Қыр 16, 2018 14:51 Asia/Almaty

Имам Хосейн (ғ.с.) қозғалысының басынан шәһид болғанға дейін залымдарға қарсы табандылық танытып, олармен күресті, сондай-ақ барлық құтпалары мен сөздерінде дін негіздеріне сүйеніп, жақсылыққа жігерлендіріп, жамандықтан жирендіруді көтерілісінің негіздері санады.

Имам Хосейн (ғ.с.) халықтың басшысы ретінде өз өмірін халықты хабардар етіп, қоғамды түзетіп, адамдардың өзара қарым-қатынасын көркейтуге арнады. Имам барлық бұрмалаушылықтарға қарсы тұрып, Язид билік басына келген кезде Әмәви әулетінің қылмыстарын тек сөзбен ғана әшкерелемей, Хақ жолында қылышпен күреске шығып, өмірін қиды. Имам Хосейн (ғ.с.) өз қозғалысын «жақсылыққа жігерлендіру және жамандықтан жирендіру» деп атап, өз сөздерінде бұл мәселені сан рет еске алды. Имам Хосейн (ғ.с.) өз көтерілісінің негізгі мақсаты туралы: «Мен атамның үмбетін өзгерту жолына шығып, халықты жақсылыққа жігерлендіріп, жамандықтан жирендіріп, атам Алланың елшісі мен әкем Әли бен Абиталеб сияқты әрекет еткім келеді»,- деген болатын.

Имамның бұл сөздері Құран Кәрімнің көптеген аяттарында жақсылыққа жігерлендіріп,  жамандықтан жирендіруге бұйырған тағылымдарынан бастау алған. Мәселен, әл-Имран сүресінің 104-ші аятында: «Сендерден жақсылыққа шақыратын, сондай-ақ, дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосатын бір топ болсын»,- деп айтылған. Имам Хосейн (ғ.с.) Кербала көтерілісі мақсатының жақсылыққа жігерлендіру екенін қуаттап: «Мен үмбетті жақсылыққа шақырып, жамандықтан алыстатқым келеді»,- деген болатын. Имам Хосейн (ғ.с.)- өз қозғалысының басынан шәһид болғанға дейін залымдарға қарсы табандылық танытып, олармен күресті, сондай-ақ барлық құтпалары мен сөздерінде дін негіздеріне сүйеніп, жақсылыққа жігерлендіріп, жамандықтан жирендіруді көтерілісінің негіздері санады. Имам Язидтің Хор басқарған сарбаздарымен бетпе-бет келіп, куфеліктердің сатқындығы әшкереленген кезде сөйлеген сөзінде: «Шындыққа сай ғамал етілмей, жалғандыққа тосқауыл қойылмағанын көрмейсіңдер ме? Мұндай жағдайда мүмін көтеріліп, Жаратушысын көруге талпынуы керек»,- деді.

Имам Хосейн (ғ.с.) Құранның баршаны қоғамды өзгертуге шақыратынын еске салды. Өйткені, егер қоғамда өзгеріс орын алмаса, әділет орнатылмаса, халық иман мен бақытқа жетпейді. Сондай-ақ, жеке және қоғамдық бұзақылыққа шырмалған қоғамда халықты қалай тазартуға болады? Имам Хосейн (ғ.с.) атасы Исламның ұлық пайғамбарының сөздеріне сүйеніп: «Залым басшының Алланың харам еткендерін халал санап, Алланың алдындағы міндеттемелерін бұзып, Алла елшісінің сүннеттерімен қарсыласып, Алланың пенделеріне дұшпандық білдіргенін көрген әр адам Алланың оны міндетті түрде азаптайтынын білгені жөн. Сондықтан хабардар болыңдар. Язидшілердің шайтанға ерушілер екенін біліңдер. Олар – Алланың харамдарын халал, халалдарын харам еткендер. Мен бұл жағдайды өзгертуге ең лайық адамын»,- деді. Көтеріліс жасау үшін әртүрлі жолдарды ойластырған имам Хосейн (ғ.с.) Марван Хакаммен  сөйлескен соң, яғни хиджридің 60-шы жылының режеп айының 28-ші жұлдызының қараңғы түні отбасы мүшелері, кейбір туыс-тумалары және серіктерімен Мединеден шығып кетеді. Хазіреттің керуені Медине көшелерінен өткен кезде өз жағдайын түн ортасында перғауындықтардың зұлымдығынан қашып, далаға бет алған хазірет Мұса бен Имранның жағдайымен салыстырып, пайғамбардың қиын жағдайын көрсететін «Қасас» сүресінің 21-ші аятын оқыды:  «Сонда Мұса қорқа байқастап, қаладан шықты да: “Раббым! Мені залым елден құтқар!"- деді».

Имам Хосейн (ғ.с.) Медине мен Меккенің арасындағы жолды алты күнде өтіп, хиджридің 60-шы жылының шағбан айының үші  күні Меккеге енді. Имам тағы өз жағдайын хазірет Мұсаның жағдайымен салыстырып, «Қасас» сүресінің 22-ші аятын оқыды: «Ол Мәдян жаққа жөнелген сәтте: “Раббымның маған  тура жол көрсетуіне үміт етемін” деді».

Зұлымдық пен зорлық-зомбылыққа қарсы көтерілу – Алла Тағаланың Құранда хазірет Мұсаға бұйырған ең маңызды міндеттердің бірі. Алла Тағала өз пайғамбары Мұсадан Перғауынның зұлымдығы мен зорлық-зомбылығы және бұзақылығына үнсіздік танытпай, халықты құтқару үшін көтерілуге шақырды. «Таһа» сүресінің 24-ші аятында: «Перғауынға бар. Өйткені, ол шектен шыққан»,- деп айтылған. Имам Хосейн (ғ.с.) өз көтерілісінің ең маңызды мақсаттарының бірін жиһад, яғни Перғауынның бұзақылығы және зұлымдығымен күресу деп атады. Хазірет жәбір көргендерді қорғау мен Жаратушынң ризалығына ие болу үшін жиһадқа шығуды, қоғамда әділет орнатуды пайғамбар (с.ғ.с.) мен хазірет Әлидің мектебінен үйреніп:  «Мен – Алланың дінін қолдап, шариғатын орындап, пұттарды алып тастаған адаммын»,- деді.

 

 

Тегтер