Илаһи жетекшілер (27)
Топтамамыздың бүгінгі бөлімінде Сиффин және Наһраван шайқастары мен хазірет Әлидің (ғ.с) шәһадаты жайлы баяндаймыз.
Өткен топтамамызда Әли (ғ.с) "Түйе" шайқасы аяқталғаннан кейін Муавиенің Шамдағы арандатушы әрекеттерін бақылау үшін Куфаға тұрақтағаны жайлы баяндадық. Ол хазірет Муавиеның Әлидің билігін мойындап, ант беруі үшін оған жолдаған хатында: "Құдайға сансыз мадақ! Шындығында, халық менің пікірімді сұрамай, менімен ақылдаспай Османды өлтіріп, содан кейін жиналып өздері ақылдасып, маған келіп, билігімді мойындап, маған бағынуға ант берді. Менің хатым саған жеткенде өзің тарапыңнан ант беруші халық пен Шам қаласының ақсақалдарын маған жібер",- деп жазды (Ибн әбу әл-Хадидтің "Нахдж ул-Балағе" кітабына түсіндірмесі, 230/1).
Муавие бұл мәселеге ешбір ықылас білдірмеуімен қоса, түйеге мінген жауынгерлер секілді Османды өлтіру жағдайын сылтауратып, Османның қаны үшін кек қайтармайынша тынышталмайтынын мәлімдеді. Содан кейін ол бұрынғыдан бетер халықтың арасында үрей тудырып, өз билігін мойындатуға талпыныс жасаса, басқа жағынан өз әскерімен Әли басқарып отырған үкіметті құлатып, өзі халифаттың басына отыруға күш салды. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін Суфиян Ғамедиді алты мың сарбазымен бірге Евфрат өзенінің жағалауына жіберді. Олар Евфрат өзенінен өткеннен кейін Анбар атты шекаралық қалаға дейін ілгерілеп, қорғансыз халықты өлтіріп, тонады.
Әли (ғ.с) бұл оқиғадан хабардар болған соң Куфа мешітіне барып, хабарландырушы әрі аты шулы құтпасында: "Уа, халайық! Анбар қаласына жауыз әскер шабуылдап, сол қаланың басшысы сендердің бауырларың Бәкірді тұтқынға алғанын біліңдер. Ол шамасы жеткенше арамдықпен жасалған шабуылға қарсы тұрып, осы дүниенің алдамшы қызықтарының орнына Құдайдың ризашылығын артық көрді. Сендерден орындарыңнан тұрып, біртұтас сап түзеп, дұшпанға бұдан былай жерлеріңе ешқашан шабуыл жасауға батылы бармайтындай сабақ берулеріңді сұраймын",- дейді (Нахдж ул-Балағе, 27-б).
Алайда хазірет Әлидің (ғ.с) ескертулеріне қатысты халықтың солқылдақтығы мен енжарлығына байланысты қарсылық білдіргендерді басып-жаныштау үшін Муавие қан төгумен белгілі болған Баср ибн Артат басқарған келесі әскерін жіберді. Олар да хазірет Әлидің (ғ.с) Хиджаз бен Йемендегі билеп отырған аймақтарына басқыншылық жасап, біраз адамды өлтіреді. Осы қайғылы оқиға жайлы хабар хазірет Әлиге (ғ.с) жеткенде ол тағы сөз сөйлеп, халықтың енжарлық пен әлсіздік танытқанын сынға алып, оларды джиһадқа шақырды. Алайда, ол халықтан ешбір жауап болмады.
Муавие хазірет Әлидің (ғ.с) серіктерінің тұрақсыздығы мен саулықты қалайтынын көргенде халықтың арасында үрей тудыру арқылы Ирак тұрғындары тарапынан өзінің билігін мойындату үшін осы жолы сарбаздарын Иракқа жіберуге шешім қабылдайды. Олар да халықты тонап, өлтіреді.
Әли (ғ.с) бұл хабарды ести салысымен қатты ашуланып, шарасыздықтан халықты тағы шақырып, оларға: "Мен сендердей енжар халықтың арасынан езгі мен шабуылға қарсы тұрып, жанайқайға басып, шағымымды айтып, көмек сұраймын. Бірақ, сендер сөзге құлақ аспай, жоспарларымды қолдамай, берген бұйрықтарымды орындамайсыңдар. Әттегең-ай, сендермен төгілген қан үшін кек алуға, қолдауларыңа сүйеніп, биік мақсаттарға да жету мүмкін емес", - дейді (Наһдж ул-Балағе, 39-құтпа).
