Илаһи жетекшілер (26)
Топтамамыздың бүгінгі бөлімінде сіздерді хазірет Әли (ғ.с) басқарған үкіметтің саяси бағдарымен таныстырамыз!
Өткен бөлімде Османның билік еткен кезеңдеріне қысқаша тоқталып, халықтық наразылықтардың шарықтау шегіне жетіп, Османның халықтың қолынан өлтірілуінен кейін Әлидің (ғ.с) билікке келуге ешбір ықыласы болмаған күйде ақырында халықтың сол хазіреттің алдына жиналып, оның билігін мойындағанын баяндадық. Әлидің (ғ.с) өзі бұған байланысты: "Сендер алақанымды жайдырттыңдар, мен оны қайтадан жұмдым. Сендер оны қайта тарттыңдар, мен жинап алдым. Сол кезде суатқа жеткен шөлдеген түйелер секілді мені жан-жақтан қоршап алғандарың соншалықты, аяқ киімім шешіліп, иығымдағы абам түсіп, әлсіз кісілер аяқтың астында тапталып қалды. Халықтың менің билігімді мойындап, адалдыққа ант беру рәсіміне қуанғаны соншалықты, кішкентайлар мәз-мейрам болып, үлкен кісілер қалтырап, қасыма келіп жатты",- деді.
Бірақ, өкінішке орай, Әлидің (ғ.с) алдына шаттанып келген дәл сол халық хазірет Әлидің (ғ.с) тек әділет орнатуды көздеп, олардың адал еңбексіз жинаған байлықтарын тартып алып, қоғамдағы тапқа бөлінуге негізделген алшақтық пен кемсітушіліктердің көзін жоюды қалайтынын сезгенде, хазіреттің бойында діни- саяси қырағылық жоқ деген себеппен қарсылықтары мен наразылықтарын білдіре бастайды. Кейбіреулер өздерін сырттай жақсылық тілеуші ретінде көрсетіп, Әлидің (ғ.с) жанына келіп: "Үкіметің нығая түсуі үшін бастапқыда олармен әріптестік жаса. Содан кейін исламдық ахкамдарды жүзеге асыруға кірісесің",- деген ұсыныс жасады. Алайда Әли (ғ.с) сырттай жақсылықты мақсат еткен ұсыныстарға жауап беріп: "Сендер менің кемсітушілік және қатыгездік жолымен жеңіске жетуімді қалайсыңдар ма? Әділетті саясат пен үстемдік үшін құрбан етуімді қалайсыңдар ма? Құдіретті Алланың атымен ант етемін, өліп кетсем де мұндай іске бармаймын, мұндай істің маңына да жақындамаймын. Мен кемсітушілікке жол бермеймін, мен әділетті аяқ асты етуге рұқсат бермеймін. Егер қолымдағы барлық қоғамдық байлық мен мал-мүлік жеке басыма тиесілі болып, оны халықтың арасында бөлгім келсе, ешқашан кемсітушілікке жол бермес едім. Бұл Құдайдың берген байлығы, мен тек Құдайдың аманатын сақтаушымын",- деп айтады.
Осылайша Әли (ғ.с) саяси жанжал, ашық та жасырын қарсылықтарға қарамастан, елдегі істерді тәртіпке келтіруге кіріседі. Ол хазірет лайықсыз жауапты тұлғаларды қызметтерінен босатып, адал әрі еңбекқор адамдарды мемлекеттік қызметтерге тағайындау арқылы өзінің негізгі саясаттары мен бағдарламаларын жүзеге асыруды бастады. Хазірет Әли үкіметінің жаңа жауапты тұлғаларына: "Өздеріңнің жаңа қызметтеріңе құрал ретінде қарамаңдар, оны пайда табу көзі санамаңдар. Керісінше, бұл қызметті барынша жауапкершілігін сезетіндей аманат санап, лайықты аманат сақтаушы болуға тырысыңдар!",- деп мәлімдейді. Ол хазірет сондай-ақ, өзінің барлық қызметкерлеріне қылмыскерлерді мүлдем қызметке тағайындамауды тапсырып, өздеріне қарапайым өмір сүруді таңдауға кеңес береді. Сонымен қатар, Әли (ғ.с) олардан сыншыларға бар кеңістікті ашып, жағымпаздар үшін есікті жабуды сұрап, бұқара халықпен тікелей қатынас орнатып, көпшіл болу мәдениетін ұрандату деңгейінен іс жүзінде жүзеге асыруға шақырды. Ол хазірет мақұрымдар мен қаналған халықты қорғап, қатыгез залымдар мен қанаушылармен күресуді сұрайды. Халық арасында арандатушы әрекеттер тудырушылармен күресіп, ислам үмбетінің бірлігі мен тұтастығын сақтауға шақырды. Қазылық және төрелік ететін барлық жағдайларда әділетті негізгі қағида ретінде назарға алып, кемсітушіліксіз әділ төрелік жасауды, ақиқатты қорғауды сұрады. Дұшпандар елдің іші мен сыртта соғыс отын өтін өрбіткен жағдайда шабуыл жасаушыларға қарсы джиһадқа шығуға, соғыс майданынан қашпауға шақырды. Жеңіске жеткен жағдайда құлдарға адамгершілік қатынас көрсетуді сұрады. Жеңіліске ұшырағанда жараланғандарды қудаламауға, соғысты бірінші болып бастамауға және әділеттің шегінен шықпауға үндеді.
