, атап айтқанда жапырағын, қабығы мен жемісін, тамырын, сабағы мен діңін әралуан өнеркәсіп салаларында, соның ішінде тамақ жасау, текстиль, фармацевтика мен медицина салаларында қолдануға болады. Бүгінгі бағдарламада осы өніммен таныстырамыз.

Грек жаңғағы

Әлем халықтарының көбінің фольклорындағы наным-сенімдерге шолу жасағанда кейбір ағаштардың, соның ішінде грек жаңғағы ағашының, әсіресе көне жаңғақ ағашының жаны бардай кейіптелгенін көруге болады. Осы наным-сенімдерде жаңғақ ағашы ғайып даналықтың, өнімділік пен ұзақ ғұмырдың, бақытсыздық кезінде беріктіктің символы деп аталған. "Иран базары" атты бағдарламамыздың осы аптадағы бөлімін аталмыш өнімнге арнаймыз.

Жаңғақ ағашының пайда болу тарихы белгісіз.  Кейбіреулердің пайымдауынша, жаңғақ  адам жаралғаннан бұрын пайда болған. Көне жазбалар мен құжаттар жаңғақтың б.з.д. жүздеген жыл бұрын егілгенін айғақтайды. Кіші Азия, Таяу Шығыс, Гималай аймағы мен Қытай жаңғақ ағашы алғаш рет пайда болған жерлер ретінде аталады.

Жаңғақ ағашы

Қарапайым грек жаңғағы ағашының биіктігі әртүрлі болып келеді. Әралуан дереккөздерінде оның биіктігі 10-нан 40 метрге дейін аталған.Жаңғақ ағашының діңі күміс түсті тегіс, кейбір түрлерде сұр түсті болып келеді. Оның жапырағы хош иісті. Жаңғақ – бір негізді ағаш, оның аналық және аталық гүлдері бір ағашта бөлек-бөлек өседі. Сол себепті  жаңғақ ағашы өзін-өзі ұрықтандыратын және басқалар арқылы ұрықтандырылатын болып екіге бөлінеді. Жаңғақ ағашының ұрық шашуы жел арқылы жүзеге асырылады. Мұнда жәндіктер ешқандай рөл атқармайды. Жаңғақ ағашының жемісі қатты қабықтың ішінде орналасқан. Онда майлы зат жинаған екіге бөлінген көлемді ядро бар. 

Жаңғақ ағашы жаз бен қыста ыстық пен суыққа өте сезімтал. Жаңғақ ағашының өсу кезеңі түрі, өскен жері мен климатына тікелей байланысты. Бұл кезең 3 жылдан 20 жылға созылып, кейін жеміс беру кезеңі басталады. Жаңғақ ағашының жеміс беру кезеңінің шарықтау шегі 50-60 жыл аралығына тиесілі. Жаңғақ ағашы жемісі қабығының жарылуы мен миға ұқсас ядроның екі бөлігі мен оның айналасының қоңырқай тартуы жемістің піскенін көрсетеді. Дәні піскеннен кейін жеміс жинаудағы кез келген кешігушілік оның сапасының төмендеуі менжаңғақ ағашының ауруға шалдығу ықтималының артуына себеп болады.

Піспеген жаңғақ

Грек жаңғағының ағашы – экономикалық құндылығы жоғары бағалы өсімдік. Бұл ағаштың әртүрлі бөліктерін, атап айтқанда жапырағын, қабығы мен жемісін, тамырын, сабағы мен діңін әралуан өнеркәсіп салаларында, соның ішінде тамақ жасау, текстиль, фармацевтика мен медицина салаларында қолдануға болады.

