Сәу 15, 2018 12:47 Asia/Almaty
  • Илаһи жетекшілер (29)

Хазірет Әли (ғ.с) шәһид болғаннан кейін перзенті имам Хасан (ғ.с) әкесінің орнын басты. Бүгінгі бөлімді имам Хасанның (ғ.с) тұлғасымен таныстыруға арнаймыз.

Хазірет Әли (ғ.с) мазлұмдықпен шәһид болғаннан кейін ол хазіреттің үлкен ұлы имам Моджтаба (ғ.с) ислам үмбетінің жетекшілігі мен имаматының жауапкершілігін мойнына алып, әкесі хазірет Әлидің (ғ.с) осы қызметте бір сәт тыным таппаған бағыты және бағдарымен әрекет етті. Ол ислам әлемінің ұлы ері, мүміндердің әміршісі – хазірет Әли (ғ.с) мен Исламның ұлық пайғамбарының (с.ғ.с) қызымен некесінің жемісі болды. Ол атасы Меккеден Мәдинеге көшкеннен кейінгі үшінші жылы рамазан айының ортасында Мәдине қаласында дүниеге келген. Фатима-Заһра (ғ.с) Әлиден (ғ.с) перзентіне ат қоюды сұрағанда имам Әли (ғ.с): "Мен Пайғамбардың (с.ғ.с) жолын кесе алмаймын",- дейді. Екеуі Пайғамбардың (с.ғ.с) олардың үйіне келгенін күтеді. Пайғамбар (с.ғ.с) нәрестенің оң құлағына азан оқып, сол құлағына иқамат айтып, есімін «Хасан» деп қояды. Бұл жәһілдік дәуірінде құлаққа шалынбаған есім еді. Осылайша Хасан ибн Әли (ғ.с) пәк әрі текті әулеттен шыққан ұлы отбасында дүниеге келеді.

Хасан ибн Әли (ғ.с) бала кезінен бастап Әли (ғ.с) мен Фатима (ғ.с) секілді теңдессіз үлгі болған ата-анасының еркелетуі, жетекшіліктері мен тәрбиелік қағидаларымен қоса, Пайғамбардың (с.ғ.с) ерекше тәрбиесі мен қамқорлығына бөленіп өсті. Ол уәһи мен ізгіліктің қайнар бұлағы болған пайғамбар отбасының мүшесі саналды. Ол хазіреттің бойынан жастайынан осы отбасының ұлылығының сырынан хабарсыз болғандар үшін таңқалдырарлық болып көрінген жарқын болашаққа үміттендіретін ұшқындар көзге түсті. Бала кезінде ол  атасы Пайғамбардың (с.ғ.с) ұйымдастырған жиынына келіп, ол хазіреттен Құранның бірнеше аятын естіп, ол аяттар оның мөлдір жадында сақталып қалды. Мейірімді анасының жанына келіп, сол аяттарды оған айтып береді. Әли (ғ.с) үйге кіргенде Фатима (ғ.с) оған дәл сол аяттарды мүлтіксіз айтып береді. Бір күні мүміндердің әміршісі (ғ.с) Заһрадан (ғ.с) әлгі аяттарды қайдан естігенін сұрағанда ол: "Біздің перзентіміз кішкентай Хасан пайғамбардың (с.ғ.с) жанында болғанда осы аяттарды естіп, есінде сақтап, бәрін маған қайта айтып берді",- дейді.

