Maм 30, 2018 17:41 Asia/Almaty

Саба сүресінің 14-15-16-17 аяттарының тәпсірі:

                                            بسم الله الرحمن الرحیم

Саба сүресінің 14 аяты:

«فَلَمَّا قَضَیْنَا عَلَیْهِ الْمَوْتَ مَا دَلَّهُمْ عَلَى مَوْتِهِ إِلَّا دَابَّةُ الْأَرْضِ تَأْکُلُ مِنسَأَتَهُ  فَلَمَّا خَرَّ تَبَیَّنَتِ الْجِنُّ أَن لَّوْ کَانُوا یَعْلَمُونَ الْغَیْبَ مَا لَبِثُوا فِی الْعَذَابِ الْمُهِینِ»

Біз оның (Сүлеймен Ғ.С. нің) өліміне үкім берген заманда жындарға оның өлімін оның таяғын жеген бір жердің кұрты ғана көрсетті. Сонда ол жығылған сәтте жындарға аян болды. Егер жындар көместі білген болса еді, олар ауыр машақатта қалмас еді (14).

Алдыңғы бағдарламада Сүлеймен пайғамбардың үкіметі кезеңіндегі өнеркәсіптің бірнеше үлгісі мен сол кезеңдегі өркениетке сілтеме жасалды. Осы аят былай дейді: «Сүлеймен барлық ұлылығы мен құдіретіне қарамастан Құдай оның өлімін келтірген кезде асасына сүйенген күйде ажал періштесі оның жанын алды. Ол сол күйде қалды. Құмырсқалар оның асасын кеміріп жеп біткен кезде ғана ол жерге құлады. Сол кезде жұрт Сүлейменнің өлгенінен хабардар болды».

Сүлейменнің қол астында жұмыс істеген жындар да жұмысшы адамдар сияқты хабарсыз болды. Олар да Сүлейменнің мүрдесі жерге құлаған кезде ғана оның өлгенін білді. Егер олар ғайып ілімінен хабардар болғанда, ертерек түсініп, мойындарына жүктелген ауыр әрі қиын жұмыстардан бас тартатын еді. Хазірет Әли «Наһдж әл-Балағенің» 182-ші құтбасында былай дейді: «Егер адам ажалдан құтқарыла алғанда, осы дүниеде мәңгілік өмір сүре алғанда, ол жындар мен адамдар қарамағында болған Сүлеймен пайғамбар болар еді. Ол илаһи дәргейге жақын, үлкен мәртебеге ие пайғамбар болды».

Осы аяттан үйренетініміз:

1.Адам пайғамбарлық пен билікке де жеткенімен ажалдан аман қалмайды. Ондай болса ешқашан мансап, мәртебе немесе мүмкіндіктеріміз бен өзіміздің байлығымызға масаттанбайық. Бір күні солардың барлығын қалдырып, бұл дүниеден жалғыз кетеміз.

2.Сүлеймен ие болған барлық айбыны мен құдіреті және ұлылығына қарамастан құмырсқалар тарапынан жерге құлады. Ол кезге дейін әскері оның өлімінен хабарсыз болды.

 Саба» сүресінің 15 аяты:

«لَقَدْ کَانَ لِسَبَإٍ فِی مَسْکَنِهِمْ آیَةٌ جَنَّتَانِ عَن یَمِینٍ وَشِمَالٍ  کُلُوا مِن رِّزْقِ رَبِّکُمْ وَاشْکُرُوا لَهُ  بَلْدَةٌ طَیِّبَةٌ وَرَبٌّ غَفُورٌ»

Расында Сәбә елдерінің қоныстарында бір ғибрат бар. Оңнан, солдан екі бақша (бар еді. Оларға): “Раббыларыңның несібесін жеңдер де Оған шүкір етіңдер. Бір көркем қала Раббыларың да аса жарылқаушы” (делінді).(15)

Алдыңғы бағдарламада илаһи екі пайғамбардың – хазірет Дәуіт пен хазірет Сүлейменнің тағдырына сілтеме жасалды. Олар күш-құдірет пен билік және ұлылылықтың шыңына жетіп, илаһи нығметтерге шүкіршілік білдірген. Сол нығметтерді халыққа қызмет етіп, қауіпсіздікті сақтау үшін пайдаланған. Бірақ, осы аят пен кейінгі аяттар илаһи нығметтерге батқанымен, нығметтерге күпіршілік білдіргендіктері салдарынан жазаға душар болғандықтан барша үшін ғибратқа айналған Саба қауымының тағдырына тоқталады.

