Шіл 28, 2018 17:15 Asia/Almaty

Денсаулық туризмі-4 (Тері және жасушамен емдеу) Денсаулық туризмі – Иранның мұнайдан тыс кірісінің табысты қызметтерінің қатарына жататын туризм салаларының бірі.

Соңғы онжылдықтарда медицина саласында таңғажайып өзгерістер орын алды. Олар барлық адамдар үшін  жоғары сапалы өмірге қол жеткізуге үміт беріп отыр. Бүгінде медицина ғылымы өз тарихында бұрын-соңды болмаған кезеңге аяқ басты. Бұл кезеңде жұлын, жүрек, бауыр мен бүйрек трансплантациясы немесе DNA мен адамның геномын табу, нәрестелердің зертханада тууының жаңа тәсілдері, хайуанаттардың нәсілін өзгерту, діңгекті жасушалармен емдеу науқастарды емдеуде қолданылатын қарапайым істерге айналды. Қазіргі таңда медициналық зерттеу институттары мен беделді орталықтарда дәрімен емдеу жайлы сөз болмайды, мақсат терапевтикалық емдеу, әртүрлі тіндер мен дене мүшелерін өсіру болып табылады.

Діңгекті жасушалар

Сіздер де діңгекті жасушалар туралы естіген боларсыздар. Діңгекті жасушалар (Stem Cell) – денедегі кез келген жасушаны жасауға қабілетті бастапқы жасушалар. Ғалымдардың зерттеу нәтижелері көрсеткендей, адам денесінің барлық мүшелерінде діңгекті жасушалардың бір түрі бар, олар сол тіндегі жасушаларға айналу қабілетіне ие. Бұл жасушалар тін құрылымында шалыстық болса, көбейіп, зақым көрген тінді жөндеуге кіріседі. Олар жасушаларының басым бөлігі жойылған тіндердің ішіне салынып, зақымданған жасушаларды алмастырып, сол тіннің ақауын жөндей алады. Осындай қабілетке ие болғандықтан оларды "діңгекті жасушалар" деп атайды. Айта кету қажет, адам денесіндегі жасушалардың басым бөлігі бөліну қабілетіне ие емес. Олар адамның туған күнінен қайтыс болғанына дейін бөлінбей ғұмырын жалғастырады. Дененің кейбір тіндері, соның ішінде қан, тері мен ас қорыту жүйесі тез қалпына келу қабілетіне ие. Күніне миллиондаған тері және ас қорыту жасушасы түзіледі.

Діңгекті жасушаларды барлық жасушалардың анасы деп атауға болады. Олар қан түзу, кейде қан, жүрек, жүйке, шеміршек және тері жасушаларына айналу қабілетіне ие. Кейбір физиологиялық немесе зертханалық жағдайлардың әсерінен арнайы қолданыс аясына ие жасушаларға, мысалы, жүректің бұлшық еттері немесе ұйқы безінде инсулин өндіретін жасушаларға айнала алады.

Бүгінде жасушамен емдеу әртүрлі зерттеу кезеңдерінен өткеннен кейін науқастарды емдеу үдерісіне енгізілген тәсілдердің бірі болып табылады. Жасушамен емдеу – тінді жөндеу немесе ауырған дене мүшелерін жазу үшін денеден тыс жерде өсірілген жасушаны қолданатын қалпына келтіруші медицинаның тармағы. Жасушамен емдеу саласындағы медициналық зерттеулердің жетістіктері кейбір ауруларды жою немесе олармен күресуде айтарлықтай нәтиже берді. Трансплантология ғылымында діңгекті жасушаларды пайдалану таңғажайып нәтижелер көрсетті. Оларды генетика тұрғысынан трансплантация жасалғаннан кейін өлмейтіндей етіп өзгертуге болады. Мысал ретінде жүректің бұлшық еттері жасушаларына тоқталуға болады. Жүректің тініне зақым тигізілген жағдайда тіннің пассивті бөлігі жүректің белсенді бұлшық еттері жасушаларының орнын басады. Эмбриондық діңгекті жасушалар жүректің бұлшық еттері жасушаларына айналу қабілетіне ие. Оларды жүректің талмасы сияқты ауруларды емдеуде пайдалануға болады. Жүрек ұстамасы – жүректің бұлшық еттері жасушаларына зиян келтіретін негізгі фактор. Сонымен қатар бұл жасушаларды жүректің туа біткен ауытқушылықтарын немесе талассемия сияқты кейбір қан ауруларын емдеу үшін жұлын трансплантациясы ғылымында қолдануға болады. Обыр ауруына шалдыққан балалар мен ересек адамдарды емдеу үшін  қан түзетін діңгекті жасушаларды пайдалануға болады. Мұндай ота Иранда Теһран медициналық ғылымдар университетіне қарасты Шарияти атындағы аурухананың жұлын трансплантациясы, гематология және онкология орталығы мен Шираз медициналық ғылымдар университетінде жасалады.