Бұл Пайғамбардан (с.ғ.с) кейінгі халифтердің, әсіресе үшінші халиф кезіндегі саясаттарға мүлдем ұқсамайтын Әли басқарған үкіметтің саясаттарының бір бөлігі болды. Ол кезеңде алтын мен күшке ие адамдар осындай жағдайдың жалғасуын өздері үшін зиян санап, тыным таппай, өздері жеке барып Әлидің (ғ.с) ойын өзгертуге талпыныс жасады. Бірақ хазіреттің ақиқат пен әділет талап етуші негізгі ұстанымдарынан бас тарптайтынын көріп, ешбір жағдайда олардың шарттарына көнбейтінін түсінгенде өздерінің саяси, әскери және басқыншылық сипаттағы қастандық әрекеттерін бастады. Осы арада сырттай мүмін көрінетін, ой-өрістері тар адамдардың бір тобы да олардың қатарына қосылып, байлық, зорлық және алдаудың үшбұрышын толықтырды. Исламның Ұлық пайғамбары (с.ғ.с) кейбір сахабалар мен мұнафықтардың өздерін сырттай нағыз мұсылман етіп көрсететінін жақсы біліп, көреген көзқарасымен Әлидің (ғ.с) халифатқа билік ететін кезеңдерінде орын алатын ащы оқиғаларды болжап: «Құдайдың атымен ант етемін, Әли (ғ.с) – бағынбайтын бүлікшілермен, яғни адалдыққа ант беру рәсімін бұзушылар және дін жолынан тайғандармен күресуші",- деп баса айтқан.
Араларында Ислам пайғамбары (с.ғ.с) кезіндегі кейбір сахабалар мен алдыңғы қатарлы тұлғалар бар және маңдайларынан сәжденің ізі көрініп тұратын дінбасыларға еліктеушілер бар осындай үш ағыммен күресу оңай іс болмады. Осы ащы шындықтарды қарастыруды «Түйе» шайқасынан бастаймыз. Бұл шайқаста Пайғамбардың (с.ғ.с) жұбайы Айша елеулі рөл атқарды. Ол Әбу Бәкір мен Омардың тұсында үлкен құрметке ие болғанымен, Осман оның абыройын түсірген болатын. Сол себепті олардың арасында қатты қайшылық пайда болып, тіпті Айша: "Мына надан шалды билік басынан түсіріңдер, кәпір болып кеткен",- деп айтқан болатын. Ол сондай-ақ, түрлі тайпаларға хат жолдап, оларды Османды өлтіруге ынталандырады. Ол Османның өлгені туралы хабарды естігенде, халықтың Әлиді (ғ.с) халифат билігіне сайланғаны туралы жайттан хабарсыз болған күйде Осман жайлы былай деді: "Осман өз әулетіне, яғни Умәйя әулетіне түбінде сұмдық зардап келтіреді". Алайда Әлидің (ғ.с) халиф болғанынан хабардар болғанда, өз пікірін өзгертіп, Османды өлтіргендерден кек алуды талап етті. Шындығында, Айша Талха мен Зубайрдың халифат басына келетіндігіне үміттенді. Бірақ Әлидің (ғ.с) халифат билігін қолына алғанын естігенде Меккеден Мединеге баратын жолдың ортасынан Меккеге қайта оралып, Османның мазлұмдығы мен оның қаны үшін құн қайтару қажеттігін қуаттады. Халифат билігіне қол жеткізуде жеңіске жетудің жалғыз жолы Айшаның қоғамдағы абырой-беделін пайдалану екенін жақсы білген Талха мен Зубайр халықты Әлиге (ғ.с) қарсы бүлікке арандату үшін осы мұрсатты пайдаланды. Имам Әли (ғ.с) осы ащы оқиғаны еске алып: "Сыртқы шығарды. Кәнизакты сатып алар кезде тартысатын секілді Пайғамбардың әйелдері үшін тартысып, Айшаны Басраға әкетіп, өз әйелдерін үйлерінде отырғызып, пайғамбар өз үйінде ұстаған Айшаны олар мен олардың жазасынан құтқарып, маған бағынуға ант бергендердің әскерімен алаңға шығарды",- деді.
