Maм 01, 2018 11:03 Asia/Almaty
  • Илаһи жетекшілер (31)

Бүгінгі бөлім барысында сіздерді имам Хасан (ғ.с) мен Муавиенің бір-біріне жазған кейбір хаттардың мазмұнымен таныстырамыз!

Өткен бағдарламамызда имам Хасанның (ғ.с) өмірін қарастырып, ол хазіреттің әділ исламдық жүйені орнату, қанаушылармен күресу, қаналғандардың құқығын қорғау және Қасиетті Құран мен Пайғамбардың (с.ғ.с) әулетін қорғау болған Әлидің (ғ.с) саяси бағдары негізінде Умәйя әулеті құрған жүйенің алдында жайбарақат отырып, әділетсіздіктер мен жаңа өзгерістерге куә болып отыра алмағаны жайлы мәселелерді қарастырған болатынбыз. Сол себепті ол хазірет Муавиеге келесі мазмұндағы хатты жолдайды:

"Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын. Құдайдың пендесі, мүміндердің әміршісі Әли ибн Хасаннан Муавие ибн Аби Суфианға сәлем! Мен одан басқа Құдай жоқ жалғыз Аллаға шексіз алғысымды білдіремін. Құдай Мұхаммадты (с.ғ.с) пайғамбар ретінде таңдады. Ол дүниеден өткенге дейін барша әлемдіктер үшін шапағатын төгіп, илаһи жолдауларды толығымен жеткізіп отырды. Алайда Пайғамбардың (с.ғ.с) қазасынан кейін арабтар билік үшін бір-бірімен қақтығысқа түсті. Біз, Мұхаммадтың (с.ғ.с) әулеті – Аһле бейт, олардан әділдік сұрағанда барлығы біздің жанымыздан жан-жаққа қашып, бізбен жауласып, күресу үшін бірікті. Біз олармен қақтығысқа түсіп, жанжалдасудан бас тарттық, себебі Ислам діні мен үмбеттің бірлігін сақтап қалу үшін алаңдадық. Біз мұнафықтар және ширк әрі кәпір топтардың авантюристік әрекеттерге барып, Исламның көзін жою үшін көтерілуінен үрейлендік. Бірақ бүгінде сенің құқығың жоқ мәселе жайлы айтқан уәжіңе таңырқап тұрмын. Сен білімнен жұрдайсың, нағыз Исламнан да хабарың жоқ. Сен – Алланың елшісіне (с.ғ.с) қатысты қатты өшпенділік танытқан құрайыш тайпасының бір басшысының перзентісің. Менің бұл хатты жазудағы мақсатым Қиямет күні илаһи әділ соттың алдында саған кешірім болмайтынын ескерту жасау саналады. Сондықтан езгі мен қанауды қойып, мұсылмандардың қанын төгуді доғар. Бірақ егер сен осы адасқан жолда табанды әрекет ететін болсаң, мен мұсылмандардан құралған әскермен саған қарсы шауып, Құдайдың өзі бізге төрелік етуі үшін сені күреске шақырамын. Себебі, Ол – ең ізгі төреші".

Муавие имам Моджтабаның (ғ.с) хатын алған соң ол хазіретке жауапты хат жолдап, өзі мен өз әулетінің күдікті өткенін теріске шығарды. Аһле бейттің ахлақтық игі қасиеттері, саяси және діни түсінігі, Құдай берген илаһи игілігі мен тектілігін ешкіммен салыстыруға болмайтынын жақсы білген ол имам Моджтабаға (ғ.с) жолдаған хатында: "Сенің хатыңды алдым. Пайғамбар (с.ғ.с) мен оның бойындағы игі қасиеттер жайлы жазғаныңды түсіндім. Оның адамдардың арасындағы ең лайықты адам болғанын білемін. Пайғамбардың ізбасарын таңдауға қатысты бұл үмбеттің ішінде өзара қайшылықтар туындаған. Олар сіздің игілігіңізді, өткеніңіз бен сіздің Пайғамбармен (с.ғ.с) туыс екеніңізді ешқашан ұмытпаған және сіздің Исламда алатын орныңызды теріске шығарған емес",- деп жазды. Алайда ол имамның екі елшісіне: "Сіз бен менің арамызда тек семсер ғана үкім етеді" деді.

Имам Хасан (ғ.с) мен Муавиенің арасында көптеген хат жазылды. Олардан жалпы алғанда имам Хасанның (ғ.с) соғыс бастамау үшін талпыныс жасағанын түсінуге болады. Алайда Муавиенің үлкен әскер жинап, Иракқа қарай жолға шықаннын естігенде кідірместен Әли (ғ.с) мен Аһле бейттің адал серіктерінің бірі саналған Худжр ибн Ади атты Пайғамбардың (с.ғ.с) сахабаларының біріне халық пен қолбасшыларға Муавиенің әскерімен шайқасқа әзірленуге хабар беруді бұйырады. Басқа жағынан, хазіреттің бұйрығымен жолдастардың бірі халықтың мешітте жиналуын сұрайды. Халық жиналып болған соң имам Моджтаба (ғ.с) мінбердің үстіне шығып, сөз бастап: "Алла Тағала өз пенделеріне джиһадты уәжіп етті. Уа, халайық! Сендер қиындықтарға төзіп, сабырлық танытпасаңдар, ұнатып, қалайтын нәрселерге қол жеткізбейтіндеріңді білгендерің жөн. Маған Муавиенің әскер жинап, Иракқа қарай келе жатқаны туралы хабарлады. Сендерден оған қарсы тұрып, оның жерлеріңе кіруінің алдын алу үшін Ислам әскерінің қосындарына баруды сұраймын",- дейді.

