Сәу 05, 2016 16:31 Asia/Almaty

Бұл бағдарламада хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін орын алған Сақифе оқиғасы жайында сөз қозғаймыз.

Өткен екі бағдарламада  мұсылмандардың бірлігі мен біртұтастығының Құран Кәрімдегі маңызды орны мен Алла елшісінің (с.ғ.с.) ислам үмбетінің бірлігін қалыптастырып, нығайтудағы стратегиясы жайында сөз қозғадық. Айтып өткеніміздей, ислам «Ла илаха илаллах» сөйлемі негізінде араздық пен дұшпандықтан бас тарту, бірігу және бауырластықты сақтау ұранымен жәһилият заманында арабтар арасында болған тайпалық және рулық жауластықтар мен араздықтарды жеңе алды. Үнемі қақтығыстар мен қантөгістерге себеп болған осы жікшілдік Алланың бір екендігіне сенудің арқасында жойылды. Сондай-ақ, өткен бағдарламада хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін Сақифе деген жерде бір кеңестің құрылғанын айттық.  Хазірет Пайғамбардың (с.ғ.с.) мұсылмандардың абырой-беделін сақтап қалу туралы тапсырғанына қарамастан, Алла елшісі (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін орын алған Сақифе оқиғасы ислам қоғамында біршама қайшылықтардың пайда болуына себеп болды. Алайда Сақифе оқиғасы хазірет Әлидің (ғ.с.) кемеңгерлігі мен көрегендігінің арқасында жанжалға ұласпады және мұсылмандардың бірлігі саяси мансапқұмарлардың ойыншығына айналмады.

Халифтер басқарған кезде мұсылмандардың жері айтарлықтай кеңейіп,  олардың арасында қайшылықтар да туындағанымен ислам қоғамының бірлігі бұзылмады. Тайпалық және рулық соқыр сенімнің қайта жандануынан тамыр алған бұл қайшылықтар халифті өлтіруге дейін барды, бірақ жалпы алғанда ислам әлемінің біртұтастығы сақталып қалды. Хазірет Әли (ғ.с.) ибн Молджем Мұрадидің қолынан шәһид болғаннан кейін надандық сипаттағы кектердің жарасы қайта ашылып, шиеленісті қоздыратын оттар қайта тұтанды. Ақсүйектік мінез-құлықтар, тайпалық және этностық соқыр сенім қайта жанданған соң ислам әлемінің  бірлігіне сызат түсті. Бұл кезеңде алдымен халифтердің белгілеген бағыты өзгеріп, билік мұрагерлікке берілетін болды. Муавие мінез-құлық, діни, саяси ерекшеліктері немесе халықтың таңдауымен емес, мұрагерлік жолмен Язидті өзінің ізбасары деп жариялады.  Умавилер әулеті басқарып тұрған кезде халықтың арасына іріткі салып, тайпаларды бір-бірінен алшақтату саясаты жүргізіліп, әлеуметтік бөліністің пайда болуына жағдай жасалды. 

Мысалы, Сасанилер дәуірінде шахтардың зұлымдығынан жапа шеккен соң әділеттік пен азаттықтың жаршысы болған Ислам дініне бет бұрған ирандықтар Умавилердің исламға жат тайпалық әрекеттерін көрген кезде сол кездегі билікке наразылық ретінде бас көтерді. Сол заманда мұсылмандар арасындағы этностық және тайпалық текетірестер бөлінушілікке жағдай жасады. Алайда бір диктаторлық орталықтандырылған саяси жүйенің болуы себебінен ислам әлемінде саяси бірлік біршама сақталып қалды. Сол заманға дейін ауқымды жерлерге таралып, мұсылмандардың жеңісі Иран, Рим, Шам, Мысыр, Солтүстік Африка, Атлант мұхитының жағалауы, Кавказ, Амудария мен Сенд өзендері, тіпті Испанияға дейін жеткен ислам әлемінде  біртұтас билік болғанымен, біртұтастықты сақтап тұратын ішкі тіректер қатты шайқалған еді.

