Шақыру 5: ораза тұтудың үш кезеңі
Қасиетті Рамазан айының күндері ең жақсы күндер, түндері ең жақсы түндер, сағаттары ең жақсы сағаттар. Бұл айдағы дем – тәсбих, ұйқы – ғибадат: бұл айдағы амалдар мен дұғалар қабыл болады.
Алла елшісі бұл айдың ұлылығы туралы: «Қасиетті Рамазан айы – Алланың алдындағы ең жақсы айлардың бірі: оның күндері ең жақсы күндер, түндері ең жақсы түндер, сағаттары ең жақсы сағаттар. Бұл айдағы дем – тәсбих, ұйқы – ғибадат: бұл айдағы амалдар мен дұғалар қабыл болады. Сондықтан бұл айда дұрыс ниет және пәк жүректеріңмен Жаратушыдан ораза тұтып, Құран оқуға көмектесуді сұраңдар»,- деген болатын.
Тәуліктің белгілі сағаттарында ішіп-жеуден тартыну қасиетті Рамазан айының бағдарламаларының қатарына жатады. Бірақ бұл айдағы ең жақсы амал не? Хазірет Әли (ғ.с.) Исламның ұлық пайғамбары Рамазан айының ерекшеліктері туралы құтпасын аяқтаған соң: «Уа, Алла елшісі, бұл қасиетті айдың ең жақсы амалы не?»- деп сұрайды. Хазірет: «Бұл қасиетті айдағы ең жақсы амал – Алланың тыйым салған нәрселерінен алыстау»,- деп жауап берген.
Қасиетті Рамазан айында ораза тұтушылар аштық пен шөлге төзіп, нәтижесінде тыйым салған нәрселерден алыстайды. Ораза тұтушы адам бұл айда сабыры мен нәпсісімен қарсыласуды жаттықтырып, біртіндеп, тақуалығын арттырады. Тақуалық – жауапкершілікті сезініп, күнәдән алыстап, жақсылық, пәктік пен әділетке шақыру. Әрбір адам өз мүмкіндігіне қарай тақуалықтың деңгейіне ие бола алады. Кейде адамның тақуалығы тозақ азабынан қорқып, харам істерден бой тартуына сай болады. Тақуалықтың мұндай деңгейі жалпының тақуалығы деп аталады. Әрбір мүмін тақуалықтың ең төмен деңгейіне ие. Келесі деңгейде харам істерден тартынумен шектелмей, тіпті күмәнды жайттардан тартынады. Бұл – ерекше тақуалық. Сондай-ақ, харам мен күмәнды жайттардан тартынуымен бірге, тіпті халалды де тек қажет мөлшерде ғана пайдаланады. Бұл – тақуалықтың жоғары деңгейі. Сопыдан тақуалық туралы сұраған кезде ол: «Тікен жолдан өттің бе?»- деп сұрайды. Сұрақ қойған адам өткені туралы баяндайды. Сопы: «Сол кезде не істедің?»- деп сұрағын жалғастырады.
– Аяғыма тікен кірмесін деп, оларды баспауға тырыстым.
– Тақуалықтың деңгейіне жету үшін Алланың дінінде де абай болу қажет. Яғни, тікеннен абай болғандай, ұсақ және үлкен күнәлардан алыстаңдар.
Сондықтан әр адам өзінің мүмкіндігі мен жігеріне сай тақуалықтың деңгейіне жете алады. Алланың «харам» және «макруһ» деп анықтаған нәрселерінен қанша алыстаса, соншалықты Аллаға жақындай түседі.
Бір ай ораза тұту өмірдің қате және қайталанатын әдеттерінен алыстауға әсерін тигізеді. Ораза тұтушы адам Рамазан айының мұрсаттарын пайдаланып, өзінің өмірі мен іс-әрекеттеріне өзгеріс енгізіп, жаңа жолдарды таңдайды. Ол өзінің нәпсілеріне қарсы тұрып, жігерін нығайтады. Әртүрлі тамақтар мен сусындарды ішіп-жейтін және оларды қажет ететін адам бақтың ішінен, сарқырап ағып жатқан судың қасынан пана тапқан ағашқа ұқсайды. Бұл ағаштардың қарсыласу күштері төмен: олар суарылмаса, қурап қалады. Алайда таулардың арасы мен далада өсіп, көшет кездерінен жел мен қыстың суықтарына төзген ағаштардың қарсыласу күші жоғары. Ораза да адамның рухы мен жанына әсерін тигізіп, қиындықтарымен оған қарсыласу және күресу күшін сыйлайды. Ораза тұтушы адам бұл күшімен нәпсісіне қарсы тұрып, жүрегін нұрға бөлейді.