Бұл оқиғалардан бөлек Әли мен Муавие бір-біріне хат жазып, екі тараптың өкілдері бір-бірімен келіссөз өткізу үшін шақыртылған еді. Әли (ғ.с) үлкен соғыстың басталуына кедергі жасау үшін бар күшін салды. Бірақ, өкінішке орай, ол хазіреттің әрекеттері еш нәтиже бермей, Сиффин шайқасы орын алуы үшін алғышарттары әзір болды.
Шындығында, Әли (ғ.с) Малек Аштар мен Омар Ясер секілді батыл серіктерінің болғанына қарамастан, бауырмал, жанашыр имамға көмектесуге әзір емес, тек өздерінің амандығын ойлаған зердесіз халықпен бетпе-бет келген еді. Ежелден Шам тұрғындарымен бәсекелес болған куфалықтар соғыстың қаупін жақын сезген кезде ғана соғысқа әзірлене бастады.
Хазірет Әли (ғ.с) мен Муавие әскерлері сап түзегеннен кейін ол хазірет серіктеріне: "Олар өздері алғашқы болып бастамаса, соғысты сендер бірінші болып бастамаңдар. Осындай жағдайда ақиқат сендер жақта болады. Егер жеңіліс тапсаңдар, қашқындарды қумаңдар. Өзін қорғауға шамасы келмейтін адамдарға зиян келтірмеңдер. Жараланғандарды аяқтарынан шалмаңдар",- деп баса айтады.
Имам Әлидің осы батылдығына қарсы Муавие ең алдымен өз әскеріне хазірет Әлидің әскері үшін Евфрат өзенінің суын бөгеуге бұйрық береді. Имам Әли (ғ.с) өз әскеріне Муавиенің әскерін артқа шегіндіріп, суға қол жеткізуге бұйрық береді. Бірақ, Әли (ғ.с) Шам қаласының тұрындары үшін өзеннің суын бөгемейді.
Осы сәттен бастап кейде жаппай шабуылдар, кейде жекпе-жектер түріндегі екі әскердің бір-бірімен қақтығысы басталды. Сиффин шайқасы х.қ.ж.с.б 36 жылы зул-хиджа айында басталды. Мұхаррам айында соғысуға тыйым салынғандықтан, соғыс уақытша тоқтатылады. Алайда бұл аралық соғыстың отын сөндіре алмады. Сол себепті сафар айы бастала салысымен соғыс оты қайта өршіді. Хазірет Әлидің (ғ.с) қырағы әрі алғыр қолбасшылығы мен оның адал серіктерінің жанпидалығының арқасында біртіндеп мүміндердің әміршісінің әскері жеңісінің белгілері байқала бастайды. Сонымен, Муавие әскерінің жеңіліске ұшырауына аз қалған еді. Осындай тағдырды шешуші сәтте Муавие әскерінің жеңіліс табуының алдын алу мақсатында өте әккі, әрі айлакер Омар ибн әл-Астқа бір арам ой келіп, Құранның парақтарын найзаның ұшына шаншып, "Барлығымыз Құранның жолын ұстанамыз" деген уәжбен хазірет Әли (ғ.с) әскерінің жүрегіне күмән тудырып, ол хазіреттің жеңуіне жол бермеуді бұйырды.
Өкінішке орай, бұл шайтандық жоспар іске асып, өздерін әулие адамдар етіп көрсетуші аңқау әрі көргенсіз бір топ адам Әлиге (ғ.с): "Біз енді соғыспаймыз",- деп мәлімдейді. Олар Әли (ғ.с) қаншалықты: "Мен – Құранның сөйлеуші тілімін, сендердің найзаның ұшына шаншығандарың – тек жай қағаздар", - деп айтса да қабылдамай, оған: "Егер Муавиенің лагеріне жақындаған Малек Аштарға қайту бұйрығын бермесең, сені дәл Осман секілді өлтіреміз",- деп қоқан-лоққы жасайды. Әли (ғ.с) амалсыздан Малек Аштарға соғысты тоқтату туралы бұйрықты жеткізу үшін шабарман жібереді. Малек оған: "Біз жеңіс қарсаңында тұрмыз",- дейді. Сонда Әли (ғ.с): "Жеңіске жетіп, қайта оралғанда мүміндердің әміршісінің өлтіріліп немесе тұтқынға түскенін көргің келе ме?",- деп жауап береді. Малек те лажсыздан соғысты аяқтамай, артқа шегінеді. Өздерін әулие етіп көрсетуші алданған адамдардың жанына жеткенде оларға: "Уа, Ирактың халқы, қорланған халық... олар сендердің жеңіске жеткендеріңді білген кезде Құран парақтарын найзаға шаншыды. Егер жеңіске жеткенге дейін маған аз ғана уақыт бергендеріңде... Маңдайыңа сүйел біткен осы сәжделеріңнің сауабы Құдай үшін деп ойласам, мұның барлығы қу дүние үшін екен",- деп айтады (Табари, 6-том, 3332-бет).
