Илаһи жетекшілер (28)
"Илаһи жетекшілер" атты топтамамыздың бүгінгі бөлімінде хазірет Әлиден (ғ.с) қалған еңбектермен таныстырамыз.
Бағдарламамыздың өткен бөлімінде хазірет Әлидің (ғ.с) шарықтау мен құлдырауларға толы өмірінің соңғы кезеңін қарастырдық. Билік басына келген Омаяд әулеті Әлидің (ғ.с) есімін жоюға бар күштерін салып, қолдарынан келгенше қулықтарын іске асырып жатты. Әлидің (ғ.с) шәһид болғаны туралы хабарды естігенде, енді Әлиден ешқандай белгі қалмайды деп ойлаған еді. Бірақ олар Құдайға сенетін және Құдай жолында болған адамның илаһи ерікпен тарихта мәңгі қалатындығынан бейхабар еді.
Әлидің өзіне тән барлық жеке қасиеттерімен бірге сан ғасырлар өткенімен ойшылдар мен дарынды адамдардың назарын өзіне аударып келе жатқан "Наһдж ул-Балағе" атты теңдессіз, бағалы еңбек қалды. Бұл кітапта тоухид, әділет, жаратылыс, әйел мен еркек, тақуалық, дүниеден баз кешу, шайтан, пайғамбардың кейбір сахабаларын кінәлау, пайғамбар әулетінің артықшылықтары, тақуалар, мүміндер мен мұнафықтарды сипаттау, Құранның кейбір аяттарын түсіндіру, Омаяд әулеті, өлім, мемлекеттер мен халықтар және тағы да басқа жүздеген тақырып қозғалған. Хазірет Әлидің (ғ.с) бұл кітаптағы сөздері Құран Кәрім секілді уағыз түрінде оқырманның көз алдына кез келген материалды немесе ақылға қонымды құбылыстың айқын әрі түсінікті мысалын келтіріп, біртіндеп оны өзі меңзеген түсінік пен тұжырымға жеткізеді.
"Наһдж ул-Балағе" кітабы үш бөлімнен тұрады: бірінші бөлім – құтпалар мен бұйрықтар; екінші бөлім – хаттар мен өсиеттер; үшінші бөлім – нақыл сөздер. Ол хазіреттің Пайғамбардың (с.ғ.с) көзі тірісінде, шайқастар кезінде, пайғамбардың атынан түрлі қалалар мен мемлекеттерде өкіл болған кезінде айтқан сөздері мен көтерген мәселелері жазылып сақталмаған. Тіпті халифтардың келісімімен айтқан сөздерінің өзі де жазылмаған. Кітаптың авторы Сейіт Рази х.қ.ж.с.б 400 жылдан бастап имам Әлидің (ғ.с) билік басына келген кезеңде айтқан кейбір сөздері мен таңдаулы даналық сөздерін өзінің әдеби талғамына сай жинақтап, "Наһдж ул-Балағе" еңбегі ретінде шығарған. Көптеген адамдардың пікірінше, бұл кітап Құраннан кейінгі шешендік өнерінің ең көркем әрі ең игі көрінісі саналып, Құранның "інісі" ретінде танылған.
Ибн Абу әл-Хадид – х.ж.с.б 7 ғасырда өмір сүрген ғалымдардың бірі. Оның "Наһдж ул-Балағе" кітабына жазған 20 томдық түсіндірмесі ойшылдардың назарын өзіне аударған танымал түсіндірмелердің бірі саналады. Ұлы ғалым әрі үлкен ақын хазірет Әлидің сөзіне тәнті болған. Ол еңбегінің алғысөзінде: "Шындығында, Әлдиің сөзі – Жаратушының сөзінен төмен, мақұлықтың сөзінен жоғары. Білімді әрі сауатты адамдар сөз сөйлеу мен жазуды Әлиден үйренген",- деп жазған. Ибн Абу әд-Хадид өзінің танымал кітабының төртінші томында "Наһдж ул-Балағенің" 35-ші хатын түсіндіруде Басраның басшысына арнап былай деп жазды: "Сенің билік тізгініңді мына адамның қолына берген шешендікті қара!
