Илаһи жетекшілер (33)
Исламның шынайы жетекшілерімен таныстыруға арналған топтамамыздың жалғасында сіздерді имамат пен велаяттың үшінші жарқын жұлдызы Хусейн ибн Әлимен (ғ.с) таныстырамыз.
Бүгінгі бөлімді имамат пен велаяттың үшінші жарық жұлдызы, шәһидтердің көшбасшысы Хусейн ибн Әлиге (ғ.с) арнаймыз. Меккеден Мединеге көшкен үшінші жылдың шағбан айының үші күні хазірет Әли (ғ.с) мен Фатима-Заһраның (ғ.с) екінші перзенті уәһи мен имаматтың ошағында дүниеге келеді. Хусейннің (ғ.с) дүниеге келгені туралы хабар Исламның Ұлық пайғамбарына (с.ғ.с) жеткенде ол хазірет мүміндердің әміршісі Әли (ғ.с) мен қызы хазірет Заһраның (ғ.с) үйіне барып, дүниеге келген нәрестені жанына әкелуді сұрайды. Асма баланы ақ жөргекке орап, Ұлық пайғамбарға (с.ғ.с) алып келеді. Ол хазірет Хусейнді (ғ.с) құшағына алып, оң құлағына азан шақырып, сол құлағына иқама айтады.
Дәл сол бірінші күні немесе дүниеге келгеннен кейінгі жетінші күні илаһи уәһи аманатты сақтаушы Жебірейіл түсіп: "Алланың елшісіне Құдайдың сәлемі болсын! Бұл нәрестенің есімін арабша "Хусейн" деп айтылатын Һарунның кіші ұлы, хазірет Мұсаның (ғ.с) ізбасары Шабирдің есімімен аттас етіп қой. Себебі, (ғ.с) Мұса ибн Имран үшін Һарун қандай болса, Әли сен үшін сол секілді. Тек сен соңғы пайғамбарсың. Сенен кейін Алла тарапынан енді ешқандай пайғамбар жіберілмейді. Сол себепті Жаратушы тарапынан пәк әулетіңдегі екінші перзентіңе "Хусейн" деген есім таңдалды",- дейді. Шежіреші Абулхусейн: "Құдай Фатима-Заһраның (ғ.с) перзенттерін «Хасан» және «Хусейн» деп атау үшін бұл екі атты халықтың назарынан жасырын еткен. Себебі, ерте заманнан бері бұл екі ұлы тұлға дүниеге келмес бұрын арабтардың арасында мұндай есімдер кездеспеген болатын",- деп жазған.
Алла Тағала ішінде Хусейннің де есімі жарқырап тұрған Пайғамбар (с.ғ.с) әулетін, яғни Аһле бейтті жарқыраған күйінде сақтап қалу үшін «Татһир» (Ахзаб сүресінің 33-аяты), «Мобаһеле» (әл-Имран сүресінің 61-аят), «улу әл-Амр» секілді аяттар (Ниса сүресінің 59-аяты) мен «Инсан» сүресін түсіру арқылы олардың жоғары мәртебесін растаған. Ол өзінің таңдаулы пайғамбарына: "Менің атымнан халыққа: "Мен жиырма үш жылдық қажымас және құлдыраулар мен шарықтауларға толы талпыныстар жасаған пайғамбарлық міндетім үшін менің әулетіме деген достық қатынастан басқа ешқандай сыйақы күтпеймін",- деп айт",- деп бұйырады. Бұл онда Хусейннің (ғ.с) жарқын бейнесі көзге түсетін, шын мәнінде илаһи әмірмен Аһле бейтке (ғ.с) деген достық пен махаббаттың қайнар көзін білдіретін пәк әулетке түскен илаһи мейірім мен шапағаттың шарықтау шегі саналады .
Салман Фарси былай дейді: "Пайғамбардың (с.ғ.с) қасына бардым. Онда Хасан мен Хусейн (ғ.с) тамақтанып отыр екен. Пайғамбар (с.ғ.с) бір рет Хасанның (ғ.с) аузына, бір рет Хусейннің (ғ.с) аузына тамақ салып отырды. Тамақтарын ішіп болғаннан соң пайғамбар (с.ғ.с) Хасанды (ғ.с) мойнына, Хусейнді (ғ.с) тізесіне отырғызып: "Ей, Салман! Мына балаларды жақсы көресің бе?",- деп сұрады. Мен: "Уа, Алланың елшісі! Сіздің алдыңызда осындай мәртебеге ие оларды қалайша жақсы көрмеске?!",- дедім. Сонда пайғамбар (с.ғ.с): "Уа, Салман! Мына балаларды жақсы көрген адам мені жақсы көргені, мені жақсы көргені Құдайды жақсы көргені",- дейді. Содан кейін қолын Хусейннің (ғ.с) иығына қойып: "Бұл – имамның ұлының имамы. Одан тараған 9 ұрпақ игі, сенімді әрі пәк имамдар. Олардың тоғызыншысы жасырын имам саналады",-деді. Осы орайда Құранның ұлы тәпсіршісі ибн Аббас Пайғамбардың (с.ғ.с) сөзіне сілтеме жасап: "Әли – менің мұрагерім әрі ізбасарым. Оның жұбайы, Фатима – әлем әйелдерінің жетекшісі, менің қызым. Хасан мен Хусейн – жұмақ жастарының көшбасшылары, менің ұлдарым. Бұларды жақсы көрген адам мені жақсы көргені. Олардың дұшпаны – менің дұшпаным. Бұларға қарсы көтерілген адам маған қарсы шыққан адамммен тең. Оларды азапқа салып, қанаған адам мені азаптағанымен тең. Оларға жақсылық жасаған адам маған жақсылық жасағанымен тең. Құдай олармен байланыс орнатқан адаммен байланыс орнатып, олардан бөлінген адаммен байланысын үзеді; оларға көмектескен адамға жар болып, оларды жалғыз тастағанды жалғыз қалдырады",- дейді.