Ирандағы жасушамен емдеу

Денсаулық саласындағы маңызды мәселелердің бірі адам денесінің терісінде әртүрлі аурулардан жойылуға немесе қатты бүліну мен өзгеруге соқтыратын оқиғалардан туындайтын салдарларды азайтудың жолын табу болып табылады.  Дақ, пис немесе витилиго – пигмент түзетін жазушалар-меланоциттердің қызметінде шалыстық туумен қатар жүретін тері ауруларының бірі. Бұл аурудың себебі әлі анықталмаған. Витилиго ауруының белгілеріне адам терісінің әртүрлі бөліктерінде ақ дақтардың пайда болуы жатады. Витилиго ауруына шалдыққан бөлікте өсетін түктің түсі әдетте ақ болып келеді. Әлем тұрғындарының шамамен 1-2 пайызы витилиго ауруына шалдыққан. Олардың 95 пайызында аталмыш аурудың белгілері 40 жасқа дейін  байқалған. Бұл ауру барлық нәсілдер мен екі жынысқа да тән. Витилиго ауруы қалқанша безінің аса белсенді болуы, адренокортикалды бүйрек үсті безінің жетіспеушілігі, шаштың теңбілденіп түсуі және қан аздыққа шалдыққан адамдарда көбірек кездеседі. «Руйян» жасушамен емдеу орталығы – кейбір обыр түрлері, сүйек және көз аурулары сияқты емі қиын аурулар мен витилиго ауруы немесе тері пигменттерінің солғындануын емдейтін орталықтардың бірі болып табылады. Витилиго ауруын емдеу үшін әртүрлі тәсілдер, соның ішінде  дәрімен емдеу, радиотерапия және қауіпсіз емдеу қолданылады. Алайда бұл тәсілдер кей жағдайда нәтиже бермейді. «Руйян» жасушамен емдеу орталығында ирандық зерттеушілер бірегей тәсілмен 1500 науқасты емдеді. Бұл тәсілде ирандық мамандар автологусты трансплантация жасау барысында меланоцит жасушаларын  дененің сау жерінен алып, ақ түсті бөлікке егеді. Ирандық мамандар ойлап тапқан емдеу тәсілінде витилиго ауруына шалдыққан адамға демалудың қажеті жоқ. Сау жасуша зиян көрген бөлікке егілгенде ол жер зақымданбай-ақ немесе теріде күлдіреу пайда болмай-ақ жазылады.

Иранның «Руйян» жасушамен емдеу орталығы (http://www.royaninstitute.org/cmsen) –  «Руйян» зерттеу орталығының діңгекті жасушалар саласында жұмыс істейтін бір бөлігі.

Иранның «Руйян» жасушамен емдеу орталығы

Орталық ғылыми жетістіктер саласында әлемнің алғашқы он елінің қатарына кіреді. Ол жерде тері мен сүйек саласында зерттеулер жүргізіліп, емдеу сатысына жеткізілумен қатар, кейбір обыр түрлері мен MS сияқты жүйке ауруларына қатысты зерттеулер жүргізілуде. Осы орталықта шеміршектің сау жасушаларын зақым көрген бөлікке егу арқылы артроз ауруын емдеуге болады. Иранда бұл ауруды емдеу құны Еуропаның кейбір дамыған елдеріндегі бағаның оннан бір бөлігінен де төмен.

Иранның келесі бір емдеу орталығы – «Хелал» емдеу кешені (http://helalclinic.com/index.aspx?). Ол х.ш.ж.с.б. 1378 жылы (1999 жылы) ИИР-ның Қызыл жарты ай қоғамының инвестициясымен аурулардың алдын алу, диагностика және емдеу мақсатында іске қосылды. Бұл емдеу орталығында мамандандырылған емханалар, соның ішінде  тіс емдеу, неврология, тері, шаш және косметология, лазер, лор, гинекология, ортопедия, онкология және урология бөлімдері бар. Осы орталықтың жоғары мамандандырылған емханаларына офтальмология, белсіздікті емдеу, нефрология мен диализ, жүрек және қан тамырлары, бездер диабеті мен метаболизм бөлімдерін жатқызуға болады.

Иранның «Хелал» фармацевтикалық кешені

Теһранның шығысындағы «Хелал» фармацевтикалық және клиникалық кешені мамандандырылған зертхана мен білікті медициналық мамандарға ие болуына байланысты тері аурулары, соның ішінде  дақ пен витилиго, безеу мен тыртықты емдеуде науқастарға қызмет көрсетуге дайын. Бұл кешенде жасушамен емдеу емханасы бар. Ол теріні жасарту және әжімдерді кетіру саласында жасуша және дәрімен емдеу қызметтерін ұсынады. Иранның «Хелал» фармацевтикалық және клиникалық кешенінде IPD, яғни емдік туризм бөлімі бар. Осы кешеннің қызметтерін қолдануға қызығушылар мына сайтқа (http://www.helalclinic.com) кіріп, өздеріне қажетті ақпарат ала алады. Иранның Қызыл жарты ай қоғамы халықаралық орын мен әлем елдерінің сеніміне ие ұйым болғандықтан, басқа елдердің науқастары толық сеніммен осы орталыққа кеңес алып, емделу үшін келеді. Кешеннің бірегей артықшылықтарының біріне орталықтың ішіндегі толық жабдықталған әдемі қонақ үйді жатқызуға болады. Сенімді әрі жайлы тұрақ, тасымал, сапарды сақтандыру, аудармашының болуы,  әртүрлі туристік сапарлар ұйымдастыру науқастар мен оларды алып жүруші адамдарға Иранда болған кездерінде қызмет көрсетудің келесі артықшылықтары болып табылады. Қазіргі таңда бұл кешен Азия мен Африка елдерінен, соның ішінде Ирак, Сауд Арабиясы, Ливия, Әзірбайжан, Тәжікстан, Ауғанстан мен Танзаниядан келетін науқастарды қабылдауда.

Тегтер