ИИР-ның Қазақстандағы бұрынғы мәдени өкілі Абедини мырзамен сұхбат
ИИР-ның Қазақстандағы бұрынғы мәдени өкілі Абедини мырзамен сұхбат
- Өзіңіз бен Қазақстан жайлы жазған кітабыңызды таныстыруыңызды өтінемін.
- Алланың атымен бастаймын! Менің аты-жөнім – Мұхаммад Хосейн Абедини. 2000-2001 ж.ж. Қазақстандағы Иран елшілігінің мәдени өкілі болдым. Осы екі жылдың ішінде көбінесе мәдениет, ғылым және білім салаларында жұмыс атқардым. Солардың ең маңыздысы Қазақстандағы екі университет – Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университеті мен Халықаралық институттың журналистика факультетінде парсы тілінен сабақ беруім болды. Мәдени миссиямның соңында Қазақстан жайлы «Қазақстанның мәдени келбеті» атты бір кітап жаздым. Кітап басылып шыққаннан екі жыл өткен соң Қазақстандағы Иран елшілігі оның тұсаукесер рәсімін өткізді. Бұл кітапты Иран халқын Қазақстан қоғамымен таныстыру мақсатында жаздым. Өйткені, Қазақстан жайлы жазылған екі-үш ғана кітап болуы мүмкін. Оның өзі көп жылдар бұрын жазылған. Болмаса, кітаптың авторлары анық емес. Кітапта келтірілген мәліметтер елшіліктер мен мәдени өкілдіктерден жинастырылған. Ал мен өзім Қазақстанда болдым, барлық жерді жақыннан көрдім. Егер университет жайлы жазсам, өзім сол университетте сабақ бердім. Егер шіркеу жайлы жазсам, сол шіркеуге бас сұғып, көзіммен көргем. Қазақстан халқының арасында жанұяммен бірге болдым. Адамның сырттан мағлұмат алып жазғаны мен көзімен көріп жазғанының айырмашылығы зор әрі кім жазғаны белгісіз дүниені басып шығарғанға қарағанда құндылығы жоғарырақ. Мен бұл кітапты жазу үшін көп еңбек еттім. Мен рухани тұрғыдан Қазақстанға қызығамын және бұл елде осындай істерді атқара алғаныма қуаныштымын.
- Рахмет! Шынымен, бұл – құнды кітап. Иран халқына осындай танымдық тақырыптағы кітаптар қажет. Сіз Орта Азияда мәдени қызмет атқардыңыз. Сіздің ойыңызша, осы аймақта қай ел даму жағынан басқалардан алдыда келеді?
- Мен Түркіменстаннан басқа Орта Азияның қалған төрт елінде болдым. Тәжікстанда қысқа мерзімде, Өзбекстан, Қырғызстан мен Қазақстанда болдым. Бұл елдердің әрқайсысы өзіндік маңыздылықтарға ие. Сіздің сұраққа қатысты айтарым, Қазақстан республикасында көреген әрі қырағы басшы бар. Басқа елдерде мұндай басшы болмады, қазір де жоқ. Бұл өте маңызды. Басшы елдің дамуы мен қоғамды басқаруда маңызды рөл атқарады. Менің ойымша, осы тұрғыдан Назарбаевтың басқа басшыларға қарағанда артықшылығы басым. Сөзімнің дәлелдері бар: Қазақстан – осы елдердің арасында территория тұрғысынан аумағы кең ел, тіпті Ираннан да екі есе үлкен. Егер осы көрсеткішті салыстырсақ, кең аумаққа ие болудың өзі стратегиялық тұрғыдан маңызды. Мұнымен қоса, Қазақстан көптеген ұлттар мен діндерге орын беруі арқылы «Достық үйі» атанды. Осынша ұлт пен дін өкілдерінің бір-бірінің жанында бейбітшілікте тату-тәтті өмір сүруінің өзі сол елдің мықты тұсы саналады. Қазақстанның қазба байлығын мұнай мен газдан бөлек әртүрлі металдар құрайды. Олар қазір көбірек анықталуда. Қазақстанның «Байқоңыр» ғарыш айлағы 2050 жылға дейін Ресейге жалға берілді. Жалға беру мерзімінің ұзартылуы ел үкіметі үшін кіріс көзі болып табылады. Бұл іс Қазақстан үкіметі үшін саяси-экономикалық тұрғыдан маңызды. Мұнымен қоса, Қазақстанның аймақтағы басқа елдерден тағы бір артықшылығы – шетелден инвестиция тартуы. Яғни, Қазақстан шетелден инвестиция тарту саласында жақсы әрекет еткен 20 елдің қатарына жатады. Қазақстан инвесторларды тартып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Инвестицияның көмегімен елдің жаңа елордасы Астана қаласын салды. Елорданы ауыстыру өте маңызды жоба болды. Елорданы Алматыдан Астанаға көшіру Президенттің ерекше нұсқауымен атқарылды. Елдің Парламентінде де қарсылық білдірілгені есімде. Бірақ, Президент бірнеше нақты дәлел келтірген соң барлығы ол кісінің дәлелдерін қабылдады. Күні-түні жұмыс жасалып, осы жоба жүзеге асырылды. Астана айтарлықтай ештеңесі жоқ сайын далада орналасқан ескі қала болған. Бүгінде еуропалық стильде