Сәу 17, 2018 22:20 Asia/Almaty

«Ахзаб» сүресінің 43-48 аяттарының тәпсірі:

«Ахзаб» сүресінің 43 аяты:

«هُوَ الَّذِی یُصَلِّی عَلَیْکُمْ وَمَلَائِکَتُهُ لِیُخْرِجَکُم مِّنَ الظُّلُمَاتِ إِلَى النُّورِ وَکَانَ بِالْمُؤْمِنِینَ رَحِیمًا»، «تَحِیَّتُهُمْ یَوْمَ یَلْقَوْنَهُ سَلَامٌ  وَأَعَدَّ لَهُمْ أَجْرًا کَرِیمًا»

Ол сондай Алла, сендерді қараңғылықтардан жарыққа шығу үшін өзі рахмет қылып, періштелері дұға қылады. Сондай-ақ, мүміндерге ерекше мейірімді. (43)

Олардың Аллаға жолыққан күні амандары “сәлем” болады. Және оларға қымбат сыйлық әзірледі. (44)

Алдыңғы бағдарламада Құран Кәрім мүміндерді барлық жағдайда Құдайды еске алып, зікір етуге бұйырды. Осы аяттар былай дейді: «Сендер Құдайды еске алған кезде Құдайдың сендерді де еске алатындығына, сендерге өзінің рақымын түсіретіндігіне сенімді болыңдар». Құдай «Бақара» сүресінің 152 аятында: «Енді Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын (152)» деді.

Періштелер де иман адамдары үшін рақым мен кешірім сұрайды. Рақым мен кешірім адамның күнә мен зұлымдықтың қараңғылығынан шығып, нұр мен пәктік жаққа бет бұруына себеп болады. 

Шын мәнінде, Құдайды дайым еске алу адамның илаһи мейірімге, ерекше илаһи жетекшілікке үнемі бөленуіне себеп болады. Бұл – адам өмірі тығырыққа тірелген сәттерде жолды ашатын, адамның қиын, қорқынышты дауылдарда адасып, көз жұмуына жол бермейтін жетекшілік.

Қияметте де мұндай адамдар илаһи періштелердің арнайы сәлеміне бөленіп, тыныштық пен қауіпсіздікте болады.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Өмірдің зұлматтары мен қараңғылықтарынан босау үшін адамның ақылы мен ғылымының жалғыз өзі жеткіліксіз. Сол себепті ол қараңғылықтардан құтқарылу үшін илаһи жәрдемді қажет етеді. Құдайды еске алу сол үшін негіз әзірлейді.

2.Нағыз иман – илаһи рақымға ие болудың кілті, жетекшіліктің нұрын адамға сыйлайтын рақым.

2.Жұмақтықтар бірі-бірімен «сәлем» деген сөз арқылы амандасады. Бұл дүниеде де мүміндерге бір-бірімен кездескен кезде осы көркем әрі мағынаға толы сөзді қолдануға кеңес берілген.

«Ахзаб» сүресінің 45-46 аяттары:

«یَا أَیُّهَا النَّبِیُّ إِنَّا أَرْسَلْنَاکَ شَاهِدًا وَمُبَشِّرًا وَنَذِیرًا»، «وَدَاعِیًا إِلَى اللَّـهِ بِإِذْنِهِ وَسِرَاجًا مُّنِیرًا»

Әй, Пайғамбар! Сөз жоқ, сені бір куә әрі қуантушы, ескертуші етіп жібердік. (45)

Алла жаққа, Оның нұсқауымен шақырушы бір нұрлы шырақ түрінде жібердік. (46)

Алдыңғы бірнеше аятта, осы сүренің 40-шы аятында ислам пайғамбарының ресалаты мен соңғы екендігі туралы сөз болды. Бірақ осы аяттар хазіретке: «Уа, біздің елшіміз! Сен адамдардың арасында өмір сүретін кемел әрі жан-жақты үлгісің. Адамдар сені өздері үшін куә әрі бақылаушы санайды» дейді. Оның шақыру тәсілінің үлгісі «сүйіншілеу» және «ескерту» деген екі негізге сүйенген.