Бұл сөздердің ғажап үйлесімі сөздерді бір-бірлеп тізбектеп айтқан секілді әсерлі; өзі жерді тесіп шыққан қайнар бұлақ тәрізді. Сұбхан Алла, жас жігіт Меккеде өсіп, ер жетті. Ешқандай данышпанмен кезіккен емес. Бірақ оның айтқан сөзі даналық тұрғысынан Платон мен Аристотельдің сөзінен де артық. Ол даналармен араласпады, бірақ Сократтан да жоғары көтерілді".
"Нахдж ул-Балағе" еңбегіне тәнті болған тұлғалардың бірі өткен жылдары Мысырдың мүфтиі болған шейх Мұхаммад Абдуһ. Ол да "Нахдж ул-Балағе" кітабына түсіндірме жазған. Еңбегінің кіріспесінде: "Араб тілді халықтардың барлығы Әлидің (ғ.с) сөзін Құран Кәрім мен пайғамбардың сөзінен кейінгі ең мәртебелі сөз деп есептейді",- деп жазған. Әлидің (ғ.с) өзі де бұл жайында: "Расында, біз – сөздің әміршілері мен басшыларымыз. Біздің арамыздағы сөз ағашының тамыры тереңге бойлап, бұтақтары үстімізден төніп тұр",- деген.
"Нахдж ул-Балағе" кітабының осындай ерекшеліктерінен басқа оның сопылық тұрғыдағы тартымды тұстарының әсерлі болғандығы соншалықты, шөлдеген жандардың шөлін қандырады. Құдайды танып, білу туралы сөздері мен оның көркем әрі салтанатты қасиеттерінің тартымды тұстарын айту шарықтау шегіне жеткен сәтте оқырман өзін періштелердің қанаттарының үстінде отырып, адамның санасы жете алмайтын ең алыс жерлерге дейін қалықтайтындай сезінеді. Ұйқыда жатқан, қам-қайғысыз адамдарды ояту үшін сөз бастаған кезде, өлім мен өмірдің соңы мен өзіне дейінгі халықтың тағдырын баяндағанда айтатын сөздері адамның бар болмысын дүр сілкіндіреді. Ол хазірет періштелер әлемі мен Құдайды еске алудың көркемдігін сипаттауға байланысты: "Құдай өзін еске алатын жүректерді ажарландыра түседі. Осылайша керең болған жүректер есті болып, соқыр жүректердің көздері ашылып, асау жүректер бой ұсынғыш жуас болады",- дейді (Нахдж ул-Балағе, 220-құтпа). Содан кейін хазірет түн ішінде Жаратушыға мадақ айтып, онымен сырласып, ғашықтық қажеттіліктерімен бөліскен кезде рухы мен жаны періштелер әлеміне жетіп, илаһи өмір сыйлаушы көріністерін бар жан-тәнімен сезетін осы жолдағы сопылар жайлы: "Періштелер оларды өз ортасына алып, олардың жүректеріне тыныштық ұялатты. Алла Тағала оларға шексіз рақым сыйлайды. Құдайды еске алған кезде илаһи кешірімнің рухтандырушы лебі мен күнәлар жамылғысының сыпырылғанын сезеді",- деді.
