Сәу 03, 2018 22:28 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (138)

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, ақын Ғазали Ширазимен таныстырамыз.

"Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар" атты бағдарламамыздың келесі бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, Иранның келесі танымал тұлғасымен таныстырамыз. Х.қ.ж.с.б. 10 ғасырда өмір сүрген ақындардың бірі – Ғазали Машхади. Ол Сефевилер заманында поэзия саласындағы жағдайдың қолайсыздығына байланысты Үндістанға аттанған керуенге қосылған 700 ақынның бірі  болып, өмірінің соңына дейін үнді сарайында өмір сүрген.

Х.қ.ж.с.б. 10 ғасырда шах Тахмасп Сефевидің сарайында өмір сүрген атақты ақындардың бірі Ғазали Машхади ирандық шайырлар мен өнер иелерінің ұлы көшіне қосылып, Үндістанда ирандық поэзия, ақындық пен өнер қарқындап дамығандықтан осы аймаққа аттанды. Оның өмірі жайлы көп мәлімет жоқ. 930-936 жылдары Мешхедте дүниеге келіп, балалық шағын туған жерінде өткізіп, ғылым мен танымды үйренген. Ол бала кезінен өлең шығарған. Ақындыққа құмарлықпен қоса, сопылыққа бейім болған. Ақындық талантының арқасында біраз уақыт шах Тахмасптың сарайында қызмет еткен. Содан соң жастық шағында Сефевилер кезеңіндеқалыптасқан жағдайға байланысты Үндістанға аттанған. Ғазали Машхади Үндістанға келген кезде бұл жерді Гурканиан әулеті басқарып тұрған.

Батыс және Шығыс тарихшыларының пікірі бойынша, Үндістанда  Гурканиан әулетінің билігі кезінде бұл жерде парсы әдебиеті мен мәдениеті кең таралып, ирандық шайырлардың қоныс аударуы басталды. Осы көштің себебі бір жағынан Сефеви сарайының бейберекеттігі мен шайырларға көңіл аудармауы, екінші жағынан парсы әдебиеті мен поэзиясына ерекше көңіл аударған Үндістандағы Гурканиан патшаларының ынталандыруы болды. Хомаюн шах Иранда бір жыл тұрған кезінде ирандық ақындар мен жазушыларды Үндістанға көшіп келуге шақырды. Гурканиан әулетінің парсы әдебиеті мен ирандық өнерге назары Джалаледдин Акбар шахтың билігі кезінде өзінің шарықтау шегіне жетті. Мирмұхаммадқоли Салим ирандықтардың Үндістанға қоныс аударуы және сол замандағы бейберекеттік жайлы былай деген:

Иран жерінде толық тыныштық жоқ,

Үндістанға келгенге дейін қына түске боялмады.

Ғазали Үндістанға келген кезде бұл жерде Гурканиан әулеті билік құрып тұрған. Захиреддин Бабыр Теймуридің ұрпағы болып табылатын бұл әулет парсы тілі мен мәдениетін дәріптеп, оның Үндістанда таралуында айшықты рөл атқарды.

Захиреддин Бабыр

Захиреддин Бабыр Гуркани императорының ұлы Джалаледдин Мираншах ұрпақтарының бірі болды. Ол х.қ.ж.с.б. 937 жылға дейінҮндістанда билік жүргізді. Одан кейін билік оның ұлы Насреддин Хомаюнға, одан кейін оның ұлы Джалаледдин Акбарға берілді. Ол 963-1044 жылдары Үндістанда билік етті. Джалаледдин Акбардың билік еткен кезеңінің бір бөлігі Иранда шах Тахмасп Сефевидің билік құрған уақытымен (930-984 жылдары) тұспа-тұс келіп, Сефевилердің жеріндегі бүлік заманы х.қ.ж.с.б. 996 жылға, яғни шах Аббас I-нің билік басына  келгенге дейін жалғасты. Гурканиан әулетінің парсы әдебиеті мен ирандық өнерге назары Джалаледдин Акбар шахтың кезінде Ғазали Машхадидің Үндістанға келуімен бір мезгілде өзінің шарықтау шегіне жетті.

Жастық шағында ақындық өнерде белгілі бір дәрежеге жетіп, шах Тахмасптың сарайына жол тапқан Ғазали Машхади "діни әлсіздік" деген  ауыр айыпқа ұшырағандықтан Үндістанға келгеннен кейін оның ісі аса қарқындай қоймады. Ахмад Голчин Манаи «Үндістан керуені» деп аталатын кітабында: «Хорасаннан Ирак пен Фарсқа келгеннен кейін ол жерден теңіз арқылы Үндістанға аттанды. Басында ол жерде біраз уақыт беделсіз болды, ісі оңға баспады»,-деп жазған.  