Грек жаңғағы құрғақ және балғын түрде қолданылып, адамның қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауда айтарлықтай рөл атқарады. Бұл дәмді әрі нәрлі дән –ең маңызды майлы өнімдердің бірі. Жаңғақтың дәнінде ақуыз, қант, су, витамин, минералды тұздар мен майлы заттар бар. Жаңғақ "тамақтың миы" деген атпен танымал. Бұл атау оның миға ұқсастығына байланысты ғана берілмеген. Жаңғақ адамның есте сақтау қабілетін арттырады, Альцгеймер мен Паркинсон ауруларына шалдығудың алдын алады. Жаңғақ құрамында Омега-3 бар санаулы азық-түліктің қатарына жатады. Зерттеулер көрсеткендей, денеге қажет бұл қышқыл (Омега-3) бас сақинасы, күйзеліс, жүйке қысымы мен жабығуды емдеу үдерісіне оң ықпал етеді. Жаңғақтағы майлардың 15 пайызы жүректің денсаулығы үшін пайдалы қанықпаған майлардан тұрады. Жаңғақ қан құрамындағы зиянды холестерин (LDL) деңгейін төмендетіп, пайдалы холестериннің (HDL) деңгейін арттырады.

Жинауға дайын піскен жаңғақ

Жаңғақ тыныс жолдары ауруларын емдейді. Бұл нәрлі жеміс бүйрек пен өт қабындағы тастың қалыптасуы мен жүрек талмасының пайда болуының алдын алады. Жаңғақты інжір және бананмен жеу адамның миы мен санасын нығайтады. Жаңғақтағы мыс темірдің денеге сіңуіне көмектеседі. Жаңғақтағы фосфор көлемі балық, күріш, тіпті жұмыртқадағы фосфордың деңгейімен бірдей.

Жаңғақ зарарсыздандыру рөлін атқарады. Жаңғақ жемісінің қабығы танинге толы. Ол қан аздық пен созылмалы іш өтуді емдеу үшін әсерлі. Жаңғақтың басқа қасиеттерінен тыныстың тарылуы мен буын ауруларын емдеудегі, қауіпсіздік жүйесін сақтаудағы, қанның ұюының алдын алудағы, дененің метаболизмі және қанның қысымы мен қант мөлшерін реттеудегі әсерін атауға болады. Құрамында жаңғақ бар диета қандағы майлардың оксидтелуін азайтып, қан тамырларының артритке ұшырауына кедергі болады. Бұл жеміс антиоксиданттық қасиетінебайланысты обырға шалдығу ықтималын азайтуда пайдалы. Салмақты азайту, тері мен шаштың балғындығы мен саулығын сақтау үшін жаңғақты пайдалануға болады.

Жаңғақ ағашының жапырағы ерекше иіске ие эссенциядан тұрады. Оның шырынының микробты жою қасиеті бар. Жаңғақ ағашының діңі – әлемдегі ең мықты әрі қымбат ағаштардың бірі.  Ол қысуға, июге және созуға төзімді. Талшықтары тығыз мұндай ағаштар қырнауға, бояуға, ойып, әдемі сурет пен өрнек салу үшін қолайлы. Кейде жаңғақ ағашының бетіне үлкенді-кішілі түйіндер шығады. Оларды кесіп алып тастағанда әдемі суреттер туындайды. Бұл бөліктердің өнер және декорация саласында құны жоғары. Шере, жұмсақ жиһаз, музыкалық аспаптар жасау, ағаштан ойып өрнек салу, ұсақ бөлшектерден мозайка жасау, қырналған бұйымдар мен мылтықтың дүмін жасау – осының барлығы жаңғақ ағашын қолданудың үлгілеріне жатады.