Бани Умайе әулеті билігінің соңғы кезеңінде қоғамдық наразылықтардың үдеуі нәтижесінде халықтық бас көтерілулер көп болды. Умавилердің реакционерлік ойларына қарсылар барлық мұсылмандар ұлты мен исламға бет бұрған уақыттарына қарамастан, тең құқыққа ие болуы керек, мұсылман еместермен әділетті түрде қарым-қатынас жасалуы тиіс деген нәтижеге жетті. Бұл наразылықтар әртүрлі бас көтерулер түрінде көрініс тапты. Алайда  осы бас көтерулердің арасында Бани Умайе билігін шайқалта алған  тек бір қозғалыс болды. Ол Алавилер мен Аббасилердің қозғалысы еді. Алавилер мен Аббасилер өзара әріптесе отырып, Бани Умайені биліктен құлатты. Бірақ Бани Умайенің ізбасары Алавилер емес, Аббасилер болды. Бұлар х.қ.ж.с.б. 132 жылы ислам әлеміне билік жүргізе бастады.  Олар ислам әлемінде әділеттік, тақуалық пен бақыттың жаңа дәуірін тудырдық деген уәж айтты.  

Аббасилер берген уәделеріне керісінше бұл заманда ислам әлемінде әділеттік, тақуалық пен бақыттың жаңа дәуірі қалыптаспақ түгілі, ислам әлемінде жікшілдік пен бөлінушілікке бұрынғыдан бетер жағдай жасалды. Шын мәнінде Аббасилер билігінің алғашқы ғасырында, яғни Харун ар-Рашидтің билігі шарықтаған кезде ислам әлемінде бір орталықтанған саяси билік болды. Рашидтің кенеттен қаза табуы және оның екі ұлы – Амин мен Мамунның билікке таласы азаматтық соғысқа жағдай тудырды. Біртіндеп ислам әлеміндегі бытыраңқылық Бани Аббас дәуірінде анық байқалды. Абдулрахман Умави Андалузияда бір халифат – тәуелсіз үкімет құрды.  Иранның Хорасаны, Мәуереннахр мен Систанда халифаттан бөлуге бағытталған қозғалыстар пайда болып, орталық билікке қиындықтар тудырды. Мысырда да автономия алуға талпыныстар жасалды. Мысырдағы Тулуние үкіметінің негізін қалаушы – Ибн Тулун орталықтан жіберілген қаржы өкілін қабылдаудан бас тартып, кіріс-шығысты бақылауды өз мойнына алды. Марокко мен Алжирде де Идрисилер билікті өз қолдарына алды. Біраз уақыт өткеннен кейін Мысырда Фатимидтер халифаты құрылды. Осылайша орталықтан қашқан қозғалыстардың пайда болуымен мұсылмандар арасында алшақтық пайда болды.

Қайшылықтар мен саяси бытыраңқылықтың күшеюімен бір мезгілде грек ойлары, философиясы мен жаңа идеялары келгеннен кейін  ислам қоғамдарында идеологиялық әркелкілік көбейіп, наразы ойларға сүйенген мектептердің құрылуымен саяси қайшылықтар үдей түсті.  Аббасилер халифі осы саяси-идеологиялық бытыраңқылықты жою мақсатында  исламның мазхабтарын  сүнниттердің төрт мазхабына жіктеп, оларды ресми түрде танып, басқаларды, соның ішінде шиіт мазхабын басып-жаншыды. Алайда идеологиялық мазхабтарды ресми түрде тану шектеулі көлемде қоғамдағы ой мен амалды біріктіргенімен, тұрақты бірліктің қалыптасуына себеп бола алмады. Біртіндеп халифат билігі өз ықпалынан айырылды. Тіпті Буйе әулеті кезінде мәдениет пен өркениеттің дамығандығына қарамастан бұл бірлік қайта жанданып, нығаймады.