Бәлкім, Пайғамбардың (с.ғ.с) айтқан ең ұлы, көркем әрі терең мағыналы сөздері "Хусейн – менен, мен – Хусейнненмін" деген мағынаны білдірер.
Бұл сөздердің мағынасы Пайғамбардың (с.ғ.с) Хусейнмен (ғ.с) туыстық байланысынан бөлек, сенімдік, рухани, ахлақтық, ақыл-ой және амал-әрекеттік тұрғылардан негізгі байланысы барын білдіреді. Мұның дәлелі ретінде имам Хусейннің (ғ.с) өзінің көтерілске шығуының пәлсапасы жайлы айтқан келесі сөзін келтіруге болады: "Мен бұл салада атам Пайғамбар (с.ғ.с) мен әкем Әли ибн Абуталибтың жолын ұстанамын". Немесе имам Хусейнды Язидтің билігін мойындау немесе шәһид болудың жол айрығында таңдау алдына қойғанда ол: "Құдай мен оның Пайғамбары, шынайы мүміндер мен өзім тәрбие алған пәк діни орталар үшін менің қорлық көруім жағымсыз жағдай саналады",- дейді. Сол себепті имам Хусейнің (ғ.с) бүкіл өмірінде өнеге тұтқан тұлғасы Исламның ұлық пайғамбары болған. «Исламның іргетасы Пайғамбардың (с.ғ.с) қолымен қаланып, Хусейннің (ғ.с) төңкерісі мен шәһид болуы арқылы мәңгіге сақталды» деп айтылатындығы да осыған байланысты болар.
Имам Хусейн (ғ.с) өмірінің берекелі алты жылын ғана Исламның пайғамбарымен (с.ғ.с) бірге өткізгеніне, дәл соған ұқсас кезеңді өз анасы хазірет Заһраның (ғ.с) жылы құшағында тәрбие көріп, өскеніне қарамастан, имам Хусейн (ғ.с) тұлғасының іргетасы сол кезде қаланып, қалыптасқан еді. Себебі, ол пайғамбарлардың ішіндегі ең таңдаулы пайғамбар болған атасының, әлем әйелдерінің жетекшісі болған анасының тәрбиесін көрді. Бірі – Құдай оны барша адамзат үшін үлгі-өнеге ретінде таныстырған пайғамбар, екіншісі – пайғамбардың ерекше көңілі мен ықыласына бөленген анасы. Имам Хомейни (р) хазірет Заһраның (ғ.с) тәрбие ошағының сындарлы рөлі мен Хусейн (ғ.с) олардың айқын мысалы саналатын перзенттерін сипаттауда былай дейді: "Ол – кішкентай бөлме мен шағын үйде сәулесі Жер бетінен аспанның жоғары қабаттары мен осы әлемнен жоғары патшалыққа дейін нұрын шашып тұратын адамдарды тәрбиелеп шығарған әйел. Илаһи ұлылық нұрының көрінісі мен Адам ата ұрпақтарының ең таңдаулылары тәрбиеленіп шыққан осы шағын үйге Құдайдың сәлемі болсын!".
Имам Хусейн (ғ.с) өзінің балалық шағын осындай ұлы тәрбие ошағында өткізіп, соның арқасында бүкіл адамзат баласының әлеміне әсерін қалдырған кеміл әрі көрнекті тұлға қалыптасты. Бұдан басқа, Хусейн жасөспірім және жастық кезеңдерін 30 жыл бойы мүміндердің әміршісі Әлидің (ғ.с) жанында өткізіп, әрбір адамның, әсіресе тарих жасаушы тұлғалардың келешегі мен өмірінде шешуші рөл атқаратын маңызды әрі тағдыр шешуші кезеңдерде иман, ахлақ, жанпидалық, ғибадат пен құлшылық, Құдайға сенім мен Құдайдың жолын ұстанудың толыққанды көрінісі болған және тура илаһи жолдан басқа жолда қадам баспай, ешқашан әділет жолынан таймаған әкесінің жанында өткізді.
Хусейн (ғ.с) бала кезінен ащы әрі ауыр оиғаларға куә болып өсті. Исламның Ұлық пайғамбарының (с.ғ.с) қазасы, одан кейін ардақты анасы хазірет Заһраның (ғ.с) жастық шағынының гүлденген сәтінде дүниеден озуы, өзінің илаһи айқын құқығы болған ардақты әкесі Әлидің (ғ.с) жанында болған кезеңнен кейінгі 25 жыл, осының бәрін өз көзімен көріп, барлық шарықтаулар мен құлдырауларда әкесінің (ғ.с) айтып кеткен нұсқауларына құлақ асып, Исламның илаһи және адами мақсаттары мен армандарын ілгерілету үшін жанкешті сарбаз секілді, өзінің бауыры Хасан (ғ.с) секілді күшін аямай, «Түйе», «Сиффин» және «Наһраван» шайқастарына қатысты.