Пайғамбар (с.ғ.с) имам Хасанға (ғ.с) ерекше ықылас танытып: "Құдайым, мен оны жақсы көремін. Сен де оны мейіріміңе бөлей гөр!",- деп тілейді. Ибн Аббастан рауаят етілген Сахих Бұхаридің кітабында былай деп жазылған: "Алланың елшісі (с.ғ.с) Хасанды иығына отырғызып кетіп бара жатқанда оны көрген бір ер  адам: "Ей, бала, жақсы атқа мініпсің",- дейді. Сонда пайғамбар (с.ғ.с): "Ол да жақсы салт атты",- деп жауап береді". Пайғамбар (с.ғ.с) сахабаларының бірі: "Бір мүміннің үйіне тамаққа шақырылған едік. Пайғамбар (с.ғ.с) жолда ойнап отырған Хасанды көріп, асыға басып Хасанға барып, құшағын жайды. Хасан ойнап, арлы-берлі жүгіріп, пайғамбар оған күлімсірей қарады. Сосын Пайғамбар оны құшағына алып, бетінен сүйіп: "Хасан – менің бауыр етім. Құдай Хасанды жақсы көрген әрбір адамды мейіріміне бөлейді",- деді",- деді. Сондай-ақ, келесі бір рауаятқа сәйкес, пайғамбар имам Хасанға (ғ.с) бірнеше рет: "Сен мінез-құлық тұрғысынан тура өзіме ұқсайсың",- деген екен.

Пайғамбардың сахабаларының бірі былай деген: "Мен Пайғамбар (с.ғ.с) сәждеге жығылған кезде Хасанның хазіреттің мойнына асылып, арқасына отырғанын көрдім. Сонда пайғамбар ол түсуі үшін сәждесін ұзартты". Осы салада пайғамбардың (с.ғ.с) халықтың өз имамы мен жетекшісін таңдауда адаспауы үшін өз әулетінің жоғары орнын көрсетуге талпынғанын дәлелдейтін көптеген рауаяттар мен сөздер бар. Мысалы, имам Хасанның (ғ.с) осы жайттардың дәлелі саналатын «Татхир», «Маваддат» және «Мобаһеле» аяттары мен «Инсан» сүресіне сілтеме жасауға болады. Алайда имам Хасанның (ғ.с) өз атасымен өткізген тағдыр шешуші әрі ғиззатты кезеңдері ұзаққа созылмай, жеті жылдан аспады. Пайғамбардың (с.ғ.с) қазасынан кейін имам Хасанның есінде тек балалық шағындағы тәтті естеліктер мен Алла елшісінің еркелеткені мен ерекше ілтипаты ғана қалды. Имам Хасанның (ғ.с) есінен пайғамбардың қазасы туралы ащы естелік ұмытылмай жатып, қысқа мерзім аралығында оның ардақты анасы да дүниеден өтті. Фатима-Заһра (ғ.с) билікқұмар қанаушылар мен сертін бұзған озбыр билеушілердің оған жасаған азаптары салдарынан дүниеден өтеді.

Содан кейін оның жалғыз жұбанышы мен ең игі панасы имам, илаһи дәлел, адамзат баласы үшін теңдессіз үлгі болған өнегелі ғұмыры мен құлдыраулары мен шарықтауларынан ғибрат алған мейірімді әкесі Әли (ғ.с) болды. Хазірет ғылым, кемелдік, иман мен тақуалықтың ең жоғары дәрежесіне жетті. Ол әкесінің түнде ұйықтамай, Жаратушының алдындағы теңдессіз ғибадаты мен сырласуын бақылап, илаһи қасиетті болмысқа ерекше ден қойды. Мұны оның дәрет алған кездегі дене мүшелерінің қалтырауы мен реңінің өзгеруінен байқауға болды. Бұл мәселе басқалардың ойларында сауал тудырып, оның себебін сұрағанда хазірет: "Илаһи ұлылықты сезетін адамның оның алдында тұрғанда осындай күйде болуы лайық әрі құрметті саналады",- деді. Ол хазірет Меккедегі Алланың үйіне 25 рет зиярат жасаған. Бұл зияраттарының басым бөлігінде ол жолды жаяу және жалаң аяқ өткен.

