Сәу 12, 2018 16:23 Asia/Almaty
  • Иран базары (31)

(Текстиль және киім кешек) Иранның текстиль өнеркәсібінде нано ғылым өндіру үлесі жаһандық ғылымның шамамен 3 пайызын құрайды. Иран осындай үлеспен Франция сияқты елдермен қатарлас болып, Испания мен Жапония елдерінен жоғары тұр.

«Иран базары» бағдарламасының бүгінгі бөлімінде адамзат тарихындағы ең көне өнеркәсіп түрлерінің бірі – текстиль өнеркәсібімен таныстырамыз. Бұл өнеркәсіп адамды тамақ пен баспанадан кейінгі бастапқы қажеттіліктерінің бірі, яғни киім-кешекпен қамтамасыз етеді. Аталмыш өнеркәсіптің пайда болу тарихы әлемнің әртүрлі жерлерінен табылған иіру мен тоқу құралдарының белгілері негізінде Тас дәуірінен басталады.

Текстиль иіру мен тоқудан тұрады. Онда мата жасау үшін жіптер мен талшықтар араластырыла өріледі. Тоқыма өндірісі талшық, жіп, мата өндіру және бояу мен жапсыру сияқты барлық толықтыру үдерістерінен тұрады.  

Тоқыма өнеркәсібінің тарихын баяндағанда осы салада алғаш қолданылған құрал, яғни жіп иіретін ұршық жайлы айтып өту қажет. Ол талшықты жіпке айналдырады. Осы құралдың кемелденуі тоқыма техникасының дамуында маңызды рөл атқарып, жіп иіру дөңгеленің пайда болуына жағдай жасады.

Тоқыма станогы – б.з.д. 4 мыңжылдықтың басында ойлап табылған құрал. Бұл станок адамзат өркениеті тарихы жетістіктерінің бірі саналады. Иран, Қытай, Сирия мен Мысыр өркениеттері осы құралдың кемелденуінде айтарлықтай рөл атқарды. Әртүрлі ұлттар мен қауымдар арасында әрқилы тоқу тәсілдерінің болуы, кейде олардың бір-бірімен қосылып кетуі әралуан жобадағы маталардың тоқылуына себеп болды. Уақыт өтіп, жаңа өзгерістер орын алған соң текстиль өнеркәсібі де өзгерді. Бұл сала индустриялық революция кезінде айтарлықтай дамыды. Дамыған елдердің индустриялы елдерге айналуының себептерінің бірі текстиль өнеркәсібінің дамуы деп айтуға болады. Әртүрлі маталарды өндіру елдердің индустриялануына жағдай жасады.

Ескі жіп иіру станогінің үлгісі

Бұрын текстиль өнеркәсібі  тек жіп пен мата сияқты өнімдерді өндірумен шектелген, алайда бүгінде ол өте ауқымды әрі күрделі өнеркәсіпке айналды. Түрлі киім-кешек, кілем мен ковролин түрлерін шығарумен қоса, машинаның тормозын жасауда, жасанды артерия, жол, ұшақ пен ғарыштық нысандарда текстиль өнімдері пайдаланылады. Жасанды жүрек жасауда текстиль талшықтары қолданылатынын біліп жүргендеріңіз жақсы. Сонымен қатар көлік дөңгелегінің мықтылығының 75 пайыздан астамы текстиль өнімдерінен алынады. Жол салуда да асфальт төселмес бұрын арнайы текстиль өнімі жол үстіне жабылады. Ол жолдың ғұмырын ұзартады. Тоқыма өндіру өнеркәсібі елдердің даму критерийлерінің бірі саналады.  Әлемде текстиль өнімдерін экспорттайтын басты елдер дамыған елдер болып есептеледі. Әлемде текстиль өнеркәсібі  өнімдерін экспорттау құны 2014 жылы 800 млрд долларға жуық болды.

Иранда да текстиль өнеркәсібі стратегиялық салалардың бірі саналады.  Ирантанушы зерттеушілердің жазбаларына сәйкес, Иранда жіп иіру мен тоқу техникасы шамамен б.з.д. 10 мың жыл бұрын басталған. Иран үстіртіндегі көптеген археологиялық аймақтардан табылған Жаңа тас дәуіріне тиесілі көптеген ұршықтар – осы сөзіміздің дәлелі. Кашанның Сиалк ауданынан табылған тас пен "рос" балшығынан жасалған жіп иіретін құралдар бұл кәсіптің Ежелгі Иранда ертеден болғанын көрсетеді. Мадтар әртүрлі құралмен жүн, зығыр, өсімдік талшықтарынан көптеген мата тоқыған алғашқы ирандық қауым болған. Мадтар жіпті иірумен қоса, жүн илеу арқылы сапалы төсеніштер жасаған. Мұндай киімдер мен төсеніштердің үлгісін Персеполис ежелгі ескерткішінің нақыштарынан көруге болады.

Мына үлгі Ежелгі Ирандағы жіп иіруді көрсетеді. Әйел әшекейге толы қолымен бейресми түрде үстелдің басында малдас құрып отыр. Ол гүлге ұқсас ұршықты сол қолымен ұстаған.