Ораза да тақуалыққа ұқсас деңгейлерге ие. Сопылар оразаны үш түрге бөледі: жалпы ораза, арнайы ораза және арнайы ерекше ораза. Жалпы ораза – ішіп-жеу және шаһуаттан тартыну. Ораза тұтушы адам ішіп-жеу мен оразаны бұзатын басқа нәрселерден тартынса, уәжіптерін орындаған саналады. Оразаның бұл деңгейі ең оңай әрі ең төмен. Исламның ұлық пайғамбары: «Алла Тағаланың ораза тұтушыға уәжіп еткен ең оңай нәрсесі – ішіп-жеуден тартыну»,- деген болатын. Оразаның жоғарырақ деңгейінде ораза тұтушы оразаны бұзатын нәрселерден тартынуымен бірге Жаратушының тыйым салған барлық нәрселерінен де алыстайды. Имам Саджад (ғ.с.) қасиетті Рамазан айы туған кездегі дұғасында Алланың алдында: «Бұл айда ораза арқылы күнәлардан алыстап, өзің риза болатын жұмыстарды орындауға, құлағыммен бос сөз естімеуге, көзіммен күнәларды көрмеуге, қолдарыммен харам істі жасамауға, аяқтарыммен тыйым салынған жолға қадам баспауға, өзің халал еткен нәрселермен ғана тамақтануға, тіліммен тек жақсылықты жеткізуге көмектес»,- сұраған. Тарихи рауаяттардың бірінде былай деп айтылған: «Бір ораза тұтатын әйел көршісін балағаттап, ренжітеді. Бұл хабар пайғамбарға жетеді. Хазірет сол әйел үшін тамақ дайындауды, әйелге дайындалған тамақты жеуді бұйырады. Әйел таңғалып: «Уа, Алланың елшісі, мен ораза тұттым»,- дейді. Хазірет: «Сен көршіңді балағаттап, ораза тұттым деп уәжденесің бе?! Ораза тұту тек ішіп-жеуден тартыну ғана емес. Алла Тағала оразаны сөз бен істердегі жамандықтарға бөгет етіп қалыптастырды. Ораза тұтушылар қандай аз, аштар қандай көп»,- деп жауап береді. Ораза тұтуды тек ішіп-жеуден тартыну деп санайтын адам бұл ғибадаттың рухани ерекшелігінен мақұрым қалады. Оразаның «арнайы ерекше ораза» деп аталатын ең жоғары деңгейінде ораза тұтушы адам ас ішуден тартынуымен бірге өзінің әрекеттері мен ниетіне де абай болып, тіпті күнә туралы ойламай, амалдарын таза ниетпен орындайды. Ораза тұту күпірліктен қорқып, сауапқа қуану үшін ғана емес, илаһи бұйрықтарға бағынып, Аллаға жақындап, Оның ризалығына ие болу үшін. Оразаның бұл түрі өздерін тәрбиелеп, тек Алланың ризалығы туралы ойлайтын адамдарға сай. Олар аштық пен ояу болудың қиындықтарын ұмытып, оның шақыруын ынтығып қабылдап, шын жүректен жауап қайтарады. Исламның ұлық пайғамбары туралы: «Қасиетті Рамазан айы келген кезде Алла елшісінің түсі өзгеріп, намаз оқуы мен Алланың алдында дұға жасауы артатын»,- деп айтылған. Шынайы ораза тұтушы оразадан туындаған пәктік пен тыныштықтың аясында рухы мен тәнін Алла харам еткен нәрселерден алыстатып, күнә туралы тіпті ойламайды. Жалпы ораза тұтушы мен арнайы ерекше ораза тұтатын адамның айырмашылығы тек судың бетінде жүзіп, теңіздің тек толқынын көрген адам сынды. Бірақ судың астына түсетін адам теңіздің ішкі дүниесінен де хабардар болады.