Maм 13, 2018 14:45 Asia/Almaty
  • Иран базары (34)

(Декоративті гүлдер мен өсімдіктер) Декоративті гүлдер мен өсімдіктерді егуге шамамен 4 мың га жер бөлген Иран әлемде осындай гүлдер мен өсімдіктерді егуге арналған алқаптардың бір пайызға жуығын алып жатыр. Бүгінгі бағдарламада Иранның осы экономикалық тартымдылығымен көбірек таныстырамыз.

Әлемдегі табысы мол сауда салаларының бірі – декоративті гүлдер мен өсімдіктер саудасы. Әлем бойынша бұл индустриядағы қаржы айналымы өткен онжылдықтарда қарқындай өсті. Халықаралық декоративті гүлдер мен өсімдіктер орталығының (AIPH) статистикасы бойынша, 1950 жылдары әлемдік нарықтағы декоративті гүлдер мен өсімдіктер саудасының құны шамамен 3 млрд доллар болды. Бұл сома 2010 жылы шамамен 100 млрд долларға жетті. Қазіргі таңда әлемде декоративті гүлдер мен өсімдіктер саудасының қаржы айналымы 150 млрд доллардан асады деген болжам бар. Бұл индустрияда ауқымды қаржылай мүдделердің барына байланысты әлемнің әртүрлі жерлеріндегі ондаған ел коммерциялық масштабта декоративті гүлдер мен өсімдіктер өсірумен  айналысып жатыр.

Декоративті гүлдер мен өсімдіктер

Табысы мол индустрия ретінде гүл өсіру тарихы 18 ғасырдың аяғынан басталады. Ол кезде Британия сияқты кейбір еуропалық елдер әлемнің түкпір‑түкпірінен әртүрлі өсімдіктерді жинап, өсімдіктану бақтары мен кең жылыжайлар салу арқылы оларды өсіру ісін бастады. Халыққа осындай жерлерді тамашалауға мүмкіндік беріліп, жалпы жұрт жақсы қабылдағаннан кейін декоративті гүлдер мен өсімдіктерді өсіру әлемдік деңгейдегі сауда және өнеркәсіптің бір саласы ретінде танымал болды. Қазірдің өзінде бұл сала өте жақсы дамып отыр.

Иранда декоративті гүлдер мен өсімдіктер өсіру тарихы ежелгі заманнан басталады. Ежелгі ирандықтар жасыл кеңістікті жобалағанда гүлдер мен өсімдіктерді көп пайдаланған. Көк тұңғиық ежелгі Иран мәдениетінде қасиетті гүлдің символы болған. Персеполис сарайы  мен Шуштың Ападана сарайынан (Ахемени патшаларының қысқы сарайынан) қалған қабырғалардың бедерлі нақыштарынан осы гүлдің қашалған кескінін көруге болады. Тарихтың әртүрлі дәуірлерінде жобалау өнерлерімен қатар Иранның ежелгі әдемі бақтарының танымалдығы оларда қолданылған  гүлдер мен өсімдіктердің әсемдігіне байланысты болған. Сәулет өнерімен қоса, Иранның қолдан тоқылған кілемдері сияқты қолөнер кәсібі мен өнердің басқа салаларында гүлдер мен өсімдіктердің нақыштары мен жобаларын қолдану айрықша орынға ие. Парсы әдебиетінде  де гүлдер мен өсімдіктер парсытілді ақындардың көбіне шабыт берген. Ирандық ақындар мариям гүл, анемон, аққұл, нәркес, лала мен раушан сияқты кейбір гүлдердің атауларын метафора ретінде алып, өз оқырманының санасында пәктік пен тазалық, жанпидалық, шәһидтік, ғашықтық пен достық сияқты әртүрлі ұғымдардың қасиеттілігімен сабақтастықтудырып отырады.  

Шираздың Эрам бағы – Иранның ең әдемі ежелі бақтарының бірі

Көп адамдар көктем айын, әсіресе сәуір-мамыр айларын Иранның Шираз сияқты әртүрлі қалаларына саяхаттау үшін ең қолайлы мезгіл санайды. Өйткені, «бахар нарендж» (флердорандж) гүлінің иісі оның әрбір көшесінен аңқып шығады. Бұл мезгілде Иранның көптеген алқаптарында әртүрлі гүлдер өсіп, тамашалаушының алдынан әдемі көрініс пайда болады. Махаллат пен Хомейн сияқты қалалардағы жылыжайлар жап-жасыл өсімдіктер мен алуан түсті гүлдерге толады. Елдің батысы мен орталығындағы далаларды анемон мен лала гүлдері басып кетеді. Мариям гүлден иіссу мен эссенция алу Фарс облысында орналасқан Кашан, Қомсар мен Мейманд сияқты қалалардың туристік тартымдылығы болып табылады. Иранның әртүрлі жерлерінде түрлі түсті әдемі гүлдердің өздігінен өсуімен қоса, декоративті гүлдер мен өсімдік өсірушілердің талпыныстары да елде өнеркәсіптің осы саласындағы сауданың қарқындауына себеп болды.

 

Иранда гүлдерді экономикалық тұрғыдан өсіру тарихы 1 ғасырға да жетпейді. Бұл ел əртүрлі климаттық жағдайлардың болуына байланысты өсімдік жамылғысы, соның ішінде ағаштар, бақша жəне декоративті бұталар мен гүлдердің алуан түрі тұрғысынан əлемнің ең бай елдерінің бірі саналады. Иран Таяу Шығыс географиялық аймағында өсетін лала, сүмбіл, ақ тұңғиық  және кейбір бұталар мен жеміс ағаштарының көбінің шығып, таралған жері болып табылады. Бұл елде декоративті гүлдер мен өсімдіктерді ашық аспан астында және шыны және пластикалық жылыжайларда егіп, өсіруге мүмкіндік бар.