Өкінішке орай, мешітке жиналған халық немқұрайлы түрде үнсіздік танытып, имам Хасанға (ғ.с) жауап қайтармайды. Ади ибн Хатам орнынан тұрып, қатты ашуланған күйде халыққа: "Құдай сақтасын, неткен жиіркенішті қылық! Имам мен жетекшілеріңнің ақиқатты талап етуі мен көмекке шақыруын естіп тұрған жоқсыңдар ма? Алланың ашуы мен қаһарынан қорықпайсыңдар ма?",- деді. Сосын имамға: "Біз сіздің сөзіңізді естідік. Әміріңізге құлдық. Сіздің әмір еткен сөзіңізге бағынамыз. Мен қазір әскер жиналған қосынға баруға дайынмын. Қалаған адам менімен бірге бара алады",- дейді. Сосын мешіттен шығып, Куфаның маңы мен Шамға барар жолдың бойында орналасқан Нохайле деген қосынға қарай жол тартады. Одан кейін тағы бірнеше адам орнынан тұрып, халықты сынап, оларды Құдайдың жолында джиһадқа шақырады. Бірақ имамның шақыруына келіскендердің саны өте аз болғандықтан, ол хазірет амалсыздан үш күн тосып, халыққа құтпасын айтып, халықтан бұдан артық әлсіздік танытпай, Муавиемен соғысқа дайындалуды сұрайды. Алайда имамның талпыныстары айтарлықтай нәтиже бермеді. Себебі, олар Пайғамбардың (с.ғ.с) қазасынан кейін төрт халифті көріп, бесінші халифтің билігін бастан кешіріп отырған адамдар еді. Төрт халифтің үшеуін өлтіруге батылы барған тап сол халықтың өзі еді. Олар сырттай имамның билігін мойындағанымен, қауіпті әрі маңызды сәттерде өздерінің қамын ойлап, өз пайдаларына сай әрекет етіп, имамның жолын қумайтын болған. Имам Әлидің (ғ.с) кезеңінде де дәл осылай жасап, ол хазіретті маңызды әрі тағдырды шешуші сәтте жалғыз қалдырып, түрлі жолмен ол хазіретті азаптауға негіз әзірледі.

Имам Хасан (ғ.с) халықтың елемеуіне қарамастан, Убайдулла ибн Аббасты шақырып, оған: "Уа, Убайдулла! Мен араб салт аттыларды саған тапсырамын. Сол топпен бірге жолға шық. Олармен жұмсақ, мейірімді, қарапайым бол. Ал Муавиемен бетпе-бет келгенде, онымен шайқасты бірінші болып бастама, оның өзі соғысты алғашқы болып бастасын. Тек осындай жағдайда ғана онымен шайқас. Мен де басқа топты жинаған соң саған қосыламын",- дейді. Муавие Убайдуллаға пара беріп, оны "сатып алуда" ешнәрседен аянбады. Ол имам әскерінің ішінде қайшылық тудырып, қауесет тарату үшін бар күшін салып, имам Хасанның (ғ.с) екі қолбасшысын да пара беру арқылы өз жағына тартты.

Осындай жағдайда имам жүйеге келтірілмеген өз әскерімен жолға шығып, әл-Мадаинге жақын орналасқан Бисабат атты мекенге жетіп, сонда түнеп шығады. Таң атқанда хазірет 4000-ға жуық адамнан құралған әскерінің қалған бөлігін жинап, шынайы достарын танып-білу үшін олардың адалдық деңгейін анықтауға шешім қабылдайды. Осы мақсатта барлығына жамағат намазына жиналуға бұйырады. Сосын соңғы рет құтпа айтуға кірісіп: "Құдайдың алғысы шүкіршілердің Құдайдың алдында білдіретін шүкірі секілді. Алладан басқа Құдайдың жоқ екенін растаймын. Алла Тағаланың Мұхаммадты ақиқат жолында пайғамбар ретінде, оны өз уәһиін сеніп тапсыратын адам ретінде таңдағанын және Құдайдың пайғамбары мен елшісі екенін растаймын. Алланың атымен ант етемін. Мен әрдайым құдіретті Жаратушыға мадақ айтып, Құдайдың жаратқан пенделері үшін кеңесші, жақсылық тілеуші болатындығыма үміттенемін. Мен ешқашан мұсылмандардың жүрегінде кек пен ызаны оятқан жоқпын, ешкімге жамандық тілеген емеспін. Уа, халайық! Бірлік пен ынтымақтың бөлінушілік пен жалғыздықтан жақсырақ екенін білгендерің жөн. Мен сендерге өздерің ойлаған артық жақсылықты назарға алдым. Сондықтан уәдесін бұзғандар секілді менің бұйрығыма құлақ аспай жүрмеңдер. Құдай мені мен сендерді мейірі мен шапағатына бөлеп, бізді қалаған және өзі разы болатын нәрселерге жетелеп отырады",- дейді. Имам Хасанның (ғ.с) дана әрі әсерлі сөздері аяқталғанда жиналған халық бір-біріне қарап: "Бұл сөзді не мақсатпен айтты?",- деп бір-бірінен сұрайды. Біреулер: "Біздің ойымызша, ол Муавиемен келісімге келіп, билікті соған беруді ойластыруда", -деп: "Мына адам кәпір болып кеткен" деп айқай салады. Бұл топ Сиффин шайқасы кезінде Әлиге (ғ.с) төрелік етіп, кейін дұшпанның айласына алданғанын түсінгенде пәк имамға «кәпір» деген үкім шығарған, өздерін әулие етіп көрсетіп келген көрегенсіз хауаридждер еді.