Маусым 26, 2018 11:17 Asia/Almaty

Топтамамыздың кезекті бөлімінде имам Хусейннің (ғ.с) Язидтің бүлікшіл үкіметіне қарсы жасаған көтерілісінің негізі мен себептері туралы сөз қозғаймыз.

Бүгінгі бөлімде Язид ибн Муавиенің билік басына келген кезінен бастап шәһидтердің жетекшісі Хусейн ибн Әлидің (ғ.с) басшылығы туралы баяндаймыз. Ол хазірет Мединеден кеткеннен кейін қоғамдық пікірге ағартушылық жасау жолында "жұмсақ соғыс" тәсілін пайдаланып, жеке кездесулер өткізіп, құтпалар айтып, хаттар жазу арқылы көп талпыныс жасады. Өзінің Язидтің билігін мойындамау себебінің түбегейлі әрі негізгі қайшылықтар мен айырмашылықтарға негізделгенін көрсету үшін алдымен Пайғамбардың әулеті – Аһле бейтке тән игі қасиеттерді, рухани және ғылыми мәртебесін сипаттап, сосын Умәйя әулетінің болмысын, әсіресе Муавие мен Язидтің болмысын әшкереледі. Хусейн (ғ.с) ақиқаттың үстемдігін көздесе, Язидтің мақсаты жалғанның майданын күшейту болды. Хусейн (ғ.с) Ислам дінін сақтап қалудың қамын ойласа, Язид Исламның көзін жоюды ойлады. Хусейн (ғ.с) қаналғандарды құтқарып, әділеттің орын алуын ойласа, Язидтің үкіметі қанау мен езгіге негізделген еді. Сондықтан, бір шешім мен ымыраға келу және билікті мойындау үшін бірде-бір шешім жолы болмады. Ең маңызды және тағдыр шешуші мәселе мынада болды: Хусейн (ғ.с) адамдарға жетекшілік етіп, олардың өркендеуі арқылы мәңгілік әлемді гүлдендіруді мақсат тұтса, Язид адамдардың ақыретін бүлдіріп, оларды күйдіруші тозаққа итермелеуді көздеді.

Шиіттердің хадисшісі, хорезмилік құтпагер шейх Садуқ былай дейді: "Бір адам Хусейн ибн Әлидің (ғ.с) жанына келіп, хазіреттен "(Мұхаммед Ғ.С.) бір күні бүкіл адам баласын бастықтарымен бірге шақырамыз",- деп айтылған «Исра» сүресінің 71-аятын тәпсірлеп беруді сұрап, "Қиямет күні барша адамдарды өз имамы мен жетекшісімен бірге келуге шақырамыз"- деген сөз нені білдіреді деп сұрайды. Сонда имам: "Халықты дұрыс жол мен Құдайға құлшылық етуге шақыратын имам мен жетекші болады. Бір топ оның сөзін қабылдап, жолын ұстанады. Сонымен қатар, қоғамды теріс жол мен құлдырауға итермелейтін жетекші болады; келесі бір топ адам оның сөзіне бағынады",- деп жауап береді. Содан кейін имам Хусейн (ғ.с) «Шура» сүресінің 7-аятын дәлел ретінде келтіріп: "...Ол күні бір топ жаннатта, бір топ тозақта",- дейді.

Сол себепті Мұхаммад Пайғамбар (с.ғ.с) кезіндегі таза исламның мәдениетінде имам мен жетекшіні таңдау мәселесі жай ғана сенімдік, әлеуметтік және саяси мәселе болып қалмай, бұл таңдау адамзат баласының мәңгілік әлемдегі тағдырымен тығыз байланысты. Илаһи жетекшінің жолын ұстанатын адамдар жұмаққа кіреді, ал қанаушы әрі жемқор басшыларының жолын ұстанғандар мәңгілік тозақтың отына түседі. Имам Хусейн (ғ.с) адамдарды тозақтың отына түсуден аман сақтап қалу үшін олардың қылмыскер билеушілердің алдындағы жауапкершілігін сипаттап: "Уа, халайық! Алланың елшісі (с.ғ.с): "Құдайдың халалын харам еткен, илаһи келісімді бұзып, пайғамбардың сүннетіне қарсы шығып, Құдайдың пенделерінің арасында күнә жасаудың негіздерін құрған қанаушы билеушімен кезіккен кез келген адам осындай зұлым билеушіге қарсы ісімен немесе сөзімен қарсылық көрсетіп, табандылық танытпаса, дәл сол бүлікшілер кіретін тозақтың отына кіреді",- деп айтқан. Егер тарих бойында кез келген қоғамның адамдары үстемшіл билеушілерге қарсы табандылық танытып, олардың қоқан-лоққыларынан қорықпағанда, бүгінгі таңда зұлымдық, зорлық-зомбылық пен қанаушылық болмай, соғыс, қантөгіс пен халықтардың байлықтарын тонаудың салдарлары байқалмаған болар еді.