Декоративті гүлдер мен өсімдіктер қиылған шоқ, гүлданға егілген гүлдер, ағаш пен бұта және маусымдық гүлдер мен көшет болып төрт топқа бөлінеді. Олар екі қалыпта – ашық жерде және жылыжайда егіліп, өсіріледі.  Иранда ең ескі жылыжайлар 70 жылдан бері бар. Бұрын гүл өсірушілер  өсімдік егіп, оларды көбейтуді уақыт өткізіп, көңіл көтеру үшін атқарған. Х.ш.ж.с.б. 1357 жылға (1979 жылы) дейін декоративті гүлдер мен өсімдіктердің айтарлықтай бөлігі сырттан қамтамасыз етілді. Бұл жылы Ислам революциясы жеңіске жетіп, гүл импортына тыйым салынғаннан кейін оны өсіріп, өндіру елде дамыды. Соңғы онжылдықтарда халықтың қолдан өсірілген гүлдерге деген қызығушылығының артқанына байланыстыдекоративті гүлдер мен өсімдіктерді өсіріп, көбейту мақсатында коммерциялық масштабта жарақталған тиімді жылыжайлар салынды. Оларды салудағы мақсат экономикалық табыс табу болып табылады. Мысалы, гүлдердің эссенциясын алуфармацевтика, парфюмерия, гигиеналық және косметикалық заттар шығару, тәтті-дәмділер мен балмұздақ шығаратын тамақ өнеркәсібінде көп қолданылады.

Иран декоративті гүлдер мен өсімдіктер өсіру саласында өзінің кейбір көршілеріне қарағанда артықшылыққа ие. Өзендердің көп болуы, әралуан климат, күннің ұзақтығы мен күн сәулесінің толық түсуі Иранда гүлдер мен өсімдік өсірудің экономикалық артықшылықтарының қатарына жатады. Бұл факторлар жылыжайларды жылыту және жарықпен қамтамасыз етуге қатысты шығындарды азайтады. Сонымен қатар Иранда арзан әрі тиімді жұмыс күші мен мамандардың болуы ішкі және сыртқы инвесторлардың осы экономикалық салаға инвестиция салуға қызығушылық танытуына себеп болып отыр. Мұнымен қоса, Иранның солтүстігі мен оңтүстігіндегі көршілес елдер декоративті гүлдер мен өсімдіктерді көп қолданатындықтан Иранның осы өнімдерін сату үшін тиімді нарық болып табылады. Айта кету керек,  декоративті гүлдер мен өсімдіктер саудасының табысы мол жоғары экономикалық құндылығы шетелдік инвесторлардың Иранның орталық және солтүстік аймақтарына осы салада инвестиция салуға септігін тигізді. Инвесторлардың бірі – голландиялық компания. Бұл компанияның Исфахан облысында үлкен бағы бар. Мұнда өсірілген лала гүлдері «Голландиялық лала гүлі» атауымен экспортталады.

Ирандағы гүл өсіру алқабы

Иранда декоративті гүлдер мен өсімдіктер саласына салынған инвестициялардың басым бөлігі жеке секторға тиесілі. Бірақ мемлекеттік сектор саябақтар мен қаланы гүлдендіру, ауруханалар мен мемлекеттік мекемелердің айналасын көркейту, көшелер мен алаңдарды безендіру және өсімдіктану бақтарын қамтамасыз ету мақсатында декоративті гүлдер, өсімдіктер мен бұталарды көбейтуге жанама түрде ауқымды қаражат бөледі.

Иран өзінің декоративті гүлдер мен өсімдіктерді өсіру және экспорттау мүмкіндіктерінің тек 10 пайызын пайдалану арқылы әлемдегі осындай гүлдер мен өсімдіктер өсіретін 10 елдің ішінде 7-ші орынды алып отыр. Иранның әлемнің декоративті гүлдер мен өсімдіктер нарығында белсендірек рөл атқаруына қажет жағдайлар бар. Мамандардың сенімінше, Иранинвестиция салып, тиімді жағдай жасау арқылы құны кемінде 300-500 млн доллар тұратын декоративті гүлдерді, ағаштар мен бұталарды экспорттай алады. Декоративті гүлдер мен өсімдіктерді өсіруге бөлінген 5 мың гектарға жуық ауданнан жылына шамамен 4 млрд гүлдің түрі, соның ішінде  кесілген гүл, гүлдандағы гүл, бақта егілетін гүл, үйде өсірелетін гүл өндіріледі. Теһран, Орталық (Махаллат пен Хомейн), Мазандеран, Хузистан (Дезфул), Исфахан, Шираз, Чахармахал-е Бахтияри мен Гилян облыстары Иранда гүл өсірумен айналысатын басты орталықтар болып табылады. Иранның ең көп экспортталатын гүлдері – гладиолус, раушан, қалампыр, бақытгүл, мариямгүл, антуриум, лала гүлі, наркес, ақ тұңғиық, дәстүргүл, жұмақ құсы гүлі, гербера мен альстромерия.

Соңғы жылдары Иранның декоративті гүлдер мен өсімдіктерін экспорттайтын ең маңызды елдердің қатарында Ирак, Әзірбайжан, Украина, Молдова, Беларусь, Грузия, Армения, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қазақстан мен Ресей болды. Грузия, Ресей мен Беларусь сияқты кейбір елдер шын мәнінде Иранның экспорттық гүлдерін басқа елдерге жөнелтетін транзиттік жер болып табылады.  Иранның гүлдері осы елдерге келгеннен кейін қайтадан қапталып, сол елдің атымен әлемнің басқа жерлеріне экспортталады.    

Тегтер