Әли (ғ.с) амалсыздан соғыстың аяқталғанын мәлімдеді. Оның қалауына қарсы халифті тағайындауда төрелік ету үшін екі әскерден қазылар таңдалып алынды. Әлидің (ғ.с) төрелік ету үшін Абдолла ибн Аббас пен Малек Аштарды таңдамақ болғанына қарамастан, бүлікшілердің көпшілігі оларға қарсылық білдірді. Сөйтіп, Әлидің (ғ.с) қарсылығына қарамастан бұл іске бұрыннан Әлиге қарсы болып келген Абу Мұса ұсынылып, таңдалды. Муавие тарапынан зерек әрі саясатшы болған және айлакерлікпен әскерінің жеңіліске ұшырауынының алдын алған Омар ибн әл-Ас таңдалды. Бұл екі адам бірнеше ай бойы келіссөздер жүргізгеннен кейін қазылықты күткен халықтың алдына шығып, Омар ибн әл-Астың қулығынан хабарсыз Абу Мұса: "Менің қолымнан жүзігімді шешкенім секілді Әлиді халифтіктен босатамын",- дейді. Содан соң Омар ибн әл-Ас Абу Мұсаға берген уәдесіне қайшы: "Абу Мұсаның Әлиді халифат билігінен босатқаны секілді мен де оны қызметінен босатып, өзімнің жүзікті таққаным секілді Муавиені халифат билігіе тағайындаймын",- дейді.
Сол кезде «хауаридж» деген атпен танымал болған бір топ қарсылық білдіріп: "لاحکم الالله" , яғни "Үкім етіп, төрелік ету тек Алланың қолында" дейді. Олар Әлиге (ғ.с) осы жайтқа байланысты наразылық білдіріп, оның тәубеге келуін сұрап, әйтпесе кәпір болғанын дейді. Әли (ғ.с): "Мен тәубеге келетіндей ешқандай күнә жасамадым. Қулыққа алданып, ақиқат майданының анық жеңісіне бөгет жасаған сендерсіңдер",- деді.
Осы сәттен бастап хауаридждер Әлидің (ғ.с) халифат басына отыруына қарсы жаңа әрекеттер жасауға кіріседі. Олар Әлиді (ғ.с) қорғайтын барлық адамдарды қуғынға ұшырату туралы үкім қабылдап, оларды өлтіре бастайды. Кейбір жағдайларда олар Куфа мешітіне кіріп, Әли (ғ.с) жамағат намазын оқып жатқан сәтте Құранның кейбір аяттарын оқып, Әлиді кәпір деп атаған. Соңында Әли (ғ.с) оларды жинап, сөйлеседі. Олардың саны он екі мың адамға жуық болған. Соның нәтижесінде олардың ішінен 8000-ға жуығы соқыр жауластықтарын доғарып, қалған 4000 адам соғыс жариялайды. Бұл соғыс «Наһраван» атты мекенде орын алғандықтан, ол «Наһраван шайқасы» деген атпен танымал болды. Сол шайқас барысында хауаридждердің басым бөлігі қаза болды. Шайқастан кейін Әли (ғ.с) әскер жинап, Муавиемен ісін толығымен шешу үшін Куфаға қайта оралады. Алайда, біраз уақыттан соң өз жоспарына сәйкес Әли (ғ.с), Муавие мен Омар ибн әл-Асты өлтіру үшін жіберілген хауаридждерден қалған үш адамның ішінен тек Ибн Молджам Моради ғана осы сұмдық жоспарды жүзеге асырады. Ол х.қ.ж.с.б 40 жылы рамазан айының он тоғызы күні кешке Куфа мешітінде намаз оқып жатқан хазірет Әлиге (ғ.с) семсермен соққы жасап, жараландырады. Үш күннен кейін адамзат тарихындағы осы ұлы тұлға дүниеден озып, шәһид болады.