дамыған қалаға айналды. Сондықтан, Қазақстан – шетелден инвестиция тарту бойынша да маңызды ел. Басқа елдер мұндай жетістікке қол жеткізе алмады. Біздің өзіміз Иран Ислам республикасында Қазақстан сияқты шетелден инвестиция тарта алмадық. Әрине, оның өзіндік себептері бар. Бірақ, Қазақстан бұл істе табысты болды. Қазақстанға бұйырған келесі бір артықшылық – географиялық жағдайына байланысты Иранның Парсы шығанағы мен Таяу Шығыста атқаратын рөлін Қазақстан Орта Азиядағы төрт ел арасында атқарып отыр. Бұл ел Еуропа мен Азия құрлықтары түйіскен жерінде орналасқан. Сонымен қатар бұл ел үш маңызды діннің – ислам, христиандық және буддизмнің түйіскен жерінде, тура ортасында орналасқан. Назарбаев ұсынған тағы бір жоба әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу болды. Назарбаев Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бірнеше жыл өткен соң осы мәселені, яғни үш әлемдік маңызды діннің түйіскен жері екенін түсініп, осы діндер мен басқа діндер өкілдерінің съезін өткізуді ұсынды. Бұл өте маңызды жоба әлі күнге жалғасын тауып келеді және мұсылман халықтары мен басқа діндерге сенетін адамдар үшін құнды шара болып отыр. Осы келтірілген дәлелдердің барлығы Қазақстанның аймақтағы басқа елдерден артықтышылығын көрсетеді деп ойлаймын.
- Қалай ойлайсыз, Қазақстанда жергілікті мәдениет басым ба, әлде сырттан келген мәдениет үстемдік таныта ма?
- Мен Қазақстанда болған кезімде әртүрлі адамдармен – мәдени қайраткерлер, университет ұстаздары және қарапайым адамдармен байланыста болдым. Қазақ халқы ұлттық болмысқа ие болуды көздейді. Үкімет оларға көмектесіп жатыр. Үкімет қазақтың ұлттық болмысының қалыптасуын және қайта жандануын шынымен қолдап отыр. Қалай көмектесіп отыр дейсіз бе? Мысалы, қараңыз, қазақ тілі біртіндеп орыс тілінің орнын алмастыруы керек деп айтылды. Әрбір қоғамның басты әрі ең маңызды мәдени элементі – тіл. Назарбаев үкіметі мұны он жылда атқаруды ойлады, бірақ болмаған соң 2025 жылға дейін ұзартты. Осы уақытқа дейін қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын қарпіне ауыстыруды көздеп отыр. Менің ойымша, бұл істің бірнеше жағымды да жағымсыз салдары бар. Бұған қарсылық білдіретіндер де, қолдайтындар да табылып жатыр. Мен «Өзбекстанда әліпбиді кириллицадан латын қарпіне ауыстырудың салдарлары» деген мақала жаздым. Мұндай салдар Қазақстанда да болады. Түркіменстан сияқты кейбір елдерде орын алды. Қазақстандағы радио және телеарналарда қазақ тілінде шығатын бағдарламалардың саны орыс тіліндегі бағдарламаларға қарағанда көбейді. Қалай болғанда да, біз ілгері басқан белсенді қозғалыстың куәсі болдық. Қазақ халқы да, үкіметі де қазақтың ұлттық болмысының қайта жандануын көздеп отыр. Бірақ, біз оны «централизм» мәдениеті деп атайтын Батыс мәдениеті бүкіл жерге бойлай еніп, барлық елдердің мәдениетін өзінікі сияқты еткісі келетіндіктен ұлттық болмысқа ие болу қозғалысы баяу ілгері басуда. Мысалы, мен сабақ берген Абылай хан атындағы университетте Батыс мәдениетінің әсерін кейбір студент қыздардың киім киісінен көруге болады. Қазақ халқы жақсы көрмесе де, жалаңаштану мәдениеті қоғамда көрініс тауып отыр. Мысалы, университетте бұл мәдениеттің Батыстан келгені, студент қыздың киім кию үлгісін Батыстан алғаны көрініп тұратын. Мұндай мәселе барлық жерде бар. Бірақ, бір жағынан 70 жыл бойы коммунистік режим мен орыс мәдениетінің ықпалында болғандықтан және ұлттық мәдениетті шеттетіп немесе әлсіретіп, жаһандандыруды көздеген Батыс мәдениетінің әсерінде болғандықтан Қазақстан үшін ұлттық болмысты жандандырудың қиын екені анық. Қазақ халқы мен үкіметі тәуелсіздік алған кезден бастап бір-бірінің көмегімен және осы жолда жауапкершілік жүктелген органдармен бірге жақсы бір қозғалысты бастап, мұны әлі күнге дейін жалғастырып келеді. Мәдени мәселелерді шешу және мәдени түйткілдерге төтеп беру жолында іс атқарылып жатыр. Халықтың ұлттық мәдениетті жоғары бағалап, қолдау көрсетіп, оны қалауы өте маңызды әрі алғыс айтуға тұрарлық.
Жалғасы бар.