Қыр 29, 2018 17:53 Asia/Almaty
  • Имам Хусейннің (ғ.с.) серіктері 4

Кербалада имам Хусейн бен Әлидің (ғ.с.) серіктерінің арасынан әртүрлі жастағы және әр түсті адамдарды көруге болды: қарттар мен жастарды, жасөспірімдерді, әйелдер мен балаларды, қара және ақ нәсілділерді. Хабиб бен Мазахер, Мослем бен Аусадже, Зохейр бен Қайн Баджали, Уаһаб бен Абдолла Колеби және Джоун бен Ховай мен т.б..

Ислам тарихында жиһадтың сахналары аз кездеспейді. Олардың кейбіреуі дүниелік мақсаттарды көздемегендіктен мәңгіге қалды. Ашура қозғалысының ғасырлар бойы мәңгі қалу факторларының бірі ықылас саналады. Ықылас деген – ой-пікір мен ниетті тазарту, барлық жақсылықтар мен жұмыстарды Алла жолында іске асыру, мақсаттардың тек илаһи болуы. Мұның барлығы адамның амалдарының құнын арттырады. Керісінше дабыра, өзін көрсету үшін жасалған істің сауабы да болмайды және мәңгіге қалмайды.  Шайтан Алланың алдында хазірет Адамның әулетін адастыратыны туралы ант берген болатын. Бірақ, адал әрі ықыласпен Алла үшін ғамал ететін адамдарға келген кезде шайтан үмітсізденіп, артқа шегініп: «Менің оларды адастыруға күшім жетпейді»,- деп мойындаған. «Сад» сүресінің 82-83-ші аяттарында:  «Ол: “Үстемдігіңе серт! Әлбетте олардың барлығын аздырамын” деді.  Бірақ, олардан ықыласты құлдарың ғана қалады»,- деп айтылған.

Имам Хусейн (ғ.с.) мен хазіреттің адал серіктерінің ықыласы Ашура қозғалысы мәңгіліктігінің ең маңызды факторларының бірі болып табылады. Олар Алланың ризалығынан басқа еш нәрсе туралы ойламаған. Имам Хусейн (ғ.с.)-ның серіктері сол мақсаттарына жету үшін илаһи міндеттерін орындау туралы ғана ойлап, дүние, билік пен мансап және өздері туралы ойламаған. Имам Хусейн (ғ.с.) Меккеден Иракқа қарай аттануға шешім қабылдаған кезде жолға шықпастан бұрын отбасы, серіктері және Меккеде оларға қосылған адамардың алдында сөз сөйлеп: «Біздің жолымызда қан төгіп, өмірлерін қиюға дайындар бізбен жолға шықсын»,- деді. Имамның бұл шақыруы бір кезең және мекенмен шектелмеген. Имам Хусейн (ғ.с.)-мен жолаушы болған әр адам қолындағы нәрсесін Алланың, Оның діні мен адамзат қоғамының жолында құрбан ететінін білуі керек.

Бұл шынайы қозғалыс ағымында ықыластары жаман адамдар жолдың басында, Кербала жолында бөлініп кетті. Сапар бойында, әсіресе Ақил бен Мүслімнің өлгені туралы хабар имам Хусейн (ғ.с.)-ның керуеніне жеткен кезде билік пен мүлік үшін жолға шыққандардың көбі тарап, тек шынайы ықыласпен шыққандар ғана қалды. Мұндай адамдардың бірі Джоун бен Ховай болды.

Джоун бен Ховай Абозар Ғафаридің құлы болған. Негізінде, бұл адамның өмірі туралы көп мәлімет табылмайды. Өйткені, олардың өміріне көп мән берілмеген. Белгілі мәліметтерге сәйкес, ол Африкадан шыққан қара нәсілді болған. Имам Әли (ғ.с.) Джоунды Фазл бен Аббас Абдолмуталибтен сатып алып, Абозар Ғафориге сыйлаған. Абузар Осман үкіметі кезінде оның билік тәсіліне наразылық білдіргені үшін Забдеге қудаланды. Джоун де қудалану кезінде Абузалмен бірге болған. Абузар қайтыс болған соң Джоун Мединеге оралып, өз таңдауымен имам Хасанның (ғ.с.), кейін имам Хасан (ғ.с.) шәһид болған соң имам Хусейннің (ғ.с.) үйіне ауысып, имам Хусейннің (ғ.с.) қасында болған.

