«Ахзаб» сүресі, 749-шы бөлім, 22-25 аяттар
«Ахзаб» сүресінің 22-25 аяттарының тәпсірі:
بسم الله الرحمن الرحیم
«Ахзаб» сүресінің 22 аяты:
«وَلَمَّا رَأَى الْمُؤْمِنُونَ الْأَحْزَابَ قَالُوا هَـذَا مَا وَعَدَنَا اللَّـهُ وَرَسُولُهُ وَصَدَقَ اللَّـهُ وَرَسُولُهُ وَمَا زَادَهُمْ إِلَّا إِیمَانًا وَتَسْلِیمًا»
Мүміндер жау топтарын көрген сәтте: “Міне, бізге Алланың да, Елшісінің де уәде еткен нәрсесі. Алла да, Елшісі де рас айтқан” десті. Сондай-ақ, олардың сенімдерін, бой ұсынуларын одан ары арттыра түсті. (22)
Алдыңғы бағдарламаларда «Ахзаб» соғысындағы мұнафықтардың қылықтарына тоқталдық.
Осы аят былай дейді: «Бірақ, Құдай мен елшісіне және олардың сөздеріне иман келтіретін шынайы мүміндер дұшпандардың әскерімен бетпе-бет келген кезде: «Бұдан бұрын Құдай Құран аяттарында «Сендер де бұрынғы халықтар сияқты қиын оқиғалармен бетпе-бет келіп, дұшпандардың шабуылына ұшырайсыңдар» деп хабар берген болатын. Алланың елшісі де мұның алдында арабтар мен дұшпандарыңның әртүрлі тайпалары сендерді жою үшін бірігеді деп айтқан болатын». Сол себепті, осындай жағдайды көрген кезде мұнафықтардың тәсілі бойынша, қашудың орнына дұшпанның алдында қасқайып тұрып, Құдай мен пайғамбарының бұйрықтарына бағынатындықтарын көрсетті.
Осы аяттан үйренетініміз:
- Мүмін залым дұшпанның оны жайына қалдырмайтынын білетіндіктен дұшпанмен бетпе-бет келуге әрдайым әзір болады.
2.Кәпірлер бір-бірімен алауыздыққа ие болғанымен, ислам мен мұсылмандарды жою үшін бірігіп, осы мақсатқа жету үшін өздерінің барлық күштері мен мүмкіндіктерін пайдаланады.
3. Мүміндер өздерінің саны аз, дұшпанның саны көп болса да оларға қарсы тұрып, дұшпанға емес, Құдайға мойынсұнады.
«Ахзаб» сүресінің 23 аяты:
«مِّنَ الْمُؤْمِنِینَ رِجَالٌ صَدَقُوا مَا عَاهَدُوا اللَّـهَ عَلَیْهِ فَمِنْهُم مَّن قَضَى نَحْبَهُ وَمِنْهُم مَّن یَنتَظِرُ وَمَا بَدَّلُوا تَبْدِیلًا»
Мүміндерден Аллаға деген уәделерін шындыққа шығарған ерлер бар: олардан кейбіреуі жанын құрбан қылды, кейбіреуі күтуде. Олар серттерін әсте ауыстырмады. (23)
Нағыз мүміндердің табандылықтары мен қарсылықтарын баяндаған алдыңғы аяттың жалғасында осы аят былай дейді: «Иман адамдары Құдайдың дініне жәрдемдесуде аянып қалмайтындықтары, қасық қандары қалғанша күресетіндіктері туралы Құдаймен келісім жасады. Сол себепті олардың кейбіреуі Бадр мен Ухуд соғыстарында шәһид болды. Олардың тағы бір тобы өздерінің уәделеріне адалдықтарын білдіретін, жандарын Құдай жолында құрбан ететін уақытты күтті. Уәделері мен келісімдерін жүзеге асыруда олар ешқандай солқылдақтық пен әлсіздік танытқан емес. Соғысқа қатысқандарымен, жандары аман қалғанға қуанатын имандары әлсіз адамдар сияқты болған жоқ».