Әли (ғ.с) Басраға қарай түйелерге мінген әскердің бара жатқанын естігенде өзінің Басрадағы аймақ басшысы Осман ибн Хұнайфқа хат жазып, олармен сұхбат жүргізіп, соғыс отын өршітпеуді, хазірет Әлиге (ғ.с) адалдыққа берген антты бұзбауды сұрауды бұйырады. Бірақ тек соғысып, билік пен байлыққа қол жеткізуге келген олар Басра басшысының ұсыныстарын елемей, өз әскерін Басраға қарай бағыттайды. Соғысудан басқа шараның жоқ екендігін түсінген Осман да өз әскерін күрсеке әзірлейді. Түйеге мінген жауынгерлер өздерінің қалжырағанын сезгенде Басра әскеріне ымыраға келіп, соғысуды тоқтатып, хазірет Әлидің (ғ.с) Мединеден келіп, бәрінің ісін шешкенше күтуді ұсынады. Сонымен қатар, олар өздеріне аймақ әкімдігі, қазына сақталатын мекен мен мешітке жақындамай, қалаға кіруге рұқсат беруді сұрайды. Осман ибн Хұнайф Пайғамбардың (с.ғ.с) сахабалары саналатын Талха мен Зубайрдың қиянат жасап, тағы да ант бұзатындығы ешқашан ойына кіріп шықпайтынын айтып, олардың ұсынысын қабылдайды. Алайда олар сөздерінде тұрмай, Басраға шабуыл жасап, мешітке баса-көктеп кіріп, Басра аймағының әкімі арқылы намазды орындауға кедергі жасап, халықтың жүректерінде қорқыныш тудыру үшін Османды есінен танғанша соққыға жығуды бұйырады. Оның шашын қырып, сақалын жұлып тастайды. Қазынаны тонап, жетпіс күзетші мен сарбазды өлтіріп, қаланы басып алады.
Басраны басып алу мен ондағы орын алған жан түршіктірерлік оқиғалардан хабардар болған Әли (ғ.с) өз әскерімен Басраның маңында қосын құрып, тұрақтайды. Түйеге мінген жауынгерлер тағы да Әлидің әскеріне жөнсіз шабуылдайды. Әлидің шыдамы мен төзімі таусылып, Пайғамбардың соғыс сауытын киіп, әскерді өзі бастап, ант бұзушыларға шабуылдап, олардың көздерін жояды. Өкінішке орай, ішкі соғыстың салдарынан хазірет Әлидің әскерінен 5000 адам, түйе мінген әскерден одан да көп адам қаза болады. Әли (ғ.с) шайқас аяқталып, Талха мен Зубайр өлтірілгеннен кейін Айшаны үлкен құрметпен Мединеге жіберіп, өзі бірнеше фарсахқа дейін шығарып салады. Хазірет Әлидің (ғ.с) халифатына қарсы шыққандардың алғашқы қастандығы осылайша бейтараптандырылады. Содан кейін хазірет Әли басқа амалы қалмағандықтан Мединеге қайтып, Басрадан Муавие орналасқан Шамның жанындағы Куфаға аттанып, онда Әлидің (ғ.с) билігін мойындамаған Муавиенің қастық әрекеттерін жақыннан бақылау үшін сонда тұрақтайды.