Имам Хусейн (ғ.с) осы көзқарас негізінде өз заманындағы қоғамда жауапкершілік сезімін оятып, оларды қанаушылар мен олардың әрекеттеріне қатысты үнсіздік танытқан адамдардың ақырғы тағдыры саналатын тозақ отында өртенуден құтқаруға талпыныс жасады. Алайда, амандық тілеушілер бұл ескертулерге назар аудармай, Ашура секілді жан түршіктірерлік апат тудырды. Шәһидтердің көшбасшысы Бани Һашем әулетінің болмысы мен әрекеттерін әшкерелейтін сөздерінің бірінде былай деді: "Уа, халайық! Бұлардың Құдайға бағынбай, шайтанның жолын қуып, жемқорлықты таратып, илаһи шектеулердің күшін жойып, Алланың халал-харам және парыз етіп, тыйым салған заңдарын өзгерткен адамдар екенін біліңдер. Менің атамның діні мен оның негіздерін өзгерткен діннен безген мына мансапқұмарлардан гөрі мұсылмандардың жетекшісі әрі билеушісі болуға мен лайықпын".

Иә, имам Хусейн (ғ.с) бұл сөзінде қоғамдық пікірдің көзін ашуды көздеген ағартушылық әрекетінен бөлек, Умәйя әулеті билігінің заңдылығын теріске шығарып, өзінің имамат пен жетекшілік басына отыруға лайықтығын дәлелдеп, Язидтің билігін мойындамауына тағы бір дәлел келтірді. Хусейн (ғ.с) осы илаһи дін мен пайғамбарлық сүнетті қайта жандандыруды көздесе, Язид Ислам діні мен Пайғамбардың өмір сүру салты мен сүннетінің көзін жоюды мақсат тұтты. Бұл жағдайда Хусейн (ғ.с) Язидтің билігін қалай мойындайтын еді? Сол себепті, имам Хусейн (ғ.с) Мәдине облысы билеушісінің Язидтің билігін мойындауға шақыруына берген жауапта: "Егер мен Язидтің билігін мойындайтын болсам, Ислам діні үшін «Фатиха» сүресін оқып, оның өлгенін мойындау керек",- деді.

Бірақ, тек имам Хусейн (ғ.с) мен оның адал серіктері ғана Ислам дінін сақтап қалу үшін көтеріліске шығып, діннің жас көшетін өздерінің пәк әрі қасиетті қандарымен суғаруға міндетті еді ме?  Имам Хусейн (ғ.с) осы қате әрі исламға қарсы көзқарастың көзін жою үшін бұл іске діни үлемдерді қосып, қарапайым халықтан бұрын үлемдер мен ойшылдардың қылмыскер әрі діннен безген билеушілермен күреске көтеріліп, наразылық білдіруі керектігін көрсету мақсатында оларды өткір сынады. Сондықтан, «Жақсылыққа үндеп, жамандықтан жирендіру туралы құтпа» деген атпен белгілі құтпасын айтты. Хазірет бұл жолдаудың тек өз заманының халқына арналмай, барлық адамдардың ескертуші сөздерге құрақ салып, шынайы түрде назар аударуын еске салу үшін өз сөздін "ایها الناس" "Ей, адамдар!" деген сөзбен бастайды. Хазіреттің айтқан сөзі негізінен үлемдер мен данышпандарға бағытталған болатын. Хусейн (ғ.с) оларға: «Яхһудилер мен мәсихи үлемдерінің не себепті Құранды мақұлдамағанын білесіздер ме? Себебі, Құдай «Мәида» сүресінің 63-аятында былай деген: "Егер олардың (яһудилер мен христиандардың) сопылары, ғалымдары; оларды күнәлі сөздерінен, арам жеулерінен тыйса еді! Әрине олардың істегендері қандай жаман". Осы ауыр міндетті орындауға жеңілтектікпен қарап, оны орындамау Исраил ұрпақтарын илаһи лағынетке ұшырайтындай деңгейде теріс жолға түсірді. Құранда бұл жайлы: "Сондай Израиль ұрпақтарынан қарсы болғандарға, Дауыт және Мәриям ұлы Ғиса (Ғ.С.)-ның тілі арқылы лағынет етілген. Ол қарсы келулері, шектен шығуларының салдарынан. Олар бір-бірін істеген жамандықтарынан тыймайтын болған. Расында, олардың істегендері қандай жаман",- делінген («Мәида» сүресі, 78-79 аяттар) деді.