Француз тарихшысы Рене Гросненің (1885-1952) жазуынша, әртүрлі қазба жұмыстары барысында табылған мүсіндерден Иран үстіртін алғаш жайлаған халықтың киім үлгісін көруге болады. Иран үстіртінен табылған ең ескі адам мүсіні – б.з.д. 4200 жылға тиесілі кішкентай мүсін. Сиалк ауданынан табылған бұл мүсіннің киімі сол заманда Иран үстіртінде өмір сүрген адамдардың аңдардың терісін тікелей пайдаланбағанын, олардың жүнінен мата тоқып отырғанын көрсетеді. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған келесі  ескерткіштер ретінде Иранның оңтүстігіндегі Шуш пен Чағамиш ежелгі төбесінен табылған мөрлерді атауға болады. Онда жіп иірумен айналысып жатқан адамдар бедерленген. Керманның Яхия тарихи ауданынан да б.з.д. 5 мыңжылдыққа тиесілі жануар терісінің талшығынан жасалған маталар табылды. Басқа ескерткіштерден Хесар Дамған төбесінен табылған б.з.д. 5 мыңжылдыққа тиесілі жіп иіруге арналған бағанды атауға болады.

Уақыт өте келе ирандық жіп иірушілердің мата тоқудағы шеберлігі артып,  жасалған өнімдердің нәзіктігі мен бояуы айшықтала түсті. Селжұқтар заманында (11-12 ғасырларда) жібектен мата тоқу жайлы сөз болған. Ол күн сәулесі өзгергенде бояуын өзгертіп отырған. Сефевилер заманы (16-18 ғасырлар) Иранның мата тоқу өнеркәсібінде "алтын дәуір" деп аталған. Мата өндіру жоба, тігіс, сапа мен алуандық тұрғысынан қарқындап дамыды. Бұл дәуірде жібек, зығыр, атлас, мақпал мен алтынмен әдіптелген парсы әдеби туындыларының мотивімен әртүрлі жоба мен нақыштар бейнеленген маталар шығарылған. Сефевилер заманына тиесілі маталардың үлгілерін Лондонның Виктория мен Альберт мұражайы сияқты әлемнің танымал мұражайларынан көруге болады. Бүгінде сирек кездесетін аса нәзік маталар өндіру  экономикалық тиімділік тұрғысынан шектелгенімен, әлі де мақпал мен алтынмен зерленген маталар өндірісін Иранның кейбір қалаларынан, соның ішінде Теһран, Кашан немесе Исфаханның эстетикалық өнер орталықтарынан көруге болады.  

Иранның текстиль өнеркәсібінде жаңа технологияларды пайдалану және олардың дәстүрлі шеберханалардың орнын басуы соңғы екі ғасырда орын алды. Қазіргі таңда Иранда киім-кешек пен текстиль саласында 9500 компания жұмыс істейді. Олар елдегі жалпы белсенді индустриялды кешендердің 11 пайызын, жұмыс орындарының 13 пайызын қамтамасыз етеді.

Бүгінде жаһандану кеңістігі мен нарықтың ауыр бәсекелестігі жағдайында заманауи технологиялар басқа кезден көбірек қолданыла бастады. Әлемдегі әртүрлі салалардың арасындағы бұл өнеркәсіптің маңыздылығы, соның ішінде жұмыспен қамту, жоғары құн салығы мен басқа салалармен салыстырғанда аса көп инвестицияны қажет етпеуіне байланысты осы өнеркәсіп өнімдерді жақсартуда нанотехнологияны пайдаланатын негізгі салалардың біріне айналды. Нанотехнологияның көмегімен текстиль өнеркәсібінің күш-қабілетін арттыруға болады. Нанотехнологияны пайдалану арқылы жаңа материалды дамытып, қолда бар материалдарға жаңа ерекшелік қосып, оның тиімділігін арттыруға болады. Нанотехнология текстиль өнеркәсібіне тұтынушылардың өзгермелі әрі даму үстіндегі қажеттіліктеріне жылдамырақ жауап беруіне мүмкіндік береді. Мына жайтты да айтып өту қажет: нанотехнология жаңа текстиль өндірісі үшін жалғыз жол емес. Көп жағдайда нанотехнологияға қарай қозғалу компаниялардың текстиль нарығында өзін сақтап қалуға бағытталған стратегиясының бір бөлігі саналады. 2022 жылы текстиль нарығында қолданылатын нанотехнологияның құны 29 млрд доллардан асады деп болжануда. Бұл мәселе осы салада қарым-қабілеті жеткілікті елдердің көбірек инвестиция салуы үшін жақсы стимул болып отыр. Қазіргі таңда Иранның текстиль өнеркәсібіне қатысты нано ғылымын өндірудегі үлесі жаһандық ғылымның 3 пайызға жуығын құрайды. Бұл үлеспен Иран Франция сияқты елдермен қатарлас болып, Испания мен Жапония сияқты елдерден жоғары тұр.

Иранда текстиль өнеркәсібінде 20 пайыз нанотехнология қолданылады.

Бактерияға қарсы полиэфирді чип, филамантті, нейлонды және полиэфирді жіптер, су мен даққа қарсы хош иісті кілем, гигиеналық мақсаттарға арналған бактерияға қарсы тоқылмаған қатпарлар және толқындарды қорғайтын өткізгіш текстиль өнімдерін өндіру осы салада жұмыс істейтін іргелі ғылымға негізделген компаниялардағы ирандық белсенді зерттеушілердің жетістіктерінің қатарына жатады. Бұл зерттеушілердің басқа жұмыстарына текстиль құрал-жабдықтарын жобалап, жасау жатады. Ирандық зерттеушілер тарапынан жобаланып, өндірілген BCF пен CF жіптерін шығаратын станоктарды пайдалану өндірушіге бояуы қанық сапалы жіпті жоғары жылдамдықпен өндіруге мүмкіндік береді. Бұл станокты ойлап табушылар мен жобалаушылар аймақта осы өнімді сатуға тиімді нарық таба алған санаулы  өндірушілердің қатарына жатады.

Тегтер