Әлидің (ғ.с) жан-жақты көзқарасы тек "Нахдж ул-Балағе" еңбегі мен оның тек ахлақтық, әлеуметтік, саяси, мәдени сенімдік негіздері мен каламдық және философиялық сөздерінен ғана байқалмады, сонымен қатар мистикалық мәселелер, дұға мен мадақтарынан да осы жан-жақтылық көзге түседі. Оның терең әрі мағыналы сөзінің мазмұны жеке тұлғалық және әлеуметтік мәселелерді, х.қ.ж.с.б. айлардың, әсіресе режеп, шағбан мен рамазан айларын, барлық күндердің рухани кеңістіктерін қамтиды. Бұл мәселені дәлелдеу үшін Әлидің (ғ.с) дұғалары мен мүнәжаттарынан құралған хазіреттің "Сахифе Әлавие" атты тағы келесі танымал еңбегімен таныстырамыз. Бұл көркем жинақты Абдулла ибн Салех Сэмахиджи атты ұлы ғұлама х.қ.ж.с.б 10 ғасырда жазған. Бұл құнды еңбек үлемдер мен мұхаддисетрдің көзіне ерекше түсіп, бағалы еңбек ретінде ойшылдардың назарынан тыс қалмаған. Кітапта 150-ден астам дұға жинақталған. Оның тереңдігі мен жан-жақтылығына байланысты оны "Дұғалардың жарлығы" деп атауға болады. Тіпті, кейбір ойшылдар оны төртінші имамның (ғ.с) "Сахифе Саджадие" атты еңбегімен салыстырған. "Мостадрак әл-уасаил" атты кітаптың авторы ұлы ғұлама марқұм мұхаддис Нури осы бағалы еңбекті толықтырып, "Сахифе санавие Әлави" атты басқа бір еңбек жазды. Бұл "Сахифе Әлави" еңбегінің ғылыми орнын көрсетеді.
Әлиден (ғ.с) қалған келесі құнды еңбектер "Ғурар әл-Хикам және Дурар әл-Калим" (үздік хикметтер мен маржан сөздер) кітабы саналады. Еңбекте мүміндердің әміршісінің айтқан 11 000-ге жуық хадисі жинақталған. Бұл өте құнды еңбектің авторы Абул Фатах Насехаддин Абдулуахед ибн Мұхаммад Амеди – мұхаддис және Амед қаласының қазысы х.қ.ж.с.б бесінші ғасырда өмір сүрген ғұлама. Ол ғылыми және исламдық тағылымдар тұрғысынан көптеген рауаяттарға өз еңбектерінде сілтеме жасаған көрнекті үлемдер тарапынан үлкен бедел мен сенімге ие болған. Бұл еңбектің көптеген қолжазбаларының Разави облысы мен Ислам Мәжілісінің Кеңесіде, шәһид Моттахари атындағы мектепте, Үндістан, Түркия, Ұлыбритания мен Франциядағы кітапханаларда сақталуы оның қаншалықты бағалы екендінің бірден-бір дәлелі. Жеті томнан тұратын бұл жинақ Иранда, Бомбейде, Сидонда, Мысыр мен Сирияда бірнеше рет басылып шыққан. Мұнымен қоса бұл еңбек араб тілінен парсы және урду тілдеріне аударылып, ғұлама Джамал ад-Дин Мұхаммад Хансари оған түсіндірме жазған. Бағалы мұра әліпбилік ретпен наным-сенімдік, ахлақтық, ғылыми және әлеуметтік тақырыптарға байланысты 91 тараудан тұрады. Құтпалар, хаттар мен теңдессіз айталған сөздерді, олардың құрылымын зерттеп, талдау қоғам, ғылыми, мәдени және саяси орталықтар мен мемлекеттік құрылымдардағы мәтіндегі аса қажет іс саналады. Алла Тағаланың көмегімен және баршаның жауапкершілігінің арқасында хазірет Әлидің (ғ.с) теориялық және ғылыми көзқарастарының жарқын үлгісін әділдік пен ізгілікке шөлдеген әлемге таныстыруға болады. Хазірет Әлидің армандары мен мақсаттары толық әрі жан-жақты түрде соңғы илаһи елші хазірет Мәһди (ғ.с) пайда болған кезде илаһи уәдеге сәйкес жүзеге асатыны анық.
Жарқын болашаққа деген үмітпен сіздерді бір Аллаға тапсырамыз. Топтамамыздың келесі бөлімінде имам Хосейннің (ғ.с) өмірімен таныстырамыз.