Кербаладағы имам Хусейн (ғ.с.)-ның зираты

Ашура күні қарсаңындағы түнде имам Хусейн (ғ.с.)-ның серіктері шын ниеттерімен имамның қасына жиналды. Имам Хусейн (ғ.с.) бұл соңғы түнді Жаратушысынан өзімен сырласып, серіктеріне жолын таңдауға мүмкіндік беру үшін сұрап алды. Имам Хусейн (ғ.с.) ертеңгі күннің оқиғасын анықтап, серіктеріне түн қараңғылығын пайдаланып, кетуге мүмкіндік берді. Имам Хусейн (ғ.с.): «Ертең – шәһид болатын күн»,- деп қайталады. Бірақ, имамның адал серіктері кетпеуге шешім қабылдап: «Біз еш уақытта өзіңізді жалғыз қалдырмаймыз, бұл жерден кетпейміз. Дұшпан қоршауға алған кезде сізді жалғыз қалдырғанымыз дұрыс болады ма?»- деді. Серіктерінің біреуі:  «Егер мен өліп, қайта тіріліп, содан соң отқа жанып, күлім желмен шашылып, қайтадан тіріліп, бұл 70 рет қайталанса да, еш уақытта өзіңізден бөлінбес едім. Соңында өзіңіздің қасыңызда өлемін»,- деді. Тағы бір серігі де имамға қарап: «Тірі түріп, өзіңізден бөлінгенімше, жыртқыш аңдарға жем болғаным артық»,- деді. Имам Хусейн (ғ.с.) серіктерінің сөздерін естіп, оларға шәһидтік дәрежесіне жететіндіктері туралы хабар берді. Серіктері де бұл хабарды естіп: «Сіздің серіктеріңіздің қатарына қосып,  бізге шәһид болу мүмкіндігін берген Аллаға алғыс айтамыз. Алла елшісінің немересі, сізбен бірге жаннатта болуымызды қаламайсыз ба?»,- деді.

السلام علی اصحاب الحسین 

Осындай сұхбаттардан кейін имам шатырына оралды. Серіктерінің ішінен тек Джоун ғана имаммен бірге шатырға кірді. Қаруды жақсы білетін және әскери жабдықтарды жөндейтін Джоун имамның қылышын тексере бастады.

Имам Саджад (ғ.с.)-ның рауаяттарының бірінде: «Джоун әкемнің шатырында қылышын қарап: «Уа, дүние! Достарың мен өзіңді талап етушілеріңді күні-түні өлтіресің, еш уақытта олардың баламаларына қанағаттанбайсың»,- деген өлең айтты. Бұл өлеңді  естіп, біз үшін үлкен сынақтың келгенін түсіндік. Бірақ, апам Зейнаб имамның дауысын естіп, шатырға кіріп: «Әттең, апаң бұдан бұрын өлгенде ғой. Мұндай жағдайды көрмеген дұрыс еді. Бүгін анам Фатима-Заһра, әкем Әли Мұртаза мен бауырым Хасан Мүджтабадан айырылғандаймын. Уа, қалғандардың панасы!»- деді. Әкем оны тыныштандырып: «Алладан сабыр сұра. Жердегі барлық адамдар өледі, аспандағылардан да ешкім қалмайды. Барлық жаратылыстар жойылып, тек бір Алла ғана қалады. Сондықтан, біз және барлық мұсылмандар Алла елшісін үлгі тұтуымыз керек»,- деп, үнсіз тұрды.

Тоқтаған мекенінің айналасын бақылап жүрген имам бұл жолы майданның шетінде тұрды. Джоун алға ұмсынып: «Менің қамқоршым, майданға шығуға рұқсат беріңіз»,- деді. Имам: «Уа, Джоун, Алла саған жақсылық жасағаныңның сыйын береді. Сен бізбен бірге келіп, бұл сапардың қиындықтарын қабылдадың, әрқашан біз туралы ойлап, көптеген қиындықтарға төздің. Бірақ, енді қайт»,- деп жауап берді. Джоунның көзі жасқа толды. Ол дауысы дірілдеп: «Пайғамбардың перзенті, қуаныштарда сіздермен болдым, енді қиындықтарда сізді жалғыз қалдырамын ба!»- деді. Имам оның иығынан ұстап, махаббатқа толы даусымен майданға шығуға рұқсат берді. Джоун имамға қарап: «Аға, дұға тілеңіз. Шәһид болғаннан кейін ағарып, хош иіске бөленейін»,- деп өтінді. Ешкім оның неліктен мұны сұрағанын білмеді. Бірақ, бұл оның жалғыз қалауы болды. Джоунның майданда пайғамбардың отбасын теңдессіз батылдықпен қорғауын көрген куфеліктер бұл жолы да бірігіп шабуыл жасады.

Шаң-тозаң аспанға  көтерілді. Джоун жерге құлады. Өмірінің соңғы сәтінде ол көзін ашып, соңғы рет қамқоршымды көрсем ғой деп ойлағанда таныс дауысты естіді. Мейірім қолы оның басын жерден көтерді. «Уа, Алла! Басымды кеудесіне қысқан кімнің қолы? Имамымның хош иісін сездім, яғни имамым келді!» Джоун күшпен көзін ашып, имам Хусейн (ғ.с.)-ды көреді. Ол орнынан көтеріліп, имамның алдында тізерлеп отырғысы келеді. Бірақ, отыра алмады. Сөйлегісі келгенімен сөйлей алмады. Қамқоршысымен көзімен сөйлесіп, көз жұмды. Имам: «Уа, Алла! Жүзің ағартып, хош иіске бөлендіріп, жақсылардың қасынан орын бере гөр»,- деп дұға жасады. Бірнеше күннен кейін Асад әулеті шәһидтерді жерлеу үшін Кербалаға келген кезде Джоунның мәйітін тапты. Оның хош иісі барлық жерден сезілді.

 

 

Тегтер