Түрік Селжұқтары Буйе әулетін жеңіп, Бағдадқа кіргеннен кейін сол заманға дейін Буйе әулетімен жақсы қарым-қатынаста болған халиф Селжұқтардың ықпалына түсті. Селжұқтар шиіттермен қатты күресіп, көпшіліктің мазхабы, яғни сүнниттерге қосылып, Бағдадтағы Аббасилер халифатын қуаттап, бір орталықтанған саяси жүйе қалыптастыруға күш салды. Олар өз бақылауындағы ислам қоғамын өзінің саяси құдіреті аясында бірігуге итермеледі. Осы арада қажы Низам әл-Мүлк Тусидің, әсіресе Бағдадта Низамие медресесін ашып, мұсылмандар арасында мазхабтық және идеологиялық үйлеспеушілік пен әркелкілікті жою арқылы бірлікті қалыптастырудағы рөлі ерекше. Алайда ол шиіттерге түсіністік пен достықпен қарамаған. Қажы Низам әл-Мүлктің хатшылық аппаратында болуы Малекшах Селжұқиға өз билігін Таяу Шығыстағы мәдени және әскери күшке айналдыруға көмектесті. Бірақ Селжұқтар жеріндегі бұл күш-құдірет пен салыстырмалы түрдегі саяси бірлік ұзаққа созылмады. Қажы Низам әл-Мүлк, содан кейін Малекшах Селжұқи өлтірілгеннен кейін бұл империяда әртүрлі бөлінушіліктер пайда болды.

Селжұқтардың жерінде, әсіресе Сирия мен Палестинада ішкі бейберекеттік пен бөлінушілік орын алған кезде Еуропаның патшалары мен діни қайраткерлері үшін  Бейт ул-Мұқаддасқа шабуыл жасауға қолайлы мүмкіндік пайда болды. Шіркеудің діни басшылары христиандарды ынталандырумен қоса, мұсылмандар арасына іріткі салып, шиеленіс пен ішкі қайшылықты тудырып,  әртүрлі тәсілдермен оны ушықтыруға тырысты. Осылайша мұсылмандар мен христиандар арасында Крест соғыстарының басталуына жағдай жасалды. Бұл соғыстар шамамен 200 жылға созылып, осы екі илаһи дінді ұстанушыларға көп зиян тигізді. Селжұқтар билігінің әлсіреуі және ислам әлемінде жікшілдік пен шиеленістің артуы Шыңғысханның Иранға шабуыл жасауына жағдай жасады.

Малекшах Селжұқтан кейін ибн Хабире және халифе ән-Насер сияқты адамдардың халифаттың діңгегін нығайтып, сопылық топтарды  халифаттың орталығымен біріктіру арқылы әлем мұсылмандары арасында бірлік пен тілектестік рухын жандандыруға талпынғанына қарамастан мұсылмандардың саяси бытыраңқылығы жалғаса түсті. Әсіресе  Бағдад халифтері мен ислам әлемінің көп бөлігін басқарған хорезмшахтықтар арасында дұшпандықтар мен шапқыншылықтар көп болды. Екі тараптың бұл әрекеті мұсылмандардың күш-қуатын азайта түсті. Тіпті сол кездегі Бағдад халифі ән-Насердің мұсылмандарды біріктіру туралы уәждеріне қарамастан Бағдадтағы несториандық дін қызметкерінің әріптестігімен Шынғысханнан хорезмшахтар басқаратын мұсылмандар жеріне шабуыл жасауын сұрады. Ислам әлеміндегі қайшылықтар мен жауластықтарды басқыншылық жасауға қолайлы деп тапқан Шыңғысхан  ислам елдеріне, соның ішінде Иранға шабуыл жасап, ақырында х.қ.ж.с.б. 656 жылы халифатты құлатты.

Х.қ.ж.с.б. 8 ғасырдың басында Осман  әскері  билікті қолына алған кезде бұл оқиға ислам әлемінің ең маңызды өзгерістерінің бірі саналды, өйткені олар біртіндеп крестшілерге қарсы ең үлкен күшке айналды. Осман халифі «Мұхаммад Фатих» деген лақап атқа ие болған сұлтан Мұхаммад II-нің Константинопольді жаулап алуы барша ислам әлемі алдында Османның беделін арттырып, халифаттың билігін нығайтты. Мұсылмандар сұлтан Мұхаммадты исламды құтқарған патша, крестшілер жорығының қарымын қайтарушы, моңғолдар шапқыншылығынан қалған  қирандылар мен қырып-жоюлардың орнын толтырушы деп санаған. Бұл оның құдіреті мен беделін арттырды.  Тіпті Стамбұл халифаттың мықты орталығы әрі ислам қоғамының жетекшісі орналасқан жер ретінде танылды. Осман билігі крестшілер жорығынан кейін қалыптасқан бейберекет жағдайда ислам әлемін орталықтандыра алды. Бірақ ислам әлемі османдықтар билікке келгеннен кейін бірікті деп айта алмаймыз.