«Ахзаб» сүресі, 753-ші бөлім, 39-42 аяттар
«Ахзаб» сүресінің 39-42 аяттарының тәпсірі
Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
«Ахзаб» сүресінің 39 аяты:
«الَّذِینَ یُبَلِّغُونَ رِسَالَاتِ اللَّـهِ وَیَخْشَوْنَهُ وَلَا یَخْشَوْنَ أَحَدًا إِلَّا اللَّـهَ وَکَفَى بِاللَّـهِ حَسِیبًا»
Сондай пайғамбарлар Алланың нұсқауларын жалғастырып, Одан қорқады да, Алладан басқа ешбіреуден қорықпайды. Алла есеп көруде жетіп асады (39).
Алдыңғы бағдарламада пайғамбардың өзінің асырап алған баласының әйелімен үйленгені, соңында Құдайдың: «Ислам пайғамбары мен оның алдындағы пайғамбарлар Алланың бұйрықтарын жүзеге асыруда солқылдақтық танытпауы керек, адамдардың сөзінен қорқып, Оның бұйрықтарын орындаудан аянып қалмауы керек» дегенін баяндадық.
Осы аят былай дейді: «Илаһи пайғамбарлардың негізгі міндеті – илаһи ресалатты еш қорқынышсыз мәлімдеу. Олар тек Құдайдан қорқады. Одан басқа ешкімнен қорықпайды».
Қоғамдық әдет-ғұрыптарға немесе адамдардың жөнсіз талап-тілектеріне қарсы тұру адамды олардың қоқан-лоққылары мен қорлығына ұшыратады. Сол себепті, көптеген адамдар істеп жатқан істерінің бұрыс болғанына қарамастан, адамдардың сөзінен қорқып, өздерінің ақылдары мен түсініктеріне қарсы әрекет етіп, сол қате істі жүзеге асырады. Алланың әулиелері мен шыншыл мүміндер тек Құдайды ғана назарға алып, ешбір адамның тіл безеуінен қорықпайды. Себебі, олар өздеріне Құдайдың жеткілікті екенін біледі.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Дінді уағыздау тақуалық, тәуекел, батырлық пен кесімділікті қажет етеді.Мұндай ерекшеліктерден кенде адам уағыздау ісінде сәттілікке қол жеткізе алмайды.
2. Дінді қорғап, оны уағыздап, тарату жолында қиындық көретін иман адамдарының есебі Құдайдың жанында сақтаулы.
«Ахзаб» сүресінің 40 аяты:
«مَّا کَانَ مُحَمَّدٌ أَبَا أَحَدٍ مِّن رِّجَالِکُمْ وَلَـکِن رَّسُولَ اللَّـهِ وَخَاتَمَ النَّبِیِّینَ وَکَانَ اللَّـهُ بِکُلِّ شَیْءٍ عَلِیمًا»
Мұхаммед (Ғ.С.) сендерден ешбір еркектің әкесі емес. Бірақ, Алланың Елшісі және пайғамбарлардың соңы. Алла әр нәрсені толық білуші (40).
Алдыңғы аяттардың жалғасында осы аят жәһілдік әдет-ғұрыпты теріске шығарып: «Хазірет Мохаммад Зейдтің туған әкесі болған жоқ. Зейд хазіреттің асырап алған баласы болды. Илаһи шариғат тұрғысынан пайғамбардың асырап алған баласының әйеліне үйленуі мәселе емес. Алайда жәһілдік әдет-ғұрып бойынша ұят іс саналды» деп, мүміндерге: «Пайғамбарды өздеріңдей көрмеңдер. Өйткені, сендер өздеріңнің негізгі міндеттеріңді перзенттеріңнің қажеттіліктерін қамтамасыз ету санайсыңдар, әкенің перзентіне деген ықыласына байланысты өмірде әртүрлі пайымдауларың бар.
Ол – үмбеттің әкесі. Бұл үмбет қияметке дейін тұрақты болып, илаһи бұйрықтарды орындауы үшін Ол үмбеттің мүддесін көздеп әрекет етуі керек» дейді.
Аят жалғасында ислам пайғамбарының соңғы пайғамбар екенін көрсететін жалпы әрі негізгі бір тақырыпқа тоқталып: «Пайғамбарлардың арасындағы хазірет Мохаммадтың орны ерекше. Ол – һәм Құдайдың елшісі, һәм пайғамбарлардың соңғысы. Құдай оны соңғы пайғамбар етті. Ол хазірет адамзатқа ең толық және ең кемел діни тағылымдар мен бағдарлама сыйлады» дейді.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Ислам – аспандық соңғы дін. Құран – адамзат баласына жетекшілік етуі үшін жіберген Алланың соңғы кітабы.
2. Ислам пайғамбарының соңғы екендігі Алланың шексіз ғылымына негізделген. Алла оның ресалатының адамның бақыт жолын тануға деген қажеттілігін шешетінін біледі.
«Ахзаб» сүресінің 41-42 аяттары:
«یَا أَیُّهَا الَّذِینَ آمَنُوا اذْکُرُوا اللَّـهَ ذِکْرًا کَثِیرًا»، «وَسَبِّحُوهُ بُکْرَةً وَأَصِیلًا»
Әй, мүміндер! Алланы өте көп зікір етіңдер. (41)
Оны ертелі-кеш пәктеңдер. (42)
Бұл аяттар иман адамдарына барлық жағдайда Құдайды пәктеуге кеңес береді. Себебі, адамның қапылдыққа ұшырауына себеп болатын факторлар тәулік бойында өте көп кездеседі: нәпсі сияқты ішкі факторлармен қатар, шайтан мен бұзық адамдардың азғыруы сияқты сыртқы факторлар. Адамды қоршаған көптеген факторлармен күресудің жалғыз жолы әрдайым Құдайды еске алудан басқа ештеңе емес.
Таңертең, түсте, кешке бес уақыт намаз оқу – илаһи тапсырыстың тек бір бөлігі ғана. Бірақ, адам күні бойы үнемі Құдайды еске алуы керек. Тіпті, кез келген шешімі мен әрекетіне Құдай риза ма, жоқ па соны ойлауы керек. Егер Құдай риза болса, жасап, егер ризашылығына бөленбейтін болса, ол істі қоюы керек. Тіпті, оның нәпсілік тілектеріне немесе адамдардың қалауына қайшы келсе де.
Құдайды барлық жағдайда еске алу адамның нығметтерге алғыс айтып, қиындықтармен бетпе-бет келген кезде сабыр мен шыдамдылық танытуын қажет етеді. Күнәмен бетпе-бет келген кезде Құдайдан қорқып, күнәға ұрынған кезде тәубеге келіп, Құдайдан кешірім сұрап, оған бет бұру керек.
Бірақ, Құдайға жүрек арқылы көңіл аударумен берге, әртүрлі жағдайда тілмен зікір етуге де кеңес берілген. Алланың елшісі қызы Фатеме Заһраға әрбір намаздан кейін оқитын зікірді үйретті: яғни, 34 рет Аллаһу Акбар, 33 рет Алхамдуллилях, 33 рет Субхан Аллаһ деп айтуға кеңес берген.
Осы аяттардан үйренетініміз:
- Құдайды тек тіл мен сөз арқылы еске алу жеткіліксіз. Адам әрбір ойы мен әрекетінде Құдайдың ризалығына назар аударуы керек.
- Құдайды еске алу маусымдық, кезеңдік емес, үздіксіз болған жағдайда ғана әсерлі әрі сындарлы болмақ.
- Алланы зікір етудің арасында пәктеу мен ұлықтауға көбірек кеңес берілген.