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Иман тұрғысынан мұсылмандар бір деңгейде емес. Олар әртүрлі деңгейлерге ие. Бір топ тыныш, рахат өмірді қаласа, бір топ Құдай жолында шәһәдат етуді күтуде.
- Дінді соңғы демдері қалғанша қорғауға әзірлік имандағы риясыздық пен илаһи келісімге адалдықты білдіреді.
- Нағыз мүміндер достары мен жақындарының шәһадатын көріп, артқа шегінбейді, соғыс алаңынан қашпайды. Керісінше, өздері де шәһәдаттықты күтеді.
«Ахзаб» сүресінің 24-25 аяттары:
«لِّیَجْزِیَ اللَّـهُ الصَّادِقِینَ بِصِدْقِهِمْ وَیُعَذِّبَ الْمُنَافِقِینَ إِن شَاءَ أَوْ یَتُوبَ عَلَیْهِمْ إِنَّ اللَّـهَ کَانَ غَفُورًا رَّحِیمًا»، «وَرَدَّ اللَّـهُ الَّذِینَ کَفَرُوا بِغَیْظِهِمْ لَمْ یَنَالُوا خَیْرًا وَکَفَى اللَّـهُ الْمُؤْمِنِینَ الْقِتَالَ وَکَانَ اللَّـهُ قَوِیًّا عَزِیزًا»
Алла шыншылдарды шыншылдықтарыменен сыйлар. Ал мұнафықтарды қаласа, азаптайды да немесе оларға тәубе нәсіп етеді. Күдіксіз, Алла өте жарылқаушы, тым мейірімді. (24)
Алла ол кәпірлерді долданған бойларынша қайтарады. Олар игілікке жете алмады. Алла соғыста мүміндерге жетіп асады. Алла аса күшті, тым үстем. (25)
Бұл аяттар «Ахзаб» соғысының нәтижесін былайша баяндайды: «Дұшпанмен күресу үшін үстеріне соғыс киімін киетін, ислам діні жолында жанкештілікке әзір, пайғамбардың қасынан табылатын адал мүміндер сыйларын Құдайдан алады: тіпті, екі топтың арасында соғыс орын алмай, мүміндер соғыспаса да, шәһид болмаса да» дейді.
Алайда, һәм өздері де тұрақсыз, һәм басқалардың көңілдерін бұзатын мұнафықтар илаһи жазаға ұшырайды. Құдай олардың тәубеге келуімен немесе өзінің мейірімімен оларды кешіріп, күнәларын кешсе жағдай басқа.
Осындай қастықпен исламның тамырын құртып, пайғамбар мен мұсылмандардың ісін тәмамдаймыз деп ойлаған мүшіріктер мен кәпірлер жеңіске де жетпей, олжаға да батпай қайтты.
Осы оқиғада Құдай мұсылмандарға ешқашан дұшпаннан қорықпауды үйретті. Дұшпандар да олардың қастықтарының илаһи хикметтің алдында әсерсіз екенін, Алланың құдіретін жеңе алмайтынын үйретті. Сол себепті исламды құрту үшін одақтасқан дұшпандар соғыс алаңына келіп, ашуланып, қайғырып, өз өлкелеріне қайтып, армандарына жетуде сәтсіздікке ұшырады.
Осы аяттардан үйренетініміз:
- Адалдық сөзде ғана емес, істе де. Құдаймен жасаған келісім мен берген уәдеге адал болуымыз керек. Құдайдың дініне жәрдемдесуде солқылдақтық танытып, аянып қалмайық.
- Құдайдың мейірімі ешкімнен алыс емес. Тіпті келісімді бұзушы мұнафықтар да үмітке ие. Алланың назары немесе дана қалауымен олар да кешірілуі мүмкін.
- Өмірдің әртүрлі істерінде тек материалды есептеумен шектелмеуіміз керек. Ғайыптан келетін көмектер мен материалды есептерден тыс істерден қапы қалмайық.