Саба қауымы Йеменнің ауа райы жақсы жерінде өмір сүрді. Олар үлкен де мықты бөгеттер салу арқылы суды соның артында сақтады. Сол себепті ауылшаруашылығы мен мал шаруашылығы тұрғысынан дамыған, өркендеген ел болды.

Аймақты үлкен өзен бөгеттің түбінен ағып шықты. Оның екі жағы жыл бойы әртүрлі өнім беретін бау-бақшаға толы болды.

Таза ауасы мен мәуелі ағаштары бар аймақ осы қауымға берілген Алланың мейірімі мен рақымының белгісі еді. Осы нығметтермен қатар илаһи кешірім мен рақым да оларды қамтыды. Құдай олардың қателіктері мен күнәларын кешірді. Олардың қыруар нығметтерін кеміткен жоқ.

Осы аяттан үйренетініміз: 

1.Көркем табиғат, табиғи таңқалдырарлық көріністер мен ағаштар және олардың әртүрлі жемістері әлемнің Жаратушысының белгілері саналады.

2.Жердің тыңайтылуы арқылы өнімді болуы илаһи рақым мен мейірімге негіз қалайды. Оның ақыретпен қайшылығы жоқ.

«Саба» сүресінің 16-17 аяттары:

«فَأَعْرَضُوا فَأَرْسَلْنَا عَلَیْهِمْ سَیْلَ الْعَرِمِ وَبَدَّلْنَاهُم بِجَنَّتَیْهِمْ جَنَّتَیْنِ ذَوَاتَیْ أُکُلٍ خَمْطٍ وَأَثْلٍ وَشَیْءٍ مِّن سِدْرٍ قَلِیلٍ»، «ذَلِکَ جَزَیْنَاهُم بِمَا کَفَرُوا وَهَلْ نُجَازِی إِلَّا الْکَفُورَ»

Олар бас тартты. Сондықтан оларға күшті сел жібердік те, ол бақшаларын ащы мәуелі, жыңғылды бір азғантай жеміс ағашы бар екі бақшаға айналдырдық. (16)

Өстіп оларды күпірішіліктеріне байланысты жазаландық. Қарсы келгендерді ғана жазалаймыз. (17)

Адамдар материалды және рухани илаһи нығметтердің алдында екі топқа бөлінеді: бір топ шүкіршіл, екінші топ шүкірсіз. Адамдардың бір тобы нығметтерді байқап, Құдайды еске алып, оның разылығына себеп болатын жолда пайдаланады. Келесі топ Құдайды еске алудан қапыл қалып, Құдайдың наразылығына себеп болып, нығметтерді пайдалануда өздерінің ләззаттарының соңына түсіп, нәпсілік тілектерін қанағаттандыруды ойлайды.                        

Құдайдан теріс айналу кейде оның табиғаттағы жаратылыс белгілеріне қатысты, кейде илаһи аяттар мен бұйрықтарын түсіндіруде орын алады. Саба қауымы Алланың көптеген нығметтеріне ие болғанымен Құдайдан теріс айналып, өздерінің талап-тілектерін барлық нәрсенің өлшемі мен мизанына айналдырды. Олар адами талап-тілектерді Құдайдың қалауынан артық санап, қияметті ұмытты. Олар Алланың нығметтерінің қадірін білмей, шүкірсіздік танытты. Байлар мұқтаждар мен мақұрымдардың алдында мақтанып, оларға көзжұмбайлық танытты. Жалпы халық та дүниенің соңына түсіп, ақыретті ұмытып, Құдайдан қапыл қалды. Олар бар байлықтарының Құдай тарапынан екенін, сол себепті оның құлы болуы керектігін естерінен шығарды. 

Нығметке күпірлік білдірудің жазасы ауыр болды. Олардың қаласы мен бау-бақшаларын қатты сел басты. Шұрайлы жерлері сел салдарынан жойылды. Ағаштар жемістерінен қағылып, төрт маусым бойы беретін жемістерден еш белгі қалмады. Ағаштар жеміс бермей, тіпті берген күннің өзінде ащы, дәмсіз жеміс берді.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Тілмен шүкірсіздік білдіріп, іс жүзінде нығметтерге күпірлік танытудың дүниеде жазасы болады. Бұл – Алланың жазалауы мен сый беру жүйесінің бір бөлімі.

2.Адамдар мен қауымдардың тағдыры олардың өз қолдарында. Бұл – бұрынғылар мен болашақтағылар туралы илаһи сүннет.

3.Күнә жасауда табандылық танытып, оны жалғастыру азаптың түсуі үшін негіз даярлайды. Бірақ, адам күнә жасауда табандылық танытпайтын болса, Құдай кешірімді.