Шын мәнінде, Құдай бұл тұрғыдан қанаушылардың зиянкестік жасап, дау-дамай тудырып, барлық діни, адами және әлеуметтік шектеулерді бұзып жатқанын өз көздерімен көріп, бірақ материалдық игіліктеріне байланысты немесе билеушілерден қорыққандықтан үнсіздік танытып, наразылық білдірмеген адамдарды айыптайды. Құдай осы мәселеге байланысты «Мәида» сүресінің 44-аятында былай дейді: "Ендеше адамдардан қорықпаңдар да, Менен қорқыңдар".

Имам Хусейннің (ғ.с) қабірі

Сол кезде имам Хусейн (ғ.с) осындай теріс тәсілді сынап, теріс қылықтар мен әрекеттерге қатысты ешқандай реакция білдірмеген үлемдер мен халықты сынға алып, құндылықтарды сақтау мен құндылықтарға қарсы ұғымдардың алдын алуға талпыныс жасайтын топты мадақтайды. Сонымен қатар Қасиетті Құранда осы мәселе жөнінде былай деп айтылған: "Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-біріне көмекші. Олар жұртты жақсылыққа үндеп, жамандықтан сақтандырады." («Тәубә» сүресі, 71-аят).

Өзінің көтеріліске шығу себептерінің бірін жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю қағидасын қайта жаңғыртуды илаһи уәжіп ретінде бағалап, оны Пайғамбар (с.ғ.с) мен хазірет Әлидің (ғ.с) өмірлік салтының негізі деп атаған имам Хусейн (ғ.с) діни, әлеуметтік, мәдени және саяси екі міндет пен жолдаудың іс жүзіндегі жетістіктерін талдап, былай деді: "Егер жақсылыққа шақырып, жамандықтан жирену қағидасы барлық адами және әлеуметтік тұрғылар бойынша жүзеге асатын болса, жеңіл немесе ауыр саналатын барлық иләһи уәжіптер жүзеге асып, Исламға шақыру мен оның ықпалы мен кең етек жаюы үшін қажет қолайлы негіз жасалады". Осылайша, қаналған әрі жапа шеккендердің құқықтары қорғалып, үстемшілдер мен басқыншыларға қарсы күресу рухы жанданып, жалпы қоғамдық байлықтар мен соғыс олжалары әділ түрде бөлінеді; зекет, салықтар мен ислам үкметінің экономикалық қажеттіліктері секілді садақа мен қайыр түрлері дұрыс әрі тиянақты түрде жиналып, келген табыстар иләһи дана заң негізінде таратылып, жұмсалатын болады. Имам Хусейннің (ғ.с) осындай стратегиялық әрі негізгі нұсқауларына байланысты адамдардың әрқайсысы, әсіресе үлемдер, ойшылдар, реформашылдар, жазушылар, діни және академиялық салалар Пайғамбар (с.ғ.с) мен пәк имамдардың (с.ғ) өмірлік салты болған жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю қағидасы негізінде жауапкершілікті сезінген кезде және әлемдік үстемшіл жүйе мен оларға тәуелді билеушілерге қарсы тұрып, наразылық білдірген кезде ислам әлеміндегі тәртіпсіздіктер мен заң бұзушылықтар аяқталады. Осындай жағдайда мұсылмандар мен адамзат баласының жарқын болашаққа қол жеткізетіні шүбәсіз.