Пайғамбар адамдарды өзіне емес, бір Құдайға табынуға шақырды. Өйткені, пайғамбарлар адамдар Құдайдан басқа ешкімнің алдында басын имеюі үшін келген. Сол себепті, пайғамбарлар адамдарды өздеріне құлшылық етуге шақырмайды, керісінше адамдарды тағұттар мен зорлықшыл күштердің құлдығынан босатып, баршаны бір Құдайға құлшылық етуге шақырады.

Пайғамбарлардың адамдардың ортасында болуы жәһілдік пен зұлымдықтың қараңғылығында адамдарды жарқыраған күн сияқты жарық пен нұрға, әділетке шақырады. Ондағы мақсат адамдардың иманы жәһілдік пен ырымшылдық негізінде емес, ғылым мен мағрифат негізінде болуы үшін.

Пайғамбарлар тек тілмен ғана емес, сонымен қатар өздерінің істерімен де адамдарды Құдай тарапына шақырған. Өйткені, адамдар үшін ең жақсы үлгі – іс жүзіндегі үлгі.

Ардақты пайғамбар өз үмбетінің істеріне куә. Ондай болса, істеріміз бен қылықтарымызға абай болайық.

Адамдарды тәрбиелеп, оларға жетекшілік етуде сүйіншілеу мен ескерту қатар жүруі керек. Олар  бірінсіз бірі адамдардың тәкәппарлығына немесе үмітсіздікке себеп болады.

«Ахзаб» сүресінің 47-48 аяттары:

 «وَبَشِّرِ الْمُؤْمِنِینَ بِأَنَّ لَهُم مِّنَ اللَّـهِ فَضْلًا کَبِیرًا»، «وَلَا تُطِعِ الْکَافِرِینَ وَالْمُنَافِقِینَ وَدَعْ أَذَاهُمْ وَتَوَکَّلْ عَلَى اللَّـهِ  وَکَفَى بِاللَّـهِ وَکِیلًا»

 

(Мұхаммед Ғ.С.) Мүміндерді рас оларға Алладан, ірі игілік барлығын сүйіншіле. (47)

Кәпірлер мен мұнафықтарға бойсұнба. Олардың жәбір-жапаларын елеме. Аллаға тәуекел ет. Алла кепілдікте жетеді. (48)

 

Алдыңғы аяттарда сүйіншілеу мен ескертуді пайғамбардың тәрбиелеу тәсілдері ретінде атады. Осы аяттар жалғасында олардың әрқайсы үшін дәлел келтіреді. Сүйіншілеу – Алланың бұйрықтарын орындайтын, уәжіптерді орындауда, тыйым салынғандардан бас тартуда табанды мүміндер үшін. 

Бұл топ илаһи ерекше мейірімге бөленіп, өздерінің амалдарынан өте жоғары әрі өте құнды сый алады. 

 

Бірақ, ескерту – тек өздері ғана емес, сонымен қатар өздерінің соңдарынан ерген адамдарды да жазаға ұшырататын мұнафықтар мен кәпірлер үшін. Сол себепті, Құдай пайғамбарына, шын мәнінде барлық мүміндерге: «Олардың сөздері мен істеріндегі қинауға төзгендеріңмен ешқашан олардың соңдарынан ермеңдер. Осы топ тарапынан сендерге таңылатын талап-тілектердің алдында табандылық танытуға қатысты Құдайға тәуекел етіңдер. Егер солай жасасаңдар, Құдай сендерді жарылқайды» дейді.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Ислам қоғамының жетекшісі қоғамның пәк адамдарын Құдайдың мейірімі мен рақымынан үміттендіріп, ислам дұшпандарымен бітімге келудің қатерін ескертуі керек.

2.Құдайға тәуекел ететін адам кәпірлер мен мұнафықтардың жөнсіз талаптары алдында қарсыласа алады.

3.Мұнафықтар ислам қоғамында өмір сүргенімен, сырттай мұсылмандардың сапында тұрғанымен, шын мәнінде күпірлердің қатарында, солармен пікірлес. Ондай болса, бұл топты жақсы танып, олардың қастандықтарына қатысты абай болған жөн.