Жаңғақ ағашының бетіне салынған суреттер

Жаңғақ ағашы бүгінде әлемнің көптеген жерінде табиғи түрде өседі немесе өсіріледі. Бұл ағаш жоғары генотип түріне жатады. Ол жеміс беру деңгейі тұрғысынан жоғары бағаға ие болумен қатар, салмақ тұрғысынан да әлемнің ең табысты экономикалық өнімдерінің қатарына жатады. Соңғы жылдары әлемде жаңғақ егуге арналған жер көлемі 1 млн гектар-дан асты. Әрбір гектардан шамамен 3400 кг жаңғақ алынады. Иран жаңғақ ағашын егіп, өсіру саласында ұзақ тарихы бар елдердің бірі саналады. Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша,  Иран жаңғақ ағашының пайда болып, өскен жері болған. Жаңғақ ағашы осы аймақтан басқа елдерге таралған. Ирандық жаңғақ ағашының жабайы түрлерінің Еуропаның шығысындағы Карпат тауларына, Түркия, Ирак, Ресейдің оңтүстігі мен Ауғанстаннан бастап Гималайдың солтүстік-батысына дейін таралуы – осы сөзіміздің дәлелі.

Жаңғақ ағашының әлемде таралуы

Бүгінде Иранда жаңғақ ағашын өсіру үшін 150 мыңға жуық гектар жер берілген.  Иран жылына 200 мың тоннадан астам жаңғақ өндіру арқылы әлемде осы өнімді өндіретін елдердің арасында үшінші орынды иеленіп отыр. Иранда жан басына шаққанда жаңғақ өндіру әлемдік деңгейден 6 есе жоғары, шамамен 3 кг-ды құрайды. Иранда өндірілетін жаңғақтың  экономикалық құндылығы 1,5 млрд доллардан асады. Оның көп бөлігі ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жұмсалады.  Иран жаңғағының май беру деңгейі мен дәмі оны әлемдегі ең сапалы жаңғақтардың қатарына қосты. Иранның 1 тонна жаңғағы шамамен 640 кг қоректік май береді.

Грек жаңғағы ағашы Иранның әртүрлі жерінде елдің солтүстігіндегі Дәрре-Гяз бен Моғаннан бастап, оңтүстігіндегі Фарстың Еғлидіне дейін, Урумиенің оңтүстік-батысындағы таулардан бастап, елдің оңтүстік-шығысындағы Тафтан тауларына дейінгі аралықта жақсы өседі.  Керман, Керманшах, Хамадан, Луристан, Коһкилуйе және Буйер Ахмад, Оңтүстік Хорасан, Батыс және Шығыс Әзірбайжан, Чахармахал мен Бахтияри және Орталық облыстар осы өнімді өндіретін ең негізгі облыстар саналады. Иранның жаңғағы өзінің жоғары сапасына байланысты әлемнің 30 еліне, соның ішінде  Ирак пен Түркияға, Германия мен Ұлыбританияға экспортталады.

Иранда жаңғақ өсіретін аудандар

Иранның көптеген аудандарында егілген жаңғақтар қарапайым жаңғақтың (juglans) түріне жатады. Әдетте  өзінің өсіп-өнген жерінің атауымен танымал. Мысалы,  Туйсеркан, Шахмирзад, Қазвин, Талеқан, Шахркүрд, Әзірбайжан және Дамаванд жаңғақтары. Иран жаңғақтарының басқа түрлерінен қағаз, тас, макуилік, ине, қарға тұмсығы және зияабади жаңғақтарын атауға болады.

Туйсеркан жаңғағы

Хамадан облысы  климат тұрғысынан Иранда жаңғақ ағашын егіп, өсіруге қолайлы өңірлердің бірі саналады. Бұл өнімнің  облыста таралу жиілігін оңай байқауға болады. Осы облыстың әртүрлі аудандарының арасынан Алванд тауының етегінде орналасқан Туйсеркан ауданыжаңғақ ағашын егу үшін ең қолайлы жер болып табылады. Бұл аудан жаңғақ ағашын өсіруге бөлінген жер көлемі тұрғысынан облыстағы өнімнің үштен бірін алып жатыр. Хамадан облысында, әсіресе Туйсерканда өндірілген жаңғақтар майлылық деңгейі, бүкіл жеміспен салыстырғанда дәннің жоғары пайызы, дәннің ақтығы мен ірілігі тұрғысынан әлемнің ең жақсы жаңғақтарының бірі саналады.

Тегтер