Ғазали басында Даканға барған. Бірақ онда да бағы жанбады. Акбар шахтың ұлы әмірлерінің бірі әрі Джанпурдың билеушісі болған «Хан Заман» деген атпен танымал Әли Ғоли хан Ғазалидің қадірін түсінген. Ғазали Машхади Хан Заманның жанында танымалдыққа жетіп, оның мәнді өлеңдері Сенд пен Үндістанға таралды. Хан Заман Джалаледдин Акбар шахтың қолынан қаза тапқаннан кейін Моулана Ғазали Джалаледдин Акбар шах сарайы қызметкерлерінің қолына түсіп қалады. Осы кезде Акбар шахтың назарына ілігіп, Гуркани сарайының "Малек уш-Шоарасы" деген дәрежеге жетті. Ғазали Машхади өмірінің соңғы алты жылын әдебиетті сүйетін осы айбынды патшаның сарайында өткізген.

Ол Үндістанның Гуркани сарайында "Малек уш-Шоара" дәрежесіне жеткен алғашқы шайыр және Акбари сарайының жоғары дәрежелі ақындарымен мәжілістес болған. Ғазали Машхади 980 жылдың  режеп айының 27 күні Гуджараттың Ахмадабад қаласында кенеттен қайтыс болды. Акбаршахтың бұйрығымен ол  патшалар мен танымал тұлғалардың зираты саналатын Сәргәнджде жерленді. 

Ғазали Машхадиден проза мен поэзия саласында көптеген туынды қалған. Туындыларының көлемін ескере отырып, оны еңбекқор ақындардың тобына қосуға болады. Ғазали Машхадидің барлық туындыларының жиынтығы Британ мұражайында сақтаулы. Ғазали Машхади туындыларының бір бөлігі оның проза тілінде өз кітаптарына жазған кіріспелерінен тұрады. Кіріспелердің барлығы Британ мұражайында сақталынып тұр. Оның туындыларының келесі тобына проза тілінде жазған кітаптары енеді. Доктор Забихулла Сафа оның "Асрар әл-Мактум" атты кітабын мистикалық ғашықтық туралы жазылған сопылық мәснауи деп атаған. Сопылық туралы "Рашхат ул-Хайят" пен ақлақ туралы "Морат әл-Каенат" – Ғазали Машхадидің проза саласындағы туындылары.

Ғазалидің поэзиялық туындылары оның шығармашылығының көп бөлігін құрайды.  Британ мұражайында сақтаулы тұрған "Асар әш-Шабаб" өлеңдер жинағы проза тілінде екі кіріспе, Ғазалидің лақап аты мен өлеңдер жинағының атауын түсіндіруге арналған қасидаларлан тұрады. Бұл жинақта алғашқы бірнеше қасида ирандық ақындардың көбіндегідей Алланы мадақтау, пайғамбардың нығметі мен Алланың бірлігін баяндауға арналған.  Алфавит бойынша реттелген 555 ғазал сағинама, мәснәуилер, рубаилар мен мақтаатпен бірге келтірілген. Бұл кітапты ақын х.қ.ж.с.б. 966 жылы 30 жасында аяқтаған. Ғазалдар жастық шағында жазылғандықтан жинақ "Асар әш-Шобаб" деп аталған.

Ғазалидің "Соннат уш-Шоара" (Шайырлар дәстүрі) атты өлеңдер жинағы шах Тахмасп, Хан Заман мен басқа да билеушілерді мадақтауға арналған қасидалардан тұрады. "Гәндж-е Акбари"  (Акбари қазынасы) атты өлеңдер жинағында Ғазалидің Акбар шахты мадақтауға арнаған өлеңдері жинақталған. "Нақш-е бади", "Машхад-е Анвар", "Ғодрат-е асар", "Морат ас-Сафа" Ғазалидің Низамидің "Махзан ул-Асрар" поэмасындағы өлең өлшемімен жырлаған поэмалары болып табылады. "Қиял айнасы" да Ғазали Машхадидің ғазалдары, қыталары мен рубаиларының шағын жиынтығы. Онда ақынның проза үлгісінде жазған кіріспесі бар. Ғазали Машхади "Ғашықтар" поэмасын Джалаледдин Акбар шахтың атымен 4 мың бәйітте жырлаған.