Уәһилік әулетте тәрбиеленген имам Хасан (ғ.с) Құран Кәрімдегі намаз, яғни Жаратушымен байланыс орнату жайлы сөздермен жігерленіп, зекет беру немесе қайырымдылық жасау, яғни басқа жаратылған адамдармен байланыс орнату жайлы сөз қозғаған. Ол Жаратушымен сырласып, мұң-мұқтажын айтқан кезде де мұқтаж адамдар мен мақұрымдарды ұмытпаған. Ол Пайғамбар (с.ғ.с) мен хазірет Әлидің (ғ.с) өмір салтын өзі үшін үлгі тұтқан. Сүнит данышпандардың бірі Мұхаммад ибн Юсуф Заранди "Назму дурар ул-Симтайн" атты кітабында: "Бір мұқтаж адам имам Хасанға (ғ.с) хат жолдап, одан көмек сұрайды. Ол хазірет хатты оқымастан: "Сенің қажетің орындалады",- дейді. Сонда бір адам: "Пайғамбардың перзенті! Алдымен оның хатын оқып, нені қажет еткенін біліп, сосын жауап бергенің дұрыс болмас па еді?",- деді. Имам Хасан Моджтаба (ғ.с) ол адамға лайық жауап қайтарып: "Оның бойында пайда болатын ұят пен өзі-өзін кем санау салдарынан Құдайдың қаһарына ұшыраймын деп қорқамын",- дейді.

Иә, имамның осындай Құдайдың разылығы жолындағы әрекеті оның мұқтаж адамдарға ерекше көңіл бөліп, олардың қажеттіліктерін қамтамасыз еткенін көрсетіп қана қоймайды, сондай-ақ, оның түбіндегі ахлақтық жолдауды көрсетеді. Ол – Құранда айтылғандай, басқаларға көмек көрсеткенде оларға міндетсімей, азапқа салмай, қинамау қажеттігінде. Олар өздерін кемсініп немесе намыстары қорланбауы үшін олардың абыройы мен қадір-қасиетін сақтау қажет.

Тағы бірде имам Хасан (ғ.с) мешітке кіріп келгенде мұқтаж болғанымен сырттай абыройға ие адамның қолын жайып, Құдайға жалбарынып: "Құдайым, қажеттіліктерімді қамтамасыз ету үшін маған 10 000 дирхамды нәсіп етуіңді сұраймын",- дегенін естиді. Сонда имам Хасан (ғ.с) кідірместен мешіттен шығып, әлгі адамның абыройы түспеуі үшін қажет ақшаны басқа бір адам арқылы оған беріп жібереді. Ол хазіреттің бойындағы басқаларға көмектесуі мен жомарттығы жайлы көптеген танымал исламдық дереккөздерінде, соның ішінде имам Хасанның (ғ.с) бар мал-мүлкін үш рет екіге бөліп, Алла жолында оның разылығы үшін ғана қайырымдылыққа жұмсағаны туралы айтылған.

Имам Хасанның (ғ.с) бойындағы келесі ерекше қасиеттерге оның ахлақтық қасиеттері мен ізгіліктері жатады. Бұл жайында: "Бір күні Умәйя әулетінің үгіт-насихаттарының салдарынан жүрегі пайғамбар әулетіне деген кек пен өшпенділікке толы Шам қаласының бір тұрғыны имам Хасанмен (ғ.с) кездесіп қалғанда оған қатыгездік танытып, аузына келгенін айтады. Ол хазірет сабыр сақтап, оған: "Бұл бөтен қалада өзіңді жалғыз әрі бөтен сезінетін сияқтысың. Егер бір нәрсеге мұқтаж болсаң, айт, көмектесейік. Егер саған бағыт көрсету керек болса, дұрыс жолды нұсқайық. Егер аш болсаң, тамаққа тойдырайық. Егер бас сауғалап жүрсең, саған жанымыздан пана берейік. Егер өтінішің болса, орындап берейік. Егер көлік керек болса, саған ұсынайық",- дейді. Сонда әлгі адасқан адам имам Хасанның (ғ.с) осындай жомарттыққа толы сөзін естігенде өзі айтқан сөзіне қатты өкініп, көзінен жасы ағып: "Сенің Құдайдың жер бетіндегі халифі екендігіңді растаймын. Құдай өзінің таңдаулы құлдарының пайғамбарлық міндетін қандай дәрежеге көтеру керектігін бәрінен жақсы біледі. Мен саған және сенің әкеңе қатты өшпенділік танытып келдім, бірақ осы сәттен бастап сендер мен үшін ең сүйікті адамсыңдар",- дейді.